Тікелей эфир

Мүгедек балалардың жәрдемақысын көбейтуге 3,5 миллиард теңге бөлінеді. Жәрдемақы қашан өседі?

Сурет mk.ru сайтынан алынды
Сурет mk.ru сайтынан алынды
Қазақстанда мүгелек балаларға төленетін жәрдемақының ең көп мөлшері 65 860 теңге деңгейінде болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдан бастап мүгедек балаларға берілетін жәрдемақыны көбейтетінін мәлімдеген еді. Бұл жұмыс шешімін қалай тауып жатыр? Кембағал балалар қашаннан бастап жаңаша есеппен жәрдемақы ала алады және оның көлемі қандай болады? Іnformburo.kz осы сауалдарға жауап іздеді.

Мүгедек балалардың жәрдемақысын көбейту үшін не істеліп жатыр?

Қазақстанда 2021 жылдан бастап мүгедек балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін қайта қарау жоспарлануда. Бұл мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заң жобасын әзірледі. Онда жеті жастан бастап балалардың денсаулығы, тыныс-тіршілігі шектелуі және организім функциялары бұзылуына байланысты мүгедектік топтарын белгілеу бөлігінде өзгеріс енгізу жоспарланған.

Мүгедек балалар 2021 жылдың қай айынан бастап жаңаша есеппен жәрдемақы ала алады?

Кембағал балалардың жәрдемақы мөлшерін ұлғайту туралы заң жобасының нормалары ҚР Парламентінің қос палатасында мақұлданып, қолдау тапты. Аталмыш құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданды. Мемлекет басшысы бұл заңға қол қойған кезде, мүгедек балалардың жәрдемақысы көтерілетін мерзім енгізілетін болады.

Оқи отырыңыз: Жәрдемақы мөлшері артты. Мүмкіндігі шектеулі жандар енді қанша ақша алады?

Мүгедек балалар қандай топтарға бөлінеді? Ол топтардың жәрдемақы мөлшері қанша теңге көлемінде болады?

Қазіргі уақытта Қазақстанда мүгедектігі бар балалардың 4 санаты бар. Яғни – 16 жасқа дейінгі мүгедек бала. Оларға 16 жастан бастап 18 жасқа дейін бірінші, екінші және үшінші топ белгіленеді.

Ал 7 жастан бастап балаларда мүгедектік топтары белгіленген кезде:

  • бірінші топтағы мүгедек балалар – ең төменгі күнкөріс деңгейінің (КД) 1,92 коэффициенті немесе 65 860 теңге деңгейінде;
  • екінші топтағы мүгедек балалар – 1,59 КД немесе 54 541 теңге (бірінші-екінші топтағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға қолданыстағы жәрдемақы мөлшеріне ұқсас);
  • 7 жасқа дейінгі мүгедек балалар және үшінші топтағы мүгедек балалар – 1,4 КД немесе 48 023 теңге (16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға қолданыстағы жәрдемақы мөлшеріне ұқсас) алады.

Мүгедек балалардың жәрдемақысын көбейтуге бюджеттен қанша қаржы бөлінеді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, денсаулығында ақауы бар санаттағы балалардың айлық жәрдемақысын ұлғайтуға 2021 жылы 3,5 миллиартан астам теңге қажет.

Оқи отырыңыз: Мүгедектер неге несие ала алмайды? Қазақстанда қаржылық инклюзияның дамуы кенжелеп тұр

Келесі жылы мүгедек баланы асыраушылардың жәрдемақысын көбейту көзделген бе?

Мүгедектігі бар отбасыларға қолдау көрсету мақсатында мүгедек балаға күтім жасау және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы төленеді. Аталған жәрдемақының мөлшері 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 1,05-тен 1,4 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейін көтеріліп, 30%-ға артты. Ағымдағы жыл басынан жәрдемақы мөлшері 10% артып, 45 736 теңгені құрады. Сондықтан, бұл мәселе әзірге қарастырылып отырған жоқ.

Жалпы елімізде мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, елдің экономикалық даму қарқынына кезең-кезеңімен және пропорционалды түрде жүргізілетінін атап өткен жөн.

Қазақстанда қазіргі таңда қанша мүгедек бала бар?

Ағымдағы жылғы 1 шілдеде республикада мүгедектігі бар балалардың жалпы саны 93,9 мың адамды құрады. Оның ішінде:

  • 29,7 мың – жеті жасқа дейінгі мүгедек бала;
  • 53,8 мың – жеті жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек бала;
  • 9,1 мың – 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек бала.

Мүгедек балаларды топқа бөлу жәрдемақыдан басқа қандай өзгерістерге алып келеді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу, олардың тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесіне және организм функциялары бұзылуының ауырлығына қарай әлеуметтік көмек көрсетуді саралауға мүмкіндік береді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары