Тікелей эфир

Мешітке түскен садақаның есеп-қисабы алынатын болды

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Мешіттегі пітір садақадан түскен ақша қайда жұмсалады? Ал бас имам мешіттің тек кірісін ғана емес, шығысын да халық есепке алса дейді

Мұсылман қауым асыға күткен қасиетті рамазан айының басталуына да санаулы күндер қалды. Қасиетті айда жасалған бір құлшылық 700 есеге артады дейді. Алладан алақан жайып, шын жүрегімен көмек сұраған адамның өтініш-тілегі қабыл болады.

Биылғы пітір садақа мөлшері 300 теңге

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының бидай құнымен бекіткен бағасы осы. Алайда соңғы жылдары мешіт қаражатының ашық көрсетілмейтінін, имамдардың рамазан айында берілген садақа мөлшері мен оның жұмсалуы туралы есеп бермейтіні жайында әлеуметтік желіде халық жиі талқылай бастады. Орталық мешітке күніне төрт-бес мың адам келіп, құран оқытып, садақа тастап кетсе, жұма намазына бұдан екі есе көп адам жиналады екен.


Скриншот әлеуметтік желіден алынды.

Скриншот әлеуметтік желіден алынды / Фото informburo.kz


Алматы қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет пітір садақа беру – дені сау әр мұсылман үшін уәжіп дейді. Алайда садақа мөлшерін тек бидай құнымен емес, араб елдеріндегідей мейіз немесе құрманың құнымен есептеп беруге болады.


Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет

Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет / Фото орталық мешіттің мұрағатынан алынды


– Пітір садақа жылдан жылға аман-есен өткені үшін, яғни, бас амандығы үшін берілетін міндетті садақа. Пітір садақа мөлшері Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының арнайы отырысында шешілді. Біз пітірді бидай бағасының елдегі ең төменгі мөлшердегі бағамымен бекіттік. Өйткені Қазақстанның әр облыстарында бидай бағасының құны әртүрлі. Егер бекітілген баға садақа мөлшеріне толмаса, ол пітір садақаға жатпайды, – дейді Алматы қаласының бас имамы.

Мешіт құлшылық қылушылардың садақасына ғана өмір сүреді

– Халық мешітке кіретін кірісті есептегенмен, шығысты есептемейді. Қазақстандағы кез-келген мешіт мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Жалпы мешіттердің жағдайы төмен. Бір ғана орталық мешітте қырықтан аса адам қызмет жасайды. Олардың барлығы ең төмен жалақыны алады. Қысқы мерзімдегі жылуға төрт айда алты млн теңге төлейміз. Ал суға 300-500 мың теңге аралығында ай сайын төлеп отырамыз. Жарық үшін төленетін қаржы бөлек. Ондай жауапкершіліктен мешіттерді ешкім босатқан жоқ. Ал жұма намазына келетін он мың адамның барлығы бірдей қомақты қаржы беріп, садақа тастамайды ғой. Әркім өзінің мүмкіндігіне қарай береді, – дейді бас имам.

Жағдайы бар адамдарға шариғат заңы бойынша пітір садақа беру міндетті болғанмен, жағдайы жоқ адамдар беруге міндетті емес. Өйткені ішерге асы, киерге киімі болмаса, олардың өздері сол көмекке зәру. Алайда жағдайы бар адамдарға пітір садақасын мешітке ғана емес, басқа адамдарға көмек ретінде беруіне болады. Бірақ берілген садақа мақсатты жұмсалуы керек. Яғни, ішімдікке, адам денсаулығына зиян келтіретін пайдасыз істерге жұмсалмауын қадағалау керек.

Мешіттер есепті ашық жүргізетін болды

Мешіт қазіргі күні есеп-қисапты ашық жүргізу мақсатында рамазан айының қарсаңында орталық мешітке алты терминал орнатқан. Жасыратыны жоқ, садақа жиналған жәшікті кімнің ашатыны мешітке келушілерді қызықтыратыны сөзсіз. Енді бұдан былай кез-келген адам терминал арқылы пітір садақасын беріп, түбіртегін алуына болады. Сонымен қатар Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет терминал – мешіт имамдарының қолма-қол ақшамен жұмыс жасауына тосқауыл болады деді.


Мешіт ауқатты адамдар есебінен түскен қаржыға ғана қайырымдылық көмек көрсетеді

Мешіт ауқатты адамдар есебінен түскен қаржыға ғана қайырымдылық көмек көрсетеді / Фото informburo.kz


– Рамазан айында жиналатын садақа мөлшері 15-20 млн теңгені құрайды деп жобалап отырмыз. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың есебін ескере отырып жасалды. Мереке өткен соң киви терминалының қызметкерлері есеп береді. Содан кейін біз оны сайтта жариялаймыз.

Мешіттің кірісінен шығысы көп

Алматы орталық мешітінің берген мәліметіне қарағанда, мешіттің садақадан түскен бір жылғы табысы 75 млн. теңгені құрайды. Ал бір жылда мешіт қызметкерлеріне төленетін жалақы мөлшері де 75 млн. теңгеге жуықтайды. Аталған мешітте жалпы саны 42 адам жұмыс жасаса, оның 14-і діни қызметкер. Бас имамның айтуынша, қайырымдылық істер қалталы азаматтардың берген 25 млн теңге қаржысынан ғана іске асады. Әр мешіт мемлекет тарапынан қаржыландырмайтын болғандықтан садақаның есебін өздері жүргізіп отырады. Сондықтан жалпы Қазақстан бойынша түсетін садақа мөлшерін дәл айту мүмкін емес.

Нұрбек Есмағанбет: Мешіт – көмек көрсететін ұйым емес, сәжде қылатын орын

Алайда мешіт көмек беруден бас тартқан емес. Діни басқарма қызметкерлері биыл көп балалы екі отбасына үй салып берсе, су басқан облыстарға "Қайырымдылық керуені" акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді.

Алматыдағы орталық мешітке күніне 10-15 адам көмек сұрап келсе, олардың қатары рамазан айында тіпті көбейеді. Қазір мұнда 1000-ға жуық адамға көмек беруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар орталық мешіт жыл сайын ораза айында күнделікті 500 адамға арнап дастархан жаяды. Ондағы әр адам басына кететін шығын мөлшері орта есеппен 700 теңге.

Тәуелсіздік алғанға дейін кішкене ғана ағаш үйді орталық мешіт деп атайтынбыз. Мешіт саны саусақпен санарлық болатын. Дінге бет бұрған жастардың теріс жолға түсіп кетуінің де бір себебі сол. Қазір Алматы қаласының өзінде 48 мешіт жұмыс жасап отыр. Соңғы жылдары халықтың діни сауаттылығы артып, теріс жолға түскендер саны азайған. Алайда бас имам әлі он мешіт салу, оларды білімді жастармен толықтыру қажет дейді.

– Имамдардың 19 пайызы жоғары білімді. Олар бес жылда бір рет діни сауатын арттырады. Еліміздегі 2500 мешіттің жартысын жоғары білімді азаматтар басқарады. Нұр Мүбәрәк университетінде 1035 студент білім алып жатыр. Бұл дегеніміз болашақта Қазақстандағы барлық мешіттерді діни сауаты жоғары имамдар басқарады деген сөз. Тіпті діни кітаптардың өзін тек мешіт маңайынан сатып алу керек деген заң бар. Өйткені ол кітаптардың барлығы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тексеруінен өткен, – дейді бас имам.

Жылына бір рет діни басқарма халықтың алдында есеп беруі керек

Діни басқарма мешіттерге терминал орнату арқылы жариялылыққа көшудің алғашқы қадамын жасады. Дінтанушылар араб елдерінде адамдар садақаны қайырымдылық қорына өткізетінін айтады. Яғни, терминалға садақасын салған адам түбіртек алғаннан кейін, ол қаржының қайырымдылық іске жұмсалатынына күмән келтірмейді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, дінтанушы Асылбек Ізбайыров пітір садақадан түскен қаржының есебін діни бірлестіктің зекет қоры жүргізеді деді.


Дінтанушы Асылбек Ізбайыров

Дінтанушы Асылбек Ізбайыров / Фото informburo.kz


– Жалпы мешіттерге терминалдар қойғаны дұрыс болған. Өйткені діни басқарманың халық алдында жылына бір рет болсын есеп беріп отырғаны жөн. Мешітке түскен садақа мөлшері әртүрлі болады. Бір ауқатты адам бірнеше адамның садақасын беруі мүмкін. Қазақстанда 11 миллион мұсылман болса, әрбіреуі бір доллардан өткізгенде қанша қаражат жиналатынын есептесек, қомақты қаржы түседі екен. Ал халық сол қаражаттың қайда жұмсалғанын білгісі келеді. Әлемде әртүрлі оқиғалар болып жатыр. Терроризмге де жұмсалуы мүмкін деген күдік туғызатыны хақ. Сондықтан халық алдында діни басқарма беделін арттырғысы келсе, қаржы мәселесін ашық жүргізіп, қайырымдылыққа жұмсалған қаражаттың есебін сайттарға жариялап отыру керек.

Мұқтаж жандар садақамен күнелтеді

Жалпы садақаның екі түрі бар. Адам бірін жария етіп берсе, екіншісін жария қылмай береді. Өйткені құранда "оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін" деген хадис бар. Сондықтан болар қасиетті рамазан айында көмекке мұқтаж өзге дін өкілдері де мұсылмандардан қайырымдылық күтетінін жасырмайды. 62 жастағы Леонид Кимнің қайыр сұрайтын жері Алматы-Қаскелең тас жолы. Тиын-тебен берген әрбір жанға "Алла разы болсыны" әзір.


Көшеде қайыр сұрап отырған Леонид Ким.

Көшеде қайыр сұрап отырған Леонид Ким /Фото informburo.kz


Леонид Кимнің ұлты – кәріс. Мүгедек арбасына таңылғанына бір жыл. Әйелінің де денсаулығы нашар, жұмыс істеуге жарамайды. Отбасын асыру үшін ер-азамат болған соң, қайыр сұрауға көшеге шыққан. Өзге амалы жоқ.

– Тіс дәрігерімін. Жұмысым жайлы болатын. Екі жыл бұрын көлік апатына түстім. Содан ауыр жарақат алып, көзім көрмей қалды. Кейін жүруден қалдым. Зейнеткерлікке де шығып үлгермеген едім. Мүгедектікке де құжат жинау ұзақ уақыт алады. Тапсырғаныма екі ай ғана болды. Қазір қайырымды адамдар берген садақамен күнелтіп жүрмін. Күндік табысым төрт мың теңге шамасында. Әйелім екеумізге пәтер жалдап, ол-пұлымызды өтеуге жетеді, – дейді Леонид.

Бас мүфти рамазан айында сауапты іс жасауға шақырды

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті рамазан айына жасаған үндеуінде жалпы халықты қайырымдылық жасауға шақырды.

"Исламда «садақа жа­рия» деген қасиетті ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді, атап айтқанда, мешіт-медресе, аурухана, бала-бақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауыл­дарға су тартып, құдық қаздырту, т.б игі амалдарды «са­дақа жария» деп атаймыз. Бұл ізгі іс-шаралар халықтың игілігі үшін жасалған са­уап­ты амалдар.

Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол:"Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде" – деп жауап берген екен.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары