Тікелей эфир

"Менің анам – ғажап кісі" дейді өзін жетектеп жүріп жеткізген анасы туралы зағип спортшы

Фото Кенжеғұлдың жеке мұрағатынан алынды
Фото Кенжеғұлдың жеке мұрағатынан алынды
Көз жанарынан айрылып, "соқыр бала" атанса да, Кенжеғұл Сейтжан төрт тілді меңгеріп, үздік спортшы болды. Енді ол француз және испан тілдерін үйреніп жүр.

Кенжеғұл Сейтжан – Қостанай облысының тумасы. Отбасындағы 20 баланың кенжесі. 16 әпкесі және үш ағасы бар. Барлығы аман-есен.

Алғашқы үш ұлдан соң бірінен кейін бірі қатарынан 16 қыз өмірге келсе де, анасы құдай берген баладан бас тартпаған екен. Отағасына кенже ұл туып беремін деген сөзінде тұрыпты. Осылайша 43 жасында туған Кенжеғұлды сүт кенжем деп қатты еркелетіп өсірген.

Кенжеғұл ата-анасын арқаланып, бетін қақпайтынын жақсы білгендіктен, жиі бұзықтық жасайтын және оған бауырларын кінәлі етіп қояды екен. Ал кінәлі деген аға-апаларына әке қамшысын, ана таяғын ала жүгіретіні белгілі. Мұндай қылығына төзе алмаған ағалары мен әпкелері әке-шешелері жоқ кезде сол қамшымен өзін сабап, өшін алып алады екен.

"Соқыр екенімді 14 жасымда мойындадым"

19 бауырына еркелеп өскен Кенжеғұл әлі де бауырларын көрген кезде еркелігі ұстайтынын жасырмайды. Алайда ол 13-14 жасынан бастап, білім алуға ден қоя бастайды. Өйткені өзінің соқыр екенін сол кезде толық мойындаған.


Кенжеғұл бауырлары үйіне қонаққа келгенде әлі еркелеп отырады

Үйіне қонаққа барғанда Кенжеғұл бауырларына әлі еркелеп отырады /фото Кенжеғұлдың жеке мұрағатынан алынды


Кенжеғұл алты жасында аттан құлайды, алған жарақаты салдарынан көз жанарынан айрылады. Үш рет жасалған отаның көмегі болмайды. Бір көзі ғана екі пайыз көреді. Жарық дүниенің сынық сәулесін кішкене де болса көрудің өзі оның жаңа өмір бастауына дем береді.

Алайда оған сол өмірге мойынұсыну оңай болмайды. Бірнеше рет психологтың көмегіне жүгінуге тура келіпті.

– Маған бірінші сыныпты үш рет оқуыма тура келді. Көзімді емдетумен жүргенде оқудан қалып қойдым. Сабаққа барғанда "соқыр бала" деген сөзді естісем, төбелесе жөнелетінмін. Ақыры Алматы қаласындағы Островский атындағы зағип балаларға арналаған мектеп-интернатта оқып, қызыл аттестатпен аяқтап шықтым.

"Оқулықты диктофонға жаздыртып оқыдым"

Кенжеғұл 12 сыныпты өте жақсы аяқтаған соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетіне грантқа оқуға түседі. Жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған күннен бастап, көп қиындықтарға кезігеді. Соған қарамастан Кенжеғұл өзін оқуға жетектеп әкеліп жүрген анасын аяп, алған бетінен қайтпауға тырысады.

– Мен үшін ең үлкен қиындық – оқулық болды. Керекті оқулықтардың барлығы орыс тілінде. Ал мен қазақ бөлімінде оқитын болғандықтан, аударып пайдаландым. Керекті оқулықтарымды курстастарыма оқытып, диктофонға жазып алатынмын. Сабақ біткен соң, түстен кейін соқырлар қоғамының кітапханасына барып оқыдым. Интернетте брайль жүйесіне қойылған арнайы мәтіндер болғанымен, оның принтері бір миллион теңгені құрайды. Сондықтан интернеттегі ақпаратты да пайдалана алмадым.

Қазақ соқырлар қоғамына қарасты орталық кітапханада брайльмен жазылған 50 мың ғана кітап бар. Ал оқулық мүлде жоқ. Тапқан оқулықтарымды анам да оқып беретін. Мен диктофонға жазып алатынмын. Кейін соны жаттап алып, емтихан тапсырдым. Үйде 300 кассета әлі сақтаулы тұр, – дейді Кенжеғұл.

Оқудың қиындығымен бетпе-бет келген Кенжеғұл өзінен кейін білім алғысы келген жастар үшін 2007 жылы үкіметтік емес "Жігер" қоғамдық ұйымын құрып, брайль әріптерімен шығаратын принтер сатып алып, кітапханаға қойған.

Соқыр адамның сезу қабілеті жоғары

Кенжеғұлдың айтуынша, соқырлықтың да өзіндік пайдалы жақтары бар. Өйткені соқырлардың есте сақтау, есту қабілеті өте жоғары болады.

– Мысалы, сіз тек пианиноның даусын естісеңіз, мен ойнаушының қандай көңіл-күйде екенін, қай клавиатураны қалай басып отырғанын, қандай ойды жеткізгісі келгенін анық сеземін. Бұл бір суретшінің қыл қаламының ізі секілді.

Мұндай қабілеттің жоғары болуы музыкадан хабарым болғандықтан шығар. Мен баянда және домбырада ойнаймын. Мектепте де өте белсенді оқушы болдым.

"Жапон және ағылшын тілін аудио жазба арқылы үйрендім"

Кенжеғұл университетте оқып жүріп, өздігінен жапонмен қатар ағылшын тілін меңгере бастайды. Өз тіліне қызығушылығын байқаған Жапон мәдени орталығы тілді брайль жүйесімен оқуына мүмкіндік жасаған. Осылайша 2007 жылы Жапон елінде 10 айға тегін оқуға мүмкіндік алады.

– Онда әлеуметтік көшбасшы бағытында білім алдым. Тілді тез меңгердім. Барған соң төрт айдан кейін мәтіндерді кітаптан тікелей орысшаға аударып беріп отырдым. Менің бір байқағаным, Азия елдерінде соқыр болғанына қарамастан кез келген адам білімін жетілдіруге тырысады екен. Және бар мүмкіндік жасалған. Мен ол жерде көп нәрсені үйрендім.

Болашақ бағдарламасымен зағиптар оқымайды

Кенжеғұл ағылшын тілін де жетік меңгеріп алады. Университет бітірген соң Болашақ бағдарламасымен оқуға тапсырып, барлық тесттен жоғары балл алғанмен, оның құжаттарын кері қайтарады.

– Соқыр адамдарды шетелге оқуға жібере алмаймыз деді. Себебі, жүріп-тұруының өзі қосымша қиындықтар туғызады. Бірақ менің одан тауым шағылған жоқ. Алдымен ағаларымның қаржылай көмек беруінің арқасында Нью-Йоркте екі жыл ағылшын тілін меңгердім. Сосын Лондонның жанындағы Рединг университетінде білім жүйесіндегі көшбасшылық және басқару мамандығы бойынша магистратураны аяқтап шықтым.


Кенжеғұлдың анасы Рединг қаласына барып, ұстаздарымен танысып, ұлының тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқан

Анасы Рединг қаласында оқуда жүргенде Англияға барып, ұстаздарымен, ұлының тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқан / Фото жеке мұрағаттан алынды


"Тынық мұхитының тынысын бақыладым"

Кенжеғұл студент кезінен бастап спортпен айналысады. Дайвингке (тереңдікке жүзу) деген қызығушылығы алғаш рет Жапон елінде басталған.

– Мен жақсы жүземін. Бірақ үнемі бассейнде жүзетіндіктен, бірінші рет Тынық мұхитының сегіз-он метр тереңдігіне бойлағанда, тек кері қайтуды ойладым. Бойымды қорқыныш биледі. Инструктор менің алақаныма теңіз жұлдызшасын салғанда, мұхит астындағы тіршілікті сезіндім. Сосын мұхиттың шуылына құлақ түрдім. Шынымен, Тынық мұхиты атына сай тып-тыныш. Артық сыбыс естілмейді.

Марафонда алдына жан салмайды

Мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан Кенжеғұл спорттың бірнеше түрін жақсы меңгеріп алған. Жүзу, жүгіру, тау-тасқа өрмелеудің шебері. Зағип жандарға арналған спорт түрі голболды өзі үйреніп қана қоймай басқаларға үйретумен де айналысып жүр.


Кенжеғұл зағиптарға арналған голбол ойынына дайындалып жүр

Зағиптарға арналған голбол ойынына дайындықта / Фото informburo.kz


– Бұл спорт түрі тек соқыр адамдарға арналған. Өйткені доптың ішінде арнайы дыбыс беретін құрал бар. Сол арқылы лақтырған доптың бағытын анықтаймыз. Қазақстанда енді қолға алынып жатыр. Мұнда команда құрып, Азия чемпионатына да қатысып үлгердік. Ал екі адамдық тандем велосипедпен алғаш рет марафонға шетелде жүргенде қатысқанмын.


Кенжеғұл Алматы-Астана веломарафонын сәтті аяқтады

Кенжеғұл Алматы – Астана веломарафонын сәтті аяқтады / Фото жеке мұрағаттан алынды


Кенжеғұл "Шектеусіз спорт" жобасы аясында биыл тамыз айында өткен веломарафонға қатысып, зағип адамдармен қосқанда барлығы 18 адам Алматы – Бішкек – Ыстықкөл бағыты бойынша 500 шақырымды жүріп өткен. Өйткені марафонға жол көрсетуші ретінде көзі көретін адам да қатысады.

Ал өткен жылы тоғыз адам болып, Алматы – Астана бағыты бойынша 1200 шақырымды велосипедпен жүріп өткен.

Жіп байлап жүгіру әдетке айналдырған

Кенжеғұл отбасын бір жыл бұрын құрған. Әйелі Айманмен соқырлар кітапханасында танысып, бір-біріне ғашық болады. Он екі мүшесі сау Айманның таңдауы Кенжеғұлға түседі. Қазір ол өзіне бала қылған Айманның 13 жасар ұлын да спортқа баулып жүр. Күнде таңғы сағат бесте жүгіруді әдетке айналдырған.

– Ұлымыз екеуіміз ортамызға жіп байлап алып жүгіреміз. Алдында ұлым жүгіріп отырады.

"Менің анам – ғажап кісі"

– Үйде келін болғалы анам Қамаштың қолы күнделікті шаруадан босап қалды. Қазір жасы 78-де. Мені әлі де "ботақаным, балапаным" деп еркелетіп отырады, – дейді Кенжеғұл.

– Мен оған үнемі "Ғажап анасың!" деп айтамын. Шынымен менің анам – ғажап кісі. Басымызға қандай қиындық түссе де мойыған емес. Маған үнемі қолдау көрсетіп отырады. Оның жай ғана дауысын естудің өзі үлкен қуаныш.

"Мақсатым айқын адаммын"

– Мен алдыма нақты мақсат қойып жұмыс істейтін адаммын. Қазір өз кәсібімді аштым. Қонақ үй бизнесімен айналысып жүрмін. Одан бөлек тіл оқыту курстарының жақында ашылу салтанаты болады. Адам қандай жағдай болмасын мақсатын айқындап алса және не үшін керек деген сауалдың жауабын білсе, қиындықтардан сүрінбей өтіп, өз мақсатына жететініне сенімдімін.

Жылда қаңтар айында әр жылы іске асыруға тиісті мақсаттарымды диктофонға жазып қоямын. Жылдың аяғына дейін жүз пайыз болмаса да, 80-85 пайызы орындалады. Келесі жылға алға қойған мақсатым – испан, француз тілдерін жетік меңгеріп алу.

Сонымен қатар 2018 жылы Астана қаласында маусым айында триатлоннан өтетін халықаралық жарысқа қатысып, жеңіс тұғырына көтерілу. Мен қазір соған дайындалып жүрмін.

2018 жылы Австрияда зағиптар арасында тауға өрмелеуден өтетін әлемдік чемпионатта Қазақстанды таныту да ойымда бар. Себебі бұл спорт түрімен екі жыл бұрын айналыса бастасам да Қазақстан чемпионы атандым.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары