Тікелей эфир

Мемлекеттік қызметкерлердің 25%-ы қысқартылады. Қалай?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Салықтан босату, мектепке кіретін өзгерістер, пайдаланылмаған жерді космостан бақылау, араб елдеріне қой етін шығару туралы.

Мемлекеттік тілді ұлт аралық тілге қалай айналадырамыз?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауына байланысты Үкімет отырысы өтті.

ҚР Президентінің Жолдауында: "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін" деген болатын. ҚР Тіл туралы заңында да мемлекеттік тілдің қолданылу аясы анық көрсетілген. Алайда, ҚР Үкіметінің ресми сайты бұл заңдылықты әлі күнге дейін сақтамай келеді. ҚР Үкіметінің өзінің ақпараттық ресурстары алдымен ресми тілде ашылады.

Отырыс барысында Президенттің Жолдауына байланысты вице-премьерлер жеке-жеке мәлімет берді.

Шағын кәсіпкерлер салықтан босатылады

Алдымен Премьер министрдің орынбасары, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайлов Президент Жолдауын қайталай, нақтылай түсіндірді.


Әлихан Смайылов

Әлихан Смайылов / Сурет informburo.kz


Әлихан Смайылов:

– 2020 жылдың қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге салынған 3 жылдық тыйым күшіне енеді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі.

2019 жылдың соңына дейін заңнамалық негіз әзірленеді. Сонымен қатар, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс күшейтіледі. Капиталдарды шығарумен, салық төлеуден бас тартумен күрес күшейеді, – деді.

Жөнсіз шығыстарды қысқартамыз

– Маңызды міндеттердің бірі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру. Осыған байланысты Ұлттық банкпен бірлесіп жылдың соңына дейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Халықты әлеуметтік қолдауды күшейту үшін барлық тиімсіз шығыстарды қысқарту және бюджет кірістерін арттыру есебінен резервтер бұдан әрі іздестіріледі, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу жүйесін реттейтін заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Сол арқылы адал бәсекелестікті ынталандыруға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын және өнім берушілердің біліктілігін арттырмақ.

Халықтың өмір сүру деңгейін көтеру үшін 100 млрд теңге бөлінді

Әлихан Смайлов Үкімет отырысында жасаған баяндамасында осылай деді:

– Келесі мәселелер блогы – шағын және микро бизнесті дамыту. Жұмыссыздықты азайту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру аясында Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Мемлекет басшысы бизнесті дамыту үшін бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуын Есеп комитетіне Қаржы министрлігімен бірлесіп ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мемлекеттік қызметкерлер қалай қысқартылады?

Бұл туралы да Әлихан Смайлов айтты. Мемлекеттік қызметшілер саны біртіндеп қысқартылады әрі содан үнемделген қаржы материалдық ынталандыруға жұмсалады.

Осылайша 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25 пайызға қысқармақ.

Ұлттық холдингтердің жұмысын тексереміз

– Басым міндеттердің бірі – квазимемлекеттік сектордан қайтарымды арттыру. Өткен 14 жылдағы Ұлттық әл-ауқат қорының халықтың тұрмысының жақсаруына нақты үлесі бағаланатын болады.

Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айлық мерзімде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жасайды, – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, табиғи монополистердің субъектілері ұсынатын тауарлар мен қызметтердің бағаларын реттеу жөнінде нақты шаралар әзірленеді.

Тіл жөніндегі бағдарлама өзгереді

Екінші сөз алған Премьер министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Бердібек Сапарбаев та Президенттің жолдауында айтылған тапсырмаларға дайын екенін хабарлады.


Бердібек Сапарбаев

Бердібек Сапарбаев / Сурет informburo.kz


Ол:

– Қолданыстағы тіл жөніндегі бағдарламаға өзгерістер енгізіледі. Одан кейін келесі мәселе білімнің сапасын арттыру жөнінде Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы бар. Қолданыстағы оқу бағдарламаларына қазіргі заман талабына сай керекті мамандықтар бойынша өзгерістер енгізіледі, – деді.

Министр осыған орай оқулықтарға да елеулі өзгерістер енетінін айтты. Алайда тілге қатысты нақты қандай өзгерістердің болатынын айтпады.

Қала мен ауыл мектебі және "Дипломмен ауылға" бағдарламасы өзгереді

– Келесі мәселе – ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығын азайту. Соған байланысты әсіресе кішігірім мектептердің жағдайын жақсарту, мектептердегі мұғалімдердің ахуалын көтеру, балаларға тиісті жағдай жасау жұмыстары қолға алынып, қосымша "Дипломмен ауылға" бағдарламасына өзгерістер енеді, – деді Бердібек Сапарбаев.

Келесі жылы мемлекеттік деңгейде қандай іс-шаралар атап өтіледі?

– Өздеріңіз білетіндей, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, еліміз егемендік алуының 30 жылдығын, Ұлы жеңістің 75 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтеді. Соған байланысты тиісті іс-шаралар қабылданады, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге, Халықтың баспасөзге қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілетінін, азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалатынын және қоғамдық ұйымдар санын арттыру үшін олардың нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енетінін хабарлады.

Сапарбаев оқулық сапасын қадағалау үшін жұмыс басталғанын, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіруді қолға алатындарын жеткізді.

Зейнетақы қорындағы ақша кімдерге беріледі?

Бұл туралы сұраққа да Бердібек Сапарбаев жауап берді:

– Бұл мәселені енді Ұлттық банкпен бірлесіп қарастырып жатырмыз. Зейнетақы қорындағы ақшасының мөлшеріне, жасына, жұмысына қарай есептелуі керек. Бұл туралы алда айтатын боламыз, – деді.

Егін орағы басталып жатыр

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі мен кезек-кезегімен сөз алған Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Түркістан қатарлы облыстардың әкімдері жиын-терін маусымының басталғанын хабарлады. Егін орағына қажетті жанар майдың жеткілікті екені айтылды.

Премьер Министр Асқар Мамин:

– Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдерімен бірлесе отырып, күзгі жиын-терімді ойдағыдай атқару керек. Астық қоймаларын дайындап, жанар майдың жеткілікті болуын қадағалаулары керек, – деді.

Биыл астық түсімі өткен жылғыдан төмен болады

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. Себебі:

– Осы жылы ауа райы қиын болды. Қостанай, Ақтөбе облыстарында егіншілер ыстықтың зардабын шекті. Сол себепті, биыл астық түсімі өткен жылғыдан 1-1,5 миллион тоннаға аз болады деп күтілуде. Мөлшермен 19 млн тонна астық жинаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Нан бағасы өзгере ме?

– Өткен жылы нан бағасын реттеу үшін Азық-түлік корпорциясы арқылы 150 мың тонна астықты сақтап қойып, қазірге дейін наубайханаларға 100 мың тоннасын жеңілдетілген бағамен саттық. Сондықтан нан бағасы қымбаттаған жоқ.

Биыл астықтың бағасы тоннасына 62-70 мың теңге аралығында болады. Сонымен бірге жем үшін 4-5 сорттағы астықты 50-54 мың теңге айналасында сатылып жатыр, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.


Сапархан Омаров

Сапархан Омаров / Сурет informburo.kz


Министрдің айтуынша, ішкі қажетті қамдау үшін 9 млн тонна астық жеткілікті. 7-8 млн тонна астық сатуға шығарылады. Тағы қосымша резервтер болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы сапалы астықтың бір тоннасы 45 мың теңгеден, ал 2017 жылы 38 мың теңгеден сатылған болатын.

Араб елдеріне қой етін экспорттау көбейеді

Ауыл шаруашылығы министрі :

– Сауд Арабия елінде өткен "Ислам елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі" турасында жиналысқа қатысып қайттым. Отыздан астам елдің министрлері қатысты. Араб елдері біздің қой етін сатып алуға қызығушылық танытып отыр, – деді.

Министрдің айтуынша экспортты көбейту үшін алдымен ет өңдеу саласын дамыту өзекті мәселе болып отыр екен. Қазір сол үшін инвесторларды шақырып жатқанын да жеткізді.

Қытайға шығарылатын астық көлемі тұрақты өсіп келеді

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Ринат Акбердин :

– Қытайға сатылатын астық өнімдері көлемі өткен жылымен салыстырған тағы да өсуі мүмкін, – деді.

Ринат Акбердиннің айтуынша, өткен жылы Үкімет астық өндірушілердің астығын сатып алу үшін бөлген қаржыны толық бермеген. Берілгені 200 мың тонна астық сатып алуға ғана жетіпті. Биыл да дәл сонша қаржыға астық сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Пайдаланылмаған жерді космос арқылы анықтаймыз

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров:

– Қазір көптеген жердің пайдаланылмай жатқаны өтірік емес. Қазір пайдаланылмағанына салықты көбейту арқылы көптеген жерді қайтаруға мәжбүр еттік.

Толық әрі дұрыс пайдаланылмаған жерді анықтау үшін космостан бақылауды жүзеге асыруды заңға енгізіп жатырмыз. Сол арқылы сотта дәлелдеме келтіреміз, – деді министр.

Серіктестер жаңалықтары