Тікелей эфир

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары біріктіріледі. Үкімет қанша адамды үймен қамтиды?

Сурет primeminister.kz сайтынан алынды
Сурет primeminister.kz сайтынан алынды
Премьер-Министр біздің елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделмейтінін сынады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамытудың, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың барысы, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері қаралды.

Инвестиция жылына 30% өсу керек

2019 жылдың бірінші жарты жылдығының нәтижесі бойынша мал шаруашылығында жалпы өнімнің көрсеткіштері 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға өсті, мал азығы дақылдарының егіс алаңы 19-ға ұлғайды.

– Қазіргі кезде жалпы құны 200 млн доллардан астам 7 инвестициялық жоба бар. Олар бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге инвестиция салуға дайын стратегиялық инвесторлардың жұмысы пысықталып жатыр. Біздің ортақ міндетіміз – ол салаға келетін инвестицияларды жыл сайын кемінде 30 пайызға арттыру. Инвестиция көлемін 2020 жылға қарай 211 млрд теңгеге дейін, 2021 жылға қарай – 274 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет, – деді Премьер-Министр.

Ауыл шаруашылығы өнімдері аз өңделеді

– Қазіргі таңда мал шаруашылығы өнімдерін өндеу көлемі төмен деңгейде қалып отыр, бұл көрсеткіш 35 пайыздан аспайды. Ал Ресейде – 40 пайыз, Беларусьте – 50 пайыз, дамыған Еуропалық одақ елдерінде 80 пайыздан астам. Отандық өңдеуші кәсіпорындардың толық жұмыс қуатына шықпауына, жабдықтардың тозуына, шикізаттың жетіспеуіне байланысты бұл кәсіпорындар қосымша өсімді қаматамасыз ете алмай отыр, – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, ет өңдеу деңгейі бойынша биылғы жарты жылда Ақмола облысында, Шымкент қаласында өсім бар. Алайда Алматы облысында өсім қарқыны төмен.

Дегенмен, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көбейіп келе жатыр.

– Соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. 477 мың тонна сиыр етімен, бұл – ішкі тұтынудың 98%-ы, 150 мың тонна қой етімен, 86 мың тонна шошқа етімен қамтамасыз етеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті бойынша экспорт көлемі 19,9 мың тонна, қой еті 3 мың тонна, шошқа еті 400 тонна болды. 5 жыл ішінде тұрақты тұтыну өсімі кезінде құс етін өндіру көлемі 40%-ға артып, 192 мың тонна болды. Құс жұмыртқасы экспортының қарқыны артып келеді, өткен жылдың қорытындысы бойынша 680 млн дана жұмыртқа экспортталды. Сүт өндіру көлемі 5,7 млн тоннаға жетті, – деді министр.

Жаңа сүт фермаларын салу арқылы өңдеу көлемін ұлғайту әлеуеті бар, сүт өңдеу көлемін 2022 жылға қарай 2,2 млн тоннаға жеткізудің барлық мүмкіндігі бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне "ҚазАгро" холдингімен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, сүтті-тауарлы мал шаруашылығының көлемін арттыру, отандық құс шаруашылығын дамыту шараларын қабылдау тапсырылды.

Халал өндірісті дамыту тапсырылды

Сонымен қатар Үкімет басшысы мұсылман елдеріне азық-түлік экспортын арттыру үшін елде халал өндірісті дамыту керектігін айтты.

– Әлемдік үрдістерді ескере отырып, халал өнімдері экспортын дамыту қажет. Отандық халал өнімдерінің мұсылман нарығында жоғары бәсекеге қабілеттілігі осы өнімдердің халықаралық талаптарға сәйкестігін бақылау жүйесін дамытуды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы 15 тамызға дейін халал өнімдерін дамыту жөнінде жол картасын Үкіметке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.

Нұр-Сұлтан мен Маңғыстаудың көрсеткіші төмен тартып тұр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, биылғы жартыжылдықта үй құрылысына тартылған инвестиция былтырғы алты айдағыдан 15 пайыз өскен.

– Осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары. 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Биылдың соңына дейін 118 мың баспана салуды жоспарладық. Жартыжылдық қорытынды бойынша 48 925 баспана, яғни 5,7 млн шаршы метр пайдалануға берілді, – деді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, 2018 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Түркістан (147,4%), Қызылорда (122,4%), Алматы (115,6%) және Қостанай (115,2%) облыстары көш бастап тұр.

Алайда Нұр-Сұлтан қаласында және Маңғыстау облысында құрылыс қарқыны сәйкесінше 32,8 пайызға және 10,3 пайызға төмендеген. Бұл жалпы республикалық көрсеткішке теріс әсер еткен. Тұрғын үй құрылысы 1,9 пайызға бәсеңсіген.

– Сондықтан, бұл өңірлер жеке құрылыс салушылар арқылы жұмысты жандандыруы керек. Тұтас алғанда, басқа өңірлердегі құрылыс қарқынын арттыру арқылы жылдық жоспарға қол жеткізетін боламыз, – деді Роман Скляр.

2025 жылға дейін 2 млн адам үйлі болады

– Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 32,8 млрд теңге көзделген. Өңірлерге 14,9 млрд теңге аударылып, соның 14,8 млрд теңгесі игерілді. Қаражатты Маңғыстау облысының нашар иеріп жатқаны байқалды. Биыл кезекте тұрғандар үшін 6 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 1 шілдеде 924 пәтер берілді, – деді министр.

Оның айтуынша, көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарастырылды.

– Қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылып, оның 9,6 млрд теңгесі игерілді. Барлық көздерден 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көпбалалы отбасына тұрғын үй берілді, – деді Роман Скляр

– Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламаларын біртұтас тұрғын үй саясатына біріктіруді тапсырды. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 млн-нан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, – деді Асқар Мамин.

Астана банкіне аударылған ақша қайтады

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері бойынша әкім Алтай Көлгінов баяндады.

– Елорданың баламалы көлік түрлерінің қажеттігін және халықаралық міндеттемелерді, сондай-ақ құрылыс инфрақұрылымын дайындау бойынша атқарылған жұмыстың көлемін ескере отырып LRT жобасы аясында келесі жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жобаны оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Үкімет тарапынан Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту бойынша шешім қабылданды. Бұл 800 млн АҚШ доллары немесе 300 млрд теңгеден астам сомада қарызға кететін шығыстар бөлігінде республикалық бюджетке түсетін қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, инвесторлармен келіссөздер жүрігізіліп, Қазақстанның екінші деңгейлі банктерімен, қаржы институттарымен облигацияларды орналастыру шарты қарастырылды. Бұдан бөлек, Қытай тарапынан келісімшарт құнына салықты қосу туралы келліссөздерді бастадық, бұл шара жоба бойынша шығындарды 200 млн долларға азайтуға жол ашады, – деді әкім.

Оның айтуынша, жолаушылардың қазіргі таңдағы санын ескере отыра, жоба аясында жылжымалы құрамды немесе пойызды 19-дан 12 бірлікке дейін қысқарту мүмкіндігі қарастырылды. Бұл 40 млн АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Пойыздардың жүру интервалы қазіргі уақытта 3 минуттан 10 минутқа дейін өзгертілді. Егер алдағы уақытта халықтың саны артса, оны қайтадан қалпына келтіруге болады. Сонымен бірге, осы кезеңде 7 аялдама стансасын қысқарту қарастырылып отыр, қазіргі уақытта 18 станса болса, соны 11-ге дейін қысқарту көзделді. Жерасты жаяу жүргіншілер жолы да қысқарады, бұл 110 млн доллар қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Аталған шаралар жобаның шығындарын 350 млн долларға немесе 135 млрд теңгеге дейін оңтайландыруға септігін тигізеді, – деді әкім.

Үкімет басшысының айтуынша, Астана банкіне аударылған $258 млн көлеміндегі қаражат Нұр-Сұлтан әкімдігіне жобаны одан әрі жүзеге асыруға қайтарылатынын айтты. Ол елорданың қоғамдық көлігін дамытуға үлес қосады.

"Астана LRT" бұрынғы басшысы халықаралық іздеуде

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов компанияның бұрынғы басшысына халықаралық іздеу жарияланғанын айтты.

– "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Оны қамауға алу туралы өтінішхат жолданды, – деді Бекмырза Игенбердинов.

Серіктестер жаңалықтары