Тікелей эфир

Fly Arystan 999 теңгеден 3 мың билетті сатылымға шығарды. Жаңалықтарға шолу

Қазақстан – Қытай шекарасы жабылады. Қыз алып қашқан жігіттер 7 жылға сотталды.

Qazaq Air бас кеңсесін Нұр-Сұлтанға көшіріп жатыр

Әуе компаниясының Басқарма төрағасы Пламен Атанасовтың айтуынша, компанияның бас кеңсесін Алматыдан Елордаға ауыстыру жұмыстары 2020 жылы толықтай аяқталады. Әуежай базасын ауыстыру туралы шешім өңірлер арасында әуе қатынастарын жақсартуға қатысты Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған.

Компания басшысының сөзіне сенсек, базаны көшіру ұшақ билеттерінің қымбаттауына әкелмейді.

Тұтынушылық несиенің үлесі 30 пайызға дейін өсіпті

Жеке тұлғалардың тұтынушылық несиесінің көлемі 3 жыл қатарынан артып отыр. Екінші деңгейлі банктерден алынған барлық қарыздардың ішінен дәл осы тұтынушылық несиесінің үлесі бір жыл ішінде 24,1 пайыздан 29,4 пайызға дейін өскен. Сарапшылардың сөзінше, бұл осы кезеңге дейінгі рекордтық көрсеткіш.

Банктен жеке қажетіне қарыз алушылардың арасында Алматылықтар (1,4 трлн теңге) көш бастап тұр. Екінші орында Елордалықтар (322,3 млрд теңге).

Қазақстан – Қытай шекарасы жабылады

1 қазанда көрші мемлекетте Қытай Халық Республикасының құрылған күні тойланады. Осыған орай 1-3 қазанда Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық шекара өткелдері 3 күнге жабылады. Шекара 4 қазанда қайта ашылады.

Fly Arystan 999 теңгеден 3 мың билетті сатылымға шығарды

Әуе компаниясы Павлодар – Нұр-Сұлтан – Павлодар бағытындағы ұшақ билеттеріне науқан жариялады. Акция аясындағы 999 теңге тұратын ұшақ билеттерін қыркүйек айының 26-нан 30-на дейін сатып алуға болады. Науқандық билеттер 2019 жылдың 4 қазан мен 12 желтоқсан аралығындағы рейстерге жарамды.

Алматыда Олжас Сүлейменов аллеясы ашылды

Аллея "Атакент" көрме кешенінің аумағында орналасқан. Бүгін мұнда "Невада – Семей" қозғалысына 30 жыл толуына орай 60 түп алма ағашы отырғызылды.

Алма ағашын отырғызған қазақстандық қоғам қайраткерлері, журналистер, депутаттар мен экологтардың есімдері әрбір ағаштың төлжұжатына жазылды. Аллеяның ашылуына Олжас Сүлейменовтың өзі қатысып, ағаш егуге атсалысты. Ол аллеяның өз есімімен аталуына қосылмай, оған "Невада-Семей" атауын беру туралы ұсыныс білдірді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 1 қазан күні зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. "Солтүстік Қазақстан облыстық Автокөлік одағы" қауымдастығы жылдағы дәстүрлі акцияны биыл да жалғастырмақ. Жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың жетекшілері Қарттар күніне зейнеткерлерге жеңілдік жасап, Петропавлдағы қоғамдық көлікті олар үшін тегін етпек. "СҚО Автокөлік одағы" қауымдастығының төрағасы Галина Семенованың айтуынша, қайырымдылық шарасы он жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Baq.kz: Қыз алып қашқан жігіттер 7 жылға сотталды. Жамбыл облысында 4 жігіт қызды ұрлағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, ал автокөлік қылмыс құралы ретінде мемлекет кірісіне алынды.

Әлеуметтік желі арқылы қызбен танысқан жігіт өзінің үш танысымен Қордай ауданына келеді. Ұялы телефонмен қоңырау шалып, қызға кездесуді ұсынады. Ол бас тартқан. Қыздың үй жағына келіп, оны көшеде қарсы алады. Қарсылық көрсеткеніне қарамастан оны көлікке күштеп отырғызып, Түркістан облысына жол тартады. Алайда, полиция қызметкерлері оларды Тараз қаласының шыға берісінде ұстайды.

Бұрын қалыңдықтың ұрлануы қазақ дәстүрінде болса да, қазіргі заман талабы бойынша ол қылмыс болып саналады. "Облыс прокуратурасы жігіттердің қызды алып қашуы сияқты ойланбай істеген іс-әрекеттері үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырлуы мүмкін екендігін түсіндіреді", – делінген таратылған ақпаратта.

Qamshy.kz: Қазақ тілі енді iPhone-да да бар. Apple-дың жаңа iOS 13 операциялық жүйесінде ресми түрде қазақ тілі пайда болды. Жаңа процессорға қазақ тілінен өзге қырғыз, монғол, түркімен, күрд, ұйғыр және өзбек тілдері енген. iPhone-ға қазақ тілін орнату үшін Баптау-Пернетақта түймесін басып, таңдау жасау керек.

Серіктестер жаңалықтары