Тікелей эфир

Мектеп бітіруші түлектер мейрамханадағы салтанатты кештерден бас тартып жатыр. Жаңалықтарға шолу

Әлеуметтік желідегі жалған хабарламадан Шымкентте шу шықты. Доллар бағамы тағы төмендеді.

"Менің міндетім – жаңа Президентті қолдау"

Елордада өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында Елбасы Н.Назарбаев осылай деп мәлімдеді. Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен келген саясаткерлер, сарапшылар, кәсіпкерлер мен ғалымдар қатысып жатыр. Н.Назарбаев өз сөзінде Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде Президенттікке Қ.Тоқаевты сайлауға қатысты ұсыныс білдіргенін еске салды:

"Мен оның бастаған істі жалғастыру үшін дайындығы мол деп есептеймін. Ал өзім Конституциялық заңға сәйкес, Елбасы және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып қала беремін. Еліміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздік саясаты, дамудың стратегиялық бағыттары бойынша жұмыс істеймін".

Н.Назарбаев сондай-ақ "Қазақстанды екі Президент басқарады" дегенге қатысты пікір білдірді.

– Мен сіздерге ыңғайсыздық тудырып жатқанымды білемін: алдымен, "тұңғыш президент", сосын "президент" деп хабарлайсыздар. Алайда, Қазақстанда мұндай екі президенттік басқару жоқ. Бір ғана президент бар және ол – ең бастысы. Сайланғаннан кейін бәріміз соған жұмыс істейміз, – деді Елбасы.

Мектеп бітіруші түлектер мейрамханадағы салтанатты кештерден бас тартып жатыр

Алматыдағы 73 мектептің директорлары мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары мейрамханадарғы шаралар мен лимузиндер жалдаудан бас тартқанын мәлімдеді. Мұның орнына түлектер ауру балаларға, мүгедектерге, мұқтаж отбасыларға көмектеспекші.

– Сағат сайын салтанатты шарадан бас тартып жатқандардың саны артып отыр. Біз ешкімді бұған мәжбүрлеп жатқан жоқпыз, бұл – олардың өздерінің шешімі, – дейді қалалық білім бөлімінің бөлім басшысы Н.Тау. Айтуынша, олар аттестатын алғаннан кейін, үйлеріне тарқасады. Мектептерде аттестат тапсыру шарасы 12 маусымда өтеді.

Елордалық "Жас Ұлан" және "Адал ұрпақ" балалар-жасөспірімдер ұйымдары мектеп бітіру кешіне арналған салтанатты рәсімді артық шығынсыз өткізуге қатысты науқан жариялады.

Сайлау кезінде халыққа қызмет көрсететін мобильді орталықтар жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен осылай деп хабарлады. Орталықтарға өзін сайлаушылар тізімінен таппаған азаматтар жүгіне алады. Қала әкімінің орынбасары Е.Қаналимовтың айтуынша, мұндай азаматтар мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мекен-жай анықтамасын ала алады. Бұдан кейін анықтамамен сайлаушылар тізіміне енгізілуге құқылы.

Автобус жүргізушісі жолаушымен төбелесті

Алматыда №137 автобус жүргізушісі жолаушымен жаға жыртысты. Куәгерлердің айтуынша, автобус жүргізушісі "Қайрат" ықшам ауданындағы екі аялдамаға тоқтамай өтіп кеткен. "Алматыэлектротранс" ЖШС баспасөз қызметі оқиға болғанын растады. "Жүргізуші жұмыстан шеттетілді. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесімен шаралар қабылданады" деп хабарлады автопарктен.

Әлеуметтік желідегі жалған хабарламадан Шымкентте шу шықты

Онда тұрғындарға 15 мамыр – атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырудың соңғы күні деген хабарлама таратылған. Осыған байланысты соңғы күндері Шымкенттің Еңбекші аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтары адам аяғынан арылмай тұр. Бір күнде орталыққа 200-300 адамнан келген.

Шымкенттің жұмыспен қамту орталығы жұртты дүрліктіру үшін мұндай ақпаратты біреу әдейі жазып жібергенін мәлімдеді. Орталықтың баспасөз хатшысы Д.Ордабаева таратылған хабарламаның жалған екенін хабарлады. Абай аудандық ХҚКО-на 15 мамырда 2 мыңнан астам адам жиналған.

Алматы іргесіндегі қоқыс полигоны өртеніп жатыр

ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В.Беккер Қарасай ауданындағы қоқыс полигонындағы өрттің шығу себебі әлі белгісіз деп мәлімдеді. Айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтардан тұтанған өрт аумағы 2 гектарды шарпыған.

Комитет басшысы өрттен тараған түтіннің қоршаған ортаға зиянына қатысты мәліметтен бейхабарлығын айтты. Оқиға орнында "Қазгидромет" мамандары жұмыс істеп жатыр. Өрт кеш батқанша сөндіріледі деп күтіліп отыр.

Сотталғандарға сәлемдеме жіберуге арналған онлайн қызмет іске қосылды

SizoShop онлайн дүкені арқылы сотталғандардың туыстары түрмедегілерге азық-түлік, басқа да керек-жарақтарын сатып алып, жібере алады. Оператор өтінімді сайт немесе телефон арқылы қабылдайды. Әрі қарай курьер оларды сатып алады да, абақтыға тасымалдауды қамтамасыз етеді. Сотталған азамат сәлемдемені қол қойып, қабылдап алады. Әзірге мұндай қызмет Алматыдағы түзеу мекемелерінде бар. Жыл соңына дейін жобаны Қазақстанның барлық аймағындағы абақтыларға енгізу жоспарланған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы тағы төмендеді. Қазақстан қор биржасында бейсенбі күні өткен сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 1 доллар үшін 378,99 теңгені құрады. Сәрсенбі күнгі сауда-саттықпен салыстырғанда, шетел валютасының бағамы 0,44 теңгеге арзандады.

24.kz: Шетелге шығуға тыйымның бар-жоғын Telegram арқылы тексеруге болады. Telegram қосымшасындағы @EgovKzBot. бот қызметін таңдағаннан кейін пайдаланушы "Борышкерлер тізілімі және шет елге шығуға тыйым салу бойынша тексеру" сервисіне өтіп, ЖСН енгізуі қажет. Борышкерлер тізімінде болмаған жағдайда, автоматтандырылған ақпараттық жүйе ЖСН арқылы ешқандай деректердің табылмағаны жөнінде хабарлама жібереді. Бот арқылы сапарға бірге шығатын туысқандарыңыздың не достарыңыздың да берешегін тексеруге болады. Керекті ақпарат сұрау жіберілгеннен кейін бірден көрсетіледі.

Серіктестер жаңалықтары