Пандемияның туризмге әсері
Қазіргі күні, туризм – адамның басты қажеттіліктерінің біріне айналды. Алайда, әлемге тараған коронавирус адамдарды дәл осы қажеттіліктен бас тартуға мәжбүрлеп отыр. Сұраныстың күрт түсуіне байланысты, Covid-19 індетінің кесірінен саяхаттау – денсаулыққа қауіпті демалысқа айналды. БҰҰ Әлемдік туризм ұйымының (UNWTO) хабарлауынша, экономика секторларының ішіндегі ең қатты зардап шеккен салалардың бірі – осы туризм саласы.
Мәселен, Бүкіләлемдік саяхат және туризм кеңесі (WTTC) жаһандық туризм саласына тікелей және жанама түрде әсер ететін 75 миллион жұмыс орнының қысқарып, 2,1 триллион долларлық кірістің жоғалатынын болжап отыр. IATA ұйымы саяхаттарға қойылған шектеулер мен күтілетін жаһандық рецессияның әсерінен әуе көлігі саласының әлемдік кірісі 252 миллиард долларға түсуі мүмкін, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 44 пайызға төмен деп хабарлады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?
Тіпті шекаралар ашылып, ұшақтар ұша бастаған күннің өзінде тұтынушылық мінез-құлықтың экономикалық әсерге ұшырап, тұтынушылық приоритеттердің өзгеруіне байланысты туризм саласы үлкен соққыға ұшырайды. Демек, қазақстандықтардың да шетелге саяхаттау жиілігінің азаю ықтималы жоғары. Мұнай бағасының арзандап, доллар бағасының қымбаттауы алыс сапарға алып шығатын чемоданымыздың шкафтың ішінде біраз уақытқа тұра беруіне себеп болады.
"Rysqulov Analytics" зерттеу орталығының жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша "Карантиннен кейін қайда демалуды жоспарлап отырсыз?" деген сұраққа 1 105 респонденттің:
- 73,2%-ы "Ешқайда бармаймын";
- 22,7%-ы "Қазақстанның ішінде";
- 4,1%-ы "Шетелге" деп жауап берген.
Демек, бұл жерде Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға зор мүмкіндік пайда болып отыр. Туризмге қатысты тұтынушылардың мінез-құлқының күрт өзгеруі пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстандағы ішкі туризмнің өсуіне әкелуі мүмкін. Тек Қазақстан емес, көптеген әлем елдерінде де ішкі туризм режиміне көшу жоспарланып отыр. Мәселен, коронавирустың бастау алған жері Қытайда туристер ағынын елдің ішіндегі туристік орындарға бағыттап, ішкі маршруттарды белсенді түрде дамытып жатыр.
Оқи отырыңыз: Түркістан – "Екінші Мекке" атануға, әлемдік туризм ордасына айналуға лайық
Қазақстандағы ішкі туризм
Қазақстан ішкі туризмінің көрсеткіштері соңғы жеті жыл ішінде екі есеге жуық көтерілген. Яғни, ішкі туристердің саны 2013 жылдан бері 2,7 миллионнан 2019 жылы 5,1 миллионға дейін өскен. Елімізде туристік саланы дамытуға 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленген. Осы бағдарламаға сай, 2025 жылға дейін туризм секторы ЖІӨ-нің 8%-ын құрап, келесі 7 жыл ішінде 2 трлн инвестиция, 70 мың тұрақты жұмыс орындарын қоса алғанда, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары, жылына туристер санының 7 миллионнан 15 миллионға өсуі күтілуде. Оны іске асыруға 1 трлн теңге бөлінбекші.
"Айта-айта Алтайды..."
Дегенмен, ішкі туризмдегі мәселелер әлі де өзекті. Оның ішіндегі "№1 мәселе": Әлсіз туристік инфрақұрылым. Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) 2019 жылғы туризм саласының бәсекеге қабілеттілігі бойынша баяндамасына сүйенсек, Қазақстан инфрақұрылым бойынша әлемде 89-орында тұр. Оның ішінде әуе жолдары бойынша 75-орында, автокөлік және темір жолдары бойынша 87-орында болса, туристік қызмет көрсету инфрақұрылымы бойынша 90 орында тұр.
Демек, бұл – отанымыз табиғаты көрікті, тарихи бай туристік жерлерге ие болғанымен де, сол жерлерге жету мәселесі, траспорттық қамтамасыз етілу, автожол сапасы, жататын орындар және тамақтану орындарының сапасы өте төмен екенін көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Мың дәретхана жобасы. Қазақстан туристік державаға айнала ма?
Екінші мәселе, халық арасында елдегі туристік орындарды "тартымды" насихаттайтын жарнамалардың әлсіздігі, тіпті, жоқтығы. ДЭФ туризмдегі маркетинг және брендинг көрсеткіші бойынша Қазақстан бар болғаны 102 орында тұр. Мәдени және ойын-cауық туризмін онлайн іздеу бойынша 105 орында, ал табиғи туризм бойынша 118 орында тұруы да промоушнның әлсіздігін көрсетеді.
Әрине, сыртқы туристік сегментке бағытталған Қазақстан табиғатын жарнамалайтын бейнероликтер бар, тіпті, әлемдік BBC, Euronews сынды арналарда да көрінді. Бірақ, жергілікті сегментке таргетинг жасайтын жарнамалық бейнероликтер жоқтың қасы. Батыс Қазақстан өңірінде Шарын шатқалының не екенін, Шығыс Қазақстан өңірінде Үстірт қорығының не екенін білмейтін қанша қазақстандықтар өмір сүріп жатыр.
Үшінші мәселе, туризм саласын арнайы бағыт ретінде мемлекеттік қолдауға ие болмауы. Сәйкесінше, туризм саласының субъектілері тек қана шағын және орта бизнес, арнайы экономикалық зоналар және инвестициялық қызмет аясында ғана мемлекеттік көмекке ие бола алады.
Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу
Әлемдік туризм ұйымның пайымдауынша, ХХІ ғасырдағы перспективті бағыттар қызық оқиғалы, мәдени-танымдық, тематикалық туризм және круиздер болады. Туристердің көпшілігінің саяхаттауға ақшасы болғанымен, уақыты болмағандықтан, минимум уақытта максимум ләззәт алғылары келеді. Тематикалық туризм түрлеріне гастрономиялық, шоппинг, фестивальдік, ауыл-шаруашылық сынды әртүрлі тематика төңірегінде ұйымдастылатын туризм жатады. Осыған байланысты "Rysqulov Analytics" зерттеу орталығы елімізде әр өңірдің ерекшелігін пайдаланып, тематикалық туризмді қарқынды дамытуды ұсынады.
Маңғыстау – "Жердегі Марс"
Маңғыстау өңірінің орналасқан жері мен табиғи ерекшеліктерін пайдалана отырып, ішкі туризмді дамытудың келесідей жолдарын ұсынамыз.
Біріншіден, ерекше турөнімдер мен өңірлік дәстүрлі фестивальдер ұйымдастыру
- Маңғыстау өңіріндегі Үстірттің ерекшеліктерін ескере отырып, Марстағы өмір тематикасына сай "Жердегі Марс" атты тематикалық саябақ жасау. Бұған Үстірттің ландшафтын фотограф Андрей Фоменко Марсқа теңеуі және оның дәлелі ретінде осы өңірде түсірген көз тоймайтын суреттері себеп болды;
Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу
Бұл саябақта әрбір турист Марсқа бармай-ақ, ол жақтағы өмірді жерде толық сезіне алатын жағдай жасалынады. Дәл космонавттардай скафандр киіп, арнайы машиналармен ландшафт бетімен турлар жасалады. Тіпті космонавттардың тағамдарынан дәм татып, космостағы гравитацияны сезіне алады. Бұндай саябақтар әлем бойынша көптеген мемлекттерде сұранысқа ие. Мысалы, Жаңа Зеландия мемлекетіне әлемнің түкпір-түкпірінен туристердің ағылуының оның табиғи әсемділігімен қатар, "Властилин колец" фильмі түсірілген және соған арнайы салынған Хоббитон қалашығын өз көзімен көру себеп болып табылады.
Бағасы 89 жаңазеландиялық доллар тұратын турға қалашықтағы хоббиттарға арнап салынған кішкентай үйшіктерді көріп, ішіне кіріп суретке түсумен қатар, фильм барысында болған әртүрлі қызықты ақпаратты тыңдап, тур соңында хоббиттар сыра ішкен сыраханада отырып, глинтвейн атты сусынынан дәм татасыз.
- Одан бөлек, Қарақия ойпатында әуе шарларын мен парапландар ұшырып, бұл жердің жаяу жүріп көре алмайтын керемет жерлерін үстінен тамашалауға мүмкіндік ашу.
- Сондай-ақ, Қазақстандағы жалғыз теңіз порты осы Маңғыстау өңіріндегі Каспийде екенін ескерсек, осы өңірде Қазақстандағы алғашқы круиз турларын ұйымдастыру, жергілікті халықтың шетелге шықпай-ақ теңізде саяхаттау арманын орындауға мүмкіндік тудырады.
- Сонымен қатар, бұл өңірдегі мұражайлар мен тарихи және мәдени объектілерде жаңа технологиялар мен ноу-хауды пайдалануды қолға алу керек. Демек, көпшілікке ақпаратты көріп, тыңдап қана қоймай, технологиялар арқылы оны өз қолымен ұстап, иіскеп, татып және сезініп көру маңызды. Бұл туристік нысандарға келушілердің санын арттырып қана қоймай, олардың алатын әсерлерін айтарлықтай арттырады.
- Әртүрлі фестивальдер ұйымдастыру да ішкі туризмді дамытуда маңызды екенін ескере отырып, Маңғыстау өңіріне тән "Түйелер жарысы" және шұбат фестивальдерін ұйымдастыру арқылы, Қазақстанның түкпір-түкпірінен түйе шаруашылығымен айналысатын шаруаларды тартып, қарапайым халыққа Маңғыстаудың қонақжайлығын таныстыруға болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады
Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту
- Маңғыстауға республиканың басқа өңірлерін ұшу өте қымбат екенін ескеріп, лоукостерлерлік қызметті көбейту қажет. Олардың билет құнын түсіру мақсатында, мемлекет лоукостерлердің шығындарын субсидиялауды қарастырған жөн. Мемлекет жақында қабылдаған kids go free бағдарламасы бұл мәселені біраз жеңілдететін де ескереміз. Темір жолмен де қатынаудың сапасын арттырып, ыңғайлы сервис жасаған абзал. Авто жолдарды автокөлікпен қатынаушы туристерге ыңғайлы ету қажет. Әлемдегі көптеген елдерде жеке автокөлікпен саяхаттау өте дамыған. Мысалы, Еуропа елдері, АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия және т.б. мемлекеттерде жолдың сапасынан бөлек, жол-жөнекей демалу бекеттері көп әрі ыңғайлы жасалған. Ондай бекеттер көз тоймайтын табиғатты тамашалаумен бірге, тамақтанып, жуынып сергуге де арналған. Ал кейбір бекеттерде түнде тұрақтап, қонуға толық мүмкіндік қарастырылған. Біздің елде де осындай бекеттерді көбейту арқылы, автокөлікпен саяхаттайтын туристер санының артуына әсер етеді.
- Жоғарыда аталған турөнімдер іске асырылған жағдайда, туристерді орналастыратын орындарды ескерген жөн. Рюкзакпен жалғыз саяхаттаушыларға хостелдер, автокөлікпен саяхаттаушыларға палаткасын жая салып ұйықтай беретін, әрі жағдайы қарастырылған кэмпингтер және тематикалық отельдер қарастыру қажет. Мысалы, ғарыштағы отель тематикасына сай етіп әдемі отель салуға болады.
- Үшіншіден, жарнамалау мәселесіне келетін болсақ, жоғарыда ұсынылған турөнімдерді агрессивті жарнамалап, Маңғыстауда өтетін осы іс-шараларға Қазақстандағы басқа аймақтарға терең ақпарат беріп, туристік көрмелер ұйымдастыру қажет. Мысалы, Алматы қаласында Маңғыстау айын жариялап, алматылық туристерге мотивация ретінде Маңғыстаудың туристік нысандарына жеңілдетілген туристік жолдамаларды үлестіруді қарастырған жөн. Одан бөлек, тек сырттан келетін туристерге арналған бейнероликтер ғана жасамай, ішкі нарыққа да бағытталған бейнероликтер түсірілген дұрыс. Кезінде Youtube-та көп қаралым жинаған Әнуар Нұрспейісовтың "7 причин сорваться в ..." немесе "Вернуться с Хан Тенгри" атты жобалары жергілікті туристерді мемлекет ішінде де саяхаттаудан үлкен әсер алуға болатынын үйретті десе де болады.
- Төртіншіден, аталған іс-шараларды іске асыру үшін туризм индустриясындағы компанияларға арнайы жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар бөліп, инвесторлар тарту қажет және ол арқылы Маңғыстаудағы туризм саласында бәсеке тудыра аламыз. Ал бәсеке бар жерде, даму болатыны анық. Оған айқын мысал ретінде Түркияны келтірейік. Бұл мемлекеттің туроператорларына, отельдеріне баж салығынан босату, туристтік аймақтардағы отельдерге коммуналдық қызметтерді минималды бағамен көрсету, халықаралық көрмелерге қатысуға шығындарын өтеп беру, туроператорларға мемлекеттік қор кепілдігімен төмендетілген мөлшерлемемен 25 млн АҚШ долларына дейін несие беру сынды мемлекеттік қолдаудың эффективті механизмдері қолданылады.
Оқи отырыңыз: Медициналық ішкі туризм науқастарға қашан көмекке келеді?
Түркияның бұл мысалы бәсекеге қабілетті туризм индустриясын қалыптастыру үшін мемлекеттің қолдауы аса қажет екенін көрсетеді.
Қорыта келе, "Rysqulov Analytics" зерттеу орталығы ұсынған Маңғыстау өңірінің туризмін дамыту негізінде, Қазақстанның басқа да өңірлерінде осыған ұқсас тематикалық туризм турлерін дамытуға болады.Мысалы, Түркістанда түнгі базарларға, Шығыс Қазақстанда марал шаруашылығының саябағына тематикалық турлар ұйымдастыруды ұсынамыз. Осылайша, әр өңірдің тұрғындары бір-біріне туристік нысандарды көруге барып, ішкі туризмнің дамуына үлкен себеп болады.