Тікелей эфир

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай: су астындағы ақ алтын алқабы. Оқиғаның толық хроникасы

Фото: Мақтаарал ауданының әкімдігі
Фото: Мақтаарал ауданының әкімдігі
Тосыннан келген су тасқынының туу себебі мен оқиға барысын, өрбу баянын тізіп көрген едік.

Әлемді есеңгіреткен індет кезінде Қазақстанның күнгей аймағындағы Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекенді су алып, республикалық көлемнен бөлек өңірлік техногенді төтенше жағдай жарияланды.

Өзгидрометеорология қызметінің хабарлауынша, 28 сәуірге қараған түні Бұхара, Самарқанд, Қашқардария және Науаи облыстарында 15-25 м/с жылдамдықта қатты жел тұрып, арты табиғи апатқа ұласқан. Ең көп зардап тартқан Бұхара облысында екпіні күшті желден 30 адам жеңіл-орта және бір адам ауыр дәрежеде жараланып, тағы бір кісі қайтыс болғаны хабарланды.


Бұхарадағы дүлей жел инфрақұрылымқа айтарлықтай шығын әкелді

Бұхарадағы дүлей жел инфрақұрылымға айтарлықтай шығын әкелді / Фото: ӨР ТЖМ


Бір күннен кейін 29 сәуірде бірнеше сағат бойы төпелеп жауған жауыннан Самарқанд облысындағы Бұлыңғыр ауданында бірнеше ауылды су басқан.


Самарқанд өңірінде нөсерден елді мекендегі үйлерді су алған

Самарқанд өңірінде нөсерден елді мекендегі үйлерді су алған / Фото: ӨР ТЖМ


Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан көрші орналасқан Қазақстанның Мақтаарал ауданындағы (Түркістан облысы) бірнеше ауылды су алды. Ташкент таратқан ресми ақпаратқа қарағанда, пайдалануға берілгеніне әлі үш жыл бола қоймаған, "ғасыр жобасы" аталған Сардоба су қоймасы кейінгі күндері толассыз жауған нөсер мен қатты дауылдың кесірінен мамыр айының алғашқы таңында жарылып кеткен. Сондай-ақ Сырдария облысының Сардоба, Ақалтын және Мырзаобод аудандарындағы 22 елді мекеннің 70 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланған. Өзбекстанның денсаулық сақтау уәзірлігінің (министрлік – ред.) дерегінше, тасқыннан кейін 17,3 мыңдай адамға медициналық көмек беріліп, 56 адам ауруханаға жатқызылған. Ал төтенше жағдайлар уәзірлігі "әзірге қайтыс болған адам туралы ешқандай хабар жоқтығын" мәлімдеді. 1 мамыр таңғы сағат 6.00 шамасында болған су апатынан соң президент Шавкат Мирзиёев пен бас уәзірі (премьер-министр) Абдулла Арипов екеуі бірден оқиға орнына барып, арнайы штаб құрған.

Өзбекстанның ТЖ министрлігінің сайтында мамырдың алғашқы жұмасында жарияланған хабарламада "Toshqin oqibatlarini bartaraf etish uchun suv oqimlari Oqoltin tumani hududidan o‘tuvchi Abay kanaliga tushirilib, Jizzax viloyatidagi Arnasoy ko‘liga yo‘naltirilgan" (қаз: "Тасқын салдарын тоқтату үшін су ағынын Ақалтын ауданынан өтетін Абай каналына бұрып, Жиззах облысындағы Арнасай көліне жіберілді") делінген. Мұны Қазақстан тарапы да "Негізгі су ағынын төмендету үшін өзбек тарапы су аруарналары желісіне шлюздер ашты" (ТЖК – ред.) деп растады.

Сардоба су қоймасындағы апаттан кейін 12 сағат өткен соң, 1 мамыр кешкісін сағат 19.30-да Facebook желісіндегі "Мақтаарал ауданы әкімдігі" парақшасында "аудан тұрғындарына әзірге қауіп төніп тұрмағаны хабарланды". Әкімдік "қазіргі таңда жағдай бақылауға алынғанын" және жұртты "алаңдаушылыққа бой алдырмай, сабыр сақтауға" шақырды.


Мақтарал ауданының әкімдігі әу баста Сардобадағы апаттан «қауіп көрмеген», бірақ 3-4 сағаттан кейін ТЖ режимін жариялады

Мақтаарал ауданының әкімдігі әу баста Сардобадағы апаттан "қауіп көрмеген", бірақ 3-4 сағаттан кейін ТЖ режимін жариялады / Фотоскрин апат болған Мақтаарал ауданы әкімдігін facebook желісіндегі парағынан жасалды


Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, түстен кейін сағат 16.00 кезінде аудандағы бірнеше коллекторға су толғандықтан, Өзбекстан жағы кешкісін 20.15-те су жіберуді тоқтатқан.

Алайда арада көп өтпей, 2 мамыр сағат 00.00-ден бастап ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Мақтаарал ауданында жедел штаб құрылды. Бұған алғашында аудан әкімі Бақыт Асанов, кейін ТЖК төрағасы Владимир Беккер төрағалық ететіні белгілі болды. Аудан әкімінің баспасөз қызметі түн ішінде 3 ауылдың (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Нұрлы жол) халқы үдере көшіп жатқанын хабарлады.


Су тасқынында қалып қойған азаматтарды өңір тұрғындары өз бетінше құтқаруға тырысты

Су тасқынында қалып қойған азаматтарды өңір тұрғындары өз бетінше құтқаруға тырысты / Фото: Мақтаарал ауданының әкімдігі


Мамырдың 2-сіне қараған түні сағат 1.30-да аудан шекарасындағы су өткізу қуаты секундына 120 текше метр болатын орталық коллекторге 180 м3/с салмақ түскендіктен су арнасынан тасып, Жаңатұрмыс және Жеңіс елді мекендеріне су жақындай бастаған. Бұл жөнінде Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі хабарлады.

Қалыптасқан жағдайды бағалау үшін Түркістан облысына Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі ұшып барды.


Апат аймағына қорғаныс саласының жетекші мамандары келді

Апат аймағына қорғаныс саласының жетекші мамандары келді / Фото ТЖК сайтынан алынды


Таңға қарай жедел штаб әуелгі эвакуациялық пункттер құрылған Мырзакенттің өзін су алу қаупі туғандықтан, тұрғындарды Атакентке көшуге құлақтандырды.

2 мамыр күндіз облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орталық коллектрге 300 млн текше метр көлемінде су аққанын және "түні бойы 4 елді мекеннен 5400 адам эвакуацияланғанын" айтып, арнайы бейне-мәлімдеме жасады. Ол су тасқынын "жергілікті төтенше жағдай" деп бағалап, оны қалпына келтіруге Арыс тәжірибесі бойынша облыстың қауқары жеткілікті екеніне сендіріп бақты.

"Су басу қаупі сейілсе, халықтың мал-мүлкін полиция қорғайды. Мал мен адам шығыны жоқ. Су деңгейі әлі де көтерілсе, тағы 4 елді мекеннің халқын эвакуациялаймыз. Ол – Нұрлы жол, Фердоуси, Жантақсай және Жайлыбай ауылдары", – деді Өмірзақ Шөкеев.



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тосын апатқа байланысты Twitter парақшасында "Бүгін премьер-министр Асқар Мамин мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл тұрғындарын эвакуациялау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуді тапсырдым", – деп жазды.

2 мамыр түсте Ішкі істер министрлігіне қарайтын Төтенше жағдайлар комитеті алғашқы хабарын жариялады. Ведомство мәліметінде Түркістан облысының Жеңіс және Жаңатұрмыс деген екі елді мекенді су басқаны айтылды.


Мақтарал ауданындағы су алған елді мекеннің бірі

Мақтаарал ауданындағы су алған елді мекеннің бірі / Фото ТЖК сайтынан


Түс қайта мезгілде Түркістан облысындағы су басу қаупі төнген елді мекендерден 5 мыңнан астам адамның эвакуацияланғаны хабарланды. Ресми дерек бойынша, жоғарыда аталған суға кеткен екі ауылдан (Жеңістен 87 үй және Жаңатұрмыстан 46 үй) 2 мыңнан көп тұрғыны, ал қызыл су жақындаған Фердоуси және Нұрлы жол елді мекендерінен (415 үйден) 3 мыңдай адам көшірілген. Тұрғындардың біраз бөлігі Атакент кентіндегі 9 эвакуациялық пунктіне жайланса, ендігі бір бөлігі аудандағы өзге туыстарының үйіне паналап кеткен.

Сағат 17.40 шамасында су басқан (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердоуси) үш елді мекеннің аумағында күштік құрылымдар бақылайтын арнайы блок-бекеттер орнатылды.


Мақтарал ауданында суда қалып қойған елді мекендегі көрініс

Мақтаарал ауданында суда қалып қойған елді мекендегі көрініс / Фото Otyrar.kz сайтынан алынған


Жеңіс елді мекеніне кіретін ұзындығы 10 метрлік негізгі көпірді су шайып кеткені, ал Нұрлы жол елді мекенінде 28 гектар мақталы, жалпы ауданы 3 мың гектар егін алқабын су басқаны белгілі болды.

Кешке қарай өңірдегі коммуникациялар қызметі облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаевтың мәлімдемесін жариялады.

"Жеңіс және Нұрлы жол елдімекенінің тұрғындары Атакент кентіндегі №5, №6 мектептерге орналастырылуда. Т.Жайлыбаев елді мекенінің азаматтары Атакенттегі №7, №8, №9 мектептерге орналасса, Фердоуси, Жантақсай елді мекенінің тұрғындары Н.Есентаев ауылындағы № 42, Игілік ауылындағы №47, ҚазССР 40 жылдығы ауылындағы №44 мектепке жайғасуда. Мектептерде арнайы медицина қызметкерлері мен аудандардан 12 маман қызмет көрсетуде", – деді басқарма бастығы.

Сондай-ақ шенеунік су басқан ауылдағы мал және егістік, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың нақты шығынын анықтау мақсатында барлық шара қолға алынғанын жеткізді.

Өткен тәулікте сағат 21.00 кезінде аудан әкімдігі Мырзакент тұрғындарын дереу эвакуациялауға арналған 68 автобуспен тасымалдауға кіріскенін хабарлады.


Бар мүлкі суда қалып қойған бірнеше елді мекеннің тұрғындары 10 эвакуапунктке жайғастырылды

Бар мүлкі суда қалып қойған бірнеше елді мекеннің тұрғындары 10 эвакуапунктке жайғастырылды / Хабарландыру аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парағынан алынған


2 мамыр түнгі сағат 23.00-де Ақорда президент Тоқаевтың Өзбек басшысы Шавкат Мирзиёевқа "достық рәуіште" қоңырау шалғанын хабарлады. Екі ел президентінің әңгімесі барысында Тоқаев Сардоба су қоймасындағы апатпен көресудегі Өзбекстанның әрекетін "жоғары бағалап, өзбек халқына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді". Мирзиёев те өз кезегінде "су тасқынының Қазақстандағы бірқатар елді мекенге де зиян тигізгеніне өкініш білдіріп, жағдайды қалпына келтіруге ниетті екенін жеткізіпті".

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев эвакуацияланған 70 мыңдай адамның бір бөлігі жайғасқан Гүлстан қаласындағы эвакуапунктке барып, жапа шеккен адамдардың көңілін сұрап-тілдескен. Жарылған су қоймасын көзімен көріп қайтқан президент тұрғындарға үй-жай және мал-мүлік шығынын толық қалпына келтіруге уәде берді. "Ешкім мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайтынын", "ең алдымен, көктем кезінде еңбегі жанатын диқан-фермерлердің жағдайын дереу шешеу керектігін" айтты Мирзиёев.

Сонымен Қазақстанда әзірге алты елді мекеннің (Жаңа тұрмыс, Нұрлы жол, Жеңіс, Жайлыбаев, Жантақсай мен Мырзакент) тұрғыны эвакуцияланды.

Материал толықтырылды: Бүгін Мақтаарал ауданында Өргебас ауылын да су басқаны белгілі болды. 3 мамыр, таңғы 05.00-ден бастап су Фердоуси ауылынан келе бастаған. Екі ауыл арасы – 3 км. Сағат 08.00-ге дейін 194 үйді су басқан. Құтқарушылар 1 451 тұрғынды эвакуациялаған.

3 мамыр сағат 14.00-де Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі апат аймағында Жаңатұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фердоуси (250 үй) және Өргебас (194 үй) секілді төрт бірдей елді мекеннің су астында қалғанын растады.


ТЖ болған елді мекендердің кейбір жерінде судың тереңдігі 1,5-2 метрге дейін жетеді

ТЖ болған елді мекендердің кейбір жерінде судың тереңдігі 1,5-2 метрге дейін жетеді / Фото Түркістан облысы әкімдігінің сайтынан алынған


Әкімдіктің хабарлауынша, қызыл судан жалпы жиыны 620 үй бүлініп, 22 эвакуапунктіге 7 мыңға жуық адам орналастырылған. Ал туған-туысын паналап кеткен елдің саны белгісіз.

Сонымен қоса су астында қалған елді мекендерге көршілес орналасқан Қоғалы ауылында қауіпсіздікті сақтауға 5 техника, 508 штат қызметкері жұмылдырылғаны хабарланды.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов "қазірдің өзінде 3 601 гектар аумақтағы дақылды егін алқабы (көбіне мақта, жоңышқа, жүгері) су астында қалғанын" хабарлады. Алдын-ала жасалған ресми болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңге төңірегінде деседі.

Шенеуніктің сөзінше, бүгінгі таңда 95 маман су алған алқап пен мал басының шығынын есептеп жатыр. Сондай-ақ әкімдік өкілі қызыл судың беті әлі қайта қоймағандықтан нақты мал шығынын есептеу қиынға соғып отырғанын айтады. Әзірге анығы, су жайылған 7 елді мекеннен (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас) 3 115 ірі қара, 1 101 жылқы, 585 бас қой, 34 түйе көшірілген.

Әкімдік ақпараты бойынша, 5 мыңнан астам малы болған елді мекендерді су алуының салдарынан 800-ге тарта мал басы зардап шегіп, 250-ге жуығы арам өлген.

Бүгін су басқан Өргебас ауылының ондаған тұрғыны елді мекен сыртына жиналып, президент Тоқаевтан көмек сұрады. Олар баспанасын қалпына келтіріп беруін талап етіп қана қоймай, жергілікті биліктің "суды тоқтаттық деп жалған ақпарат бергеніне" шағынды. 1,5 мыңдай адам тұратын ауыл тұрғындарының сөзінше, жұрт түнделетіп өз бетінше көшуге мәжбүр болған.

Аудан халқының құтын қашырған қызыл судың тасқынына байланысты "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры көмектесуге ниетті еріктілерге ресми түрде өз реквизитін жариялады:
Түркістан қаласы, Қызылорда тас жолы 34А
БСН: 100440016000
Кбе 18,
КНП – 119,
Halyk Bank АҚ ИИК: KZ886010001000002491
БСК HSBKKZKX.

Түсте өткен брифингте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен "Қазсушар" мекемесінің басшылары Өзбекстандағы су апаты болған Сырдария облысына кеткені хабарланды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, қазақстандық штаб құрамы екі жақты келіссөздер жүргізбек.

"Арнайы топ Өзбекстанның су министрі Хамраевпен және Сырдария облысының басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Бұл кездесудің нәтижесін біз қосымша хабарлайтын боламыз. Жалпы бұл жағдай екі елдің үкіметі тарапынан талқыланып, шешілетін болады. Соңғы мәлімет бойынша бүгінге дейін ауданға 300 млн текше метр су келген. Мұндай көлемдегі су алғаш рет болып отыр. Десе де қауіп әлі сейілген жоқ деп айтуға болады. Өйткені Өзбекстан тарапынан әлі қанша су келетіні белгісіз. Нақты ақпарат бүгін ғана берілетін шығар, сонда біз болжам жасай аламыз. Себебі Өзбекстанмен су туралы мәлімет алмасу бір жүйеге келтірілмеген", – деді Сәкен Қалқаманов.

Сағат 17:30-да Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі Өргебас ауылын басқан топан су Ташкент-Термез тас жолын шайғанын ескертіп, тағы 3 ауыл халқына хабарландыру жасады.

Ішкі каналдар арқылы күре жолдың басқа бетіне су жіберілгендіктен, Ырысты, Қарақыр және Гүлстан ауылдарын су басу қаупі туа қалған жағдайда көшуге дайын болу керектігі туралы ескертті.

Өзбекстаннан оралған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Төтенше жағдай жөніндегі кезекті штаб отырысын өткізді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, "халыққа жан-жақты көмек көрсетуге" уәде берген. Эвакуапунттердегі тұрғындарға әлеуметтік көмек беру; өтемақы төлеу үшін барлық санат бойынша (кәсіпкерлік нысандар, инфроқұрылым объектілері, тұрғын үй-жайлар, егін алқабы, мал-мүлік...) деректер жиып, келген шығынды есептеу; әлі де беті қайта қоймаған топан су қауіп төндіріп тұрған елді мекендерде бөгет жасау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Өңір басшысының сөзіне қарағанда, судың нақты қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сағат 18.52-де Twitter желісіндегі парақшасында Түркістан облысында 10 ауылды су басқанын мәлімдеді.
"Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде" деп жазды.

Су апатынан жапа шеккен халыққа көмек ретінде алғаш болып Жамбыл облысынан 30 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген үш жүк көлігі жөнелтілгені хабарланды. Гуманитарлық көмекті жергілікті ақсақалдар, партия және қоғам белсенділерінен құрылған топ қадағалайтын болады.

4 мамыр күні апатты аймақтан (Мақтаарал ауданынан) эвакуацияланған халықтың саны 31 606 адамға жетті. Соңғы ақпарат бойынша, Жаңатұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй), Достық (11 үй) елді мекендерінен жалпы саны 631 үй су астында қалды.


Өргебас елдімекенінің аумағында ұзындығы 20 м, биіктігі 1 м болатын бөгет салынып жатыр

Өргебас елдімекенінің аумағында ұзындығы 20 м, биіктігі 1 м болатын бөгет салынып жатыр / Фото Түркістан облысы әкімдігінің сайтынан алынды


5 мамыр. Әзірге баспанасының іргесін су шайып кеткен тұрғындар Атакент елді мекенінде құрылған 24 эвакуапунктіге орналастырылған. Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, апаттан құтқару жұмына 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған.

Штабтың есебінше 3 115 ірі қара мал, 1 101 бас ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданына, сондай-ақ 1 797 ірі қара мал, 6 029 бас ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе, 165 доңыз Мақтарал ауданындағы су басу қаупі жоқ жерге жеткізілген.
Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов апатты аймақта 14 елді мекеннің барын және оның 5-еуі қазір суда қалып қойғанын айтқан.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкімет басшысынан көмек сұрады. Осы уақытқа дейін "жергілікті масштабтағы жағдай, мұны реттеуге облыста барлық мүмкіндік жеткілікті" деген Шөкеев бүгінгі үкімет сағатында бірқатар маңызды мәселелердің бетін ашты.

"Әзірге есептеліп үлгерген ауданы 7 639 гектар егістік жерді су басқан. Төтенше жағдай салдарынан 845 тұрғын үй, үш мектеп, 5 бала-бақша, 4 медицина нысандары мен бір мәдениет үйі, 10 дүкен су астында қалды. Жеңіс ауылындағы көлемі 60 шаршы метр болатын негізгі көпірді және республикалық-облыстық маңызы бар 54,7 шақырым жолды су шайды. Сонымен қатар, мал шығыны есептеліп жатыр", – деді өңір басшысы.

Әкім премьер-министр Асқар Маминге жағдайды баяндай келе техника жағы тапшы екенін жеткізіп, көмек сұрады.

"Елді мекендердегі су жердің жағдайына байланысты ұзақ тұруы мүмкін. Өйткені жер асты сулары жақын. Сондықтан ауылдардың айналасынан үлкен-үлкен арықтар мен орлар қазып, суды сонда ағызу үшін бізге техника керек, Асқар Ұзақбайұлы. Экология министрлігімен бірігіп, республиканың қай жерінде мүмкіншілік бар, сол жақтан мотопомпаларды, насостарды жұмылдырып, бірге кірісуіміз керек", – деді Шөкеев.

Облыстың мүмкіндігі мен Арыс тәжірибесін жиі алға тартатын облыс басшысы жағдайдың күрделі екенін растады. Оның сөзінше, су қайтқан соң "былтырғы Арыстың тәжірибесі негізінде әр үйдің шығынын есептеп, ары қарай комиссиямен шешім қабылдау жағын" қарастыру керек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, аймақты апаттан құтқаруға 986 адам, 10 жүзу құрылғысы, 180 техника жұмылдырылған көрінеді.

Жалпы 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланған еді. Бүгінгі таңда 2 елді мекеннің (Мырзакент, Ақжол) тұрғындары өз үй-жайына қайта оралып, жайғасуда. 6 мыңнан астам тұрғыны бар 5 елді мекенді су басқан (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас және Достық), десе де 7 елді мекенге төнген қауіптің беті қайтпаған. Мырзакент және Ақжол елді мекенінің тұрғындары үйіне қайтуына байланысты эвакуациялық пункттер саны 24-тен 19-ға қысқарды.


Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тұрғындарға уәде беріп тұр

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тұрғындарға уәде беріп тұр / Фото Мақтаарал ауданы әкімдігінің сайтынан алынды


Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тасқын су астында қалған ауылдардың тұрғындарымен кездесуінде "ең бастысы, адам шығынынан аманбыз. Ал, шығындар есептеліп, толық өтеледі" деп сендіруге тырысты.
Аудан әкімінің айтуынша, мемлекеттік комиссияға топан судан келген барлық шығын пен қалпына келтіруге қажетті қаражатты есептеп, зардап шеккен халыққа әлеуметтік көмек көрсету міндеті жүктелген. Сондай-ақ ол "зардап шеккен ауыл азаматтарының әрқайсысына өтемақы төленеді" деп уәде берді. Бірақ жұрттың көбі бұған "Арыстағыдай тістегеннің аузында кеткеннің кебін кимесек екен" деген күмәнмен қарайды.

6 мамыр күні, отыз мыңнан астам азаматтың есін шығарған топан судан бес күн өткенде үкімет өкілі ретінде вице-премьер Роман Скляр апатты аймаққа барды. Ол облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге су астында қалған Нұрлыжол, Өргебас, Фирдоуси ауылдарын аралап, артынша Мырзакентте елді мекен халқымен кездесті. Атқамінерлер су тасқынынан "зардап шеккен әр тұрғынға 100 мың теңгеден өтемақы төленеді" деп уәде берді.

Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша Мырзакент маңынан 500 үйі бар жаңа елді мекен бой көтеріп, суға кеткен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшірілетін болады. Әр үй ауданы 100 шаршы метр көлемінде салынбақ. Сәйкесінше инфрақұрылым желілері тартылып, әлеуметтік нысандар ашылады.

Ал басқа да су түбінде қалған Фердоуси және Өргебас ауылының азаматтарына облыс әкімі 3 түрлі ұсыныс айтты:

  • өзге елді мекеннен жаңа мөлтекаудан соғып, сол жаққа көшу;
  • суға кеткен ауылдағы үйлерді қалпына келтіру;
  • әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төлеу.

Үш ұсынысты ауыл халқы өзара жиналыста шешетін болды.
Сонымен қоса, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылыс жұмысына шақырылды. Жергілікті әкімдіктің дерегінше, әр азаматқа еңбегіне жалақы төлеу жоспарланған.

Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің, яғни диқандар мен малы арам өлген шаруалардың шығынын үкімет төлеп береді. Олардың несиесін төлеу уақыты кейінге шегерілмек.

Астана тарапынан нота жолданбайтыны белгілі болған соң, сәрсенбі күні түсқайта Өзбекстанның 100-ден аса техника, 200 маманы Мақтаарал ауданына келіп, коллекторларды тазалауға кіріскені хабарланды.


Бес бірдей ауылды қайта салуға мәжбүр еткен ауқымды су апаты болғалы бері 5 күн өткенде өңірге үкіметтен вице-премьер Роман Скляр келді. 6 мамыр 2020 жыл. Мырзакент елді мекені

Бес бірдей ауылды қайта салуға мәжбүр еткен ауқымды су апаты болғалы бері 5 күн өткенде өңірге үкіметтен вице-премьер Роман Скляр келді. 6 мамыр 2020 жыл. Мырзакент елді мекені / Фото Түркістан облысы әкімдігінің сайтынан алынды


Мақтаарал ауданындағы Атакент елді мекенінде бас сауғалап туысын не эвакуапунктті паналаған азаматтарға көмек беруге арналған арнайы қойма құрылған. Бүгінгі таңда онда елдің әр түкпірінен 200 тоннаға жуық азық-түлік пен қажетті заттар қоры жиналды. Әзірге Жамбыл (30 тонна), Түркістан (Арыс, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Келес, Отырар, Түркістан және Сайрам аудандарының әрқайсысынан 5-10 тонна) облыстарынан гуманитарлық көмек келген.


Қызыл судан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік үлестіретін ең ірі Атакент қоймасы

Қызыл судан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік үлестіретін ең ірі Атакент қоймасы / Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің фотосы


Сәрсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі ресми парақшасында топан судан зардап шегіп, барынан айырылған азаматтарға "үкімет мыңнан астам тұрғын үй салып беретінін" айтып, уәде берді.

7 мамыр мереке күні Ресейдегі өзбек кәсіпкері Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының эвакуацияланған 30 420 тұрғынына арнап "Түркістан" әлеуметтік даму корпоративтік қорына 5 млн. 202 мың АҚШ долларын аударды. Облыс әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бұл қаражат эвакуацияланған 5 202 отбасының жеке шотына аударылмақ.

Серіктестер жаңалықтары