Президент оралмандарды "қандас" деп атауды ұсынды
Бұл туралы Қ.Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
"Мен бұдан бұрын да тарихи отанына келген қазақтарды "оралман" деп атаудан бас тартып, "қандас" дегеніміз жөн болады деген едім. Жеті атасын білетін халыққа "қандас" деген ұғым жарасады", – делінген мемлекет басшысының жазбасында.
Тараздан Нұр-Сұлтанға 6999 теңгеге ұшып келуге болады
FlyArystan әуе компаниясы Тараз – Нұр-Сұлтан бағытындағы әуе рейстеріне билет сатыла бастағанын хабарлады. Күнделікті рейстер 3-ші қазаннан бастап жүзеге асырылады. Ұшу ұзақтығы 1,5 сағатты құрайтын билет құны 6999 теңгеден басталады.
Мұғалім мәртебесі туралы заң: педагогтарға қандай жеңілдіктер жасалады?
Мәжілісте заң жобасын таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құжатта мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған материалдық ынталандыру шаралары қарастырылғанын мәлімдеді. Оның ішінде балабақшадан бірінші кезекте орын беру мәселесі, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік марапатының жаңа түрін енгізу бар. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбекақысын арттыру, "Үздік педагог", "Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы" гранттары сияқты қолданыстағы барлық әлеуметтік кепілдіктер заң жобасында сақталғаны айтылды.
Сала басшысы мұғалімдердің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке ерте шығуы, сауықтыруға екі есе жәрдемақы төлеу және жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге байланысты нормалар заңда қарастырылмағанын атап өтті. Бұл ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар мақұлдамады деп түсіндірді министр. Бұл ретте жоғарыда аталған жаңа шараларды енгізу үшін қаржыландыру 1,2 трлн теңгеге арттыру қажеттілігі сөз болды.
Сегіз облыста телерадиохабар сигналы уақытша жоғалады
Телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық оператор "Қазтелерадио" АҚ осылай деп хабарлады.
"2019 жылдың қыркүйегінде Ақмол, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында РТС-тарда техникалық жұмыстар жүргізілетіндіктен, аналогтық және цифрлық хабар тарату желілерінде арналар уақытша көрсетпейді" деп жазылған компанияның ресми хабарламасында.
Психологтар онлайн қызмет көрсете бастады
"Болашақ" бағдарламасының түлектері Қазақстанда осындай қызметті іске қосты. Zumcare сервисі арқылы психолог кеңесін онлайн түрде алуға не қабылдауға жекелей жазылуға болады. Сайтта 30 психолог жұмыс істейді. Маманның күндізгі қабылдауы әзірге Нұр-Сұлтанда қолжетімді. Қызмет тегін көрсетіледі.
Сайтты құрастырушылардың бірі Жақсылық Нұртілестің айтуынша, сервисте қызмет көрсететін барлық психологтар кәсіби біліктілігіне байланысты үш деңгейлі тексерістен өткен.
Алматыда кәріз құдықтарына 300 қосымша тор орнатылды
Қалада дәл осындай 1000 мыңға жуық құдық бар. Оның 89 мыңы "Алматы су" кәсіпорнына тиесілі. Кәсіпорын директорының орынбасары Берік Жамбыловтың айтуынша, жоба аясында алдағы екі жылда құдықтардың бәріне осындай торлар орнатылады.
– Бұл шаруа құдыққа ешкім құлап кетпеуі үшін жасалып жатыр. Алматыда мұндай жағдай болған жоқ. Бірақ 2019 жылдың басынан бері қаладағы құдықтардан 400 қақпақ ұрланды, – дейді Б.Жамбылов. Торлардың алғашқы легі мектептер мен бала-бақшалар жанындағы құдықтарға орнатылыпты.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Елімізде табысы төмен отбасыларға арналған жоба басталады. "Менің кәсібім" атты жобаны жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен оның авторы Айжан Нұрланова жүзеге асырады. Жалпы үйлестіруді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізеді. Жоба аясында мұқтаж азаматтарға қажетті мүкәммал, құрал-жабдықтар мен материалдарды ұсыну арқылы үй бизнесін жүргізуге көмек көрсетіледі. Жоба бастапқыда Маңғыстау облысында сәтті жүзеге асырылды. Бұл өңірде 250-ге жуық адам жеке кәсіпкерлік жүргізудің негізгі дағдыларын оқып, жеке істерін ашты.
Baq.kz: Ұлттық банк ипотекалық қарызы бар азаматтарға көмек көрсетеді. Қазақстан Ұлттық банкі ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын қолға алды. Бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Біріншісі 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алғандарға қолдау көрсетуге бағытталған. Екіншісі жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алған валюталық ипотекалық қарыздарын Қазақстан Ұлттық банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейді.
Zakon.kz: 300 мың теңге пара алған шенеунікке 12 млн теңге айыппұл салынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қызылорда орман және жануарларды қорғау мемлекеттік мекемесінің" басшысы Ф.Д.Смагуловқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол пара алды деген күдікке ілінген. Мекемедегі жайлы жұмысқа тұрғызу үшін ол біреуден 300 мың теңге көлемінде пара алды деп күдіктелген. Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен Смагулов пара алғаны үшін мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылып, оған 12 млн теңге айыппұл салынды.