Тікелей эфир

"ҚазАгро" ҰБХ ішкі қарызы 700 млрд теңге

сурет informburo.kz
сурет informburo.kz
Бұл туралы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өткізген жиында белгілі болды. Соған орай, компания өз жұмысына бірқатар өзгерістерді енгізіп жатыр.

Холдингтің басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазіргі таңда компанияның несие портфелі 904 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін көрсеткіш 1 трлн теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Міндеттемелерін орындамағанына кемі 90 күн толған несие алушылар несие портфелінің 8 пайызын құрайды.

"ҚазАгро" ҰБХ құрылғанына 12 жыл болса, соның соңғы 3 жылында шығынға ұшырап отырмыз. Оның басты себебі – "Аргобизнес-2020" бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін қайта қаржыландыруымыз болып отыр. Біз қарызды шетел валютасымен алып, несиені теңгемен бердік. Қарыз көлемі 1 млрд доллар және 700 млн еуро. Шетелдік валюталар бағамының көтерілуіне орай холдинг шығынға ұшырады. Бұл 2017 жылдан басталған жағдай", – деді Ербол Қарашөкеев.

2018 жыл қорытындысы бойынша, жиналып қалған шығынның жалпы көлемі 400 млрд теңгенің айналасында болды.

"Биыл холдингті қайта құрылымдаудан өткізіп, 2021 жылға дейін барлық шығынның орнын толтырамыз деген ойдамыз", – деді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, қазір холдингтің сыртқы қарызы жоқ. Дегенмен, ішкі қарыз мөлшері 700 млрд теңге шамасында.

Оқи отырыңыз: Кәсіп ашқыңыз келсе... Шағын несиеге қалай қол жеткізуге болады?

Мыңнан астам қызметкер қысқартылады

Қазіргі таңда холдинг өз жұмысын трансформациялап жатыр. Таяу уақытта компания құрамындағы 4 еншілес ұйым қысқарып, 3 компания ғана қалады.

"ҚазАгро Маркетинг" компаниясы өз жұмысын тоқтатты. Ендігі кезекте "ҚазАгро Өнім" компаниясы қысқартылады. Жоспарлы түрде мыңнан астам қызметкер жұмыстан босатылады", – деді Ерлан Қарашөкеев.

Холдингтің директорлар кеңесі жаңарады

Холдингті реформалау аясында компанияның директорлар кеңесі жаңарып, ай соңына дейін үш шетелдік азамат тәуелсіз директор ретінде кеңеске енеді деген жоспар бар.

"ҚазАгро" холдингінің тәуелсіз директоры болуға үміткерлер:

  • Майкл Вайнштейн. Еуропа Қайта Құру және Даму банкінің стратегия бойынша жетекшісі, "Kazakh Export" АҚ тәуелсіз директоры.
  • Игорь Абрамов. "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ, "Қазақстанның Инвестициялық Қоры" АҚ және Allur компаниялар тобының тәуелсіз директоры
  • Йорг Андреас Динкелакер. "Германия азық-түлік және ауылшаруашылығы саясаты федералды министрлігі жанындағы Қазақстан-Германия аграрлық саяси диалогы" жобасының жетекшісі.

Несие беру процесі автоматтандырылады

Таяу уақытта кәсіпкерлер ауыл шаруашылығымен айналысу мақсатында несие алуға өтінімді онлайн бере алады. Бұл несие беру ісіндегі адам факторының ықпалын азайтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.

Несие рәсімдеу үшін шаруалар жеке басын куәландыратын құжатты көрсетсе жеткілікті. Өтінімге жауап бар болғаны жарты сағатта беріледі.

Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істесе, 2020 жылдан бастап көпшіліктің қолдануына беріледі. Дегенмен, қазірден бастап несие алуды жоспарлап жүрген азаматтар "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алу мүмкіндігін онлайн-режимде тексере алады.

"ҚазАгро" холдингінің еншілес ұйымы – "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ тарапынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жыл сайын 10-15 мың несие берілсе, соның 70 пайызға жуығы 4 млн теңгеге дейінгі шағын несие алатын кішігірім шаруа қожалықтарына тиесілі. Яғни, қазіргі таңда "ҚазАгродан" қарыз алған 70 мыңнан астам шаруа мен кәсіпкер болса, соның 50 мыңнан астамы 4 млн теңгеге дейін шағын несие алған.

Оқи отырыңыз: Несие алудың тиімді жолдары немесе банкке алданбау үшін нені білу керек

"ҚазАгро" басқарма төрағасы қандай жалақы алады?

Шара барысында Ербол Қарашөкеев өз айлық еңбекақысының 800 мың теңге екенін жария етті. Сонымен қатар, "ҚазАгро" ҰБХ басшылығына бонустар берілмейтінін де жеткізді. Мұндай бонустар холдингтің еншілес компанияларының басшылығына беріледі.

Серіктестер жаңалықтары