Тікелей эфир

Көпбалалы аналарға 21 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті сонымен кімдер алады?

azh.kz сайтынан алынды
azh.kz сайтынан алынды
Атаулы әлеуметтік көмекті 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бастап бере бастайды. Оны алу үшін не керек? Талдайық.

27 ақпан күні "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде елдің көкейіндегі сұрақтарға жауаптар берілгенде, "Кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен отбасыларға 20 789 теңге беріледі" деген ақпаратты жұрт талқылап кетті. Әрқайсысы өз жорамалдарын айтып, әр түрлі нұсқаларын ұсынып әлек. Енді бірі бұл көмек барлық көп балалы аналар алады десе, енді бірі кез келген көмекке мұқтаж жандарға беріледі десті.

Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін осы тақырыпты зерттеп көрдік. Сонымен көмекке мұқтаж жандарға және көп балалы аналар Үкіметтен қандай көмек ала алады? Бірге анықтайық.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекті алудың жаңа шарттары қандай?


Астанада "времянкада" бес бала бірден өртеніп кеткендігі көпшіліктің жанына қатты батты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жеке мұрағатынан алынды


Наурыз айынан бастап Ұлданайдың көп балалы ана ретінде берілетін жәрдемақысына 6300 теңге қосылды

21 мың теңге туралы даурықпа әңгімелер тараған соң, анығын білмек болып informburo.kz редакциясына хабарласқандардың қатары көп. Алты баланың анасы, "Күміс алқа" иегері Ұлданай Дарабаева да Елбасы айтқан атаулы әлеуметтік көмекті алатындардың тізіміне ілінетінін не ілінбейтінін білмей дал.

– "Күміс алқа" иегері ретінде осы күнге дейін ай сайын 16 500 теңге алып келдім. Ол ақшаға наурыздан бастап 6300 теңге қосылды.

Екі балам саңырау әрі мылқау болғандықтан, мүгедектігі жөнінде 135 мың теңге жәрдемақы алып отырмын. Оның ішінде күтуші ретінде екі балаға қарап отырғаным үшін 50 мың теңге беріліп жатыр. Сонда әрқайсысына 25 мың теңгеден шығып тұр.

Оқи отырыңыз: Алматыда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қайда құжат өткізу қажет?

"157 800 теңге жәрдемақының 55 мың теңгесін жалдап отырған жатақханаға беремін"

– Қайта коммуналдық төлем соның ішіне кіргеніне қуанамын. Қалған ақша балаларымың дәрісінен, тамағы мен киімінен артылмайды. Жетпейді. Күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Ол туралы айтқым келмейді.

Кенже балам жиі талып қалады. Дәрігерлер "жазылып кетеді" деп үміттендіріп отыр. Баспана мәселесімен әкімдікке де кезекке тұрмаған екенмін. Ондай мүмкіндіктің барын жақында ғана білдім. Енді тіркелуім керек, – деп ішіндегі шерін тарқатты Ұлданай.

Ұлданайдың атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқы бар ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Ғалия Жабағина былай түсіндіріп берді.

– Ұлданай Дарабаева осы күнге дейін жалпы жәрдемақысын есептегенде 151 160 теңге алып келді. Жан басына шаққанда 21 594 теңгеден шыққандықтан, атаулы әлеуметтік көмекті алмай келген. Өйткені, "Күміс алқа иегері" ретіндегі және балаларға мүгедектігі жөніндегі жәрдемақы отбасына түсетін табыс көзі ретінде есептелетін, яғни, атаулы әлеуметтік көмек кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға берілетін. Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге. Оның 50 пайызы – 14 849 мың теңге. Жаңа өзгеріс бойынша, кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін көтеріледі. Демек, отбасы мүшелеріне шаққандағы табыс 20 мың 789 теңгеден аспау керек.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекке ілінбей қалғандар неге наразы болып жүр? Қандай қордаланған мәселе бар?

Енді Ұлданайдың көп балалы ана ретінде және балаларға мүгедектік үшін алып отырған жәрдемақысы жиынтық табыс ретінде есептелмейді. Тек балаға қарап отырғаны үшін алып отырған қаржы қарастырылады. Сонда күтуші ретінде алып отырған 62 мың 366 теңге көбейгенде, 83 мың 156 теңге алады. Оны отбасы мүшесіне, жетіге бөлгенде отбасының жан басына шаққан табысы кедейлік шегінен төмен болып 11 879 теңге шығып тұр. Себебі, өзгеріс енгізілгеннен кейін Ұлданайға көпбалалы ана ретіндегі, балаларының мүгедектігі жөніндегі, олардың күтіміне байланысты жәрдемақымен қоса атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Отбасы мүшесінің біреуі шәкіртақы алатын болса, ол да табыс көзі ретінде есептелмейді.

"Күміс алқа" иегері ретінде алып отырған ақшасына 6300 теңге жергілікті бюджеттен қосылған болуы мүмкін. Себебі, республикалық бюджетте мұндай өзгеріс қарастырылған жоқ, – деді ол.


Заң

Жаңа өзгеріс енгізілгенге дейін жәрдемақы осылай тағайындалып келді / Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жеке мұрағатынан алынды


Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда берілмейді?

Мүгедек балалардың күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы өседі

– Мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы жайлы айтатын болсақ, 18 жастан асқан мүгедек балаларға осыған дейін 31 183 теңге берілсе, енді ол жәрдемақы 10 мың теңгеге өсіп, 41 578 теңгеге жетті, – деді Сапарбаев.

Сонымен қатар әрбір отбасыға арналған бірыңғай әлеуметтік карта дайындалып жатқанын айтты.

– Осы картаның негізінде еліміздегі мұқтаж адамдарды анықтап, оларға көмек пен қолдау көрсетеміз. Басты мақсатымыз – денсаулығының болмауына байланысты жұмыс істей алмаған адамдардың орналасуы. Оларға жұмыс орындарын ұсынамыз. Бұл жәрдемақы 100 мыңнан астам қазақстандыққа берілетін болады, – деді министр.

Шартты және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек деген не?

– Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек отбасында еңбекке қабілетті мүшесі жоқтарға беріледі. Мысалы, отбасы зейнеткер мен мүгедектен тұруы мүмкін. Еңбекке қабілетті бір мүшесі болғанымен, белгілі себептерге байланысты жұмысқа шыға алмайтын жағдай да қарастырылады.

  • 7 жасқа дейін бала күтімімен отырса;
  • Зейнеткерді күтіп отырса;
  • Мүгедектің күтушісі болса;
  • Объективті себептерге байланысты жұмыс істей алмайтындар ескеріледі. Мұндай көмек түрін алатындар тоқсан сайын кірісі жөніндегі ақпаратты тапсырып отырады.

Оқи отырыңыз: Бүгіннен бастап көп балалы отбасыларға арналған 21 мың теңге туралы заң күшіне енді. Қандай өзгерістер бар?

Ал шартты атаулы әлеуметтік көмек берілгенде арнайы шарт қойылады. Отбасындағы еңбекке қабілетті азамат міндетті түрде жұмысқа орналасуы керек. Бұл – "қиыншылыққа толы өмірден арылу үшін мемлекет сізге қолдау көрсетіп тұр. Енді сіз де өз үлесіңізді қосыңыз" деген ұстаным.

Ол үшін "Халықты жұмыспен қамту орталығына" келіп өтініш білдіреді. Онда үш ай тегін курс оқып, ай сайын 16 759 теңге шәкіртақы алып отырады. Ары қарай жұмысқа орналасуын қарастырады. Оларға үйде отырып қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыстар да ұсынылуы мүмкін. Егер отбасының жұмысқа қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан себепсіз бас тартатын болса, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 50 пайызға жұмысқа қабілетті мүшелері қысқартылады. Осы жағдай екінші рет қайталанса, жұмысқа қабілетті мүшелеріне жәрдемақы мүлдем берілмейді. Оларға шартты атаулы әлеуметтік көмек алты айға тағайындалады. Ай сайын немесе біржолғы төлем ретінде үш айда төленеді , – дейді Ғалия Жабағина informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында.

Көмектің мерзімі біткенде қайта іліне ме?

– Атаулы әлеуметтік көмектің алты ай немесе тоқсан сайынғы берілетін уақыты аяқталғанда, қайтадан өтініш жазады. Тағы да отбасы табысы ескеріліп, жаңа өзгеріске байланысты есептеледі. Мерзім аяқталмай жатып, отбасы табысы өзгеретін болса, 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті, – деді.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек есептеу үшін кіріске не жатпайды? Оларға грант пен кредит қалай беріледі?

Жан басына шаққандағы орташа табыс қалай есептеледі?

Жан басына шаққандағы табыс отбасындағы барлық мүшелерінің табысын қосып, отбасы мүшесінің санына бөлген кезде шығады. Кедейлік шегінен төмен болған жағдайда отбасы атаулы әлуметтік көмекті алуға құқылы. Сәуір айынан бастап кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды немесе 20 мың 789 теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін көпбалалы болу міндетті емес. Екі, үш баласы бар отбасы осы талапқа сай болса, атаулы әлеуметтік көмекті ала алады. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасының жалақысы мен төрт түліктен түсетін табысы есептеледі.

5 наурыз күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жан басына шаққандағы кіріс 20 789 теңгеден 10-15 теңгеге ғана асып кетсе, тұрмысы нашар отбасы санатына кірмейтінін мәлімдеді. Себебі, тәртіп сондай.

Айта кету керек, сізбен бірге қарт әке-шешеңіз бірге тұрса, олардың зейнетақысы да отбасының кірісі ретінде есептеледі.

Оқи отырыңыз: Балаларға – тегін тамақ пен мектеп жабдықтары. Әлеуметтік пакет туралы маңызды 10 сұраққа жауап

Ендеше, есептеп көрейік!

Төрт баласы барлар көп балалы отбасылардың қатарына жатады. Олар толық отбасы болса, бұл атаулы әлеуметтік көмекті алуы үшін 124 734 теңгеден көп табыс таппауы керек. Ал, 125 мың теңге жалақы алсаңыз, жәрдемақы жоқ дей беріңіз.

Бес баласы бар толық отбасының табысын есептеп көрейік. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы, яғни 20 789 теңгені жетіге көбейтсек, 145 523 теңге шығады. Бұл қаржыдан бір-екі теңге артық тапсаңыз, тұрмысы төмен отбасылар қатарына кірмейсіз. Алты, жеті баласы бар отбасылардың табысы да осылай есептеледі.

Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатындар саны қазіргі 570 мыңнан 830 мың азаматқа дейін көбейгелі тұр.

Сонымен атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қанша?

– Шартты немесе шартсыз атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері бірдей. Әр балаға осыған дейін 4834 теңге беріліп келсе, енді 20 789 теңге төленеді. Бұл жәрдемақы бала 18 жастан асса тоқтатылады. Егер жоғары оқу орнында оқитын болса, онда 23 жасқа дейін атаулы әлеуметтік көмекті алуына мүмкіндігі бар.

Мәселен, төрт баласы бар толық емес отбасын алайық. 1 шілдеге дейін 63 мың теңге атаулы әлеуметтік көмекті алатын болса, сәуірден бастап 40 мың теңгеге көбейіп, 103 мың 945 теңгеге дейін жетеді.

Ал, Ұлданай Дарабаева 145 523 теңге атаулы көмек алады. Өзі айтқандай "Күміс алқа иегері" ретінде берілетін 16 160 теңгеге 6300 теңге қосылса, 22460 теңге алады. "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" иегерлеріне жәрдемақы өмір бойы төленеді, яғни, зейнетақыға шыққаннан кейін де тоқтамайды.

Екі мүгедек баласына күтуші ретінде 83 156 теңгені қосыңыз. Балалардың мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы бар, – деді Атаулы әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы.

Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға не себепті атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындаудан бас тартып жатыр? 5 негізгі себеп


Жұрт дүрліккен

Жұрт дүрліккен атаулы әлеуметтік көмектің 2019 жылдың 1 ақпандағы көрсеткіші осындай/ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жеке мұрағатынан алынды


Тұрақты тіркеуде тұрмағандар жәрдемақыны ала алмайды

ҚР президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаеваның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұруы керек. Егер отбасының ешқандай да тұрғылықты мекен-жай тіркеуі болмаса, онда олар жалдап тұрып жатқан үй иесінен өздерін тіркеуге алуын талап етуі тиіс. Заңға сәйкес, үйін жалға беретін меншік иелері пәтерін жалдаушылардың барлығын тіркеуге тұрғызуға міндетті. Уақытша болсын, тұрақты болсын тіркеу жасауы тиіс.

Заң бойынша пәтерін жалға беретін тұрғын үй иелері салық төлеуге міндетті болғандықтан, ешкімді пәтеріне тіркеуге тұрғызғысы келмейді. Кейбір пәтер жалдаушылар да бір-екі ай ғана тұратын болуы мүмкін. Үй қожайындары осындай әуре сарсаңнан бастарын алып қашқысы келетіні айдан анық.

Бірақ, пәтерін жалға беретіндер тіркеуден бас тартса, онда бірден полицияға немесе әкімдікке шағым түсірген абзал. Заңда оларды жауапқа тарту бойынша нақты шаралар қарастырылған.

Оқи отырыңыз: "Жиһаз – көпбалалы отбасы табысына жата ма?" Нығматулин лифте журналистке не айтты?

АӘК алу үшін қайда бару керек?

Осыған дейін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда құзырлы органдар азаматтарға қосымша құжаттар жинататын. Мысалы, банктің шоты, баланың туу туралы куәлігі, неке туралы куәлік деген сияқты. Енді осы қағазбастылықтың көзі жойылады.

Азаматтар жеке басын куәландыратын құжатын қолына алып, Астанадағы жұмыспен қамту орталығына немесе Халыққа қызмет ету орталығына келіп, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жазады.

Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының мәліметтерін "Е-халық" базасына енгізу үшін қажет құжат жинаумен жергілікті атқарушы органдар айналысады.

Мекенжайы: Бейбітшілік көшесі, 25, "Өркен" іскерлік орталығы.

Телефоны: 8 (7172) 57-88-88

Электрондық пошта: cz@astana.kz

Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы заңға көз жүгіртем десеңіз, сілтемесі мінекей.

Тұрғын үй кезегіне қалай тұру керек?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, көпбалалы аналарға мынандай көмектер ұсынылады:

Біріншіден, ірі компаниялар мен кәсіпорын есебінен пәтерлер беріледі.

Екіншіден, тұрғын-үй құрылысы мақсатында жер телімдері қарастырылады.

Үшіншіден, тұрғын-үйді алу үшін бастапқы жарнасына субсидия бөлінеді.

Төртіншіден, жалдамалы тұрғын-үй ретінде беріледі.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов әкімдіктерде 487 мың адам кезекте тұрғанын айтты.

– Олардың 28 мыңы – көпбалалы аналар. Жеті жылда 6 мың пәтер саламыз. 2025 жылға дейін 42 мыңға жуық пәтер салынады. Осы мақсатта жылына 50 млрд теңге бөлінеді. Әр пәтерге 800 млн теңге қарастырылып отыр. Әрбір тұрғынға 15 шаршы метрден тиесілі болады.

Сонымен қатар "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі" арқылы 2-3 пайызбен несие берілуі мүмкін. Ол үшін оларға әлі қосымша қаржы керек. Оны төрт немесе одан да көп баласы бар отбасы және мүгедек ұл-қыз асырап отырған жанұя мен толық емес, әлеуметтік жағдайы нашар шаңырақтар ала алады. Несие алғашқы 10 пайыздық жарнамен 20 жылға беріледі, – деді ол.

Ауылда тұратын көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға шағын несие беріледі

Атаулы әлеуметтік көмекке көбінесе ауылда тұратын көп балалы аналар мұқтаж. Осыны ескере келе жеке бизнесін ашқысы келетін 5 мың адамға 505 мың теңгеден шағын несие беріледі. Ол дегеніңіз – 200 АЕК (1 АЕК – 2525 теңге).


Биылғы өзгерісті де біле жүріңіз!

Биылғы өзгерісті де біле жүріңіз! / astana-akshamy.kz сайтынан алынды


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 10 пайызға өсіпті. 2008 жылы 356,6 мың бала; 2018 жылы 391 мың бала дүниеге келген.

Көпбалалы аналарға тағы қандай көмек бар?

  • Бала туған кезде бір жолғы жәрдемақы. 2019 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға арналған жәрдемақы – 95 950 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға –159 075 теңге.
  • Бала бір жасқа толғанша әлеуметтік қолдау жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға беріледі. Егер баланың анасы жұмыс істемесе, онда бала өмірге келген сәттен бастап бір жасқа толғанға дейін жәрдемақы тағайындалады. Бұл төлем ай сайын беріледі. Жәрдемақы сомасы 14 544-тен 22 473 теңге аралығында.
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, "Ана даңқы" І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы оның табысына қарамай тағайындалады.
  • "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" алған көп балалы аналар көлік және жер салықтарынан босатылады. Тұрғылықты жерін тіркеу кезінде нотариалдық әрі заңнамалық маңызды іс-қимылдарды жасау кезінде, төлқұжат пен жеке куәлікті алу шараларында мемлекеттік баж төлемейді.
  • Төрт және одан артық кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
  • Бес баланы дүниеге әкелген аналар және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелегендер 53 жаста мерзімінен бұрын зейнетке шығады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары