8 мамыр күні Үкімет үйінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заңға сәйкес көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамту бойынша істеліп жатқан жұмыстарды баяндады.
Отырыста Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төрайымы Ләззәт Ибрагимова қатысып, сұрақтарға жауап берді.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Көп балалы отбасыларға үй тапсырылып жатыр. Қанша үй беріледі?
Вице-министрдің айтуы бойынша, қазірге дейін 340 мыңнан астам көп балалы отбасы жергілікті әкімдіктерде кезекке тіркелген. Оның ішінде бүгінге дейін 31 750 көп балалы отбасы арнайы тұрғын үй кезегінде тұр екен.
– Биыл 6 мың жалдамалы пәтер беріледі. Бүгінге дейін 259 үй тапсырылды. Тап кеше Семей және Өскемен қалаларында 10 үй тапсырылды.
Осы айдың оңына дейін 1,2-1,3 мың отбасына үй беруді жоспарлап отырмыз. Алда 9-, 11- мамырда Шымкент қаласы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында үй тапсырылады, – деген вице-министр көп балалы отбасылар үшін осы жылы: 6 мың жалдамалы пәтер; 2% ипотекамен жеке меншікке 6 мың пәтер беруді көздеп отырғандарын айтты.
Бүгінге дейін кезекте тұрған отбасылар 2025 жылға дейін толық үймен қамтылады.
Оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. 2019 жылы жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?
"Бақытты отбасының" талаптары қандай
Ләззәт Ибрагимова:
– Несие берудің жеңілдетілген шарттары жасалды. "Нұрлы жер" бағдарламасының "Бақытты отбасы" атты жаңа бағытын маусымда іске қосамыз. Оған төрттен жоғары баласы бар, жағдайы төмен және мүгедек баласы бар отбасылар мен балиғатқа толмаған баласы бар толық емес отбасалар қатысады. Жаңа немесе екінші нарықтағы үйлерді сатып алуына болады, – деді.
Төрайымның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін жан басына шаққандағы табысы 42,5 мың теңгеден аспау керек. Мысалы, алты адам болса, отбасы кірісі 255 мың теңгеден аспағандар ала алады. Оның үстіне отбасы мүшелерінің ешқайсында үй болмауы керек. Толық емес отбасыларда ажырасқандарына 3 жылдан кем болмасын деген талап бар.
2% несие мен тұрғын үй сертификатын кімдер алып жатыр?
Банк төрайымының айтуынша, көп балалы және тұрмысы төмен, мүгедек баласы бар немесе толық емес отбасылар үшін жеңілдетілген тәртіппен үй берудің "Бақытты отбасы" пилоттық жобасы наурызда басталған. Ол жобаға әкімдіктерде кезекте тұрған отбасылар қатысады. Бұл пилоттық жобада қазірше тек жаңа үй беріліп жатқанын айтты.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы
"Бақытты отбасы" жобасы Алматы қаласында басталған. Онда сатып алатын үйдің құнының 10%-дық алғашқы төлемін төлеп, қалғанын 2%-дық несиеге ала алады. Несие 15 млн теңгеден аспауы керек. Ал тұрмысы төмен отбасыларға алғашқы төлем үшін әкімдік тарапынан тұрғын үй сертификаты беріліп жатыр.
– Жеңілдетілген ипотека алуға 344 отбасы өтінім берді. 330-ы мақұлданды. Бүгін 2 отбасы несие шартына қол қояды. Біздің банкке әкімдік 44 отбасы үшін әр отбасыға бір млн теңгеден тұрғын үй сертификаты қаржысын аударды. 15-16 майда осыларға кіліт бермекпіз.
Берілетін несие 15 млн теңгеден аспауы керек, – деді Ләззәт Ибрагимова.
Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға айына 6,5 мың теңгенің үйлері беріле бастайды. Заңға қол қою ғана қалды
Вице-министр Қайырбек Өскенбаев Ләззат ханымның сөзін толықтап ауыл мен қаладағы берілетін үйлердің бағасы әр түрлі болатынын, ауылда арзан болатынын айтты.
Көп балалы, тұрмысы төмен, мүгедек баласы бар немесе толық емес отбасыларға тұрғын үй көмегі екі түрде біріледі:
- Бірінші – сатып алу құқынсыз жалдамалы пәтерлермен қамту;
- Екінші – 2% ипотекамен берілетін пилоттық жобадағы тұрғын үйлер.
Жалдамалы пәтерлерді алу шарттары
Оны журналистердің сұрағына жауап берген Қайырбек Өскенбаев түсіндірді.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?
- Көп балалы, жағдайы төмен, мүгедек баласы бар, толық емес жергілікті әкімдікте кезекте тұрған отбасыларға беріледі;
- Жекшелендіруге болмайды. Ешқашан сіздің меншігіңізге өтпейтін, бірақ, балаларыңыз неше жасқа толса да, өзіңіз үй сатып алғанша тұра беретін баспана;
- Төмендегі жағдайларда Үкімет үйді қайтарып алады: үйдің коммуналдық төлемін алты айдан астам төлемесе, үйді басқа мақсатты жұмыстарға пайдаланса, үйді бүлдірсе немесе көршілері арызданса, басқа үй сатып алып жалдамалы үйді біреуге жалдауға берсе;
- Жалдау құны – әр шаршы метріне 115 теңгеден.
15 млн теңгеге неше бөлмелі үй сатып алуға болады?
Журналистердің сауалына жауап берген Ләззәт Ибрагимова былай деді:
– Он бес млн теңгеге мөлшермен 50 шаршы метр айналасындағы үш бөлмелі үйді алуға болады. Мысалы, мен тұрмысқа шыққанда 40 шаршы метрлік үш бөлмелі үйде тұрғанмын, – деді.
Көп балалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болды.
Жастарға да жалдамалы үй берудің пилоттық жобасы басталды
2019 жылы "Жастар жылы" болып жарияланғаны белгілі. Informburo.kz тілшісінің "Жастарға үй беру мәселесі" туралы сұрағына:
– Жастар жергілікті әкімшілікте кезекте жоқ ғой. Бірақ осыған қатысты пилоттық жоба басталды. Биыл Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 1мың пәтер салынады. Бұл үш жылға жалғасады. Егер пайдалы болып жатса, ары қарай жалғастырамыз, – деді Қайырбек Өскенбаев.
Апатты аймақтан келгендер мен оралмандар ұмыт қалмайды
Informburo.kz тілшісінің "Апатты аймақтан келгендер мен оралмандар аталған кезекке ене ала ма? Оларға қандай жеңілдіктер бар?" деген сұрағына да Қайырбек Өскенбаев жауап берді.
Ол:
– Биылғы жылы сатылмайтын, жалға берілетін үйлерге 90 млрд теңге көзделген. Оралмандар мен апатты аймақтан келген азаматтар жергілікті әкімдікте кезекте тұрса, олар да кезегінің келуіне қарай үй ала алады. Оларға жылда берілетін ақша бөлек, толық бөлінген.
Биыл көп балалы аналардан басқа кезекте тұрғандар үшін 6 мың пәтер беруді жоспарлап отырмыз, – деді Өскенбаев.