Тікелей эфир

Коронавирусқа қарсы вакцинация. Сіз білуіңіз керек 11 сұраққа жауап

Вакцина салдырған әрбір адам білуі керек ең маңызды нәрсе – екпе инфекциядан емес, аурудың ауыр ағымынан, коронавирустан болатын өлімнен корғайды.

Екпені не үшін алу қажет?

Вакцина – өзіңізді және жақындарыңызды Covid-19 жұқпалы індетінен қорғаудың ең тиімді әдісі. Коронавирустың таралу динамикасын ескере отырып, ерте ме, кеш пе, инфекцияны бәрі жұқтыратыны сөзсіз. Сондықтан, оған ағзаңызды алдын-ала дайындап, кем дегенде ішінара иммундық қорғаныспен қамтамасыз еткеніңіз жөн.

Коронавирус әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті екені белгілі: оларда аутоиммундық реакция болып (бөгде вирустың орнына организм өзінің сау жасушаларына шабуыл жасай бастайды) асқыну қаупі жоғары болуы мүмкін.

Сондықтан өкпе немесе бронхпен, жүрек-тамыр ауруларымен және қант диабетімен ауыратын адамдарға вакцинаны мүмкіндігінше тезірек алу ұсынылады. Бірақ алдымен дәрігермен кеңесу керек.

Екпенің қандай қарсы көрсеткіштері бар?

Кез-келген басқа дәрі-дәрмек сияқты, коронавирустық вакциналардың да қарсы көрсетілімдері бар. Сондықтан препаратты қолдану, пайдадан гөрі көп зиян тигізуі мүмкін.

Әрбір нақты вакцинаның өзіндік қарсы көрсетілімдер тізімі бар. Бірақ олардың ешқайсысы кәмелетке толмағандарға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ ауыр аллергиялық реакцияларға бейім адамдар арналмаған.

Сонымен қатар, белгілі бір вакцинаның компоненттеріне жеке төзбеушілік болуы мүмкін, бірақ бұл өте сирек кездеседі. Мұндай жағдайларда сізге басқа препарат ұсынылады.


Оқи отырыңыз: Тест: Коронавирусқа қарсы вакциналар туралы не білесіз?


Неліктен тек ересектер екпе алады, ал балаларға вакцинация қарастырылмаған?

Өйткені оларға ешқандай вакцина сыналған жоқ. Балалар инфекцияны әлдеқайда жеңіл өткереді және жұқтырған жағдайда оларға айтарлықтай қауіпті емес. Сондықтан бастапқыда балалар клиникалық зерттеулерге қатыстырылған жоқ. Жалпы, балаларды қандай да бір зерттеулерге тарту қиын, себебі олар не істеп жатқанын толық түсінбейді.

Pfizer компаниясының басшысы (оның препаратын 2020 жылдың 31 желтоқсанында ДДСҰ шұғыл түрде мақұлдаған) 12-16 жастағы жасөспірімдерге арналған алғашқы вакцина күзде, ал одан да жас балаларға арналған екпе жылдың соңына дейін тіркелетінін мәлімдеген болатын.

Ересектерге екпе қаншалықты қауіпсіз?

Вакцинаның қауіпсіздігіне ғалымдар қаншалықты сенімді бола алады? Бір жағынан, ешқандай вакцинаның клиникалық зерттеулерінің үшінші, яғни шешуші кезеңі әлі толық аяқталған жоқ. Тіпті ересектер арасында да. Барлық жарияланған нәтижелер, соның ішінде препараттың тиімділігі туралы мәліметтер тек алдын-ала болжам ғана.

Екінші жағынан, бүкіл әлемде белсенді жүргізіліп жатқан жаппай вакцинациядан басқа, белгілі бір препараттың қауіпсіздігі туралы сенімді дәлелдер жоқ.

Жалпы алғанда, 500 миллионға жуық адам вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды, сондықтан вакцинацияға кеңінен қолданылатын дәрілердің ешқайсысы қауіп төндірмейтініне ғалымдар күмәнданбайды.

Оларға Covishield (AstraZeneka), Janssen (Johnson&Johnson), Moderna, Comirnaty (Pfizer/BioNTech), екі қытай вакцинасы (BBIBP-CorV және CoronaVac) ресейлік "Спутник V" екпесі жатады. ДДСҰ әзірге олардың алғашқы төртеуін ғана ресми түрде мақұлдады.

Екпеден денсаулыққа немесе тіпті өмірге қауіп төндіретін ауыр жанама әсерлердің пайда болу ықтималдығын толығымен жоққа шығаруға болмайды (кенеттен тромбоз болуы сияқты). Алайда, мұндай жағдай өте  сирек кездеседі, сондықтан вакцинацияның пайдасы ықтимал қауіптерден әлдеқайда басым.

Вакцина салдырмас бұрын нені ескеру керек? Қандай да бір шектеулер бар ма?

Вакцина кез-келген созылмалы ауруы бар адамдарға ұсынылмайды. Өршу сатысындағы (онкологиялық науқастарды қоса алғанда) немесе кез-келген басқа белсенді түрдегі инфекциясы бар, дене қызуы көтерілген адамдарға екпе салдырмаған жөн.

Кейбір гормоналды препараттарды қабылдау вакцинаның тиімділігін төмендетеді, бірақ оған кедергі келтірмейді.

Егер екпе салардан бір немесе екі күн бұрын сіз өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, вакцинаны кейінге қалдырған дұрыс.

Созылмалы аурулардың өршуі жағдайында вакцинаны сауыққаннан немесе ремиссиядан кейін 2-4 аптадан соң жасау ұсынылады. Мүмкін болса, толық бір ай күткен дұрыс. Бұл туралы дәрігермен кеңескен жөн.

Егер тұмау сияқты жеңіл ЖРВИ-мен ауырған болсаңыз, екпені ертерек ала аласыз. Науқастың дене температурасы табиғи түрде қалыпқа келгеннен кейін және ол таблетка ішуді тоқтатқаннан кейін вакцина жасауға болады.

Сізге екпенің жанама әсерлерін азайту үшін дәрі-дәрмектің қандай-да бір түрін инъекция қарсаңында немесе инъекциядан кейін бірден қабылдауға кеңес беретін адамдарды тыңдамаңыз.  Дәрігерлер мұндай кеңестің пайдасыз ғана емес, сонымен бірге зиянды екенін айтады. Вакцинация алдында қатты қобалжыған болсаңыз, жеңіл тыныштандыратын препарат қабылдауға болады. Бірақ, бұл шектік жағдайда ғана ұсынылады.


Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы вакцина салу. Не білу қажет?


Қандай вакцинаны таңдау керек? Мүмкін екпенің басқа түрін күткен дұрыс шығар?

Әр түрлі елдердің тәуелсіз сарапшылары бірауыздан бүгінгі таңда ең жақсы вакцина, сіз үшін қол жетімді вакцина деп санайды. Яғни, сіздің аймағыңызда қолдануға ресми мақұлданған және сонымен бірге қол жетімді екпенің кез-келгені.

Дегенмен, егер сізде белгілі бір вакцинаға қарсы көрсетілімдер болса, (жоғарыдан қараңыз) бұл жағдайда, қолданыста бар басқа қауіпсіз препаратпен вакцинацияланған немесе оның пайда болуын күткен жөн.

Вакцинациядан кейін не істеу керек? Не рұқсат етіледі, не істеуге болмайды?

Екпені ағзаға енгізгеннен кейін, қауіпті аллергиялық реакция мүмкіндігін болдырмау үшін дәрігерлердің бақылауында біраз уақыт өткізу керек. Алайда осыдан кейін де күн соңына дейін көлік жүргізбеген абзал.

Вакцинациядан кейін екі апта ішінде алкогольден толық бас тарту талаптардың тізіміне кірмейді. Дәрігерлер мүмкіндігінше инъекциядан кейін бірнеше күн ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Өйткені қандағы алкоголь кез-келген аурудан иммунитеттің қалыптасуына жол бермейді. Тек осыдан кейін сіз қалыпты режимге қайта оралсаңыз болады. Ең бастысы – алкогольді асыра пайдаланбаған жөн.

Қандай жанама әсерлер болуы мүмкін?

Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал, кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұлшықеттерде аздап ыңғайсыздық болуы ықтимал. Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін.

Мұның бәрі иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты реакциялар. Қазіргі уақытта вакцинацияланған адам басқаларға қауіп төндірмейді.

38 градусқа дейінгі температураны төмендетпеу ұсынылады. Егер ол одан жоғары көтерілсе, әдетте суық тигенде қолданатын ыстық түсіретін дәріні қабылдауға болады. Ең жақсысы – парацетамол. Сирек жағдайларда дене қызуының көтерілуі екі-үш күнге созылуы мүмкін.

Ауыр жанама әсерлер өте сирек кездеседі. Айталық, тромбоз белгілері, соңғы зерттеулерге сәйкес, вакцинацияланған әр миллион адамның тек 4-5-інде байқалады. Бұл коронавируспен ауырған вакцинацияланбаған әр миллион науқасқа шаққанда 39 жағдайға аз.

Осылайша, алдын-ала мәліметтер бойынша, вакцинация коронавирустық тромбоз қаупін шамамен 8 есе азайтады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаппай вакцинация басталды. Екпе салдыру кімдерге қауіпті?


Вирус қорқынышты емес деп қай уақытта айтуға болады?

Бүгінгі таңда қол жетімді барлық коронавирустық вакциналар (Johnson&Johnson және Спутниктің "жеңіл" нұсқасын қоспағанда) екі дозадан тұрады. Бұл дегеніміз алғашқы инъекциядан біраз уақыт өткен соң, қорғаныш әсерін күшейту үшін сізге екінші компонентін салғызу керек.

Клиникалық зерттеулер кезінде қайталама вакцина бірінші дозаны салғызғаннан кейін бірнеше апта өткен соң жасалды (әдетте 21 немесе 28 күннен кейін), бірақ дәрігерлер сізге екінші инъекцияны екі айға кейінге қалдыруды ұсынуы немесе ("Спутник" жағдайында) оны тіпті салдырмауға кеңес беруі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайда екпенің толық компонентін салдыруға келісу қажет: бірінші инъекция ағзаның иммундық реакциясын тудыруы және кем дегенде ішінара қорғауды қамтамасыз етуі керек. Бұл аурудың ауыр ағымын болдырмау үшін жеткілікті болуы қажет.

Егер сіз бірінші дозаны салдырғаннан кейін суық тиіп, сырқаттанып қалсаңыз, екіншісін сәл кейінге қалдырған дұрыс. Дәрігерлер бірінші және екінші дозаларды салғызу арасында вакцинацияның тиімділігі тұрғысынан ешқандай зиян келтірместен, екі айға дейін үзіліс болуы мүмкін екендігін айтады.

Коронавирустық инфекциядан қорғаудың максималды деңгейіне екінші инъекциядан үш-төрт аптадан кейін, толық иммунитет қалыптасқан кезде қол жеткізіледі. Алайда, тіпті бұл жағдайда да вакцинацияланған адам вирусты білмей-ақ жұқтыруы мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігінше, екпе салдырғаннан кейін да маска киюді жалғастыру керек және басқалардан алыс жүрген жөн.

"Коронавирус инфекциясымен бұрын ауырдым. Маған вакцина салғызу керек пе?"

Вакцинация әлі ауырмаған (немесе симптомсыз ауырған, бірақ бұл туралы білмейтін) адамдарға ұсынылады. Егер сіз соңғы алты айда Covid-19 инфекциясын жұқтырғаныңызды нақты білсеңіз, екпені әлі жасамай кем дегенде екі ай күткеніңіз дұрыс.

Егер сізде коронавирустық инфекция болған деп күдіктенсеңіз, бірақ Covid-19 диагнозы расталмаған болса, вакцинация алдында ағзадағы антиденелерді тексеріп көріңіз.

Алайда, антиденелердің болуы қорғаныс кепілі емес екенін есте ұстаған жөн. Ғалымдар әлі күнге дейін антиденелердің қандай деңгейі сенімді иммунитетті қамтамасыз ететінін білмейді.

Covid-19 инфекциясымен күресте негізгі рөлді антиденелер емес, жасушалық иммунитет атқарады деген нұсқа бар: еске сақтау жасушаларының көмегімен ағза инфекцияны есіне сақтайды және вируспен кездесуде қажетті антиденелерді тез шығарады.

Дегенмен, аурудың нәтижесінде алынған иммунитет вакцинация беретін қорғаныстан ерекшеленеді. Сондықтан, халықтың неғұрлым осал топтары вакцинацияланған кезде, тіпті ауруға шалдыққандарға да екпе жасаған жөн.

Қалай болғанда да, дәрігерлер науқастарға алдын-ала IgG антиденелеріне тест жасатып, олардың деңгейінің жеткілікті түрде төмендегеніне көз жеткізуді ұсынады.


Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы түрлі вакцинаны қатар алуға бола ма? Мамандар жауап берді


Қорғаныс қанша уақытқа созылады? Екпені қайтадан алу қажет пе?

Бұл сұрақтарға ғалымдардың әлі күнге дейін нақты жауабы жоқ. Өйткені, Sars-Cov-2 вирусы бір жылдан сәл астам уақыт бұрын ғана табылған. Алайда, вирус мутациясының динамикасына және онымен байланысты қоздырғыштарды зерттеу тәжірибесіне сүйене отырып, иммунитет өте ұзақ сақталмайды деп болжауға болады.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, ауруға шалдыққаннан кейін адам кем дегенде сегіз-тоғыз айға дейін инфекцияны қайта жұқтыруға қарсы иммунитетті сақтайды. Дегенмен, бұл жекелей көрсеткіш және бұл кезең әр адамда әр түрлі болуы мүмкін.

Алайда, жоғарыда айтылғандай, вакцинация нәтижесінде алынған иммундық қорғаныс табиғи иммунитеттен өзгеше. Ғалымдардың пікірінше, вакцинацияның әсері екі жылға дейін созылуы, тіпті одан да ұзақ уақытқа жетуі мүмкін. Бірақ біз мұның жауабын екі жылдан кейін ғана білеміз.

Әрбір вакцинацияланған адам білуі керек ең басты нәрсе – екпе инфекциядан емес, аурудың ауыр ағымынан қорғайды. Коронавирустан өлу немесе реанимацияда жату ықтималдығын вакцина іс жүзінде нөлге дейін азайтады.

Вакцинациядан кейін де Covid-19 инфекциясымен ауырып, ауруханаға түсіп немесе үйде емделу мүмкіндігі қала береді. Бірақ, бұл көрсеткіш айтарлықтай азаяды.

Серіктестер жаңалықтары