Тікелей эфир

Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

Алмаз Төлекенің суреті
Алмаз Төлекенің суреті
ҚМДБ қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты жаңа пәтуа бекітті. Тізімде Covid-19 инфекциясы да бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 инфекциясын жұқтырып, қайтыс болғандарды жерлеудің нақты, әлем елдеріне ортақ ережесін ұсынбады. Сәйкесінше түрлі мемлекеттер марқұмдарды жер қойнына тапсырудың өзіндік ережесін бекітті.

Қазақстанда қазірге дейін қауіпті вирусты жұқтырған екі адам қайтыс болып, бірі жерленсе де, әліге дейін жерлеу ережесі туралы қаулы шыққан жоқ. 27 наурызда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандарды жерлеу ережесі туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығады деп мәлімдеген болатын:

"Бүгін кешке немесе ертең бас санитарлық дәрігердің ресми қаулысы шығады. Онда қатаң ережелер қарастырылған".

Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді

Арада 4 күн өтсе де, қаулы шыққан жоқ. Кеше informburo.kz тілшісінің сауалына Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қаулының әлі дайын еместігін айтып, жауап берді.

Әзірге қолда бары:

  • Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 21 желтоқсандағы "Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығы;
  • Қазақстан мұсылмандары дәни басқармасының пәтуасы.

Informburo.kz бұл құжаттардың тәртіптері мен шет мемлекеттердің тәжірибесіне шолу жасады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 30 наурыз

Мәйітке 10 см қалыңдықта дезинфекция жасалады

Қазақстанда аса қауіпті инфекциялық аурулардан қайтыс болғандарды жерлеу санитариялық қағидалар бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 2018 жылғы бұйрықта көрсетілген. Құжат бойынша індеттен көз жұмған марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу тәртібі келесідей:

  • аса қауіпті инфекцияларға күдікпен қайтыс болған адамның мәйітіне міндетті түрде патологиялық-анатомиялық зерттеу жүргізіледі, ішкі ағзаларына – бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық және ПТР сараптама жасалады;
  • зерттеу нәтижесі оң болған жағдайда мәйіт биоқауіпсіздік шараларын сақтай отырып көміледі;
  • мәйітті жерлеу орнына тасымалдау денсаулық сақтау ұйымының арнайы көлігімен жүзеге асырылады;
  • карантиндік, аса қауіпті инфекциялар, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, контагиозды вирусты геморрагиялық қызбамен, күйдіргі, мелиоидозадан қайтыс болған адамның мәйіті іші клеенкамен қапталған, металл немесе тығыз жабылған ағаш табытта тасымалданады;
  • табыттың түбіне және мәйітке қалыңдығы 10 см дезинфекциялық құралдар себіледі;
  • табытсыз көмген кезде (күйдіргі, табиғи шешек, КҚГҚ, КВГҚ-дан қайтыс болған адамның денесінен басқа) карантиндік және аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болған адамның мәйітін дезинфекциялық ерітіндімен жуады және ұлттық әдет-ғұрыптарға сәйкес тиісті дезинфекциялық ерітінді сіңірілген матаға немесе киізге орайды. Қабірдің түбіне, бүйірлеріне және салынған мәйітке қалыңдығы 10 см дезинфекциялық құрал себіледі;
  • мәйітті тасымалдау және жерлеу кезінде биоқауіпсіздік шараларын сақтау үшін обаға қарсы күрес мекемелері немесе ведомствоның аумақтық бөлімшелері мамандарының қатысуымен кемінде 5-7 адамды қамтитын көму тобы жасақталады;
  • топ арнайы жеке қорғаныш құралдарымен, қорғаныш костюмдерімен, күрек, жіптер, гидропульт, ішінде су, дезинфекциялық ерітінділер бар шелектер, канистралар немесе флягалармен қамтамасыз етіледі;
  • көму кезінде ұзындығы 2 м, ені 1 м, тереңдігі 2 м қабірдің түбіне қалыңдығы 10 см дезинфекциялық құралдың қабаты себіледі. Қабірге түсірілген табытқа да 10-15 см дезинфекциялық құралдың қабаты себіледі. Содан кейін қабірді көміп тастайды;
  • патогенділігі I-II топтағы микроорганизмдер тудырған инфекциялық аурулардан қайтыс болған адамның мәйіттерін кремациялау және көму биоқауіпсіздік талаптары сақтала отырып, ортақ крематорийлерде және ортақ зираттарда жүзеге асырылады;
  • жерлеу аяқталғаннан кейін құрал-саймандар, қорғаныш киімі, көлік тікелей жерленген жерде дезинфекциялық құралдармен зарарсыздандырылады;
  • көлікті басқа жерлерде дезинфекциялауға және жерлеу орнынан зарарсыздандырылмаған құрал-саймандарды, пайдаланылған қорғаныш киімін және мәйітті тасымалдау мен көмуге пайдаланылған басқа да заттарды шығаруға жол берілмейді;
  • жерлеуге қатысқан адамдар науқас қайтыс болған инфекцияның инкубациялық кезеңінде медициналық бақылауға жатады.

Оқы отырыңыз: Жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, діни дәстүр ме?

Қауіпті жұқпалы індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты ҚМДБ пәтуасы

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты жаңа пәтуа бекітті. Тізімде Covid-19 инфекциясы да бар.

Шариғат бойынша қайтыс болған мұсылманды жуындыру, кебіндеу, оған жаназа намазын оқу және жерлеу – парыз. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының кеңесі өте қауіпті жұқпалы (туляремия, эбола, коронавирус, оба т.б.) аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты төмендегі шараларды жүзеге асыруды мақұлдады:

Мәйітті жуындыру

Өте қауіпті дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес.

Мәйітті кебіндеу

Шариғат талабы бойынша, мәйіт кебінделуі міндет. Ер кісі 3 қабат матамен, ал әйел 5 қабат матамен кебінделеді. Алайда, жұқпалы дертке шалдығып қайтыс болған кісіге кебіндеу ісі, санитарлық қағидаларды сақтайтын арнаулы қызметкердің тарапынан жасалады. Сондықтан, мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу шарт емес.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

Жаназа намазын оқу

Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту керек. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне т.б) таралмауы үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатта рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.

Мәйітті жерлеу

Мәйітті зиратқа денсаулық сақтау мекемесінің мамандары арнайы көлікпен жеткізеді. Қабір эпидемиологиялық нормаға сай қазылуы тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Жерлеудің барлық рәсімін медицина мамандары жүзеге асырғаны абзал. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қала, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу.

Егер санитариялық-эпидемиологиялық мекемесі тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, кебіндеуге рұқсат берілмесе шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы қап немесе табыт ашылмастан жерленеді. Жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады.

Оқи отырыңыз: Мәйітті жерлеудің жаңа стандарты әзірленіп жатыр

Бүгін коронавирус жұқтырған екінші адам (Нұр-Сұлтан қаласы) қайтыс болса, бірінші адам 26 наурызда көз жұмған еді. 64 жастағы әйел Нұр-Сұлтан ауруханасында жан тапсырды. Covid-19 сынағының оң нәтижесі марқұмның денесін жерлеу үшін туыстарына берілген кезде ғана анықталған. Енді оның бүкіл отбасы мүшелері мен жерлеуг рәсіміне қатысқандар карантинде жатыр. Кейбірінен коронавирус жұқпасы анықталған. Марқұмның денесі өзі тұрған Қосшы ауылындағы зират басына жерленді.

Алматыда коронавирус құрбандары арнайы полигонда жерленеді

Алматының бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымованың айтуынша, қайғылы жағдай бола қалса, жұқпалы дерттен көз жұмғандар арнайы полигонға көміледі.

"Коронавирустық инфекцияға қарсы күрес жөніндегі аймақтық штаб бекіткен ереже бар. Соған сай марқұмдар қала сыртындағы арнайы полигонда жерленеді. Мәйітке патологоанатомиялық зерттеу жүргізбейміз, бірден дезинфекцияланып жерленеді. Қабірге қорғаныш заттары себіледі. Жаназаға аз адам қатыстырылады", – деді Айзат Молдағасымова.

Алматылық бас санитардың айтуынша, марқұмды ақтық сапарға арнайы қорғау киімдерін киген адамдар, жұқпалы аурудың алдын алу ережелерін сақтай отырып аттандырады. Жерлеу рәсімін эпидемиолог дәрігерлер басқарады. Ал жаназасы бейіт басында оқылады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы "Қабірстан" неге даңғазалық пен бос мақтанның белгісіндей?

Шетел тәжірибесі

Италияда жерлеу рәсімін өткізуге тыйым салынды

Италияда коронавирустың себебінен болған жантүршігерлік жағдайға байланысты, марқұмдарды жақындарының ақтық сапарға шығарып салуына тыйым салынды. Ел билігі вирустың жұғу қаупі тым жоғары екендігінен әбден сескенген. Сондықтан, онда жерлеуді ұйымдастыратын компаниялар карантинге алынған отбасыларға діни қызметкердің марқұмға бата беріп жатқан сәтін бейне қоңырау шалып көрсетеді. Елде әдетте қайтыс болған адамның үстіне әдемі киім кигізіп жерлейді. Қазіргі пандемия кезінде бұл да мүмкін болмай тұр.

Марқұмдардың барлығы бірдей аурухана киімдерімен жерленіп жатыр. Жергілікті дәрігерлер адам қайтыс болғаннан кейін одан вирус жұқпайтынын, бірақ бірнеше сағат бойы киімде тіршілік ете алатынын мәлімдеді.Сондықтан, мәйітті дереу ауруханаларда үстіндегі киімімен қосып табытқа салады. Италиядағы крематорийлер қазір тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Оқи отырыңыз: Әлемде коронавирус жұқтырып, көз жұмғандардың жартысынан көбі Италия мен Испанияда.

Ирландияда қайтыс болғандардың мәйітіне маска кигізеді

Ирландияның денсаулық сақтау органдары жерлеу рәсімін жүргізетін қызметкерлердің өміріне қауіп төндірмеу үшін, мәйіттерге маска кигізуді ұсынады. Сондай-ақ, бұл елде де коронавирустан көз жұмғандарды ашық табытта көмуге тыйым салынады. Ал туған-туыстарына марқұмның денесін ұстап, бетінен сүюге болмайды. Бұдан бөлек, мамандар жерлеу рәсіміне келмей, қаралы отбасыға арнайы сайттарда көңіл айтуды ұсынған. Ирландиялықтардың көпшілігі дәрігерлердің бұл ұсыныстарына құлақ асып, қаралы жиынға көп жиналмайды.

Деректерге сүйенсек, соңғы кездері Ирландияда кремацияның саны да, зайырлы жерлеу рәсімдері де көбейіп келеді екен. Ал діни жерлеу едәуір азайған көрінеді. Себебі, мұндай тәсілмен марқұмды ақтық сапарға шығарып салудың құны қымбат. Оның үстіне жердің де бағасы шарықтап кеткен екен.

Оқи отырыңыз: Коронавирус құрбандары 30 мыңнан асты. Өзбекстанда жеке көлікпен жүру шектеледі.

Израильде мәйіттер екі қабатты герметикалық полиэтилен қаптамаға оралып көміледі

Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан демі үзілген науқастардың мәйітін ауруханадан қос қабатты герметикалық полиэтилен қаптамаға орап шығаруды талап етеді. Онда марқұмның денесін жуу мен салттық рәсімдер толық қорғаныш киімін киген соң жүргізіледі. Содан кейін мәйітті қайтадан полиэтилен пакетке орап, жер қойнына тапсыру қажет. Сондай-ақ, қазаға келген адамдар арасындағы 2 метрлік қашықтықты сақтау ұсынылады. Бұл мемлекеттегі кейбір зираттарда коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арнайы орындар қарастырылған. Егер індеттен көз жұмғандардың саны арта бастаса, басқа себептермен қайтыс болған адамдардың жерлеу рәсіміне қатысушылардың саны 10 адамға дейін шектелумен өтеді.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?

Иранда марқұмдар ислам шарты сақталмай жерленіп жатыр

Иран коронавирустан адам шығыны көп мемлекеттер тізімінде. Елде індеттен 2700-ден астам адам қайтыс болды. Вирус құрбандарының көптігі сонша, олардың денелері жүк көліктеріне тиеліп, күн-түн демей жерленіп жатыр. Алайда марқұмдарды ислам белгілеген салт-дәстүрлерді сақтамай жерге жер қойнына тапсыруда. Ел билігі коронавирус құрбандарын көму үшін 90 метрлік тереңдікте қазылған қабірлер дайындаған.

АҚШ-та жерлеу рәсімі бейнекамераға жазылады

Америка құрама штаттары да індеттің таралу қаупінен сескеніп, кеселдің кесірінен өмірден өткендерді жерлеу рәсімдерін өткізудің жаңа тәртібін енгізді. Ол жақта коронавирустық пандемияға байланысты марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бейнекамераға жазылады. Ал шараға қайтыс болған адамның тек ең жақын туыстары ғана қатыстырылады. Дәл осындай қашықтықтан жерлеу рәсімін жасау ережесін Ұлыбританияда да қолдана бастады.

Оқи отырыңыз: АҚШ-та Covid-19 жұқтырғандар 100 мыңнан асты, ал Қытайда Ухань метросы іске қосылды.

Оңтүстік Кореяда мәйітті алдымен өртеп, кейін жерлейді

Оңтүстік Кореяда марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға арналған аза тұту дәстүрлі түрде 3 күндік дұғадан тұрады. Бірақ карантин жағдайында мұндай мүмкіндік жоқ. Үкімет құрбандардың отбасыларына алдымен кремация жасап, содан кейін жерлеуді өткізуге шақырды. Қазір онда жерлеу мәдениеті айтарлықтай өзгерген. Оңтүстік кореялық жерлеу қауымдастығының басшысы Чой Мин Худың айтуынша, елде қазаға қатысушылар саны 90 пайызға қысқарған. Марқұмның отбасына ақшаны дәстүрлі таратудың орнына банк аударымы арқылы қайырымдылық жасалады.

Украинада марқұммен қоштасуға тек 10 адам қатысады

Украинаның бас санитар дәрігерінің қаулысына сай, мемлекетте жерлеу салт-жоралғысын өткізуге қатысты қосымша шаралар қабылданды. Онда инфекциядан көз жұмған марқұммен қоштасуға тек 10 адам қатысады. Елдің бас санитары Виктор Ляшко адам көп жиналатын рәсімдердің аса қауіпті екенін алға тартып, украиндықтарды бұл шектеуге түсіністікпен қарауға шақырды. Ал тыйымға құлақ аспағандарға карантин ережесін бұзу бойынша, әкімшілік-қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Украинада Covid-19 инфекциясынан қайтыс болған марқұмды жерлеуді шарты мынандай:

  • өлім себебін анықтау үшін патологоанатомиялық зерттеу жүргізілуі тиіс;
  • мәйітті патологоанатомиялық орталықтың қызметкерлері дезинфекциялайды және табытқа салады;
  • табытты жабады және сыртынан қосымша дезинфекциялайды;
  • мәйітті кремациялауға қажеттілік жоқ.

Құжатта жерлеуден бұрын туыстарының мәйітті көре алатыны немесе көре алмайтындығы көрсетілмеген. Ал, Украинаның бас санитар дәрігері Виктор Ляшконың өзі диагноз қойылғаннан кейін және денесі жерлеуге дайын болғаннан кейін денсаулық сақтау мекемесінен тыс марқұмның мәйітімен байланысты болдырмау керектігін айтқан. Бірақ, ДДСҰ-ның ұсынымдарында эпидемиялық және пандемиялық жағдайларда респираторлық инфекциялармен қайтыс болған адамды жерлеуге қатысты былай делінген: "Егер марқұмның отбасы оқшаулау аймағынан шығарылғаннан кейін мәйітті көргісі келсе, оны стандартты шараларды қолдану арқылы жасауға мүмкіндік береді".

Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы

Ресейде марқұмдар жабық табытта жерленеді

Ресей Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекцияның алдын алу, диагностикалау және емдеу туралы берген ұсынымдарында Сovid-19 індетінен қаза тапқандарды жабық табыттарда көму қажеттігі туралы қаулы енгізді. Осы ретте құжатта қайтыс болғандардың мәйітіне міндетті түрде патологоанатомиялық зерттеу жүргізілуі тиіс екендігі көрсетілген. "Мәйітке сараптама жасамай тұрып жерлеуге рұқсат берілмейді", – деп жазылған құжатта. Ол күрделілік санаты бойынша 5-топқа жатады. Яғни "аса қауіпті инфекциялар кезінде зерттеу" жүргізілуі міндетті. Мәйітке сараптама жүргізетін қызметкерлерге обаға қарсы қорғаныш киімі берілуі тиіс.

Зерттеу біткесін "медициналық қалдықтармен жұмыс істеуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" бойынша, мәйіт жабық табытта жерленеді.

Серіктестер жаңалықтары