Тікелей эфир

Коронавирус пандемиясы: Қазақстан үкіметі қалай күресіп жатыр? Сараптама

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сарапшылар Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 65 мыңнан әлдеқайда көп деп есептейді.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Шын мәнінде вирус жұқтырған қазақстандықтардың саны қанша?

Дәрігер Қайырғали Көнеевтің пікірінше, Қазақстанда пандемия басталғалы 200 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін.

"Денсаулық сақтау саласының экс-министрі Елжан Біртанов "елімізде пандемия шарықтау шегіне жеткенде 3,5 мың адам ауырады" деген қате болжам жасады. Ал қазір ауырған адамдар саны одан асып кетті, тіпті 65 мыңға жетті. Сол себепті, Қазақстанда қазірге дейін коллапс болып жатыр. Ауруханада орын жетпейді, дәріханада дәрі тапшы, жедел жәрдем бригадасы аз. Ауруханада емделіп, ресми түрде тіркеуге алынған науқастардан бөлек, үйден емделіп жатқан азаматтар өте көп. Сол себепті, вирус жұқтырғандар саны 65 мыңнан да көп екеніне сенімдімін", – дейді дәрігер.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Барыс Жапаров Қайырғали Көнеевтің пікірімен толықтай келіседі:

"Мына індет соғыспен парапар. Біз вирус туралы кеше естіген жоқпыз ғой. Мемлекеттің вирус Қытайда пайда болған сәттен бастап қамдана беруі керек еді. Дайындық дұрыс жүргізілмеді, пандемияның масштабы ескерілмеді. Оны айтасыз, Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін ҚР азаматтарының денсаулығын сақтауға арналған мемлекеттік саясаты жоқ".

Қайырғали Көнеев пандемия басталғалы мемлекет басшысының берген тапсырмалары дұрыс орындалмай отырғанын сөз етті:

"Вирус алғаш таралып жатқан кездің өзінде дәріханаларда маска тапшылығы сезілді. Кейбіреулер ұялмай 100 теңгенің маскасын 1500 теңгеге сатып жүрді. Жақында Семейдің әкімдігі мұқтаж отбасыларға бір түйір маскадан таратып беріпті. Бұл – өте ұят нәрсе. Пандемия басталған шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ең болмаса, Алматы мен Нұр-сұлтан қалаларында халыққа тегін маска таратып беріңдер" деді. Ол тапсырма орындалған жоқ. Вируспен күреске бөлінген 6 триллион теңгенің бірталай бөлігі жеке қорғаныс киімдеріне бөлінген екен. Ал, елімізге келген Қытай дәрігерлері ол киімдерді сапасы нашар деп кимей қойды. Сонда ол киімдерді кім алдырды? Қанша қаражат жұмсалды? Мұны жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тексеруі керек".

Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын ПТР-тестті қалай тегін жасатуға болады? Сараптама

Өңірлерге дәрі уақытында жетпей жатқанына кім кінәлі?

Ал, саясаттанушы Әзімбай Ғали сарапшылардың проблеманың ауқымын нақты болжай алмағанын коллапсқа әкелетіндей қателік деп есептемейді. Оның ойынша, пандемияны ешкім күтпегендіктен, мұндай проблема барлық елдерде болып жатыр, бәрі де қателеседі.

Дәрігер Қайырғали Көнеев саясаттанушының пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, Көрші Ресей, Өзбекстан сияқты елдерде дәрі тапшылығы сезілмейді, ал Қазақстандағы бұл жағдай қолдан жасалып отыр:

"Цефтриаксон деген антибиотиктің кейбір түрлерінің сапасы өте төмен. Оларды халық өте сирек сатып алатын еді. Қазір біраздан бері дәріханада тұрып қалған, сақтау мерзімі аяқталуға жақын дәрілердің бәрі сатылып кетті. Неге? Себебі, кейбір мүдделі топтар сол антибиотикті коронавирустың шуымен лобби арқылы халыққа өткізді. Тағы бір мысал, дексаметазон сияқты дәрілер бұрын дәрігердің тағайындауынсыз сатылмайтын. Қазір соның бәрін сатып жатыр. Коронавирусты емдеуге шынымен пайдасы тие ме, жоқ па, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ".

Заңгер медицина саласындағы мұндай заңсыз әрекеттерді ашу үшін медициналық прокуратура құру қажет деп есептейді:

"Әр ауруханада бір-бір медициналық прокурор отырсын. Біз дәрігерлер мен фармацевтердің арасындағы келісімдер қалай жүріп жатқанынан бейхабармыз. Соларды әшкерелесін".

Ал, саясаттанушы Әзімбай Ғали барлық ауруханаларға прокурор тағайындау қиын екенін айтады:

"Бәріне бірдей прокурорды қайдан табамыз? Білікті сарапшылар тағайындалса, сол да жеткілікті. Қанша ақша ұрланғанын, қандай мүдделі топтар бар екенін анықтайды".

Оқи отырыңыз: "Коронавирусты пневмония". Оның белгілері қандай және қалай емделу керек?

Заңгер Орынбасар Тілепберген үкімет қазір коронавирусты емдеумен емес, оның айналасындағы жемқорлық істі әшкерелеумен айналысып кеткенін сынға алды:

"Президент "СК-Фармация" мен ӘМСҚ басшыларын жұмыстан шығарып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғаңдар деді. Ал, жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасын бақылауды тек Тоқаев ескерту жасағаннан кейін ғана қолға алды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының құрылғанына 4 жыл болды. Қордың қызметкерлеріне төленетін бонустар мен жалақы Қазақстан халқын барлық арзан дәрімен бір рет қамтамасыз ететін ақшадан 5 есе асып отыр. Ел ауырып жатқанда "СК-Фармация" компаниясының қоймасында тегін дәрінің бәрі самсап тұрды. Бұлардың дәріні халыққа тарату механизмі жоқ. Менің ойымша, қаржы министрлігі "СК-Фармация" мен МӘМС қаржысын бөлу механизмі мәселесін 3 күнде шешіп, тезірек халыққа дәріні таратуы керек. Ол үшін көшеге мобильді дәріханалық көліктерді қойсын. Kaspi bank сыйлаған 100 көлікті 5 ірі қалаға 20 данадан бөліп берсін".

Ал, Қайырғали Көнеев "СК-Фармация" компаниясы таратылып, оның құзіреті медициналық бірлестіктерге берілгені дұрыс деп есептейді. Оның ойынша, халыққа мұндай монополиялардан пайда аз:

"Бірыңғай оператор дегеніміз – монополия. Фармацевтика бизнесінде жүрген адамдардың ұяты аз. Кезінде Елжан Біртанов "ПТР-тестті барлығың "Олимпте" тапсырасыңдар" деді. Әншейінде бағасы көп дегенде 5-ақ мың теңге тұратын тестті "Олимп" зертханасы 23 мың теңгеге дейін көтеріп жіберді. Неге ПТР-тест диагностикасы монополияның қолына берілді. Маған сол жағы түсініксіз".

Карантин кезіндегі төлемдер жеткілікті ме?

Заңгер Орынбасар Тілепберген 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем аз, карантин кезінде шынымен табысынан айрылған жандарға көбірек ақша төленсін деген пікірде:

"42500 теңге көлеміндегі төлем аз деп есептеймін. Сондай-ақ, сәуір айындағы төлем кезінде заңсыздықтар көп болды. Жұмыс істеген адам да, істемеген адам да әлеуметтік төлем алды. Мен одан да шын мұқтаж жандардың тізімін әділ түрде жасап, әрқайсысына 100 мың теңгеден беруді ұсынамын. Оған мемлекеттің жағдайы жетеді. Екі адам заңсыз түрде 42500 теңге алғанша, бір адам заңды түрде 100 мың теңге алсын".

Ал, Қайырғали Көнеев дәрігерлерге төленетін үстемақы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл қаржы пандемия басталғалы көрінбейтін майданда жүрген ақ халаттылардың барлығына төленуі керек:

"Емханада жұмыс істейтін медицина қызметкерлері симптомсыз науқастарды емдеп жүргендіктен, оларға үстемақы төленбейді екен. Бұл дұрыс емес. Симптомы болсын, болмасын, вирус жұқтырған науқастарды емдеп жүрген барлық дәрігерлерге үстемақы төленуі тиіс".

Оқи отырыңыз: Covid-19 жұқтырып көз жұмғандарды жерлеу рәсімі. Қандай сақтық шаралары сақталуы керек?

Елді тығырықтан алып шығатын кризис-менеджер кім?

Заңгер Орынбасар Тілепберген елді коронавирус дағдарысынан алып шығатын кризис-менеджер деп Зейнулла Кәкімжановты атаса, Әзімбай Ғали мұндай қызметке келетін адамның міндетті түрде медициналық білімі болуы қажет дейді. Ал, Қайырғали Көнеевтің айтуынша, қоғамды дағдарыстан алып шығатындай потенциалы бар сауатты мамандар Денсаулық сақтау министрлігінің өзінде де жетерлік.

"Кімді министр етіп қойсаңыз да, қоғамдық бақылауды күшейтпейінше, барлық процестердің транспарентті болуын қамтамасыз етпейінше, ештеңе өзгермейді. Жаңадан келген басшы да бұрынғылар сияқты жұмыс істейтін болады", – дейді дәрігер.

Ал, саясаттанушы Әзімбай Ғали "елдің қазіргі жағдайына басшылық дұрыс баға берді, енді люстрация арқылы ескі кадрлардан, ескі әдістерден арылу керек. Жалпы, трансформациялық бағыт дұрыс" екенін айтты.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары