Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы сегіз күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
21 наурыз, тоғызыншы күн
Сағат: 06.20. Сыртқы істер министрлігі хабарлама жасады
СІМ баспасөз қызметі Тбилисиден чертерлік рейс арқылы 143 қазақстандық азамат елге оралғанын хабарлады. Рейс Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен ұйымдастырылған.
Сағат: 10.35. Алматы әкімдігі хабарлама жасады
Әкімдіктің баспасөз қызметі қалада 21 наурыздан бастап барлық ұлттық және демалыс саябақтары (Тұңғыш президент саябағы, Орталық мәдениет және демалыс саябағы, 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы, Family Park, Ботаникалық бақ, "Фантазиялар әлемі" саябағы, хайуанаттар бағы, Алма-Арасан шатқалы, "Атакент", "Оңтүстік" саябағы және басқалар) жабылатынын хабарлады. Оларға қоса Медеу, Шымбұлақ, Пионер, Көктөбе шипажайлары да уақытша жұмысын тоқтатады.
Оқи отырыңыз: "АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін". Елдегі қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?
Сағат: 10.50. BISAM Central Asia орталығы сауалнама нәтижесін жария етті
BISAM Central Asia әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы коронавирус пандемиясы мен оған қарсы қолданылып жатқан шараларға қатысты қазақстандықтардың көзқарасын зерттеу нәтижелерін жария етті:
- респонденттердің 53 пайызы өзі және отбасы мүшелері вирус жұқтыруы мүмкін деп қорқады;
- 43 пайызы еш қорқыныш сезінбейді;
- 4 пайызы жауап беруге қиналған.
Сағат: 11.00. Үкімет қаулы қабылдады
Үкімет қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы кезеңде:
- ірі сауда нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары бойынша заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің мүлік салығының;
- ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері бойынша жер салығының;
- салық салудың жалпы белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін дара кәсіпкерлердің жеке табыс салығының мөлшерлемелеріне "0" түзету коэффициенті енгізілсін.
Бұл салық төлеушілер үшін 15 тамызға дейін өсімпұл есептелмейді және салықтық есептілікті тапсыру мерзімі 2020 жылдың үшінші кварталына шегеріледі.
Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?
Сағат: 12.31. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады
Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Алматы облысының Қаскелең қаласында коронавирус жұқтыру дерегі анықталғанын хабарлады. Ол – 17 наурызда Сауд Арабиясынан Ыстанбұл арқылы Бішкекке ұшып келген 1986 жылғы қазақстандық ер адам. Ол 18 наурызда таксимен Қаскелең қаласына келген.
Кейін оның кем дегенде 11 адаммен байланыста болғаны бегілі болды:
- төртеуі – отбасы мүшелері;
- үшеуі – бірге қажылық жасағандар;
- екеуі – достары.
Сағат: 13.48. Президент Twitter желісінде хабарлама жасады
"Екі негізгі қалада карантин режимін қатаң сақтау – баршамызға ортақ міндет. Бұл індетке жайбарақат, бей-жай қарауға болмайды. Қойылған талаптарды орындау қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде азаматтарды бетпердемен және антисептиктермен қамтамасыз етуі тиіс" деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
Сағат: 14.21. Нұр-Сұлтан Денсаулық сақтау басқармасы хабарлама жасады
Елорданың Денсаулық сақтау басқармасы 20 наурызда анықталған коронавирус жұқтырушылар туралы мәліметті хабарлады: "Бұл бір отбасы: екі ересек адам мен 2019 жылғы бүлдіршін. Олар 9-19 наурыз аралығында Францияда демалыста болған. Минск – Нұр-Сұлтан рейсімен ұшып келген отбасы №3 стационарға жатқызылған".
Сағат: 14.40. Сыртқы істер министрлігі хабарлама жасады
СІМ баспасөз қызметі 20 және 21 наурызда елге Біріккен Араб Әмірліктерінен 463 қазақстандық азамат оралғанын хабарлады. Туристер Алматы және Нұр-Сұлтанға Дубайдан екі рейспен жеткізілген.
Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы
Сағат: 16.32. Сауда және интеграция министрлігі хабарлама жасады
Министрлік ауданы 2 мың шаршы метрден кіші сауда нысандарынан сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеу шектемесі алынғанын хабарлады. Оларға келесілер жатады:
- сауда орталықтары;
- гипермаркеттер;
- сауда үйлері;
- азық-түлік базарлары;
- супермаркеттер;
- мини-маркеттер;
- үй жанындағы дүкендер;
- өзге бөлшек сауда нысандары.
Бұлар енді өз кестесі не жергілікті билік бекіткен кесте бойынша жұмыс істейді.
Сағат: 19.00. Алматы әкімі Instagram желісі арқылы хабарлама жасады
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 1А санатына жатқызылған елдерден әуе қатынасы арқылы ұшып келген және науқастармен байланыста болғандарды оқшаулайтын орындардың дайындық жұмыстарымен танысқаны туралы жазды:
"14 күндік карантинге арналған орталықтар "Аққайың", "Қазақстан", "Көктем" санаторийлері мен Асфендияров атындағы медуниверситет жатақханасының базасында құрылады. Бұл ЖОО-ның тағы бір жатақханасында қала маңында тұратын және қаланың емханалары мен ауруханаларында жұмыс істейтін дәрігерлер мен медперсонал орналастырылды".
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде балалардың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? Пайдалы онлайн контент топтамасы
Сағат: 20.00. Алматы облысы полиция департаменті хабарлама жасады
Департаменттің баспасөз қызметі Талдықорғанда жеке үйлердің бірінің ауласынан 250 қорап медициналық маска табылғанын анықтады. Алғашқы есеп бойынша мұндағы 1 800-2 000 дана маска тиеп, жөнелтуге дайындап қойылған.
Осы бойынша 60 жастағы жұмыссыз ер адам ұсталып, сотқа дейінгі зерттеу жұмыстары басталды.
Сағат: 20.35. Нұр-Сұлтан әкімдігі хабарлама жасады
Әкімдіктің баспасөз қызметі 21 наурыз – 16 сәуір аралығында қалада ХҚКО және арнаулы ХҚКО жұмысы тоқтатылғанын хабарлады.
Сағат: 22.30. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады
Нұр-Сұлтанда тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Тиісінше, республика бойынша вирус жұқтырғандар саны 54-ке жетті.
Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.