Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы тоғыз күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
22 наурыз, оныншы күн
Сағат: 00.00. Алматы әкімдігінің хабарламасы
Карантинге байланысты 22 наурыз сағат 00.00-ден қалаға адамдар мен транспорттың кіруіне және шығуына тыйым салынды. Бұл шектеудің тек бірқатар адамдар мен көліктер санатына (тиісті құжатын көрсеткен жағдайда) қатысы жоқ:
- медициналық көмек және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет;
- азаматтық қорғау қызметі;
- коммуналдық, авариялық қызмет;
- жерлеу қызметіі;
- жүк және кез-келген жүк түрлерін тасымалдаушы транзиттік көліктер;
- арнаулы инкассаторлық транспорт және өзгелер.
Толық тізімді осы жерден оқуға болады.
Оқи отырыңыз: АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін". Елдегі қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?
Сағат: 06.30. Сыртқы істер министрлігінің хабарламасы
СІМ баспасөз қызметі соңғы тәулікте Грузия, Египет, Ресей, БАӘ, Жапония және өзге елдерден бір мың қазақстандық азамат елге қайтарылғанын хабарлады.
Сағат: 07.30. Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарламасы
Әкімдіктің баспасөз қызметі қалаға әуе қатынасы арқылы келіп жатқан жолаушылардың бәрін міндетті түрде стационарда коронавирусқа тексеріп жатқанын хабарлады. Олар анализ тапсырып, оның нәтижесі вирус жұқтырмағанын көрсетпейінше қалаға шыға алмайды. Дені сау екені анықталған жағдайда үй карантинінде дәрігерлердің бақылауында болады.
Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
Сағат: 08.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Нұр-Сұлтанда тағы екі адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, қаладағы бір науқастың денсаулық жағдайы нашарлай түскені хабарланды. Диагноз: бірінші деңгейлі дем жетіспеушілігі.
Сағат: 09.30. Алматы әкімдігінің хабарламасы
Төтенше жағдай салдарынан коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай отырған Алматы тұрғындарына наурыз бен сәуір үшін борыштарын жыл соңына дейін өтеуге мүмкіндік берілді. Жеке тұлғалар коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлемегені үшін өсімпұл есептелмейді.
Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?
Сағат: 13.00. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Алматыда бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. 1992 жылғы қыз 15 наурызда Ыстанбұл – Алматы рейсімен келген науқаспен жақын байланыста болған. Қазір ол стационарға карантинге жатқызылды, денсаулық жағдайы қалыпты.
Сағат: 14.30. Сыртқы істер министрлігінің хабарламасы
Министрліктің баспасөз қызметі шетелдіктерге Қазақстанда болу мерзімі ұзартылатынын хабарлады. Виза және жұмыс рұқсат қағаздары 20 сәуірге дейін жарамды.
Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі
Сағат: 15.30. Ішкі істер министрлігінің хабарламасы
Алматыда 3000-5000 теңге ақыға блок бекеттер арқылы өткізіп беруге уәде еткен 5 таксист ұсталды. Оларға төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынды.
Сағат: 19.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Министрліктің баспасөз қызметі ДДСҰ жаңа нұсқауларына сәйкес, Covid-19 диагностикалау және емдеу протоколдары қайта қаралғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы
Сағат: 20.00. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Ақтөбе облысында бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Сағат: 23.50. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Алматыда екі адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Тиісінше, республика бойынша вирус жұқтырғандар саны 60-қа жетті.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.