Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алтыншы күн

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 36-ға жетті. Алтыншы күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейміз.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы бес күннің оқиғаларын материал арасындағы сілтемелер арқылы өтіп, оқуға болады.

Алтыншы күн

Сағат: 08.45. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35-ке жетті. Тізімді толықтырған 2 адам да Алматыда:

  • Ыстанбұлдан 15 наурызда ұшып келген 1998 жылғы қыз;
  • Мәскеуден 10 наурызда ұшып келген 1974 жылғы әйел.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

Сағат: 10.00. Бас прокуратура брифинг өткізді

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин және Қазақстан бойынша төтенше жағдай талаптарын сақтамаған адамдарға келесі жаза түрлері қолданылатынын хабарлады

  • 10 АЕК мөлшерінде айыппұл;
  • 15 тәулікке қамаққа алу.

Сонымен бірге, төтенше жағдай уақытында билік өкілдерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан жандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:

  • 2 000 АЕК мөлшерінде айыппұл;
  • осы мөлшерде түзету жұмыстары;
  • 600 сағат қоғамдық жұмыс;
  • 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн

Сағат: 11.00. Нұр-Сұлтан әкімдігі хабарлама жасады

Әкімдіктің баспасөз қызметі көппәтерлі тұрғын үйлерде подъездер мен жалпыға ортақ орындарды, сондай-ақ, қоғамдық көліктер мен коммуналдық қызмет көліктерін дезинфекциялау жұмысы басталғанын хабарлады.

Сағат: 11.30. Алматы әкімдігі хабарлама жасады

Әкімдіктің баспасөз қызметі Алматыда мейрамхана, дәмхана және қоғамдық тамақтану орындары (үйге тамақ жеткізу қызметіне ғана рұқсат етіледі), сондай-ақ, сұлулық салондары, спа орталықтары және фитнес залдар жабылатынын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Төртінші күн

Сағат: 11.40. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады

Министрліктің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті өзге елдерден қазақстандықтарды елге қайтару үшін 17 кезектен тыс рейс ұйымдастырылғанын хабарлады. 18 наурызда елге 235 қазақстандық азамат оралды.

Сағат: 12.30. Алматы әкімдігі брифинг өткізді

Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қалада келесі бағамен маска сататын 48 дәріхана белгіленгенін хабарлады:

  • үш қабатты маска – 87 тенге;
  • көмір негізіндегі маска – 111 тенге.

Дәріханалардың мекен-жайын мына жерден көруге болады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Сағат: 13.00. Президент Алматы және Нұр-Сұлтан әкімдерімен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізді

Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы және Нұр-Сұлтан әкімдерімен кеңес өткізіп, қала өмірінің маңызды мәселелерін күн тәртібінен түсірмеуді тапсырды.

Сағат: 13.20. Nur Otan партиясы мәлімдеме жасады

Партия Алматы мен Нұр-Сұлтанда әлеуметтік аз қамсыздандырылған топтарын қолдауға 150 млн теңге бөлетінін хабарлады. Бұл қаржыға жалғызбасты қарттар, мүгедектер мен көп балалы аналарға маска, антисептиктер, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік сатып алынады.

Коронавируспен күреске ҚР Тұңғыш Президенті қоры 200 млн теңге бөлетінін хабарласа, кейін Болат Өтемұратов қоры Алматы мен Нұр-Сұлтанда экспресс-тесттер сатып алуға 200 млн теңге бөлетінін хабарлады.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Сағат: 16.30. Алматы әкімдігі брифинг өткізді

Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов қалаға кіруге не шығып кетуге 72 сағат уақыт берілетінін хабарлады. Оның айтуынша, қалада жұмыс істейтін Алматы облысының тұрғындары кіргізілмейді.

Сағат: 17.00. Денсаулық сақтау министрлігі брифинг өткізді

Алматыда тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Тиісінше, республика бойынша вирус жұқтырғандар саны 36-ға жетті.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?

Сағат: 23.12. Алматы әкімдігі хабарлама жасады

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалада коронавирус жұқтыру ошақтары анықталғанын хабарлады. Бұл жерлерде бақылау-өткізу пункттері орнатылады.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
Серіктестер жаңалықтары