Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 29 наурыз

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Іnformburo.kz он жетінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы он алты күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

29 наурыз, он жетінші күн

Сағат: 00.30. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы

Атырау облысында коронавирус жұқтырған бесінші адамның қалалық емхананың медбикесі екені анықталды. Ол 17 наурызда Ыстанбұлдан Алматы арқылы Атырауға келген коронавирус жұқтырған қыздан қан анализін алған.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

Сағат: 00.55. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Алматыда бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Сағат: 01.50. Сыртқы істер министрлігінің хабарламасы

Министрліктің баспасөз қызметі Қазақстанға 183 ел азаматының эвакуацияланғанын хабарлады:

  • Дубайдан Алматыға 116 адам;
  • Барселона әуежайынан Минскке, кейін Нұр-Сұлтан мен Алматыға 44 адам;
  • Тәжікстаннан Алматыға 23 адам ұшып келді.

Сағат: 02.30. Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарламасы

Қалада "Мейірім" медицина орталығы және Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық карантинге жабылғаны белгілі болды. Аталған медициналық мекемелерде анықталған коронавирус жұқтырған жандармен қарым-қатынаста болғандар карантинге жіберіліп, ғимараттарда дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика

Сағат: 09.50. Президенттің Twitter желісіндегі мәлімдемесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық саладағы күрделі кезеңде еңбек етіп жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдаудың жаңа пакеті қажет екенін жазды: "Олар соған лайықты. Үкімет есептеулерді жүргізуде. Қабылданған шешім дүйсенбіде жарияланады".

Сағат: 11.40. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 22 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олардың ішінде:

  • 16 адам Нұр-Сұлтанда;
  • 4 адам Алматыда;
  • 1 адам Атырау облысында;
  • 1 адам Қызылорда облысында тіркелді.

Оқи отырыңыз: Карантин талабы күшейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарына тағы қандай шектеулер қойылды?

Сағат: 13.35. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасы

Қазақстан үкіметі кімге және қандай мерзімге салық жеңілдіктері мен каникулы берілетіні туралы қаулы шығарды. Қысқаша айтсақ:

  • 2020 жылғы 1 қазанға дейін әлеуметтік маңызды тауарлар тізіміне енген тауарларды импорттау және сату кезінде ҚҚС 8 пайызға төмендеді;
  • 2020 жылғы 1 маусымға дейін микро және шағын немесе орта бизнеске салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеуге шегерім жасалды;
  • 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін экспортқа шығарылатын бензин (авиациялық түрін есепке алмағанда), дизельдік отын бойынша акциздік тауарларды өндірушілер акциз төлемінен босатылды;
  • Туризм, тамақтандыру және қонақүй қызметі саласында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар 2020 жылғы мүлік салығынан босатылды.

Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді

Сағат: 14.20. Қарағанды облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысы

Қаулыға сәйкес, 30 наурыздан бастап Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларында карантин енгізіледі. Бұл қалаларда:

  • қалаға кіру мен шығу шектеледі;
  • адамдар мен транспорттың қозғалысы шектеліп, балалардың ересек адамдарсыз көшеде жүруіне тыйым салынады;
  • 65 жастан жоғары адамдардың көшеге шығуына тыйым салынады;
  • дүкен, өзге нысан және қоғамдық көлікте адамдардың бір-бірінен 2 метр дистанция ұстауы міндеттеледі;
  • азық-түлік сататындардан өзге сауда базарлары мен дүкендер, мектепке дейінгі балалар мекемелері, кинотеатрлар, сауық орындары, фитнес залдар, ХҚКО жабылады.

Сағат: 11.40. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 14 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:

  • 11 адам Нұр-Сұлтанда;
  • 3 адам Алматыда тіркелді.

Оқи отырыңыз: Мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап сабақты қалай оқиды? Министр түсіндірмесі

Сағат: 15.55. Атырау әкімдігінің хабарламасы

Атырауда 30 наурыздан бастап келесі өкімге дейін карантин режимі енгізілетіні белгілі болды.

Сағат: 16.30. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің брифингі

Министр Дәурен Абаев коронавируспен күреске Ұлттық қордан 1,8 трлн теңге бөлінетінін хабарлады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жаңа әлеуметтік төлемнің шарттары да өзгергені белгілі болды.

Сағат: 17.50. Қостанай облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысы

Қаулыға сәйкес, 31 наурыз сағат 22.00-ден бастап 15 сәуірге дейін облысқа кіру және одан шығу шектеледі. Бұл үшін 10 блок бекеті орнатылады. Сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және адамдар жаппай жиналатын өзге орындардың жұмысы тоқтатылса, ірі сауда нысандары, сауна, қоғамдық моншалардың жұмысы шектеледі.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Сағат: 18.00. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Нұр-Сұлтанда 4 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Сағат: 20.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған екінші адамның емхананың медбикесі екені анықталды. Ол бұған дейін коронавирус жұқтырған адамға медициналық қызмет көрсеткен. Онымен жақын қарым-қатынаста болған 16 адам карантинге жатқызылды.

Сағат: 20.35. Ақтөбе облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысы

Қаулыға сәйкес, 31 наурыз сағат 00.00-ден бастап облыс аумағы мен Ақтөбе қаласында жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге қызметтеріне ерекше жағдайлар енгізіледі.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Сағат: 22.40. Алматы әкімдігінің хабарламасы

Алматыда коронавирус жұқтырған екі адам жазылып, ауруханадан шықты. Олар:

  • Франкфурттан ұшып келген әйел;
  • Мәскеу – Алматы рейсімен ұшып келген ер адам.

Олар 14 күн үй карантинінде жатады.

Қазақстан бойынша жазылғандардың жалпы саны – 20.

Сағат: 23.35. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 12 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:

  • 1 адам Нұр-Сұлтанда;
  • 3 адам Алматыда;
  • 6 адам Атырау облысында;
  • 2 адам Алматы облысында тіркелді.
Осымен 29 наурыз қорытындысы бойынша республикада вирус жұқтырғандар саны 283-ке жетті:
  • Нұр-Сұлтан – 166;
  • Алматы – 67;
  • Ақмола облысы – 7;
  • Қарағанды облысы – 7;
  • Атырау облысы – 6;
  • Алматы облысы – 4;
  • Жамбыл облысы – 3;
  • Шымкент – 2;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2;
  • Қызылорда облысы – 2;
  • Ақтөбе облысы – 1;
  • Маңғыстау облысы – 1;
  • Павлодар облысы – 1;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1.

Жазылып шыққандар – 20.

Көз жұмғандар – 1.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
Серіктестер жаңалықтары