Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 26 наурыз

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Іnformburo.kz он төртінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы он үш күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

26 наурыз, он төртінші күн

Сағат: 01.25. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Алматыда бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі

Сағат: 08.20. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда жеті адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың:

  • бесеуі Нұр-Сұлтанда;
  • екеуі Алматыда тіркелді.

Сағат: 10.20. Мәжіліс отырысы

Мәжіліс отырысына 65 жастан асқан депутаттар қатыспағаны белгілі болды. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мұны ДДСҰ ұсынысына сәйкес, бұл жастағы халық қалаулыларының отырысқа қатыспай, үйде қалуына кеңес берілгенімен түсіндірді. Кворум бұл форматтағы отырыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді

Сағат: 12.15. Сыртқы істер министрлігінің хабарламасы

Министрліктің баспасөз қызметі Латын Америкасынан қазақстандық 137 азаматтың эвакуацияланғанын хабарлады. Олардың ішінде:

  • 127 азамат Доминикан республикасынан;
  • 4 азамат Мексикадан;
  • 3 азамат Панамадан;
  • 3 азамат Коста-Рикадан оралды.

Сағат: 12.25. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Нұр-Сұлтанда тоғыз адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Оқи отырыңыз: Мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап сабақты қалай оқиды? Министр түсіндірмесі

Сағат: 12.45. Түркістан облысы әкімдігінің хабарламасы

Әкімдіктің баспасөз қызметі коронавирус жұқтырған азамат мінген Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы автобустың барлық жолаушысы оқшауланғанын хабарлады. Бұған дейін автобустың 16 жолаушысы іздеуде екені белгілі болған.

Сағат: 16.00. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің брифингі

Министр Дәурен Абаев Covid-19 жұқтырған екі азамат жазылып, ауруханадан шыққанын хабарлады. Олардың бірі Алматыда, екіншісі Нұр-Сұлтанда ем алған болатын.

Министр, сондай-ақ, келесі үш өңірде балабақшалар жұмысы уақытша тоқтатылғанын айтты:

  • Шымкент;
  • Алматы облысы;
  • Ақмола облысы.

Төтенше жағдай режиміне дейін республика бойынша балабақшаларға 888 мың бала барған болса, қазір олардың саны – 67 мың (11%).

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Сағат: 16.10. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда он екі адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың:

  • алтауы Алматыда;
  • алтауы Нұр-Сұлтанда тіркелді.

Коронавирус жұқтырған төрт азаматтың жағдайы ауыр екені хабарланды.

Сағат: 18.00. "Олимп" зертханалар жүйесінің хабарламасы

"Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханасы Алматы мен Нұр-Сұлтан үшін 50 мың тест сатып алғанын хабарлады. Енді сәуірден бастап зертхана сайтына тіркеліп, эпидемиологтардан шақыру алған жағдайда коронавирусқа тегін тест тапсыруға болады. Одан бөлек, ақылы тест тапсыру мүмкіндігі де бар. Құны – 4-5 мың теңге аралығында.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Сағат: 18.00. Премьер-министр сайтының хабарламасы

Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 28 наурыз сағат 00.00-ден келесі қосымша шектеулерді енгізді:

  • Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
  • Саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары секілді халық көп жиналатын орындарды жабу;
  • Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
  • Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);
  • Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.

Сондай-ақ, Шымкентте әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал мен балабақшалар жұмысы тоқтатылады. Одан бөлек:

  • Саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары секілді халық көп жиналатын жерлер жабылады;
  • Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі. Үйге жеткізу сағат 22.00-ге дейін;
  • Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі.
Толығырақ: Карантин талабы күшейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарына тағы қандай шектеулер қойылды?

Сағат: 19.35. Birgemiz қорының хабарламасы

Birgemiz коронавируспен күрес қорына 906 млн теңге жиналғаны белгілі болды. Оның ішінде:

  • 901 млн теңге – бірнеше заңды тұлғалардан түссе;
  • 5 млн теңге – қарапайым азаматтан келіп түскен.

Сағат: 20.00. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің шұғыл брифингі

Министр Дәурен Абаев Нұр-Сұлтанда Covid-19 жұқтырған бір азаматтың көз жұмғанын хабарлады. Ол – Ақмола облысының 64 жастағы тұрғыны. Өлім себебі – екі жақты пневмония, дем жетіспеушілігі, сепсис, қант диабеті, гипертониялық аурулар мен атеросклероз. Пневмония себебі – коронавирус.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Сағат: 20.00. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қарағандыда екі адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Сағат: 22.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Жамбыл облысында бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Осымен республикада вирус жұқтырғандар саны 112-ге жетті:

  • Нұр-Сұлтанда – 61;
  • Алматыда – 40;
  • Шымкентте – 2;
  • Қарағандыда – 4;
  • Алматы облысында – 1;
  • Ақтөбе облысында – 1;
  • Жамбыл облысында – 2;
  • СҚО – 1.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?

Сағат: 23.50. Алматы әкімдігінің хабарламасы

Әкімдіктің баспасөз қызметі қалада коронавирус ошағының саны 20-ға жеткенін хабарлады:

Әуезов ауданы:

  • Жетісу-2 , 70а;
  • Мамыр-4 ы/а, 313.

Алатау ауданы:

  • Заря Востока ы/а, Сары-ой к-сі, 234;
  • Ақкент ы/а, 7;
  • Ақбұлақ ы/а, 9.

Алмалы ауданы:

  • Желтоқсан к-сі, 125;
  • Жароков к-сі, 16;
  • Жароков к-сі, 7.

Медеу ауданы:

  • Зенков к-сі, 59 (шектеу 27 наурыз сағат 00.00-де алынады);
  • Достық к-сі, 162;
  • Гоголь к-сі, 75;
  • Қонаев к-сі, 62.

Жетісу ауданы:

  • Еңлікгүл к-сі, 34а;
  • Волочаевская к-сі, 51.

Түрксіб ауданы:

  • Алтай-1 ы/а, 8;
  • Жас-Қанат ы/а, 86;
  • Майлин к-сі, 77;
  • Спасская к-сі, 63;
  • Жұлдыз-2 ы/а, 45.

Бостандық ауданы:

  • Тұргыт Өзал к-сі, 242.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
Серіктестер жаңалықтары