Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы он тоғыз күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
1 сәуір, жиырмасыншы күн
Сағат: 08.15. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Қазақстанда 5 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олардың ішінде:
- 4 адам Түркістан облысында;
- 1 адам Шымкентте тіркелді.
Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны бесеу болса, олардың төртеуі Нұр-Сұлтаннан келген коронавирус жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болғандар, ал біреуі Алматыдан келген.
Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?
Сағат: 11.20. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Қазақстанда 15 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:
- 6 адам Нұр-Сұлтанда;
- 6 адам Ақмола облысында;
- 2 адам Алматыда;
- 1 адам Қарағанды облысында тіркелді.
Сағат: 11.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Қарағандыда коронавирус жұқтырған 62 жастағы ер адам көз жұмды. Ол ауруханаға 30 наурызда ауыр халде түскен, диагнозы – екі жақты пневмония.
Науқас реанимацияға жатқызылғанымен, жағдайы нашарлап, 1 сәуір күні таңертең жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Ол Теміртауда нотариус болып қызмет еткен, облыс аумағынан шықпаған. Оның туыстары (36 адам) мен онымен қарым-қатынаста болғандар (26 адам) оқшауланды.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі
Сағат: 11.50. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Қызылорда облысында 6 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Осы уақытқа дейін облыста коронавирус жұқтырған 24 адам анықталған болса, олардың ішінде:
- 15 адам Жаңақорған ауданында;
- 6 адам Қызылорда қаласында;
- 2 адам Қармақшы ауданында;
- 1 адам Шиелі ауданында тіркелді.
Сағат: 13.15. Алматы денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы
Алматыдағы инфекциялық стационарлардан 3 науқас жазылып шықты. Олардың бірі – 2 жасар сәби.
Сағат: 14.00. Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарламасы
Елордада түрлі тұрғын үй кешендерінің 15 подъезді уақытша жабылды. Бұл үйлердегі вирус жұқтырғандар стационарға жатқызылып, олармен байланыста болғандар анықталған.
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
Сағат: 16.50. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Қазақстанда 3 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:
- 1 адам Ақтөбе облысында;
- 1 адам Алматы облысында;
- 1 адам Қызылорда облысында тіркелді.
Сағат: 17.40. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің брифингі
Министр Дәурен Абаев қаңтардан бері коронавируспен күреске Үкімет резервінен 23,5 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.
Сағат: 18.30. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасы
10 пайызға артқан зейнетақы мен жәрдемақыларды ел азаматтары мамыр айынан бастап алатыны белгілі болды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылар 10% индексацияланатынын мәлімдеген болатын.
Толығырақ: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы
Сағат: 18.40. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Ақмола облысында 3 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың бәрі де коронавирус жұқтырып, көз жұмған бірінші әйелмен байланыста болған адамдар:
- екеуі – Қосшы ауылының 1998 және 1976 жылғы тұрғындары;
- біреуі – Қоянды ауылында тұратын 2013 жылғы бала.
Сағат: 18.55. Маңғыстау облыстық әкімдігінің хабарламасы
3 сәуір сағат 00.00-ден облыс карантинге жабылатыны белгілі болды. Қалаға кіру мен одан шығуға тыйым салынып, елді мекендер арасында адамдардың қозғалысы шектеледі.
Сағат: 20.35. Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарламасы
Теміртау тұрғынының коронавирус жұқтырып, қайтыс болғанынан кейін қала жабылды. Қала периметрі бойынша 3 блок бекеті қойылады.
Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж
Сағат: 21.10. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы
Қазақстанда 5 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде:
- 2 адам Алматыда;
- 2 адам Солтүстік Қазақстан облысында;
- 1 адам Қарағанды облысында тіркелді.
Осымен 1 сәуір қорытындысы бойынша республикада вирус жұқтырғандар саны 380-ге жетті:
- Нұр-Сұлтан – 184;
- Алматы – 86;
- Қызылорда облысы – 25;
- Ақмола облысы – 19:
- Атырау облысы – 16;
- Қарағанды облысы – 15;
- Алматы облысы – 9;
- Түркістан облысы – 5;
- Ақтөбе облысы – 4;
- Жамбыл облысы – 3;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 5;
- Шымкент – 3;
- Шығыс Қазақстан облысы – 2;
- Батыс Қазақстан облысы – 2;
- Маңғыстау облысы – 1;
- Павлодар облысы – 1.
Жазылғандардың жалпы саны – 26.
Көз жұмғандар – 3.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.