Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 60 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
12 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 5 279
- Алматы – 1 622;
- Нұр-Сұлтан – 1 103;
- Атырау облысы – 340;
- Батыс Қазақстан облысы – 255;
- Шымкент – 245;
- Қызылорда облысы – 231;
- Қарағанды облысы – 197;
- Жамбыл облысы – 192;
- Түркістан облысы – 186;
- Алматы облысы – 183;
- Ақтөбе облысы – 176;
- Павлодар облысы – 154;
- Маңғыстау облысы – 130;
- Ақмола облысы – 110;
- Қостанай облысы – 68;
- Шығыс Қазақстан облысы – 51:
- Солтүстік Қазақстан облысы – 36.
Жазылғандардың жалпы саны – 2 223.
Көз жұмғандар – 32..
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мобильді скрининг орталығына барды
12 мамырда Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапарында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын жаңа мобильді скрининг орталығының қызметімен танысты. Бұл орталық Оңтүстік Кореяның технологиясы бойынша жұмыс істейді. Президент медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, оларға Drive-through жүйесі бойынша экспресс-зертхананың жұмысын жолға қойғаны үшін ризашылығын білдірді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мейірбикелер күнімен құттықтады
12 мамыр – халықаралық мейірбикелер күні. Осыған орай, өз құттықтауында министр жұмыс тәжірибесін алғаш Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханада және жедел медициналық көмек ауруханасында медициналық қызметкер болып бастағанын атап өтті.
"Тәулігіне 24 сағат кезекшілікке түскенде төзім мен шыдамдылықтың аса қажет екенін мен өз тәжірибемнен жақсы білемін: түрлі процедура жасайсың, науқастарға дәрі егу, жан сақтау бөлмесіндегі жағдайы ауыр пациенттерді түнімен күзету қажет, Мұндайда адамда "міндетімді сәтті атқарсам" деген ой ғана болады", – деді министр.
Ол мейірбикелер атқарып отырған жұмыс – қайырымдылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделгенін, бұл қасиеттер медициналық ақ халат киген әрбір маманға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты. Оның сөзінше, әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі – мейірбике және олар денсаулық сақтау жүйесінде аса маңызды қызмет атқарады.
Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу
Өңірлерде карантин режимі қашан аяқталады?
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында карантин режимі 25 мамырға дейін созылады. Ал Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстары мен Алматы және Нұр-Сұлтанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша карантин режимі сақтала береді. Ақмола, Қарағанды, Жамбыл облыстарында эпидемиологиялық жағдайға байланысты біртіндеп карантин алынады. Солтүстік Қазақстан облысында карантин ерекше шарттармен ұзартылса, Шығыс Қазақстан облысында 1 маусымға дейін созылады.
Карантинді алып тастаудың үш кезеңі
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова өңірлерде карантин шараларын алып тастау үш кезеңнен тұратынын мәлімдеді:
- Бірінші кезең: бір аптада жұқтыру өсімі 7%-дан аспайтын болса;
- Екінші кезең: бір аптада өсім 5%-ға жетпесе, карантин шараларын жеңілдету/жұмсарту басталады;
- Үшінші кезең: бір аптада өсім 2%-дан аспайтын болса, карантин шараларын жеңілдету/жұмсарту күшіне енеді.
Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырау салтанаты 3-4 маусымда, ҰБТ өз уақытында өтеді
Бас санитар дәрігер Қазақстанда коронавирус жұқтырып, жазылғандар саны артып, жағдай тұрақталып келе жатқанын айтты.
"Бұл – елімізде енгізілген төтенше жағдай режимінің нәтижесі. Наурызда науқастар санының өсуі 150%-ды көрсетсе, соңғы тәуліктерде аурудың өсу көрсеткіші 2,3% ғана болды. Бір апта ішінде бұл көрсеткіш 5%-дан аспады. Төтенше жағдай режимінің аяқталуы карантин шаралары түгел тоқтайды дегенді білдірмейді. Карантин режимін сақтау керек, бірақ еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты біртіндеп жұмсарып отырады", – деді ол.
Бұқаралық іс-шаралар мен отбасылық мерекелер өткізуге әзір рұқсат жоқ
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға қарап әзірге бұқаралық іс-шаралар мен отбасылық мерекелер өткізуге рұқсат берілмейтінін айтты.
Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитар дәрігер коронавирусты анықтайтын қазақстандық тест дайын екенін мәлімдеді."Коронавирус инфекцияcы – аса жұқпалы инфекция. Кеше аймақтардың бірінде болған жұқтыру көздерін талдау арқылы келесіні анықтадық. Іс-шаралар өткізуге тыйым салынса да, ауызашар өткізген. Оған қатысқан адамдардың арасында коронавирус жұқтырғандар бар. Сондықтан қонақ шақыруға, мерекелік шаралар өткізуге әзірге рұқсат берілмейді", – деді Айжан Есмағамбетова.
Оқи отырыңыз: "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады". Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселе
Мерзімі өтіп кеткен құжаттар 10 шілдеге дейін жарамды
Ішкі істер министрлігі төтенше жағдай кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттар 10 шілдеге дейін жарамды екенін, оларды сол уақытқа дейін айыппұлсыз ауыстыруға болатынын айтты.
- "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңның 6-бабында көрсетілген жеке басын куәландыратын құжаттар;
- жүргізуші куәліктері, оның ішінде міндетті техникалық байқаудан өту туралы уақытша куәліктер;
- азаматтық және қызметтік қару және оның патрондарын сатып алуға, сақтауға және алып жүруге рұқсаттар;
- кіруге және кетуге арналған рұқсаттар (визалар), Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға арналған рұқсаттар, еңбекші көшіп келушіге және шетелдік жұмыс күшін тартуға жұмыс берушіге рұқсаттар, пана іздеуші адамның куәлігі төтенше жағдай кезінде жарамдылық мерзімі өткен жағдайда 10 шілдеге дейін жарамды деп танылды.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге төлем алуға өтінім қабылдау тоқтатылды
Алматыда компаниялар жаңа талаптарға сәйкес жұмыс істеуге міндетті
Міндетті талаптар:
- жұмыс орындарындағы әлеуметтік қашықтық;
- қатаң санитарлық режим.
Жұмыс орындарында қажетті қызметкерлер санын жеке кәсіпорындардың басшылары анықтайды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабына сәйкес, белгіленген шараларды орындамаған жағдайда келесі мөлшерде айыппұл салынады:
- шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 200 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 500 АЕК.
Карантиннің барлық кезеңінде нысанның толық жабылуына дейін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Жаңа тұрғын үй бағдарламасы мен биологиялық қауіпсіздік кеңесі. Президент мәлімдемесіндегі маңызды мәселелер
Атырауда коронавирус жұқтырған екі жүкті әйел босанды
№2 Атырау облыстық аурухананың білікті хирургтары мен анестезиолог мамандары, Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер-реаниматологтары, гинекологтары және акушер құрамы мен неонатологтар екі әйелді аман-есен босандырып алды.
Салмағы – 3,620 келі, бойы – 53 см, дені сау қыз баланы 29 жастағы әйел кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелді. 24 жастағы әйел өздігінен салмағы – 4,270 келі, бойы – 56 см ұл баланы босанды. Жаңа туған нәрестелерден Covid-19-ға талдау алынды. Нәтежисі 13 мамырда шығады.
"Жүкті әйелдер инфекциялық стационарға жүктіліктің 38 аптасында коронавирус инфекциясының симптомсыз расталған жағдайымен қабылданған болатын. Босанған аналар жұқпалы аурулар бөлімшесінде хаттамаға сәйкес емделеді. Нәрестелер аналарынан оқшауланып, арнайы әзірленген таза палатаға ауыстырылды. Жағдайлары қанағаттанарлық, дәрігерлердің бақылауында" – деді №2 Атырау облыстық аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиева.