Тікелей эфир

Коллекция жинау – әуестік пе, әлде еріккеннің ермегі ме?

Фото автордікі
Фото автордікі
Байлар жинақты сатып, алып әп -сәтте коллекционер бола алады. Дегенмен, бірнеше жылда тірнектеп жинаған жәдігердің орны ерекше.

Біреудің қызығушылығы біреуге күлкілі немесе жай ғана ермек болып көрінуі мүмкін. Шаршағанда, қажыған кезде коллекционерлердің өз топтамаларына қарап, ләззат алатынын олар түсінбейді. Көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев оттық жинаумен айналысқан, сөз зергері Ғабит Мүсірепов әр замандағы шылым қораптарын жинағанды ұнатқан екен.

Езуіңізге күлкі үйірілді ме? Informburo.kz тілшісі болмысы ерекше жандарды тауып, сұқбаттасып қайтты. Олар коллекцияны не үшін жинайды?

Пышақ ер адамға күш-қуат дарытады

Орыс әншісі Валерий Меладзенің қанжар, актриса Анджелина Джолидің пышақ жинайтыны туралы естігенбіз. Ал, жеке кәсіпкер Ұлықпан Мұхиядиновтың 27 пышақ, бір қылыш, 3 мылтығы бар. Топтама ретінде жинауды енді қолға алғандықтан, келешекте пышақ санын көбейткісі келеді. Әрқайсысы тарихтан сыр шертетін болса, бірден сатып алатынын айтады.


Ұлықпан аға жинаған пышақтарына қарағанда бойына энергия жиналғандай әсерде болады

Ұлықпан аға өзінің пышақ жинақтарына қарап, бойына энергия жиналғандай әсерде болады / Фото автордікі


– Кішкентайымнан аңшылық пен саятшылыққа құмар болып өстім. Әкем өзімен бірге алып шығып, қаршадай кезімнен аңшылықтың қыр-сырын үйреткен еді. Аңға шыққанда бір құрал-сайманың болмай қалса, ештеңе бітіре алмай қор боласың. Сондықтан өзімізбен бірге түрлі пышақтарды алып жүретінбіз. Қыстыгүні киім мен көліктің ақ түсті, жазда киімің жасыл, көлігің қара түсті болуы керек. Әйтпесе аңдарды үркітіп аласың.


Мына жиналмалы пышақ қайшы сияқты қағазды да тіледі

Мына жиналмалы пышақтың өткірлігі сондай, қағазды да тіледі / Фото автордікі


Биыл байқап қарасам, сыйға бергені, сатып алғаным, іздеп жүріп тапқандарым бар, пышақтың не бір түрі бейберекет шашылып жатыр екен. "Барлығын жинастырып қояйыншы" дедім. Менде Дағыстан, Якутия, Филиппин, Франция, Өзбекстан, Ресейдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан пышақ жасау өнерінің заманауи үлгілері бар. Немерелерім, туған-туыс, бауырларым, үйге келген қонақтарым көріп таң қалады. Қазіргі қоғамда қыз сияқты сызылған жігіттер қару-жарақ тұрмақ, пышақ жинағанды ерсі санайды, – дейді.


Біз барғанда пышақ саны 23 еді. Қазір ол қатарға Өзбекстанның 4 пышағы қосылыпты

Біз барғанда пышақ саны 23 еді. Қазір олардың қатарына Өзбекстанның 4 пышағы қосылыпты / Фото Ұлықпан Мұхиядиновтікі


Қазақтар "селебе", "жеке ауыз", "бұйда пышақ" жасаған

Ағартушы Шоқан Уәлиханов "Қазақ қару жасауды білген бе?" деген еңбегінде пышақтың бірнеше түріне тоқталған. Онда:

"Қазақтардың өздері кішкене қылыш тәрізді ұзын, түзу "селебе" мен "жеке ауыз" деген пышақтарды жасаған. Селебеден жеке ауыз сәл қысқарақ болады. Селебе мен жеке ауыз саптарының төбесінде белбеуге қыстыру үшін шығыршығы болған. Өздері соққан қанжарын я хиуа пышақтарын жанға салып жүрген. Әр қазақтың жанында, үйінде сабын киік, ешкі мүйізінен, болмаса, ырғайдан істелген бұйда пышақ болған. Бұйда пышақтың мойнына сақина салып бекіткен", – делінген.


1862 жылы Шоқан Уәлиханов өз қолымен салған

1862 жылы Шоқан Уәлиханов өз қолымен салған. Суретте селебе, жеке ауыз, бұйда пышақ / guns.allzip.org сайтынан алынды


Жазушы Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясының "Қаһар" романында: "Ол беліндегі күміс белбеуіне былғары қынды селебе таққан" деген сөйлемді кездестіреміз. Сонымен қатар, қазақы бәкінің де орны бөлек екенін айта кеткен жөн. Бәкімен ас үйдегі кез келген тағамды турауға болмайды. Көбінесе соғымбасы кезінде қолданған.

Неге "бұйда пышақ" деп аталған?

Уикипедияда: "Қазақтың қару ретінде қолданатын пышағының бірін бұйда пышақ деп атайды. Сабын киіктің немесе тауешкінің мүйізінен жасаған пышақты еліміздің кейбір өңірлерінде "сары мойнақ" деп атаған. Бірақ, кеңінен тараған атауы бұйда пышақ",– делінген.

Журналист Нұрсерік Жолбарыс "Бұйда пышақ" деген мақаласында мән-мағынасына тоқталған. Онда Ақсу ауылының тұрғыны, жылқышы Төлеу Мәншәріповтің әкесінен мирасқа қалған бұйда пышағын Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық музейіне өткізгені туралы жазылған. Жасалғанына жүз жылдан асқан пышақ.


Суреттегі бұйда пышақ болат темірден соғылған

Суреттегі бұйда пышақ болат темірден соғылған / Baq.kz сайтынан алынды


Бұйда пышақ – қазақ халқының шаншуға, түйреуге лайықталған өткір бір жүзді, басы түзу, болаттан соғылған жауынгерлік және аңшылық суық қаруының бір түрі. Қазақ сарбаздарының қоян-қолтық шайқастарда ұстап шығатын қаруларының бірі. Сабы жез, мыс тәрізді сары металлдардан әшекейленген бұйда пышақты қазақ "Сары мойнақ" деп атаған. Түйе мен өгіздің мұрнын тесіп, кендір мен жүннен жасалған бұйда жіпті байлап, жез орнатқанда ыңғайлы пышақ болғандықтан "бұйда пышақ" деген. Енді бір деректерде үзілуі қиын кендірден жасалған бұйданы бір салғанда-ақ қиып түсуімен байланыстырады.

Кәзинек деген не?

Пышақ негізі екі бөліктен тұрады. Олар: басы және сабы. Басының үшкір жағы – ұшы, оған қарсы жағы – жетесі деп аталады. Жетесі қысқа болса, пышақ сабын сағағына жақын тұстан тесіп, жетесімен бірге жалғыз шегемен шегелейді. Оны "жетім шеге" деп атайды. Себебі, мал бауыздағанда пышақтың жетесі сабынан суырылып кетсе, обал болады. Жетесінен шегеленген пышақты қазақ қалжыңдап "еркек пышақ" немесе "піштірілген" дейді. Пышақ сабының түбіне жетесі тойтарылған соң, металл құрсау кигізіледі. Ол өрнекпен безендіріледі.

Пышақтың кесетін өткір жағы – жүзі, ал оның қарсы жағы – сырты деп аталады. Қазақта "пышақ сырты" деген қалыңдық өлшемі бар. Пышақты оң қолға жүзін төмен қарата ұстағандағы жағы оң қаптал болады. Ол арнайы қыр қалдыра соғылады. Оны кәзинек деп атайды. Ол пышақтың қырын қалыңдатып, қатайту үшін қажет.

Сақинек деген де бар. Ол – пышақ, қылыш т.б. құралдардың сапқа жетесі сұғылатын жерін қысып тұру үшін мыс не күмістен жасалатын балдақ, мойнақ. Сақинектің түрлері көп. Олар: сіркелі сақинек (бетіне ұсақ түйіршіктен, сірке өрнегін салады); тасты сақинек (тас, шыны орнатады), темір сақинек (темірден жасалады).

Қанжарды қазақтар XX ғасырға дейін қолданып келді

Қанжар б.з. дейінгі І мыңжылдықтан қолданыла бастады. Сақтар басы түзу, екі жүзді, қысқа, кесу-сұғу арқылы зақым салатын "ақинақты" деп қолданған. Кейін бұл қарудан ұзын, екі жүзді семсерлер пайда болды. Содан кейін қанжар мен пышақ көшпелі жауынгер үшін соғыста көмекші қаруларға, ал тұрмыста күнделікті қолданатын бұйым түріне айналды. Сондықтан орта ғасырлардағы түркілердің қанжарлары сол кездегі ұзын семсерлердің формасын кішкене түрде қайталады. Қанжар, пышақтарда батырдың жаны орналасады деп сенген.


Екінші суретте "ақинак" дегеніміз осы

Мына ақинақ Атырау облысынан табылған / kazneb.kz сайтынан алынды


Қазақ қанжарының басы жетесімен бірге болаттан соғылып, сабы сүйектен, мүйізден, ағаштан жасалды. Қанжарды арнаулы қынына салып, белге іліп жүрді. Қанжардың қыны ағаштан жасалып, терімен қапталды. Кейбірі теріден немесе металдан жасалды. Мойнағы мен түбегін бедерлеу, қырнау, баспалау әдісімен өрнектейді. Мойнағына белге ілуге арналған жалпақ қайыс ілгек тағылды.

Ұлықпан Мұхиядиновтың топтамасында әзірге қазақы пышақтар жоқ

Ол "бұйда пышақ", "селебе", "жеке ауызды" жасайтын шеберлерді іздеп жүр. Ойында жүрген пышақтың түрлеріне тапсырыс беріп немесе сатып алғысы келеді. Өткенге үңіліп, өшкенді қайта жаңғыртуға талпынып жүргенін айтады.

– 2018 жылдың 21 желтоқсан күні Йордания астанасы Амманда Астана көшесі пайда болды. Тарихи сәтті тамашалауға ұлым да барып келген еді. Сарай ұстасы Сайд "Жамбай" (джамбия) деп аталатын қанжарды сыйға тартқан. Бізде "пышақты ешкім сый ретінде бір-біріне сыйламайды" деген түсінік бар емес пе? Соны ескеріп, ұлым 500 доллар берген. Негізгі бағасы – 500 мың теңге шамасы. Айта кету керек, бұл жамбай денсаулық, махаббат, батылдық сыйлайтын қызғылт сары ақық (сердолик) таспен безендірілген.


"Жамбай пышағыма қарасам, Сайид ұста есіме еріксіз түседі", - дейді Ұлықпан Мұхиядинов.

"Жамбай пышағыма қарасам, Сайд ұста есіме еріксіз түседі", – дейді Ұлықпан Мұхиядинов. / Фото автордікі


Йорданияда ұсталық өнер атадан балаға мұра болып қалып, осы күнге дейін үзілмей жалғасып келе жатыр. Сондықтан, көне пышақтардың заманауи үлгісін сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл пышақтың тарихы әріден басталады, – дейді Ұлықпан Мұхиядинов.

Йемен ерлері "жамбай" қанжарын әлі күнге дейін тағады

Солтүстік Йеменде ерлер тұрмақ балаларға дейін "жамбайды" сәндік үшін белдікке тағып алады. Бағзы заманда бұл қанжарды ақсүйектер ғана ұстаған. Жамбайға қарап, оның шені, атағының жоғары екенін түсінген. Баланы сүндетке отырғызғанда жамбаймен кескен екен. Көне заманның сарқыншағын мұрагерлік жолмен сақтап келе жатқан әулеттер ешнәрсеге айырбастамайды.

Жамбайдың екі немесе үш жүзі де өткір болады. Үш жүзді жамбайды XVIII ғасырда парсылар ойлап тапқан. Тікелей соққымен түйрей алмағанымен, тілгенге қолайлы. Жүзі әйгілі дамаск болатынан жасалып, тіпті 180 градусқа дейін бүгіледі. Қынабы бағалы тастармен көмкеріледі. Суық қарудың пішіні жануардың азуы мен тырнағына келіңкірейді. Қанжардың сабына қарап, әлеуетін анықтайтын болған.


Үш жүзді жамбайдың бейнесі 459 суретте көрсетілген

Үш жүзді жамбайдың бейнесі 459 суретте көрсетілген / loveread.ec сайтынан алынды


Ең абыройлысы - мүйізтұмсықтың мүйізінен жасалған қанжар. Өйткені, уақыт өте келе түсі қошқыл тартып, түтіндей сұр реңк береді. Мұндай пышақтарды сатып алуға тек бай-бағыландардың шамасы жетеді. Бағасы - 10 мен 50 мың доллардың шамасы (теңгеге шаққанда 3 млн 760 мың – 18 млн 802 мың теңге аралығы). Жамбай суық қаруға жататындықтан, сатып алар кезде арнайы құжатын талап етіңіз. Әйтпесе, заң алдында жауап бересіз.


2008 жылы Йемен шейхі Садека аль-Ахмар күзетшілермен бірге

2008 жылы Йемен шейхі Садека аль-Ахмар күзетшілермен бірге / forum.buza.su сайтынан алынды


Жамбай мен шибрияны шатастырып алмау керек

Түріктердің ятаған қылышы жамбайға ұқсас. Осман империясы кезінде жамбай жаппай таралып, Кавказға дейін жетті. Кейін олар "бебут" деп аталатын қанжарлары пайда болды. Малайзия, Филиппин, Ява аралдарының жауынгерлері жамбайдың пішіміне келіңкірейтін "крис" деген қанжарды пайдаланған.

Шибрия – бәдеуилердің пышағы. Түсінік үшін айта кетсек, бәдеуилер – Йордания, Палестина, Израилдың кейбір бөлігі, солтүстік Саудияны мекендеген көшпенді, малшы арабтар. Шибрияның өлшемі – бас бармақ пен шылдыр шүмектің арасы. Оның жүзі бір немесе екі рет бүгіледі. Екі рет бүгілсе, бағалырақ саналады.


Бұрын шибрияны бәдеуилер жауынгерлік мақсатта қолданса, қазір сәндік үшін тағады

Бұрын шибрияны бәдеуилер жауынгерлік мақсатта қолданса, қазір сәндік үшін тағатындар бар / ru-knife.livejournal.com сайтынан алынды


Қазір шибрияны шөл даланың күзетшілері, дәлірек айтқанда Йорданияның бәдеуи полициясы тағып жүреді. Бұрын қорғаныс мақсатында пайдаланғаны түсінікті.

Гүлбағила апа әр елдің 100-ден аса саптыаяғын жинаған

64 жастағы Гүлбағила апа Мәмбетқызы саптыаяқ жинауға құлшынысы зейнетке шыққаннан кейін артқан. Актриса Вера Глоголева өзі барып келген елінен саптыаяқтар жинаса, Бағила апаға басқалар әкеп береді екен. Ең алғашқы топтамасын қалай жинағаны жөнінде сұраған едік.

– Қаттама нанды отыз жылдан бері жасаймын. Шетелдіктерге қазағымның нанынан ауыз тигізсем екен деген ой бұрыннан мені мазалайтын. Әлдекімнің өзге елге кетіп бара жатқанын естісем, түнімен қаттама нанды пісіріп, шетелдіктерге беруін өтінетін болдым. Ал олар барған елінен естелік ретінде саптыаяқ әкеліп бере бастады. Байқағаныңыздай, мен үшін қаттама нан мен саптыаяқ егіз ұғымға айнала бастады. Бертін келе шетелдіктер дәмін татсын деген ниетпен "Қазақстан" шоколодын да нанның жанына қосып беріп жіберетін болдым.


сапт

Гүлбағила апа әрбір саптыаяққа қарап, сол елге барып келгендей әсерде болады / Фото автордікі


– Бірде жолдасым екеуміз Дубайға демалып келдік. Өзіме саптыаяқ сатып алған едім. Кейіннен қызым АҚШ-қа оқуға барғанда маған саптыаяқ алып келді. Міне, осылайша небәрі бес жылдың ішінде 100-ден аса саптыаяқ жиналып қалыпты. Енді тәрелкеге аңсарым ауып жүр. Апаларың – осындай қызық адам, – деп күлді Гүлбағила апа.


Топтаманы екі бөлікке бөліп, суретке түсірдік

Топтаманы екі бөлікке бөліп, суретке түсірдік / Фото автордікі



Шкафтың әрбір бөлігінің кілті бар. Қыздары Гүлбағила апаның рұқсатынсыз ашуға жүрексінеді /Фото автордікі


Біздің екі кейіпкеріміздің болмысы ерекше, өзгеше пайымдайтын жандар екеніне көз жеткіздіңіздер. Олар тірнектеп жинаған топтамаларына қараған кезде, бойына тылсым күш әсер еткендей қуат жинайды. Марқаяды. Өмірге деген құлшынысы арта түседі.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары