Тікелей эфир

Жылда ішімдікке әуес 2,6 млн адам көз жұмады. Маскүнемдіктен қалай арылуға болады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Аддиктолог Нұржан Тілеуберді ішімдікқұмарлықтан арылуға көмектесетін әдіс-тәсілдер туралы айтып берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа баяндамасындағы ақпарат бойынша, жыл сайын 2,6 миллион адам алкогольді мөлшерден тыс ішіп және 0,6 миллион адам әртүрлі психобелсенді заттар тұтынып көз жұмады. Бірінші сан жалпы өлім-жітім көрсеткішінің 4,7 пайызын құрайды. Осылардың ішінде ішімдікті мөлшерден тыс тұтынған 2 миллион адамның және психобелсенді заттар қолданып көз жұмған 0,4 миллион адамның ерлер екенін ерекше атап өту қажет.

Мұнымен қатар, баяндамада алкоголь ішіп ел қатарлы өмір сүру қабілеті бұзылған адамдардың саны 400 миллионға жеткені жазылған. Ішінде 209 миллион адам алкогольге ерекше тәуелді болған. Осы орайда Астана қаласындағы Тәуелділіктерді емдеу және оңалту орталығының аддиктолог маманы Нұржан Тілеуберді ішімдік құмарлықтан арылу процесінің қалай өтетінін және емді жылдамдатуға отбасының қалай көмектесетінін әңгімеледі. 

Алкогольді тұтыну АИТВ жұқтыру қаупін жоғарылатады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы Тедрос Адхан Гебрейесустың айтуынша, мұндай заттарды тұтыну денсаулыққа үлкен зиянын тигізіп, көптеген созылмалы және психикалық ауруларға шалдықтырады. 

"Жыл сайын соңы өлімге алып келетін жағдайлар көбейіп жатыр. Бұл қайғылы оқиғаларды, жарақаттарды және зорлық-зомбылықты арттыратындықтан, отбасылар мен жалпы қоғамға теріс әсерін тигізіп отыр. Бұдан да дені сау және әділетті қоғам құру үшін біз ойланбастан батыл шешімдерді қолға алуымыз керек. Осы шешімдер алкоголь тұтынудан денсаулыққа және қоғамға келетін жағымсыз әсерді азайтуға және наркологиялық бұзылуларды емдеудің экономикалық қолайлы әдістерінің қолайлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді ДДСҰ бас хатшысы Тедрос Адхан Гебрейесус.

Баяндамада алкоголь мен психоактивті заттарды тұтынуды азайту және олар тудырған бұзылуларды сапалы емдеуге қолжетімділікті кеңейту арқылы тұрақты даму мақсаттары шеңберінде 2030 жылға қарай 3.5 міндеттерін орындау үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін шұғыл жандандыру қажеттігі атап көрсетілген.

Бүгінгі таңда өлім-жітім көрсеткіштері 2010 жылмен салыстырғанда аз болса да, жыл сайын ішімдік құмарлық әлі де көптеген адамның өліміне себепкер болып отыр. Мысалы, 2019 жылы 2,6 миллион адам ішімдік ішудің салдарынан ажал құшты. Әлем бойынша ішімдік құмар мемлекеттер Еуропа мен Африка елдері болып отыр. 


Оқи отырыңыз: Психолог: Балаңыз маскүнем болмасын десеңіз, жастайынан спортқа беріңіз


Алкогольді тұтынудың бір литріне шаққандағы өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі табысы төмен елдерге тән, ал ең төменгі көрсеткіштер табысы жоғары елдерге тән.

2019 жылы алкогольді тұтынудан болатын өлім-жітімнің жалпы құрылымында 1,6 миллион өлім жұқпалы емес аурулардан туындады, оның ішінде 474 мың жағдай – жүрек-қан тамырлары және 401 мың жағдай – онкологиялық аурулар.

724 мыңға жуық адам жарақаттан, соның ішінде жол-көлік оқиғаларынан, өзіне-өзі зиян келтіруден және адамдар арасындағы зорлық-зомбылықтан қайтыс болды. Тағы 284 мың адам жұқпалы аурулардан көз жұмды. Алкогольді тұтыну АИТВ жұқтыру қаупінің жоғарылауымен қатар жүретіні анықталды, өйткені ол қорғалмаған жыныстық қатынас ықтималдығын жоғарылатады. Сонымен қатар иммундық жүйенің бірқатар реакцияларын тежейді, осылайша туберкулез инфекциясының өршуіне және өлімге бейімділігін арттырады.

2019 жылы алкогольді тұтынуға байланысты өлім-жітімнің ең көп үлесі, яғни 13 пайызы 20-39 жас аралығындағы жас ересектерде болды.

15-19 жастағылардың 23,5 пайызы алкогольге тәуелді – статистика 

2010-2019 жылдар аралығында әлемде жан басына шаққандағы алкогольді жалпы тұтыну аздап төмендеді – 5,7 литрден 5,5 литрге дейін. 2019 жылы жан басына шаққандағы алкогольді тұтынудың ең жоғары көрсеткіштері ДДСҰ Еуропалық аймағында (9,2 литр) және Америка елдерінің аймағында (7,5 литр) байқалды.

Орташа алғанда оны тұтынатын адамдар арасында алкогольді күнделікті тұтыну таза алкогольге шаққанда 27 граммды құрайды, бұл шамамен екі стакан шарапқа, екі бөтелке (әрқайсысы 330 мл) сыраға немесе екі стакан (әрқайсысы 40 мл) спиртке сәйкес келеді. Алкогольді ішудің бұл көлемі мен жиілігі бірқатар аурулардың және онымен байланысты өлім мен мүгедектіктің қаупін арттырады.

Деректерді жинау кезінде 15-19 жас аралығындағы топ өкілдерінің 23,5 пайызының алкогольді ішу әдеті болғаны анықталды. Бұл көрсеткіш Еуропа аймағында ең жоғары болды (45,9%), содан кейін Америка елдерінің аймағында (43,9%).


Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы екі ауылда кәсіпкерлер алкоголь сатудан бас тартып, қылмыс мүлдем азайған


Дәрігер не дейді

– Алкогольге тәуелділікті емдеу үшін қандай басты әдіс-тәсілдерді қолданасыздар?

– Біздің орталыққа ем іздеп келетін адамдардың психикалық және физикалық денсаулығы әртүрлі болады. Осының барлығын ескеріп әрбір науқасқа өзіне сай келетін ем түрін қолданамыз. Ол стационарлық ем түрі немесе оңалту болуы мүмкін. Ал жалпы ішімдік құмарлықтан арылуға көмектесетін негізгі үш әдіс-тәсіл бар. Олардың ішінде бірінші тәсіл үш айдан бес айға дейін созылуы мүмкін. Осы үш-бес ай ішінде біздің мамандар ішімдікке тәуелді адамның сана-сезімімен және ойлау қабілетімен тікелей жұмыс істейтін болады. Себебі тәуелділіктің қай түрі болмасын бұл бірінші кезекте адамның санасындағы қиындық. Оңалту барысында біз үшін адамның ішімдікке салынуына, емнің әсер етпеуіне не себеп болып отырғанын анықтау маңызды. Психологиялық себепті анықтаған кезде ғана адам оңалуға бір қадам жасайды. 

Маскүнемдікті емдеуге көмектесетін екінші әдіс-тәсіл – амбулаториялық бағдарлама. Бұл әдісті таңдаған адамдар біздің кеңсеге өздері келеді. Кейін мамандармен тікелей бетпе-бет сөйлесіп, өзіне сай келетін жеке бағдарлама құрылады. Іштей емделуге себебі мен мотивациясы бар адамдар жылдам оңалады. Ішімдікке құмарлықтан арылтатын үшінші тәсіл – "кодировка" – жамбасқа салынатын ине. Бұл жерде де адамның мотивациясы үлкен рөл атқарады. Әсіресе, қаржымен байланысты қиындығы бар адамдарға бұл аса тиімді, оңтайлы әдістердің бірі. Дегенмен рецидив болуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. 

– Ішімдікке салынған адамның тәуелділік деңгейін қалай анықтайсыздар?

– Бірінші консультация кезінде адамның тәуелділік деңгейін анықтауға тырысамыз. Алғашқы кездесу барысында ішімдікқұмар адаммен ғана емес, оның жақындарымен де сұхбаттасамыз. Осы сұхбат барысында ішімдікке құмарлық қай уақытта және қалай басталғанын анықтаймыз. 

– Емдеу тәсілін таңдаған кезде қандай факторларға назар аударасыздар?

– Отбасыға қойылатын басты шарттардың бірі – емделуге деген мотивацияның болуы. Отбасының қаншалықты дайын екені барлық тарап үшін маңызды. Әдетте көптеген ішімдікке тәуелді адам емге қарсыласады. Осындайда отбасымен көбірек жұмыс істейміз. 

– Маскүнемдікті емдеуге жақсы көмектесетін қандай дәрі-дәрмек түрлері бар? Бұл дәрілердің қандай теріс салдары болуы мүмкін? Дәрі-дәрмекпен емдеу әдетте қанша уақытқа созылады?

– Өкінішке орай, бір сәтте ішімдікке құмарлықтан айықтыратын дәрі-дәрмек жоқ. Тек детоксикацияны атап өтуге болады – яғни ағзаны тазалап, "кодировка" жасау. Алайда бұл тәсіл барлығына келе бермейді, оған да адамның мотивациясы маңызды. Ол өзінде тәуелділік проблемасы барын түсінетін адамдарға ішімдікке деген құмарлығын физика деңгейінде төмендетуге көмектеседі. 

– Емдеу процесінде психотерапия қандай рөл атқарады?

– Ішімдікқұмарлықтың психологиялық проблема екені түсінікті. Орталығымыздың мамандары адамды медицина тұрғысынан емдеп қана қоймай, науқастың жан-жарасының жазылуына үлкен мән береді. Осы тұста психолог мамандардың көмегі бәрінен жоғары тұрады және олар процесті жылдамдатады. 

– Сіз кеңес беретін қандай да бір арнайы оңалту бағдарламалары бар ма?

– Әлемнің және біздің тәжірибе көрсетіп отырғандай он екі қадамнан тұратын бағдарламаның әсері мол. Тиімділігініне көзіміз жетіп отырғандықтан, біз осы бағытта жұмыс істейміз. Оны қолдану барысында науқаспен ғана емес, оның жақындарымен, отбасы мүшелерімен тікелей жұмыс істейміз. Тіпті рецидив болатын науқастарға да сай келеді. 


Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстан облысында ішімдік пен есірткіге салынған 151 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді


– Рецидив жасайтын науқастармен қалай жұмыс істейсіздер?

– "Зиянды әдеттен толықтай арылдым, енді ішімдікке жоламаймын" деп бұрынғы әдетіне басатын адамдардың бар екені рас. Басқа науқастарға қарағанда олармен өзгеше әдіс-тәсілмен жұмыс істейміз. Бірінші кезекте ем барысында қай жерде қателескенімізді, нені ескермегенімізді іздейміз. Осы жіберіп алған жерлерімізді тапқан соң, емдеу процесі әрдайым оң нәтижесін береді. 

– Науқастар мен олардың туған-туысқандарына ем жақсы өтуі үшін қандай ресурстарға кеңес бере аласыз?

– Ішімдікке тәуелділік бұл бір адамның басындағы ғана дерт емес. Міндетті түрде отбасы мүшелеріне тиетін салдары болады. Осы орайда науқастардың жақындарына психологиялық топтарға баруға кеңес беретін едім. Аталған топтардың оң нәтижесін көріп отырмыз. 

– "Аноним маскүнемдер" секілді қолдау бағдарламаларының емде атқаратын рөлі қандай?

– Ем барысында "Аноним маскүнемдер" деген секілді топтар басты рөл атқарады. Біз міндетті түрде осындай топтарға қатысуға кеңес береміз. Себебі ол жай-күйді бір деңгейде ұстап тұруға көмектеседі. 

– Емдеу процесінде науқастың отбасының алатын орны қандай?

– Ішімдікқұмарлық тек науқастың басындағы проблема болмағандықтан, отбасының да қатар" емделуі", сауығу процесіне қатысуы маңызды. Консультация кезінде тәуелділік пен емде отбасының үлесі анықталады, оны міндетті түрде талдаймыз. Некедегі жарымен ғана емес, науқастың әпке-бауыр, қарындастарымен де жұмыс істейтін кездеріміз болады. 

– Емнен кейін рецидивтен сақтануға қандай сақтық шаралары көмектеседі?

– Науқас жазылып шыққаннан кейін оған бірнеше кеңес береміз. Ол орталыққа белгілі бір уақытта келіп қаралу, тексеруден өту, волонтер болу деген секілді кеңестер. Яғни, ішімдікқұмарлықтан айыққан адамға осы жай-күйін сақтап тұру үшін бұрын айналыспаған бір іспен айналысуы маңызды. Осы жаңа ісі дұрыс жолда жүруге көмектеседі. 

– Ұзақ мерзімді емді қалай бағалайсыз?

– Емнің бұл түрін жоғары бағалаймын. Себебі, адам қаншалықты ұзақ емделсе, ішкі тазалықты соғұрлым ұзағырақ сақтайды. 

– Енді ғана емделіп бастаған азаматтарға қандай кеңес бересіз?

– Адамдарға жақындарынан дер кезінде көмек сұрауға кеңес беретін едім. Өйткені Қазақстанда басыңа түскен қиындықты жақындарыңмен бөліспеу қалыпты дүниеге айналып келеді. Әдетте ішімдікқұмар адамның жақындары науқастың дерті туралы барлығы кеш болғанда біледі. Яғни мәселесі асқынып, қандай да бір қылмыстық істерге барғанда біледі. Кейін өмірінің барлық саласында проблема басталады. Бұл кімге де болсын ауыр. Сол себепті ішімдікқұмарлық сияқты проблеманы айту ұят болмауы керек деп ойлаймын. Науқас қандай жағдайда болса да, түсіністікпен қараймын. Біздің есігіміз әрдайым ашық, барлығына көмек қолын созуға дайынбыз. 


Оқи отырыңыз: Склероз, инсульт, маскүнемдік. Қандай науқастар Қазақстанда судья бола алмайды


– Қоғамда алкоголизмнің таралмауы үшін не істеуге болады деп ойлайсыз?

– Өкінішке орай, бүгінгі таңда дүкендерде алкоголь барлық жерде сатылады және бұл қалыпты дүниелер қатарына жатады. Ең қиыны маскүнем өзін дер кезінде тоқтата аламын деп ойлайды, өзінде проблема барын еш мойындамайды. Осы орайда қолжетімділікті тию мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. 

Серіктестер жаңалықтары