Үш адамдық технология
Суррогатия – ұрпақ әкелуге үш адам қатысатын көмекші репродуктивті технология. Бұл технологияны түсіну үшін алдымен келесі ұғымдармен танысып алу қажет:
- генетикалық әке – ұрықтандыру үшін өз ұрығын ұсынған және бала туылғаннан кейін әкенің міндеттерін қабылдауға келісетін адам;
- генетикалық ана – жұмыртқа жасушасын ұрықтандыру үшін берген және бала туғаннан кейін ананың міндеттерін қабылдауға келісетін адам;
- суррогат ана – ақылы не өтеусіз негізде баланы генетикалық ата-аналарынан көтеруге, босануға келісім берген және осы баланың анасы болуға үміттенбейтін әйел. Бала дүниеге келген соң генетикалық ата-аналар заңды ата-ана ретінде тіркеледі.
Құрсақ ананың қызметіне кез-келген жан жүгіне алмайды. Оған тек жасанды ұрықтандыру әдісі көмектеспейтін жұптар жүгіне алады. Олардың қатарына:
- жатырын алдыртып тастағандар;
- туа бітті жатыры жоқтар;
- босануға тыйым салынғандар;
- жатыры бала көтеруге жарамайтындар жатады.
"Жатырды жалға" алу мен берудің тәртібі ҚР "Неке (ерлi-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің тоғызыншы, яғни "Суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану" тарауының әрқайсы бірнеше бөлімнен тұратын 54, 55, 56, 57, 58, 59 баптарында көрсетілген.
Коммерциялық қарым-қатынас
Заңгер Нұра Тынысқызының айтуынша, тараптардың келісімімен, нотариалдық куәләндіру негізінде және медициналық мекемемен келісімшарт жасалады. Ананың денсаулығын қарап, тіркейтін және қадағалайтын орган – медициналық компания.
"Келісімшартта тапсырыс беруші тарап, өзінің қоятын шартын түгел көрсетеді. Яғни, балаға зияны тиюі мүмкін, шылым шекпеу, арақ ішпеу, бір жаққа бармау деген секілді талаптарын тізіп жазады. Тіпті жүктілік кезінде тамақтану мәзірін де жазып, сол мәзір бойынша тамағын әкеп беретін ерлі-зайыптылар болады", – дейді Нұра Тынысқызы.
Айтуынша, жалдаушы тарап ақы төлегеннен кейін талапты да өз қалауынша қояды. Ал суррогат ана келісімшартқа қол қойса, міндетті түрде орындауы керек. Яғни, бұл – таза коммерциялық қарым-қатынас.
Оқи отырыңыз: Суррогат болу – қажеттілік пе, бизнес пе?
Суррогат ана болу шартының мазмұны:
- ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) және суррогат ананың деректері;
- суррогат ананың күтіміне арналған материалдық шығыстарды төлеу тәртібі және шарттары;
- тараптардың шарт талаптары орындалмаған кездегі құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;
- 57 бапта көзделген өтемақының мөлшері және оны төлеу тәртібі;
- өзге де, оның ішінде төтенше оқиға жағдайлары қамтылуға тиіс.
Құрсақ анаға қойылатын талаптар:
- 18-34 жас аралығында болуы керек;
- дене бітімі келісті болғаны жөн;
- кемінде дені сау 1 баласы болғаны абзал;
- баласын табиғи жолмен босанған болуы керек;
- зиянды әдеттерден аулақ;
- сотталмаған болуы шарт.
- некеде болса, күйеуінің нотариалды расталған рұқсаты қажет.
"Ал келісімшарт бұзылған жағдайда оны сақтамаған тарап заң алдында жауап береді", – дейді Нұра Тынысқызы.
Шетел тәжірибелері
Бір қызығы, көрші Ресейде бәрі керісінше. Онда суррогат ана баланы биологиялық әке-шешесіне беруден бас тартуына болады.
Суррогатияға Германия, Франция, Испания, Польша, Португалия, Түркия, Жапония, Қытай және АҚШ-тың кейбір штаттарында үзілді-кесілді тыйым салынған. Ал суррогаттық бар көп елдерде бұл тек бала зәру отбасына перзент сыйлағысы келгендердің қайырымдылық әрекеті ретінде ғана қолданылады, яғни мұндайды альтруизм деп атайды. Атап айтсақ, Дания, Бельгия, Нидерланды, Ұлыбритания және Венгрия елдерінің тәжірибесінде бұрыннан бар. Ал ақша табу үшін бала туып беруге тыйым салынған.
Ал "жатырды жалға" беру мен алудың бизнесі дамып келе жатқан елдер мыналар: АҚШ-тың Калифорния, Арканзас штаттары, Ресей, Украина, Беларусь, Оңтүстік Африка, Грузия. Бұл тізімде Қазақстан да бар.
Әлемде бұл әдіспен қанша сәби дүниеге келгені туралы ресми мәлімет жоқ. Бейресми мәліметтерге сенсек, дүние жүзінде 200 мыңдай сәби өмірге келген.
Шариғатқа қайшы
Суррогат ана мәселесіне қоғамның көзқарасы әртүрлі. Біреулер баласы жоқ ерлі-айыптылар үшін таптырмас шешім деп есептесе, кейбіреулер үшін бұл – қылмыспен пара-пар қадам.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесі суррогат ана болудың шариғи үкімін шығарды. Пәтуа келесідей:
- Ерлi-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жұмыртқа жасушасын сырттай, арнайы түтiкшелерде ұрықтандырып, оны құрсақ ана қызметін атқаруға ризашылығын білдірген бөтен әйелдің жатырына енгізуге тыйым салынады.
- Әйел жатыры өзгеге жалға да, ақысыз да берілмейді.