Ғалымдар Аққайнардағы 5 мыңға жуық ежелгі суреті бар тарихи ескерткішке жойылу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Айтуынша, қазақстандықтар таңбалы тастардың үстіне өз есімін жазатын болған.
Аққайнар таңбалы тас кешені Жамбыл және Алматы облыстарының шекарасында орналасқан. Кешен Қазақстанның республикалық маңызы бар киелі ескерткіштерінің тізіміне енгізілген.
Ғалымдардың зерттеуінше, бұл суреттер б.з.д. XVIII-XII ғғ. аралығында салынған. Мұнымен қатар ғалымдар Аққайнарда тастарға таңбаланған бұқалардың суреті әлемдік маңызға ие екенін айтты. Олардың ұзындығы 4 метрге дейін жетеді.
"Аққайнар кешені Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін баға жетпес мұра. Оның әлем үшін ерекше орны бар екенін де атап өтпеске болмайды. Ежелгі суреттерді зерттеу барысында қола дәуірінен бастап осы аймақты мекендеген тайпалардың дәстүрі мен мәдениетінің қалай өзгергеніне көз жеткіздік. Дәл қазір осы кешенге қауіп төніп тұр", – деді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячев.
Ғалымның айтуынша, ескерткіштің жойылуына негізінен вандализм себеп болып отыр. Осы орайда олар мемлекет тарапынан қорғау шаралары қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, ол Аққайнар кешенінің қасиетті мұрасы кеңес кезеңінен жойыла бастағанын, бүгінде ескерткіш әскери полигонмен іргелес орналасқандықтан, әскери қызметшілердің ежелгі бейнелердің жанына, кейде үстіне өз есімін жазуды әдетке айналдырғанын айтты.
Жуырда ғана еріктілер Арқарлы кешенін вандализмнен сақтап қалған болатын. Арқарлыда қиыршық тас пен плиталар өндіретіндіктен, ежелгі петроглифтерге қауіп төнген еді.
Оқи отырыңыз: "Жыл сайын 60 млрд теңгені жерге көмеміз". Экологпен сұхбат
"Қазір біз осы мәселеге парламент мәжілісі депутаттарының назарын аударуға және олармен бірге қорғаныс министрлігімен байланыс орнатуға тырысамыз. Әскери қызметшілеріміз ел қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, болашақ ұрпаққа тарихи жәдігерлерді мұра етіп қалдыруға үлес қосады деген үміттеміз", – деді "Петроглиф аңшылары" ҚБ атқарушы директоры және үйлестірушісі Ольга Гумирова.
Аққайнар петроглифтік кешенін 2008 жылы Алексей Марьяшевтің басшылығымен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының экспедициясы ашты. Кешенді зерттеу толығымен аяқталған жоқ, Археология институтының мамандары ғылыми жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, кешенде қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне және түркі кезеңіне жататын 4-тен 5 мыңға дейінгі суреттер бар. Жалпы алғанда, олар б.з.д. XVIII ғасырдан бастап б.з. XIX ғасырға дейінгі 4 мың жылдық кезеңді қамтиды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге дайындық қалай жүріп жатыр? Фоторепортаж