Тікелей эфир

"Субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді". Қазақстанның кино нарығы туралы дубляж режиссерімен сұхбат

Назерке Лесбекқызы. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Назерке Лесбекқызы. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Назерке Лесбекқызының айтуынша, қазақша дубляжды дамытуға мемлекеттің қолдауы қажет.

Жуырда Kinopark кинотеатрлар желісінің басшысы Голливуд киноөндірушілерінің Ресейден кетуіне байланысты Қазақстандағы кинотеатрлар желісінің уақытша жабылатынын мәлімдеді. Осыған байланысты қоғамда "Қазақстан кинонарығының жай-күйі қалай болады?", "Фильмдерді қазақша дубляждай аламыз ба?" деген сауалдар туындап жатыр. Осы ретте Informburo.kz тілшісі дубляж режиссері Назерке Лесбекқызымен қазақша дубляж жетістіктері мен қиындықтары туралы сұхбат құрды.


Назерке Лесбекқызы – Aray Media Group компаниясында Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures сынды әлемдік студиялардың туындыларын қазақша "сөйлетіп" жүрген режиссер. Осы уақытқа дейін "Болашақ" қорының қолдауымен "Өзіңнен баста" атты шетелдік фильмдерді дубляждау жобасының аясында балалар мен ересектерге арналған 38 туынды қазақ тілінде "сөйледі". Олардың 9-ы "Оскар" марапатын иеленген.


– Шетел фильмдерін қазақша сөйлету туралы мәселе 2016 жылдары көтерілді. Алайда оған кинопрокатшылар қарсы шығып, нәтижесінде фильмдер қазақша субтитрмен шығатын болған. Одан бері 6 жыл өтті. Неге фильмдерді қазақша дубляждау мәселесі шешілмей келе жатыр?

– Бұл мәселе менің жаныма батады. Мен үшін субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіру секілді көрінеді. Өйткені, Қазақстанда тұрып, кинотеатрдан орыс тіліндегі фильмдерді көру ақылға қонымсыз. Қазақстанда субтитрді ешкім оқымайды да. Өйткені, бәрі орыс тілін біледі. Еш пайдасы жоқ дүние үшін ақша жұмсап жатырмыз. Мысалы, балаларға арналған фильмдердегі субтитрді ешкім оқып үлгермейді. Бұл балалардың құқығы бұзылып жатқанын білдіреді. Әр бала мультфильмді қазақ тілінде көруге құқылы. 


Оқи отырыңыз: "Энканто" анимациялық фильмінің қазақша дубляжы онлайн жарық көрді


– Жуырда Kinopark Голливуд кинокомпанияларының Ресейден кетуіне байланысты жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлады. Бұл жағдайды отандық киноөндірісті дамытуға пайдалануға бола ма?

– Дәл қазір бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Себебі, біз осы уақытқа дейін Disney-дің фильмдерін Ресей арқылы алып отырдық. Өзіміз бара алмадық. Енді Ресейдің жолы жабылғаннан кейін, өзіміз тікелей байланыс орнатуға тырысып жатырмыз. Бұйырса, жағымды жаңалық болып қалады. Осы сәтті пайдаланып қазақша дубляжды аяққа тұрғызуға мемлекет тарапынан қолдау керек. Өйткені, мәселе ақшаға кеп тіреледі. 

Бұл жерде кинотеатр басшыларына да айтарым бар. Қазақша дубляждалған туындыларды ыңғайсыз уақыттарға қояды. Прайм-тайм уақыттарда тура сол туындының орысшасын көрсетеді. Неге екенін сұрасақ, "сұраныс жоқ" дейді. Сұраныс бар, қазақша көретіндердің қатары артып келеді. Бірақ, сол көрерменге дайын туындыларымызды дұрыстап ұсына алмай отырмыз. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа қалалардағы кинотеатрлар кейде қазақша туындыларды репертуардан ерте алып тастайды. Бұл бізді қынжылтады.

Мұндай жағдай болмас үшін мемлекет бізге қолдау білдіруі керек. Мемлекет тірек болып тұрса, қазақша дубляж гүлденер еді. Біздің жұмысымыздың сапасы жоғары, ешкімнен кем емес. Disney компаниясының өкілі келіп, туындыларды көріп кетеді. Мысалы, "Энкантодағы" әженің қазақша дубляжын өте жоғары деңгейде бағалады. 

Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы Қазақстаннан төмендеу болса да, өзбекше дубляж саласы бұрыннан шешілген. Деңгейі мүлдем басқа, жоғары. Себебі, Кеңес одағы кезінде Ташкентте үлкен киностудиялар болды, соны сақтап қала алған. 

– "Энканто" анимациялық фильмі "Оскар" жүлдесін иеленді. Оны қазақша сөйлеткен Сіздер. Байқауымша, көрермендер қатарында кішкентай балалар өте көп болған секілді. 

– Бұның өзі қуантарлық жағдай. Өйткені, балалардың қазақша көруге ынтасы бар деген сөз. 2015-2016 жылдары қазақша дубляж мәселесі көтерілгенде біраз адам үрке қарады. "Оны кім көреді?" десті. Қазір біздің қазақша туындылардың жанкүйерлері көбейген. Бізге "Қазақшасы қашан шығады?", "Мына фильм орысша шығыпты, қашан аударасыздар?" деп жазатындар көп. Себебі, біз де кейіпкерлерді халыққа барынша өтімді әзілдермен, ауызекі қолданыстағы сөздермен сөйлетуге тырысып жатырмыз. Сонда көрерменнің қызығушылығы артады.

Қазір көрермендер біздің туындыларды "Осы жолы қандай әзіл қосыпты?" деп те қарайтын болған. Мысалы, біз "Лука" анимациялық фильмін дыбыстағанда "Жұмабектің бажасы", 42 500 теңге туралы қостық. Бұлар сол уақыттағы өтімді тақырыптар еді. Халық жақсы қабылдады. Көрермендер ду ете қалатындай әсері болды.

"Жан" анимациялық фильміне Димаш Құдайбергенді қостық. Ол да көрерменге өтімді болды. Тұсаукесерден шыққан көрермендер: "Біздің дубляж жаңа деңгейге көтеріліпті ғой" деп рахметін айтып жатты.

Дегенмен, қазақ дубляжына жарнама жетіспейді. Көрермендер әлеуметтік желіде бөлісіп, қолдау білдірсе, бір-бірін қазақша сөйлеген фильмге шақырса, басқа адамдардың да қызығушылығы артады. Әр туындыға кем дегенде 4-5 диалект қосып, сол кездегі өзекті саяси, әлеуметтік тақырыптарды да қамтуға тырасамыз. Тіпті "бір бала жақсы, екі бала өкініш орай" дегенді де қосқан едік. 

– Сіздер Walt Disney компаниясының Қазақстандағы ресми серіктесісіздер. Компания барлық студияға рұқсат бере бермейді. Бұған сіздер қалай қол жеткіздіңіздер?

– Шынымды айтсам, ол жағынан хабарым аздау. Біздің басты қолдаушымыз – "Болашақ" корпоративтік қоры. Студиямен, кинотеатрлармен сөйлесіп, бізге демеуші тауып береді. Оған алғысым шексіз. Олар бастамаса, қашан қолға алар едік, білмеймін. Дубляж жасалғанын бәріміз қалаймыз. Алайда ол өте үлкен жұмыс, қомақты қаражатты қажет етеді. Бір туындыны аудару үшін миллиондаған қаражат керек. Ал біз осы уақытқа дейін 38 туындыны қазақша сөйлеттік.

"Диснейдің" серіктес компанияға қоятын нақты талаптары бар. Ол құрылғыларға, акустикаға, қауіпсіздік қызметіне байланысты. Мысалы, туындыны жазу кезінде студияға бөтен адамның кіруіне рұқсат берілмейді. Оның бәрі "Диснейдің" қадағалауында болады. Студияға кіретін адам телефон, камера дегеннің бәрін әкімшіге қалдырып кетуі керек. Туындының тұсаукесері өтпей тұрып, белгілі бір кадрлары тарап кетсе, жауапкершілік қарастырылған. 

– Туындыларға қазаққа тән диалектілер, қоғамдағы өзекті әзілдерді қосасыздар. "Дисней" оған рұқсат ете ме?

– Рұқсат бар. Басында ресейліктер түпнұсқадан ауытқуға қарсы болатын. Кейін көнді. Өйткені, кейде түпнұсқадағы әзілдер біздің көрерменге түсініксіз болып қалады. Мәселен, "Жан" фильміне Димаш Құдайбергенді неге қостық? Себебі, түпнұсқада ағылшын әншісінің есімі аталады. Ал оны біздің көрермен танымайды. Бұл жерде басты мақсат – туындының қызықты жерін көрерменге "дәмді" қылып беру. Ол жағынан қазір "Дисней" бізге толық еркіндік берген. 

– Дубляж режиссері ретінде мәтінге қаншалықты араласасыз? 

– Толықтай. Фильмді аудармашыдан бұрын өзім көремін. Сосын аудармашымен бірге қазақша мәтінді бір тексеріп шығамын. Кейін мәтінді редакторға береміз. Одан келген мәтінді тағы бір рет тексеріп, аудармамен салыстырамын. Түпнұсқадан алшақтап кетпеуге тырысамыз. Редактордан кейін "укладчикке" береміз. Ол кейіпкердің аузына мәтіннің сай келуін қадағалайды. Мәтінді сол кісімен бірге тағы бір рет қараймыз.

Көбінесе "You" деген сөздердің аудармасын кейіпкердің аузына келтіруге қиналамыз. Ағылшындарда "йу" дыбысы сөздің басында айтылады. Ал бізде "у" әрпімен бітетін сөз аз. Сосын дыбыс жазу кезінде кейіпкердің аузының ашылып-жабылуына кей сөздер келмей қалады. Сол кезде тағы ауыстырамыз. Сол үшін басынан бастап, туынды әбден дайын болғанша мәтінмен жұмыс істеймін.

– Дубляж актерлерін де өзіңіз таңдайсыз ба? Олар қалай іріктеледі? Білуімше, Қазақстанда дубляж актерлерін даярлайтын оқу орындары жоқ.

– Иә, бізде дубляж актері деген мамандық жоқ. Кино және театр актерлері ғана бар. Сондықтан дубляж актерлерін өзім таңдап аламын. Ол үшін фильмді алғаш көргенде кейіпкердің мінезі мен дауыс ырғағына қарап, кім дыбыстай алатынын шамалап отырамын.

Мысалы, "Энкантоны" дыбыстау үшін өте үлкен кастинг өткіздік. Себебі, мюзикл жанрында болғандықтан, ән көп айтылады. "Энкантоны" көрген бетте Долорес деген кейіпкерден әнші Ayree-ді көрдім. Әні, дауыс ырғағы – бәрі келіп тұрды. Бас кейіпкеріміз Мирабельді дыбыстайтын адамды табу қиынырақ болды. Өйткені, үлкен роль, оның үстіне тез сөйлейді және ән айтады.

Бізде Disney-дің барлық ханшайымын Назерке Серікболова мен Шахназ Қызыханова дыбыстайды. Шынымды айтсам, басында Мирабельдің рөліне жаңа дауыс алғым келді. Кастингке небір талантты әншілер мен актрисалар келді. Бірақ роль өте күрделі болғандықтан, ешбірі жоғары деңгейде алып шыға алмады. Сосын Назерке Серікболованы бекіттік, бірақ дауысын төмендеттік. Себебі, түпнұсқадағы Мирабельдің дауысы сәл жуандау. Назерке ролін өте жоғары деңгейде алып шықты. Тіпті біздің тұрақты көрермендеріміз де Мирабельден оның дауысын тани алған жоқ. Бәрі жаңа адам деп ойлаған.


Оқи отырыңыз: "Оскар" жүлдесін алған ең үздік 20 анимациялық фильм


– Ал дубляж режиссері қазір оқытыла ма? Сіздің еңбек жолындағы алғашқы қадамдарыңыз қашан басталған едіңіз?

– Білуімше, қазір дубляж режиссері деген мамандық оқытылмайды. Біз соңғы түлектер екенбіз. Топта 11 студент болған едік, соның ішінде дубляжбен айналысып жүргені мен ғана. Өйткені, Қазақстанда дубляж әлі дамымай отыр. Қыздар тұрмыс құрған соң, басқа салаға кетіп қалды.

Дубляж режиссері ретінде тұсауымды Алматы қаласындағы Kazmedia Mobile деген жеке студия кескен. Ол жерде біз Balapan арнасының мультсериалдарына синхрон дубляж жасайтынбыз. Дубляж синхрон және дыбыстау болып екіге бөлінеді. Дыбыстауда түпнсұқа дыбыс естіліп тұрады. Синхронда толықтай қазақша дыбысталады.

Сол кезде кинотеатрда көрсетілетін туындылардың деңгейіне көтерілсем екен деп армандайтынмын. Қазір соған жеттік, шүкір. Кәсіби мамандармен жұмыс істейміз. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кастинг өткізіп, үздіктерді таңдап аламыз. Енді кастинг өтетін қалалардың қатарына Шымкент қаласын қосқым келіп жүр. Ол жақта да небір талантты актерлер мен актрисалар бар.

– Телеарналарда көрсетіліп жүрген түрік, үнді сериалдарының дыбысталуына көңіліңіз тола ма?

– Ол жердегі мамандарды кінәлауға болмайды. Бұл актерлердің, режиссерлердің кінәсі емес. Бюджет аз бөлінеді, тиісінше сапа да соған сай болады. Тәржімасына келсек, ол енді аудармашыға байланысты. Көбіне ақы мен уақыттың аздығы сапаға кері әсер етеді. Бірақ, қолға алу керек. Алдында "Никелодеонның" бір жобаларын аудардық. Сол кезде көзім жетті. Дегенмен, кез келген дүниенің сапалы шығуы үшін адамда алдымен бәрібір де азаматтық ұстаным, жауапкершілік болуы қажет. 

– Жазушылар жүрген жерінде кейіпкер іздеп жүреді. Сіз дауыс іздеп жүресіз бе?

– Иә, жүрген жерімнен дауыс іздеп жүремін. Басқаша тембр, ебі бар актерлер іздеймін. Дауыс реңкі бір ғана кейіпкерді дыбыстауға келетін, бірақ соның өзін керемет алып шығатын актерлер болады. 

– Қазақша дубляждың тұрақты көрермендері болмаса, көп адам кімді қай актер дыбыстап жатқанын тани бермейді. Мысалы, Ресейде Анджелина Джолидің дауысы, Бред Питтің дауысы дейтін дубляж актерлері бар. Бізде ондай актерлер бар ма?

– Бізде де қалыптасып келеді. Мысалы, "Малефисента" фильмінің екі бөлімінде де Анджелина Джолидің кейіпкерін Гүлназ Әуесбаева дыбыстады. Ол – қатқан қағида. Біз де сол принципті ұстанғымыз келеді. Берік Айтжанов – Джони Депптің қазақша дауысы. Заңғар Әбенов – Өрмекші адамның дауысы. Сол секілді тұрақты дыбыстап жүргендер бар. Бірақ, бізде дубляж әлі өз деңгейінде дамып, бір жүйеге түскен жоқ. Ресейдегі сияқты конвейер болса, бізде де солай қалыптасар еді. Бір актерге бір адамды бекіту – өте жақсы нәрсе. Мен оны қолдаймын.

– Дубляж актерлері көрермен залдан шығып жатқанда немесе сериал аяқталғанда көрсетілетін титрдің соңғы тізімінде болады. Осылайша, көпшілік арасында олардың сүйікті кейіпкерін кім дыбыстағанын білетіндер аз. Сіздің ойыңызша, көрермен дубляж актерін танып, бағалауы үшін не істеу керек?

– Әлеуметтік желіде тарата беру керек. Қазір әлеуметтік желілер тегін жарнама алаңына айналды. Оны біз тек тұсаукесер кезінде көп жасаймыз. Әрі қарай актерлердің еншісіндегі нәрсе. 

Серіктестер жаңалықтары