Бүгін Астанада KazAgro/KazFarm-2022 Орталық Азиядағы ең ірі ауылшаруашылық көрмесі басталды. Оған 20-дан астам елден 300-ден астам түрлі компания мен ұйым өкілдері өнімдерін ұсынған.
Көрмеге "элита" класының асыл тұқымды аталықтары, Еділбай, Гэмпшир, Дорпер, Қаракөл, Меринос, Цвартблес тұқымдары, Заанен сүтті ешкілері қойылды. Сонымен қатар асыл тұқымды қошқарлар мен ешкілер ұрығының аукционы ұйымдастырылды.
Шара барысында Informburo.kz тілшісі аукцион жүргізушісі "Республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы "Асыл түлік" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Болат Сейсеновпен сұхбаттасып, асыл тұқымды мал шаруашылығының жай-күйі, шетелдік және отандық асыл тұқымды малдарға сұраныс туралы сұрады.
– Неге біз шетелден асыл тұқымды мал не ұрығын алуға құмартып кеттік. Қазақтың өзінің Ақбас бұқасы, Еділбай қойлары әлдеқайда жақсы емес пе? Осыған қатысты пікіріңіз қандай?
– Өте өзекті сұрақ. Шынына келсек, қазір әлемдегі барлық мемлекет биотехнология саласында қаншама өзгерістер жасап, жаңалық ашып жатыр. Малдың күшеюі, еттің құнарлылығын арттыру бойынша түрлі селекция жасайды. Ол өте қымбат та емес. Білікті маман болса, өз елімізде де асыл тұқымды малдарды шығаруға болады. Өзіміздің атақты Еділбай, Ақбас тұқымымыз, қазір селекция бойынша шығарылған Әулиекөл тұқымы бар.
Бүгін көрмеде мекемеміздің бұқаларын көрсетіп жатырмыз. Көзге көрсетіп, мақтанатындай жағдайымыз бар. Түрі де, салмағы да келісті бұқалардың қанша ұрық беріп жатқанын, оны қайда пайдаланып жатқанымыздың бәрін көрсетіп, айта аламыз.
Үкіметтің, ғылыми-зерттеу институттарының да назарын аударып, биотехнологияны дамытуға жағдай жасау керек деп ойлаймын. Себебі, қазір шет мемлекеттерде ет экспортына сұраныс жоғары. Сол үшін селекция арқылы біздің Еділбай тұқымды қойларымыздың ет құнарлылығын арттыру керек деп ойлаймын.
Оқи отырыңыз: Еділбай, Қаракөл, Меринос. Астанада асыл тұқымды қошқарлар аукционы өтеді
– Ал шетелде селекцияланған асыл тұқымды малдар Қазақстанның табиғатына қаншалықты бейімделе алады?
– 2007-2010 жылдары ет экспортының бағдарламасы басталды. Сол кезде елге шетелден көп мал келді. Алайда, шынын айтсақ, біз оған дайын болған жоқпыз. Неге десеңіз, Қазақстанға сол арқылы көптеген мал ауруы кірді. Сосын елге әкелген асыл тұқымды малдың көбін жоғалтып алдық. Себебі, малдың біздің ауа райымызға, шөп құнарлылығына бейімделу кезеңі болады. Сол дұрыс болмады. Қанша уақыт өткенімен, Ангус, Герефорд тұқымдары енді ғана қалпына келе жатыр. Біз үш-төрт жылда үлгереміз деп ойлағанбыз, алайда бағдарламалар ерте басталып кетіп, оған дайын болмай қалдық.
Қазір халқымыз, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері ақырындап өзіміздің Ақбас пен Еділбай, жүнді-етті Меринос асыл тұқымды малдарын ұстауға көшіп жатыр.
– Тағы қандай асыл тұқымды малдарға сұраныс жоғары?
– Фермерлердің көбі басында субсидия беріліп, кредит алғаннан кейін шетелдік тұқымдарға әуес болады. Себебі, олардың жарнамасы жақсы. Содан тезірек табыс тапқысы келеді. Бұл – үлкен қателік. Себебі, олар біздің климатты, малды ұстау жағдайын ескермегендіктен, бәрібір соңында өз тұқымдарымызға оралады. Бұл сүтті тұқымдарға да, етті ірі қара малдарына да қатысты сөз.
Қазір Еділбай, Гиссар тұқымды етті қойларға деген сұраныс жоғары. Бәрі де сапалы ет сатумен айналысып, шаруашылығын дамытқысы келеді. Егер жайылымы мен жем-шөп базасы болса, сұраныстағы тұқымды ұстауға талпынады. Шаруалар малды жергілікті жағдайға бейімдеу, үйретудің орнына, тез сойып сатуға тырысады.
Сол себепті ірі қара мен ұсақ малдардың ішінде етті тұқымдарға деген сұраныс жоғары. Себебі, олар экспорт үшін тиімді. Әлемге сапалы ет керек.
– Олай болса, Қазақстанның қай өлкесі қандай асыл тұқымды малдарға жайлырақ?
– Біздің табиғатымыз әр өлкеде әр жерде әртүрлі. Мысалы, Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өңірлерін алсақ, қысы қатты болғандықтан, Мұғалжар, Жабы тұқымды жылқылар, сүтті ірі қарадан Қырдың қызыл сиыры, Симментал тұқымы, етті малдардан Ақбас, Әулиекөл, қазір әкеліп жатқан Ангус, Герефордтарға, ұсақ малдан Еділбайға жайлырақ.
Ал оңтүстік өңірлердің жазы ұзақ, қысы жылы болғандықтан, ол жақта көп төлдейтін қойларды ұстауға тырысады. Қазір ешкіге деген сұраныс та артты. Сонымен қатар жүнді, етті малдарға да сұраныс бар.
Батыс өңірдің климаты орталыққа жақын. Сондықтан ол жақта да қазақтың Ақбас тұқымы секілді етті мал ұстауға жайдай бар. Себебі, Батыс Қазақстан өңірі Кеңес одағы кезінен бері Ақбас тұқымымен танымал. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында өзіміз тұқымын алып отырған Шағатай тұқымды бұқалар бар. Ол басқа аймақтардағыдан өзгеше.
Біз әртүрлі тұқымды малдармен жұмыс істегендіктен, Батыс Қазақстанға бейімделген бұқаны Шығыс Қазақстанға да бейімдеуге тырысамыз. Кейін Шығыс Қазақстанға үйренген бұқаны Оңтүстік Қазақстанға бейімдейміз. Сол себепті де ғылыми институттармен, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен, Батыс Қазақстандағы, Солтүстік Қазақстандағы институттармен жұмыс істейміз.
Біздің негізгі міндетіміз – өлкемізге бейімделген және сұранысқа ие түліктерді түрлендіру. Бүгін аукционға тек қойлардың ұрығын шығарамыз. Себебі, қазір өндіріс уақыты. Адамдарға өзіміз жұмыс істеп отырған, елдің климатына бейімделе алатын Гэмпшир, Дорпер сынды тұқымдарды ұсынамыз. Олардың көбін өзіміздің Еділбай, қазақы қойлармен селекциялап, еттің сапасын арттырып отырмыз. Әлемдік тәжірибеде ет бренді, ет сапасы күн тәртібінен түспейді.
Оқи отырыңыз: Камриден қымбат қошқар. Гиссар тұқымы Қазақстанның қой шаруашылығын дамыта ма?
– Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында өзге қандай өзекті мәселелер бар?
– Жайылым мәселесі. Қазір біздің көп фермерлер қандай мал ұстаған тиімді екенін, қайсымен пайда табуға болатынын түсінді. Президенттің өзі жер мәселесіне мән беріп, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтарып жатыр. Сол арқылы ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Сосын жем-шөп мәселесі де өзекті. Су жетіспеушілігі байқалады. Құдықтар, мал суаттары дұрыс ұйымдастырылуы қажет.