Нұрсұлтан Асылов – Массачусетс университетінде оқып жүрген қазақстандық докторант. Ол 2022 жылы "Болашақ" бағдарламасының стипендиясын жеңіп алған. Бүгінде Нұрсұлтан лингвистика департаментіндегі әріптестеріне қазақ тілін үйретіп жүр.
Өзінің докторлық жұмысында ол мультилингвизм жағдайында түрлі тілдер арасындағы тепе-теңдікті сақтау тақырыбын зерттейді.
Нұрсұлтан Informburo.kz порталына берген сұхбатында лингвистика тұрғысынан алғанда қазақ тілін үйрену неліктен қызық екенін түсіндірді.
– Нұрсұлтан, Массачусетс университетінде қазақ тілінен сабақ бере бастауыңызға не себеп болды?
– Өзім жаңа тілдерді үйренуге құмар адам болғандықтан, лингвистика саласы бұрыннан жаныма жақын. Маған жаңа тілдердің логикасын, құрылымын зерттеген ұнайды. Сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы ағылшын тілінен сабақ бергенім бар еді.
Университетте оқып жүрген кезімде Сет Кейбл деген профессормен таныстым. Сол профессор менің қазақ тілінен сабақ беруіме жағдай жасады. Университет жыл сайын лингвистика департаментінің студенттері үйренуі тиіс бір тілді таңдайды. Ол тіл еуропалық тіл болмауы шарт. Олар ғылыми көзқарас тұрғысынан талдау жасайды. Қазір мен студенттердің қазақ тілімен танысуына көмектесетін кеңес берушінің рөлін атқарып жүрмін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
– Университет неліктен қазақ тілін таңдады?
– Оның бірнеше себебі бар. Мен қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін жақсы білемін. Оған қоса, бұған дейін сабақ берген тәжірибем бар. Қазақ тіліне қатысты дүниелерді жақсылап түсіндіріп, көмектесіп жіберетін адамды табу оңай емес. Сондықтан, департаменттегі профессорлар менің оларға пайдам тиеді деп шешкен секілді.
Бұған дейін қазақ тілін үйрету оқыту жоспарына кірмей келген екен. Қазақ тілі ол жақтағы студенттер үшін "бөгдеғаламшарлықтардың тілі" болып келген. Қазақ тілі өзінің құрылымы жағынан басқа да түркі тілдері секілді үнді-еуропалық тілдер тобынан ерекшеленеді. Сонымен қатар, кириллица қарпіндегі әліпби де тілді үйрену процесін одан сайын қиындата түседі.
Профессормен әңгімелескен кезімізде оны қазақ тіліндегі сөздер мен сөз тіркестерінің ерекшеліктері қызықтырған болар деп топшылаймын. Мен одан курсты қалай бастаймын, студенттерге қандай білім бере аламын деп сұрадым. Студенттер алғашқы сабаққа белсене қатысып, бірден қызығушылық танытқанда курсты әрі қарай жүргізудің дұрыс болатынын түсіндік.
Студенттерім тек АҚШ тұрғындары емес, олардың ішінде Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Мексикадан келген жастар да бар. Қазақ тілі курсы көбінің көңілінен шықты.
– Осындай өзгеше тілді үйрену студенттерге қиынға тиіп жатқан жоқ па?
– Қазақ тілі күрделі тіл демес едім. Тіл үйренгендегі басты нәрсе – оның логикасын түсіну.
Қазақ тілінен енді ғана сабақ беріп жүрген кезімде оның логикалық құрылымы таңғалдырушы еді. Біздің тілімізде иероглифтердің жоқтығы үйрену процесін едәуір жеңілдетеді. Бұл тілді бұрын-cоңды меңгермеген адамдарға ондағы кейбір дыбыстар ғана таңсық көрінуі мүмкін.
Кейбіреулер, мысалы, қ, ғ сияқты әріптерді айту қиынға соғады дейді. Сондай-ақ, кей студенттер ө, ү, ұ секілді дауысты дыбыстарды айта алмайды. Соған қарамастан, тілдің грамматикалық құрылымы өте түсінікті. "Мен сені жақсы көремін" деген секілді тіркестерді қазақ тілінде айту оңай. Бұл тілде еркін сөйлеп кету үшін адамға көп жыл сарп етудің қажеті жоқ.
Оқу процесінің соңында студенттерім көптеген тіркестерді түсініп, белгілі бір деңгейде лингвистикалық тәжірибе жинады. Олардың негізгі міндеті қазақ тілінде нені айтуға болатынын, нені айтуға болмайтынын ажырату болған еді. Біздің тілімізде лингвистикалық тұрғыдан қарағанда қолдануға болмайтын тіркестер кездеседі. Мысалы, cіз қатарынан екі рет ырықсыз етісті жаза алмайсыз. Сонымен қатар, студенттер "мен", "және" жалғаулық шылауларының арасындағы айырмашылықты түсінбей қателесіп жатады.
– Сіздің оқу бағдарламаңыздың мазмұны қандай болды? Оны оқу, аудио тыңдау, грамматиканы үйрену деп түрлі бөлімдерге бөлдіңіз бе?
– Көп адамдар тіл үйрену процесін қиындатып жібереді. Ал шын мәнінде тіл дегеніміз – өз ойымызды жеткізу үшін қолданатын нақты бір сөздердің жиыны ғана. Контекст болған жерде кез келген сөйлемді құрай салуға болады. Мен түрлі сөйлемдерді миымызда жай ғана тұжырымдаудың жеткілікті екенін үнемі айтып жүрмін. Біз мұндай жаттығуларды жасап та көрдік: отырып алып, "мына ойымды қазақша қалай жеткізсем болады?" деп ойланатын едік.
Алдымен қазақша есімдерді үйрендік, сосын тамақ атауларына қатысты терминдерге көштік. Енді қараңыз, адам аты мен тамақ түрін білеміз, енді бізге тамақ пісіруге қатысты бір етістік қажет. Мысалы, "Әлихан ет асып жатыр". Біз түрлі етістіктерді қолдана отырып, сөйлем құрауды үйрендік. Осылайша, адамның сөз қоры қалыптасады.
Студенттер "өзіңді қалай таныстырған дұрыс?" деп сұрағанда, мен "менің атым Нұрсұлтан" деп үйреттім. Олар "сенің атың" деген қалай болады дегенде, мен "сенің атың Нұрсұлтан болады" деп түсіндірдім.
Сабақтар көбіне "сұрақ-жауап" түрінде өтті. Студенттер алдын-ала сұрақтарын дайындап алып, сосын менен "былай деп айтуға бола ма?" деп сұрайтын.
– Университетте қазақ тілін үйретуді әрі қарай жалғастыра бересіз бе?
– Профессормен етене жақын араласып кеттік. Ол менің мұнда қазақша үйретіп жүргенім Қазақстанда резонанс тудырғанына қатты таңғалды. Профессор қазақ тілін жақсы көріп қалды, Абайдың "Қара сөздерін" кабинетінің есігіне іліп қойды. Алдағы уақытта менімен түрлі жобалар аясында бірге жұмыс істегісі келетінін айтты. Сондықтан, біз әлі әріптестігімізді жалғастырамыз деп ойлаймын.
– Студенттеріңіз Қазақстанға келгісі келмей ме?
– Қазақстан АҚШ-қа жақын ел болса, барып қайту қиын болмас еді. Бірақ, америкалықтардың көбі саяхаттауға аса құлықты емес. Оларға өз штатының не қаласының маңайында жүргені де жеткілікті.
Өкінішке қарай, көптеген америкалық студентке Орталық Азия туралы ақпарат жетіспейді. Алғашында мен студенттеріме қазақ тіліндегі әндерді қосып, фильмдерді көрсететінмін. Оның ішінде Қанат Бейсекеевтің Иран және Түркия қазақтары туралы деректі фильмдері де болды. Сонымен қатар, студенттерге қазақтың "шашу", "ауыз тию" сияқты дәстүрлері туралы баяндап бердім. Соңғы сабақта оларға бауырсақ, палау және басқа да тәттілер апарып, дәм татқыздым. Студенттер осының бәрін көріп, есту арқылы қазақтың мәдениеті мен тарихына бойлай алды деп ойлаймын.
Студенттерім тілдің этимологиясын түсініп, қазақ тіліне ықпал ететін түрлі факторларды талдады. Олар тарихи және мәдени өзгерістер (Кеңес одағы кезеңін қоса алғанда) тілдің қалыптасуына қаншалықты ықпал еткенін зерттеді. Осындай ықпалдың әсерінен туған сөз деп, мысалы, орыс тілінен енген "шәйнек" деген кірме сөзді атауға болады. Тағы бір мысал, "күнтізбе" сөзінің орнына орыс тіліндегі "календарь" сөзінің қолданылуы.
– Сіздің ойыңызша, қазақ тілін жоғары оқу орындарында үйрету арқылы шетелде танымал ету қажет пе? Неліктен?
– Мен АҚШ университеттерінде қазақ тілінен сабақ беретін жалғыз оқытушы емеспін. Мысалы, Индиана университетінің Орталық Азия зерттеу орталығында қазақ тілі қаншама жылдан бері пән ретінде өткізіліп келеді. Сонымен қатар, Вашингтонда "Болашақ" бағдарламасымен тағылымдамаға келетін студенттердің үлкен қауымдастығы бар. Бұл қауымдастықта қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты түрлі шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, Гарвард университетінде де қазақ тілі курсы ашылды.
Басқа елдерде қазақ тілі сабағын оқыту не үшін маңызды деген сұрағыңызға бірнеше себепті атар едім. Біріншіден, қазақ тілі – үйренуге өте қызық тіл. Екіншіден, қазақ тіліне байланысты не лингвистикалық, не ағартушылық зерттеулер жоқ. Қолда бар зерттеулердің көбі еуроцентристік көзқараспен шектеледі. Басқаша айтқанда, зерттеу пәні америкалық және еуропалық ғалымдардың көзқарасымен баяндалады. Ал, қазақтардың өзі әзірге көп зерттеу жүргізе қойған жоқ. Олардың аздаған бөлігі ғана ірі ғылыми басылымдарда жарияланып үлгерді.
Қазақстан – Орта Азияда саяси салмағы бар мемлекет. Америкалық зерттеушілер Орта Азия елдерін зерттегенде алдымен біздің елден бастайды. Бұл ғылыми ортада қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың бар екенін көрсетеді.
– Қазақстанда қазір қазақ тілін үйрететін орталықтар көбейді. Адамдар сол орталықтарға жаппай барып жатыр. Елдегі осы тренд туралы не айтасыз?
– Әрине, мемлекет ретінде біз қазақ тілін дамытуымыз қажет. Алайда, қазір елде азаматтарды қазақ тілін үйренуге ынталандыратын түрлі тәсілдердің жоқтығы проблема болып отырған сияқты. Менің ойымша, бізге тұрғындардың тілді үйренуге деген ықыласын оятатын механизмдер керек. Ол біздің мәдениетіміздің бір бөлігіне айналғаны дұрыс.
Мысалы, тұрғындарының басым бөлігі орысша сөйлейтін Астана қаласында тіл үйренуге стимул жетіспейтіндей көрінеді. Біз тілдердің тепе-теңдігін сақтауымыз қажет. Бірақ, оның соңы қызды-қыздымен ұлтшылдыққа ұласып кетпегені абзал.
Өзім блогшы ретінде көргенімді айтайын. Қазақ тіліндегі контенттің қаралымы аз. Соған қарамастан, мен ана тілімді өзгелерге таныстырудың маңызын түсінгендіктен, контентті екі тілде түсіремін. Тепе-теңдікті сақтаймын.
– Тілдердің тепе-теңдігін сақтау процесі екі тілдің араласып кетуіне әкелмей ме?
– Қазақстанда оқушылары тек ағылшын тілінде сөйлесетін көптеген мектеп тілдің дамуындағы тепе-теңдікті бұзып отыр деп санаймын. Мұндай қарым-қатынас ағылшын тілін бірінші орынға, ал қалған тілдерді екінші, үшінші орынға қою мәдениетін қалыптастырады. Ата-аналар егер балалары ағылшын тілін білсе, олар шетелдік танымал университеттерге оқуға түсіп, жақсы жерде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп ойлайды. Қазір біздің елімізде ағылшын тіліне тым көп мән беріліп отыр.
Дегенмен, бізге қазақ тілі мен орыс тілінің, сосын қазақ тілі мен ағылшын тілінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Ағылшын тілін үйрену процесі өзіңнің ана тіліңді дамытуды жоққа шығармауы тиіс екенін түсінгеніміз абзал.
Менің университеттегі зерттеу тақырыбым транслингвистика саласымен байланысты. Мен түрлі тілдер арасындағы тепе-теңдікке жету жолдарына мән беремін. Мәселен, "қазақ тілі аз қолданылып отырған шақта неліктен ағылшын тілі пәні оқытылады?" деп ойланамын. Осы тұста тіл мектебіндегі бір жағдай есіме түсіп отыр: біреулер менен "сіз неге оқушылармен орысша сөйлесіп отырсыз?" деп сұраған еді. Ол кезде оқушыларым ағылшын тілін білмейтін, сол себепті мен оларға ағылшын тіліндегі ең қарапайым сөздердің өзін түсіндіре алмадым.
Полилингвизм (көптілділік) нормаға айналған заманда өмір сүре отырып, тілдер арасындағы иерархияға жол бермегеніміз дұрыс деп санаймын. Басқа тілдерді жаныштай отырып, нақты бір тілге басымдық беру орынсыз. Тілдерді араластыра сөйлеу проблема емес. Себебі, бір тілдегі лингвистикалық тәжірибеңіз сіздің келесі тілді үйренуіңізге көмектеседі.
Ағылшын тілін үйренген кезде бізге ана тілімізді де ұмытпай, қолдап отыру қажет. Сонда тілдер арасында ешқандай бөлініс болмайды.