Тікелей эфир

Сатыбалды Нарымбетов түсіріп үлгермеген "Жаңғырықты" қос ұлы қолға алды. Түсірілім алаңынан репортаж

Фото: "Қазақфильм" АҚ
Фото: "Қазақфильм" АҚ
Асқар-Мұхит және Ескендір Нарымбетовтер фильмді түсіруді қолға алды.

Informburo.kz тілшісі Алматыдан 25 шақырым жердегі Долан ауылының маңында "Жаңғырық" тарихи фильмінің түсірілім алаңына барып қайтты. Мұнда "Қоянды жәрмеңкесі" декорациясы тұрғызылған.

Кинотуынды қазақ даласына жер аударған революционер, құнды этнографиялық жазбалар қалдырған поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің тағдыры туралы баяндайды.  

"Жаңғырық" фильмі – биыл 8 шілдеде өмірден өткен режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің идеясымен қолға алынған тарихи туынды. Поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің тағдыры туралы баяндайтын картина 2019 жылғы ақпан айының басында өндіріске жіберілген. Сол жылы қараша айында бұл жобаның түсіру жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты фильмнің түсіру жұмыстары тек биыл тамыз айында қайта қолға алынды. Фильмді түсіруге режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың қос ұлы Асқар-Мұхит (қоюшы режиссер) және Ескендір Нарымбетовтер (қоюшы оператор) бекітілген. Кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсіріп жатыр.

Актер Константин Демидов пен Дулыға Ақмолда. Фото: "Қазақфильм" АҚ

"Марқұм әкем осы фильмді қолға алғанда мен басқа тақырыптағы фильммен жұмыс істеп жатқан едім. "Қазақфильм" басшылығы шақырып, "сен де режиссерсің, өзің түсір" деді. Әкемнің көтерген тақырыбын жақсы түсінемін. Басқа режиссер өзгеше түсіруі мүмкін, ал мен әкемнің сценариімен жүремін. Оның рухы, кинорежиссурасы маған жақын. Өзі бір сахнаны ғана түсіріп үлгерді. Түсірілім алдындағы дайындықты жасап, актерлер мен нысандарды таңдады", – деді режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов.

Режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов. Фото: "Қазақфильм" АҚ

Алайда актерлерді іріктеуде соңғы шешімді Асқар-Мұхит Нарымбетов қабылдаған. Кастинг директоры Адольф Янушкевичтің рөлін сомдайтын актерді шетелден іздегенмен, соңында Петропавлдан тапқан. Режиссер Константин Демидовтың фотосуретін көргенде поляк жазушысына өте ұқсас екенін байқаған.

"Түсірілімді жалғастыр деген соң бір айда сценарийді қайта жазып шықтым. Бұрынғы сценарий бекітілген бюджетке сай келмейді. Сонда да одан алыс кетпеймін, өйткені бұл "Қазақфильмнің" өтініші және фильм әкемнен қалған естелік. Түсірілімді аяқтайтын уақыт, оған жұмсалатын ақша да азайып жатыр. Әкем жазған негізгі эпизодтарды, барлық деректі қалдырдым. Режиссер болғандықтан көркемдік тұрғыдан безендіруге хақым бар. Адольф Янушкевич, генерал Вишневский және Кенесары хан желісін алдық. Янушкевичтің өміріндегі ең қызық деректерді қамтитын "экшн драма" жасаймын деп шештім", – деді ол.

"Қоянды жәрмеңкесі" декорациясы

Бұл – ағайынды Нарымбетовтердің бірлескен екінші жобасы. Режиссер өзінің не қалайтынын інісі қоюшы оператор Ескендір Нарымбетов бір дегеннен түсінетінін, онымен жұмыс істеу ғанибет екенін атап өтті. 

"2018 жылдың соңында түсіруге рұқсат берілді. 2019 жылы әкем Сатыбалды Нарымбетов Нұрлан Санжармен бірнеше сценарийді редакциялады. Он төртке жуық нұсқа болған шығар. Бізге төртіншісі ұнады, бірақ оған қомақты қаржы қажет. Толықтай алғанда эпикалық ауқымды тарихи драма шығар еді. Өкінішке қарай, ондай қаржы бөлінбеді. Сәуірде дайындық жұмыстары басталып кетті. Жазда Қазақстанды аралап түсіретін орын іздедік. Варшавада өткен кастингте поляк актері бекітілді. Еуропадағы тарихи нысандарды да түртіп қойған едік. 2019 жылы 23 қазанда әкем қосалқы рөлдегі қос ғашық Айбек пен Жәмиләнің сахнасын түсірді. Әкем түсірген алғашқы әрі жалғыз сахна осы", – деді фильмнің қоюшы операторы Ескендір Нарымбетов.

Фильмнің қоюшы операторы Ескендір Нарымбетов. Фото: "Қазақфильм" АҚ

Бұл сахнада Сатыбалды Нарымбетовтің рухы, идеясы мен түпкі ойы, драматургиясы бар екенін, сол себепті материал фильмге енетінін айтты. Келер жылы мамыр-маусымда осы сахнаның бас-аяғы түсіріледі.

"Әкем Адольф Янушкевичтің оқиғасын Нұрлан Санжармен зерттеді, бірге сценарий жазды. Қазір төртінші сценарийге сүйенеміз, бірақ кей жерін толықтырып, кей жерін алып тастадық. Қолда қалған бюджетпен бастапқы жоспарлағанымыздай түсіре алмайтын болған соң бәрін қайта қарадық. Беларусьте түсіреміз деп едік, бірақ ол сахналарды Петропавлда түсірдік. Константин Демидов көп көмектесті. Туған қаласындағы тарихи ғимараттарды жақсы біледі екен. Әкімдік те түсірілімге рұқсат берді. Беларусьтің батысында Янушкевичтің зираты бар. Бір кадрды ғана түсірсек жетеді. Ол жаққа санаулы адам бара алатын шығармыз. Осында бейітін жасауға болушы еді, бірақ Еуропадағыдай әсер болмайды. Ақша табамыз деп ойлаймын", – деді қоюшы оператор.

Ескендір Нарымбетов жұмысты жалғастыруға келіскені үшін 2019 жылы жиналған түсірілім тобына алғыс айтты және мұны жобаға биыл қосылған режиссер ағасына көмек деп санайды.

"Бұл өте қиын, жауапкершілігі жоғары іс. Мәдени кино қауымдастығы Сатыбалды Нарымбетовтың ұлдарынан "шедевр" күтеді. Әкеміздің фильмі болмаса да, ол көздеген идеяны, рухты жеткізгіміз келеді", – деді Ескендір Нарымбетов.

Театр актері Константин Демидовтің бұл алғашқы толық метражды фильмі. "Жаңғырық" кинотуындысында басты рөл – Адольф Янушкевичті сомдайды. Ол журналистерге "Қазақфильм" жобасына қалай қабылданғанын айтып берді.

"Өнерге кездейсоқ келдім. Техникалық мамандықта оқып жүргенде студенттік театрға тап болдым. Үш жылдай сол жерде жүрдім де, шығармашылыққа бет бұрам деп шештім. Басқа қалада актерлік білім алуға мүмкіндік болмады, сол себепті өнер колледжіне оқуға түстім. Екінші курста театр режиссері байқап, сахнада өнер көрсетуді ұсынды. Ал мұндай фильмде ойнаймын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бір күні "Қазақфильмнен"  хабарласты. Шынымды айтсам, басында аса мән бермедім. Оған дейін Алматыдан қаншама рет "рөлге бекіттік" деп хабарласқанда Алматыда тұрмайтынымды айтатынмын. Мұны да сондай қоңыраудың бірі деп ойладым. Рөл мен мәтінді берді. Камера алдында оқыдым. Оларға ұнады да, мені жобаға шақырды. Сынамадан соң басты рөлге бекітті", – деді актер.

Константин Демидов поляк жазушысы Адольф Янушкевичті сомдайды

Рөлге ресми түрде бекітілген соң театр басшылығы маусымның ашылуына қарамастан Константинді жұмыстан босатқан, себебі басты рөл күнде бұйыра бермейді.

"Түсірілім командасымен жақсы жұмыс істейміз. Қиынға соғады деп қателесіппін. Бәрімен танысып, әңгімелескім келеді. Жадым мықты болғанда барлық түсірілім тобын жаттап алар едім. Рөліме келер болсам, мінезі маған жақын. Терең ойлы, уайымшыл, сезімтал адам. Сыртынан қарапайым көрінгенімен, ішкі рухы мықты. Өз елінде көрген қаншама қиындықтан соң шыңдалған, дегенмен өмірге құштарлығын жоғалтпаған. Мүмкіндік болса, Янушкевичтің табаны тиген жерлерді көзіммен көргім келеді", – деді Константин Демидов.

Бір ай бұрын басталған түсірілім жұмыстарын келер жылдың жазында, ал монтаждау мен дыбыстауды күзде аяқтау жоспарланған.

"Петропавлда бір аптада түсіріп тастадық. Бәрі таң қалды. Нәтиже командалық жұмысқа байланысты. Түсірілген жұмыстарды "Қазақфильм" басшылығы көргенде оң бағасын берді. Ескендір басынан әкеммен бірге жұмыс істеді. Оған толық сенім артамын", – деді Асқар-Мұхит Нарымбетов.

"Қоянды жәрмеңкесі" декорациясында Константин Демидов, Дулыға Ақмолда, Серік Қалиев, Максим Безкоровайный сынды актерлердің қатысуымен бірнеше сахна түсірілді. Түсірілім алаңында екі жүздей адам бар. Декорациядағы әр деталь көз тартады. ХІХ басындағы Адольф Янушкевич ауыл емшісімен танысады. Ол оны емдеп жазады. Екеуі базарды аралап, жыраулардың өнерін тамашалайды. 

Режиссердің сөзінше, негізгі әрі күрделі түсірілімдер Қапшағайда болады. Ол жақта Адольф Янушкевичтің жертөлесі тұрғызылған.

"Қапшағайда шағын ауыл жасаймыз. Бірнеше киіз үй тігіледі. Кейіпкеріміз ауылдан ауылға барады. Әкем Сатыбалды Нарымбетовтің идеясымен Адольф Янушкевичтің үйіне оралатын кадр келер жылы көкнар алқабында түсіріледі", – деді қоюшы оператор Ескендір Нарымбетов.

Сценарийде Абайдың әкесі Құнанбай да болған, бірақ бұл сахнаны басқа фильмде түсіреміз деп шешкен. Сатыбалды Нарымбетов "Кенесары хан" атауымен фильм сценариін жазып кеткен. Ұлдары басшылық келісіп, ақша табылса, түсіруге болатынын айтады. 


Фильмнің түсірілім тобы:

  • Сценарий авторлары: (Сатыбалды Нарымбетов), Нұрлан Санжар, Асқар-Мұхит Нарымбетов;
  • Қоюшы режиссері: Асқар-Мұхит Нарымбетов;
  • Қоюшы операторы: Ескендір Нарымбетов;
  • Қоюшы суретші: Алексей Шиндин;
  • Атқарушы продюсер: Серік Ыбыраев;
  • Басты рөлдерде: Константин Демидов, Дулыға Ақмолда, Андрей Белавин, Максим Безкоровайный және басқалары.
Серіктестер жаңалықтары