Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген көлемді сұхбатында зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстарға біржола тосқауыл қою үшін мемлекет тарапынан не істеліп жатқанын айтты. Ол бұдан былай әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілердің айналысатынын атап өтті.
"Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды. Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Тоқаев 2026 жылы тағы да президент сайлауына түсе ме?
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Мирас Жиенбаев мемлекеттің әрдайым қоғам пікірін ескере отырып, онымен тығыз байланыс орнатуға мүдделі екенін айтады. Мұнымен қатар ол масс-мәдениет құралдарымен зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбейтін қоғам қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы біздің қоғам үшін аса маңызды және президент оны үнемі бақылауында ұстап отырады. Ол қоғамдағы кез келген формадағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы жетілдіріп, реформалау қажет екенін атап өтті және жазаны қатаңдатуды да қолдайды. Қараша айында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі Қазақстан халқын дүр сілкіндіріп, қоғам жазасын қатаңдату туралы петиция ұсынды. Белгілі бір себептерге байланысты осы петицияның заңды күші болатынына күмәнданып отырған азаматтар бар. Дегенмен, мемлекет басшысы құжат қандай құқықтық формада болса да, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескерілетінін атап өтті. Осының барлығы мемлекеттің азаматтық қоғаммен диалогқа ашық екенін және олардың пікірін ескере отырып арада байланыс орнатуға дайын екенін көрсетті", – деді Мирас Жиенбаев.
Ол, сонымен қатар зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбейтін қоғам қалыптастыру аса маңызды екенін атап өтті.
"Мейлі фильм, мейлі масс-мәдениеттің басқа құралдары арқылы да жасауға болады. Жалпы, бізде кез-келген заңды бұзу, адамзат құндылығын аяқ асты ету, сый-құрметсіздік көрсету секілді әрекеттерді айыптау, жазалау абсолют догмаға айналуы тиіс. Біз әр отбасында болып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатқымыз келсе, оны бірден және қатты сынайтын қоғамға айналуымыз тиіс", – деді Мирас Жиенбаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев АЭС салу жайлы: Мұны халық шешеді
Сондай-ақ сарапшы мәжіліс депутаттары әзірлеп жатқан заң жобасының 2024 жылдың бірінші жартысында қоғам талқылауына шығарылатынын айтты.