Тікелей эфир

Қызылорданың тарихы – қасиетті Сыр тарихының алтын қазығы

Қамысқала – көненің көзі, өлмес мұралардың көмбесі. Арғы Ақмешіт – ғасырлар тоғысының өткелі.

Тұран ойпатының тамаша ордасы

Қызылорда облысының, әсіресе оның саяси-экономикалық және рухани ордасы – Қызылорда қаласының тарихы тереңде жатыр. Облыстың әкімшілік аумағы Тұран ойпатының ауқымды құмды-саздақ жазығында орналасқан. Облыс жерінің оңтүстігінде Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, солтүстігінде орталық Қазақстанның оңтүстік шетіндегі үштік-бор қыраты мен Қарақұм құмдары. Аймақтың ауқымды бөлігі – Сырдария өзенінің ескі атырауы.

Қызылорда қаласы – 1938 жылы құрылған облыстың әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, білім, ғылым және мәдени орталығы. Шаһар өзінің оңтайлы экономикалық географиялық орналасуымен ерекшеленеді. Жер аумағы 3683 гектарды құрайтын мұнда 2019 жылғы халық санағы бойынша 241416 адам тұрады. Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Талсуат, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма, Қарауылтөбе ауылдық округтері болып,1 қала, 2 кент, 7 ауылдық округ әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады.

Қызылорда қаласының тәуелсіздік жылдарындағы даму тарихы қазақ қоғамындағы үдерістерден бастау алды. 1993 жылғы басты оқиғалардың бірі мүліктерді мемлекет иелігінен алу мен жаппай жекешелендірудің басталуы болды. Еліміз бойынша 6 мыңнан астам нысан жекеге өтті. 

Қиыншылықтарға қарамастан, дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар мен әлеуметтік-экономикалық реформаны тереңдетудің бағдарламасын орындаудың жаңа жолдары қарастырылды. Нарықтық экономикаға өту негізінде жәрмеңкелер өткізу кең етек алды. Меншіктің көптүрлілігі, сауда-саттық, коммерцияның кең ашылуына қолайлы жағдай туғызды. 

Өтпелі кезеңде де қала өмірінде көптеген оң өзгерістер орын алды. Алдымен 9 жыл бойы салынып жатқан "Оңтүстік жылу орталығы" бір жылдың ішінде іске қосылды. Қаланың шағын аудандарында көпқабатты үйлер салу жұмыстары қарқынды жүрді. Экологиялық апат аймағындағы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында облыстың өз күшімен күніне 1200 адам қабылдайтын ірі медициналық диагностикалық кеңес беру орталығы салынып, пайдалануға берілді. ТМД елдерінде теңдесі жоқ 660 орынға арналған кешенді аурухана құрылысының негізін қалауға қаржы көзі табылды.

Арнайы экономикалық аймақ кезеңі Сыр бойына жаңа серпіліс әкелді. Ал 1999-2000 жылдар ел өмірінде саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени оқиғаларға толы жыл болды. Қалада жылу орталықтары, су және канализация басқармасы қаланың коммуналдық меншігіне өтті. "Жылу электр орталығы" АҚ банкроттыққа жіберіліп, орнына "Қызылордақуаторталығы" мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Қала бойынша негізгі сала – өнеркәсіп өнімінің көлемі жылдан-жылға өсуі байқалды. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2001 жылы 44,4 пайызға артты. Бұл жылдары қаладағы 30 өнеркәсіп кәсіпорындарының 25-і жұмыс жасаған. Қаланың ауыл шаруашылығы саласында ірілендіру, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді тиімді игерудің нәтижесінде 6080 гектар жерге дақылдар егілді.

Экономикадағы тағы бір жетістік – "қара алтынды" қызылордалықтардың игере бастауы еді. 2000-2001 жылдары "Ай-дан" және "ҚуатАмлонМұнай" терминалдарының іске қосылуы облыс экономикасының дамуына, әлеуметтік саланың гүлденуіне зор үлес қосты.

2004-2007 жылдары Қызылорда қаласын сәулеттендіру бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Облыс орталығында халыққа қызмет ету орталығы, қаланың оңтүстік аймағында "Сәулет" шағын ауданында 50 пәтерлік 2 тұрғын үй салынды.

Қала мен кенттердің инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға бірінші болып бетбұрыс жасалды. Жер асты суларын ел игілігіне пайдалануға және аймақты газдандыруды одан әрі жалғастыруға күш салынды.

2009 жылы қалада индустриялық-инновациялық даму стратегиясы шеңберінде жалпы құны 1207 млн теңге болатын 5 жоба іске қосылды. Республикалық және аймақтық индустрияландыру картасына енгізу үшін 25 жоба ұсынылды. Бағдарлама аясында осы уақытта 8 инвестициялық жоба жүзеге асты. Облыс халқы үшін маңызды жаңалық – "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық автокөлік дәлізінің құрылысының жүргізілуі еді. Бұл жолдың 814 шақырымының Қызылорда облысының аумағынан өтуі аймақтың өсіп-өркендеуіне серпін берді.

Әлеуметтік салада да жақсы жаңалықтар болды. Облыс орталығында "Мұз айдыны" іске қосылып, Бейбарыс  сұлтан  көшесінің бойынан әсем де сәулетті облыстық мекемелер үйі, Темірбек Жүргенов атындағы шығармашылық үйі, дарынды балалар мектебі пайдалануға берілді.

Шырайы артқан шаһар

Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Кейінгі кезеңдегі шаһар шырайының артуы мен көркеюі расында адам айтарлықтай өзгерді. Жасарып, жасанған өлкенің ажары күн сайын еселеніп келеді.

Жаңа көпірден өткен бойда "Болашақ" университетінің зәулім ғимараты қаланың шырайын одан әрі арттырып тұр. Оған қарсы бетте орналасқан "Жастар" орталығының мұнтаздай әсем бейнесіне көзіңіз тояды.  Сонымен бірге, жаңа көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Сол жағалауда құны 36,4 млрд теңгені құрайтын бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2,9 млрд теңгені құрайтын "Қан орталығының" құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Қала сәулетінің артуында көптеген азаматтардың дара қолтаңбасы жатыр. 1980 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан "Интегрострой" ЖШС директоры Бақдәулет Ысқақов шаһардың сол жағалауын өркендетуге үлес қосты.

"Біздің мекеме 1998 жылы бұрынғы облыстық "Агропромстрой" тресіне қарасты №1 ЖМК базасында құрылды. 1998-2012 жылдар аралығында облыс және аудандарда, Қызылорда қаласында көптеген құрылыс нысандарын салып, күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне пайдалануға беріп келеміз. Қала орталығындағы әсем ғимараттың бірі – Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананы, Бесарық ауылдық округіндегі әкімшілік ғимаратты, Айдарлы ауылындағы 150 орындық ауылдық клубты, Тасбөгет кентіндегі 140 орындық балабақшаны салдық. Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеріп жатқан көрікті тұрғын үйлер де "Интегрострой" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыстары екенін мақтанышпен айтуға болады. Сол жағалаудағы және СПМК-70/4 тұрғын кварталындағы 40,50,60,70 пәтерлі тұрғын үйлер халық игілігіне берілді. Кез келген өсіп-өніп, кемеліне келген адамның кіндік қаны тамған туған жеріне тағзым жасап, оның көркейіп, өркендеуіне өз үлесін қосуы перзенттік парызы деп білемін. Өңірдің құрылыс саласын дамытып, қаланы сәулеттендіруге үлес қосқаным үшін бақыттымын", – дейді ол.

Шаһардың дамуына жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, Сыр елінің көркеюіне сүбелі үлес қосып отыр. Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 31 млрд 700 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд теңгеге "Қорқыт ата" әуежайының жаңа терминалы салынуда. Терминал 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табысталады. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,7 млрд теңгеге "Анаға тағзым" орталығы салынып, пайдалануға берілді. "ҚазГермұнай" ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде 2,3 млрд теңгеге заманауи үлгідегі "Оқушылар сарайының" құрылысы басталды. 

Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге қала орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталып, шаһар шырайы артты. Дәл осы секілді демеушілер 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандырды. Биыл қалада құны 1,6 млрд теңгені құрайтын "Отбасы орталығы" бой көтерді. Сонымен бірге 3,7 млрд теңге болатын мың орындық "Өнер орталығы" ел игілігіне берілмек. Оған қоса құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі жаңа автовокзал құрылысы да салынуда. Бұл нысан жыл соңында пайдалануға беріледі.

Тіректі салалардағы толымды істер

Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары биыл қаңтар-қазан айларында 533 034,4 млн теңгенің өнеркәсіп тауарларын өндірді. Өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 91,3 пайыз. Кен өндіру өнеркәсібінде 417 203,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 89,5 пайызды көрсетті. Бұл – жалпы өнеркәсіп өнімінің 78,3 пайызы. Есепті мерзімде 2793,4 мың тонна мұнай өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 90,1 пайыз болды. Табиғи газ өндіру 359,8 млн текше метр, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайызға жетті.

Биыл қалада 28 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Облыстық бюджеттен 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына 11139 млн теңге бөлінді. Жеке инвесторлар қаражаты есебінен 35 мың шаршы метрлік 450 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй құрылысы салынуда. Сырдария өзенінің сол жағалауынан халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 634 пәтер сатып алуға 6322,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 34 пәтер сатып алынды.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 392 529 шаршы метр, өткен жылмен салыстырғанда 123,1 пайызды құрады.

"Ауыл – ел бесігі" жобасы шеңберінде Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен барлығы 3283,6 млн теңге бөлінді. Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінің 36,4 шақырым болатын 46 көшесін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 992,8 млн теңге қаралды.

Сонымен қатар, Ұлттық қордан Қызылжарма, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма, Талсуат ауылдық округтерінің көшелерін жарықтандыруға 639,1 млн, жаяу жүргінші жолдарын салуға 531,7 млн, жол салуға 1 061,3 млн теңге бөлінген.

Қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 36 871, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 34 018, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,3% артты. "Өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру" картасы аясында  жалпы құны 68,4 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда, оның бүгінгі күнге 4-уі іске қосылып, жұмыс жасауда.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 15 362,5 млн теңгені құрайтын 853 жоба қаржылай қолдау тауып, 1253 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде "Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы" аясында субсидиялау бағыты бойынша 8222,5 млн теңгенің 275 жобасына қаражат берілді.

"Қызылорда" өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы ЖШС арқылы өз қаражаты есебінен 621,5 млн теңгенің 71 жобасы қаржыландырылды. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы "Жастарға арналған несие" (2,5%) бойынша 128,8 млн теңгенің 29 жобасы, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ микрокредиттері бойынша 790,5 млн теңгенің 45 жоба қолдау алды. "Шағын және орта бизнес кредиттері бойынша ішінара кепілдендіру" арқылы 5 337,4 млн теңгені құрайтын 243 жоба қаржыландырылды.

Қызылорда – киелі топырағынан талай тұлғаны түлеткен Тұран өлкесінің тағылымды тарихында көптеген игі істердің қазығы қағылып, бүгінде қанатын кең жайған әсем қалаға айналды. Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы.

Айсәуле Қарапаева, "Сыр бойы" басылымы
(материал ықшамдалып алынды)

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары