Тікелей эфир

Қазақстанның 45 пайызы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Жаңа құрылыс кодексі не үшін қажет?

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Мәжілісте жаңа құрылыс кодексінің жобасын таныстырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырған болатын. Өткен жылдың соңында Үкімет жаңа құрылыс кодексінің жобасын Мәжіліске енгізді. Ал қаңтар айында сарапшылар мен бизнес-қауымдастықтар Үкімет мақұлдаған Құрылыс кодексімен келіспей, құжатты министрлікке қайта қарауға жіберуді сұраған еді. 

Жаңа кодексте қандай өзгерістер бар?

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннің айтуынша, жаңа кодексте реттеудің жаңа нысандары қарастырылған.

Олар:

  • Мамандарды сертификаттай отырып, бірыңғай цифрлық реестр құру;
  • Шұғыл әрекет жасау тетігі (бақылаудың құрылыс саласындағы заңбұзушылықтарды анықтайтын жаңа формасы)
  • Аяқталған құрылыс-монтаж жұмыстарының жай-күйін жоспарлы инспекциялау және объектілерді эксплуатацияға қабылдау процесіне МСҚББ және ТЖ органдарының қатысуы;
  • Құрылысқа берілген барлық рұқсатты тексеру. 

Еуропа Одағы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, мамандарды сертификаттайтын бірыңғай цифрлық реестр енгізілмекші. 

"Лицензия алушылардың бірыңғай цифрлық реестрін енгізу құрылысқа берілген рұқсаттың талапқа сәйкестігін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл нарықты заңсыз компаниялардан тазартып, құрылыс нарығында дұрыс бәсекенің болуына жола ашады. Реестрде нақты субъект туралы мәліметтер, тәжірибесі, біліктілігі және басқа да мәліметтер болады", – дейді Тимур Қарағойшин. 

Сонымен қатар, кодекске "Сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс ерекшеліктері" атты жаңа тарау енгізіледі. 2 жаңа реттеу институты құрылады деп жоспарланып отыр. Олар: сейсмикалық қауіпті бағалау және сейсмикалық тәуекелді анықтау. 

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қарағойшиннің айтуынша, соңғы жылдардағы зерттеу нәтижесі бойынша, Қазақстанның 45 пайызы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылған.   

"Нысандардың сапасын арттыру үшін құрылыс компанияларының сейсмикалық оқшаулағыш жүйелерді қолдануы, сейсмикалық қауіпті алдын-ала бағалау, құрылыс алаңын таңдау, сынақтар жүргізу бойынша кешенді шаралар қабылдау жоспарланып отыр", – деді Тимур Қарағойшин.   

Вице-министрдің сөзінше, жергілікті атқарушы органдар құрылыс объектілерінің сейсмикалық қаупі мен сейсмикалық төзімділігін бағалау үшін қауіпті өңірлерде паспорттауды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс. Cондай-ақ, кодекс жобасында цифрландыруға ерекше назар аударылған.

E-qurylys жүйесі құрылыс объектісінің барлық кезеңін қарауға мүмкіндік береді. Әсіресе объектілерді құрылыс уақытында онлайн бақылауға болады. Негізгі акцент құрылыс кезеңіне қойылмақшы: процестің ашықтығын бақылау, сапаны бақылау, техникалық қадағалау есебі, қабылдау акті, орындалған жұмыстың төлемі және тағы басқа. E-qurylys жүйесінде құрылыс саласы мен басқарудың автоматты реестрі мамандарын сертификаттау, тестілеу шаралары да жүргізіледі. 

Мәжіліс депуттары не дейді?

Депутаттар құрылыс кодексінің жобасы жетілдіруді қажет ететінін айтады. Асхат Аймағамбетов қазіргі уақытта мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жүргізу құқығы әкімдіктерде екенін айтып, оның тиімсіздігіне тоқталды. Сондықтан мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жүргізу құқығын республикалық деңгейге беруді ұсынды. Ал, Анас Баққожаев кодекс жобасын өзгерте бергеннен гөрі оның нәтижесіне көңіл бөлуге және ауылдық жерлерде жүргізілетін құрылысты оңтайландыру мәселесіне тоқталды. Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев мемлекеттік сараптаманы күшейтуге қатысты наразылығын былайша білдірді:

"Бірыңғай порталдың батырмасын қарап отырып, сараптаманы бақылай алмасаңыздар, оларға аттестат берсеңіздер, олардың бәрін құрылыс кодексі шеңберінде бір жерге топтастырғыларыңыз келіп отыр. Мұндай қатаң жағдайда жемқорлық қаупін қаншалықты жолға қоя аласыздар? Түркиядағы зілзаладан кейін мемлекеттік сараптама арқылы мемлекеттік бақылауды күшейту керек деген тоқтамға келдіңіздер. Бес қабатқа дейінгі үйлерге сараптаманы жеке компаниялар жүргізе алады. Егер мемлекеттік сараптаманы күшейтсеңіздер, жемқорлыққа қалай шектеу қоясыздар?"

Бұл сұраққа вице-министр Қарағойшин былай жауап берді:

"Қазір үкіметтен бізге "визуалды" түрде баға белгілеу міндеті қойылды. Егер бір жерде үй құлап қалса, зерттеу жүргіземіз. Ол зерттеуді нақты мемлекеттік органдарға жүктейміз. Жеке сараптамаларды жеке палатаға жолдаймыз. Олардың да мемлекеттік сараптама секілді қылмыстық жауаптылығы болуы керек. Олардың да палатасы бар, бірақ нақты әрекеті жоқ".

Ал, Болатбек Әлиев мемлекеттік сараптаманың монополиясы бұрынғыдан гөрі күшейе түскенін айтады.

"Бұлар 100 пайыз сараптаманың 80 пайызын жеке меншікке беріп, 20 пайызын мемлекет сараптама қылайық" деп отыр. 20 пайыз бен 80 пайыз сараптаманың салмағын салыстыруға келмейді. Өйткені барлық қаржы – 20 пайызда. Мектеп, аурухана, жол, көпір, үлкен ғимараттың бәріне сараптаманы мемлекеттік сараптама жасайды. Меніңше, бұл жерде тепе-теңдік болуы керек", – дейді Әлиев. 

Жаңа кодекс жобасына қатысты сыни пікірлер бұған дейін де айтылған болатын. Мәселен, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрайымы Ирина Манжанова кодекс жобасының мазмұны мен оның орындалу деңгейі сәйкес келмейтініне назар аударған еді:

Құрылыс саласынан хабары жоқ адамға жобаның қазіргі нұсқасы мінсіз құжат боп көрінуі мүмкін. Жалпы алғанда, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы кодекстің жаңа жобасын қолдайды. Десе де, бұл жоба инновация мен жаңашылдық деген атты жамылып, нормативтік құқықтық акт пен заңдарды бір құжатқа біріктірген конгломерат болып отыр. Өкінішке қарай, кодекстің концепциясы сол баяғы күйінде қалған".

Ал, сараптама ұйымдары палатасының төрағасы Бірлік Ережепов жаңа жобаның нақты концепциясы болмауы кесірінен оның жеке-жеке тараулары мен мазмұны бір-біріне қарама-қайшы келетінін айтқан болатын. 

Құрылыс кодексі мен оған ілеспе түзетулерді талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат Әбенов жетекшілік етеді. Жоба 205 баптан тұрады және онда қолданыстағы үш заңның нормалары біріктіріледі. Ілеспе заң жобасында 4 кодекс пен 13 заңға өзгерістер енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Астанада заңсыз салынған қанша үй бар? 

Астанада заңсыз құрылыс салу проблемасы бұрыннан бар. 2020-2022 жылдары мораторий кезеңінде өз бетінше салынған тұрғын үй объектілерінің саны 100-ден асқан. Соның салдарынан қазір 6 объектіге қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Мораторий қолданылу кезеңінде басталған 33 объектінде рұқсат құжаттарының болмауына байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылған. Заңсыз құрылыс объектілеріне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, құрылысты тоқтата тұруға сот шешімі шығарылған.

Бүгінгі таңда рұқсатсыз салынатын құрылыс объектілерінің саны 90 пайызға дейін қысқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін құрылыс-монтаждау, бағаналарды қағу сатысында тоқтатылған 9 құрылыс объектісі тіркелді.

Құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшалай қаражатын мынадай жағдайда ғана тарта алады:

  • тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
  • екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
  • тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Заңсыз мәміле жасап, зардап шеккен азаматтар Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 9, 324-кабинетке, "Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы" ММ уәкілетті органына хабарласуына болады.

Серіктестер жаңалықтары