Тікелей эфир

Қазақстанға "Талибан" экстремизмінен қандай қауіп бар?

"Неге?" ток-шоуының жаңа хабары діни экстремизм қаупін тақырып етуіне таяуда Ауғанстан билігіне экстремистік "Талибан" ұйымының келуі себеп болды.

Қазақстан діни экстремизм мен терроризмнен қатты зардап шегіп келе жатқан елдердің бірі. Тек биылдың жартысында экстремизм мен терроризмнен байланысты 139 құқық бұзушылық тіркелген. Тіпті, Қазақстанда оларға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Оның жалпы қаржыландыру сомасы – 270 миллиард 148 миллион теңге. Ал Ауғанстанның жаңа ресми билігі Тәжікстан шекарасына қарулы күштерін шоғырландыра бастауы қауіпті күшейтіп тұр. Бұл тақырыпқа қатысты ой-пікірлерін сарапшылар бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуында айтты. 

Тақырыпқа кіріспе

Ауғанстан 1919 жылы Ұлыбританиядан азат болғаннан бері елде соғыс бір тыншымай келеді. Ал ең ауқымды қақтығыстар жетпісінші жылдары басталды. Билік басына келген Нұр-Мұхаммед Тараки елді социалистік жолмен алып жүргісі келді. Кедейлердің қарызын қайтарып, алпауыт жер иеленушілердің иелігін елге бөліп, ерлер мен әйелдердің құқығын теңестірді. Тіпті, оқушылардың медреседе емес, мектепте білім алуы міндеттелді. Алайда, дәстүр мен дінге күрес жариялаған жаңа үкіметтің реформаларына халықтың басым бөлігі қарсы болды. 

1979 жылы ресми биліктің қарсыластары елдің бірқатар аймағын өз бақылауына алды. Мемлекеттің сарбаздары да лек-легімен солардың қатарына қосылды. Осы сәтсіздіктерден кейін мемлекет басшысы Таракидің абыройының тас-талқаны шықты. Ақырында Ауғанстанға Кеңес Одағының сарбаздары кіргізілді. Соның кесірінен азаматтық қақтығыстар жиһадқа, яғни, құдайсыздарға қарсы діни соғысқа айналды. Қарсыластар өздерін моджахидтер, яғни дін мен отан қорғаушылар деп атады.

Ұзақ уақытқа созылған соғыс миллиондаған адамның шетел асуына әкелді. Ауғандардың көбі алысқа емес, жанындағы Пәкістанға қоныс аударды. Бейресми ақпаратқа сәйкес, көшкендердің төрттен үші – 15 жасқа дейінгі балалар мен жеткіншектер. Пәкістан оларға медреседе білім алу мүмкіндігін берді. Ал медреселер діни партиялар мен арнайы мекемелерге тікелей бағынатын. Мұндай мекемелерді Парсы шығанағы мемлекеттері қаржыландырды. Бұл жерде АҚШ-тың да қолтаңбасы бар. Себебі, қаржылық операциялардың кейбірі АҚШ Орталық барлау қызметінің ақпараттандыруымен жүзеге асырылды.

Босқын балалардың сыртқы өмірмен ешқандай байланысы жоқ еді. Шәкірттерге, яғни тәліптерге "әлемді зұлымдықтан құтқару керек" деген ой сіңірілді. Осылайша, зұлымдық дегенді діндегі барлық жаңашылдықтар мен шариғаттағы қайшылықтар деп білетін жаңа буын өсіп шықты. Пәкістан шекарасында 2 мыңға жуық медресе сабақ берсе, ондағы оқушылар саны 200 мыңнан астам болды. Көптеген медреселер тек дінді оқытып қоймай, әскери шеберлікке де үйрететін. 

Қазақстанда тыйым салынған "Талибан" ұйымы осылай құрылған. Алайда, тоқсаныншы жылы тәліптер билік басына келгеннен кейін олардың шынайы бет-бейнесі ашылды. "Талибан" ұйымы Ауғанстанда орта ғасырдың өмір салтын орнатты: Ислам әмірлігі сайлау дегенді ұмытады, парламет жұмыс істемейді, конституция жазылмайды. Ресми билік мұның себебін өмір салтына қатысты барлық сауалдарға Құранда жауап берілген деп түсіндірді. Тәліптер жергілікті халыққа музыка тыңдап, би билеуге, теледидар көріп, фотоға түсуге, тіпті үй жануарларын ұстауға да тыйым салды. Әйелдердің жұмыс істеп, білім алуы тоқтатылып, ерлердің сақал-мұртын қыруына шектеу қойылды. 

"Талибанның" ішінде де фракция көп

Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбайыровтың айтуынша, биыл Ауғанстанның билік басына келген "Талибан" мен 20 жыл бұрын, 2001 жылы ел билеген ұйымның айырмашылығы бар. Ол уақытта ұйымды салафиттік көзқарастағы Усама бен Ладен басқарған болатын.

"Әрине, бәрін уақыт көрсетеді. Дегенмен, қазір біз жаңа ресми биліктің оң бастамаларын байқап отырмыз. Әрине, Аятолла Хомейни де уәде беріп, бір жылдан соң репрессия бастаған. Сондықтан, "Талибан" да бұлай істемейді деп кепілдік бере алмаймын. Бірақ, "Талибанның" ішінде де фракциялар барын ұмытпайық. Мәселен, Абдул Гани Барадар мен Якуб жетекшілік ететін либералды көзқарастағы фракцияның ұстанымдары жақсы. Ал Сираджуддин Закканидің фракциясы қатал ұстанымдарға ие. Егер либералды көзқарас басым түссе, онда жағдай әрі қарай жақсара түседі деп ойлаймын", – деді Асылбек Ізбайыров.

Заң ғылымдарының докторы, Қазақстандағы терроризм мен экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының жетекшісі Кәкімжан Бишмановтың пікірінше, Ауғанстан мен Тәжікстан арасында тұтанған соғыс өрті Орта Азияға таралуы мүмкін. Алайда әлемдік қауымдастық оған жол бермейді.

"Меніңше, бүгінгі таңда Қазақстанға қауіп жоқ. Ел ішінде "Талибанмен" қорқытып, үрей салу дұрыс емес. Ауғанстанда да сауатты, жаңалықтар оқитын адамдар бар. Олардың Қазақстан қорқып отыр екен деп ойлауына негіз бермеу керек. Қазақ – батыр халық", – деді Кәкімжан Бишманов.

Ислам Әмірлігінің мақсаты қандай?

Бұл сұраққа жауап берген дінтанушы Еркінбек Шоқайдың ойынша, "Талибан" бірінші кезекте өз мақсатына Ауғанстанда қол жеткізуге талпынады. Ол мақсат – Ауғанстанда өз билігін бекемдеу және шариғат тәртібін орнату.

"Біз қазір Ауғанстанның жаңа билігінің алғашқы қадамдарын бақылап, баға беріп отырмыз. Олар сыртқы әлеммен байланыс орнатуға талпыныс жасап отыр. Мәселен, Катарда олар АҚШ, ЕуроОдақ өкілдерімен кездесті. Мәселелер дөңгелек үстел басында талқыланды. Жағдай Еуропа мен Американың "Талибанды" мойындауына келе жатыр. "Талибанның" билік абсына келгені – тарихи факт. Кабулды басып алды. Ауғанстан түгелдей тәліптердің билігінің астында. "Талибан" егер әлемдік қауымдастық елдің ішкі істеріне араласпаса, олардың шарттарын қабылдауға дайын екенін жариялады", – деген Еркінбек Шоқай да Ауғанстаннан қазір соғыс қаупін күтуге негіз жоқ екеніне қосылды.

Дегенмен, оның ойынша, тәліптердің қазақстандық дін жолындағы жастарға ықпал ету қаупі бар. Тәліптерге фанаттық көзқарастағы, оларға қосылғысы келетін, олармен рухани байланыс орнатқысы келетін жастардың табылуы әбден мүмкін. Сондықтан дінтанушы ең бірінші кезекте осындай процестердің алдын алу керектігіне тоқталды.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 23 қазан күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Серіктестер жаңалықтары