2022 жылы Грекияның Родос аралында шахматтың рапид және блиц түрлерінен ұйымдастырылған чемпионатта үздік атанған, сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы рапидтен әлем чемпионы атанған ФИДЕ шебері Қазыбек Нөгербек алдағы жоспарлары мен ойында табысты болу үшін не істеу керегі туралы әңгімеледі. Мұнымен қатар, ол Қазақстанда енді жыл сайын өтетін KazChess Awards-та "Жыл жаңалығы" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
– Биыл бірінші рет өтіп отырған KazChess Awards шарасы аясында "Жыл жаңалығы" номинациясын жеңіп алдыңыз. Мұндай марапатты күттіңіз бе?
– Шынымды айтсам, дәл мұндай марапат маған бұйырады деп ойлаған емеспін, жеке өзім өткен жұмада естідім. Мүлдем күтпегендіктен, мен үшін үлкен мәртебе болып отыр. 2022 жыл мен үшін табысты болды – 18 жасқа дейінгі ерлер арасында блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атандым, классикалық шахматтан екінші орын алдым. Мұнымен қатар, Үндістанда өткен чемпионатта шахматтан Қазақстан ерлер құрамасының сапында ойнадым.
– 2023 жылға өзіңіз үшін нақты қандай мақсаттар қойып отырсыз?
– Гроссмейстер атануды мақсат тұтып отырмын, әрине, бұл үшін өте көп еңбектену қажет. Бұған қоса, Тимур Русланұлы, ата-анам және жаттықтырушыларымның көмегінің арқасында бұл мақсатыма жылдамырақ жақындай түсемін деп ойлаймын. Дәлірек айтсам, федерация бізге әлемнің жоғары дәрежелі шахматшыларын дайындаған жаттықтырушыларды жалдағалы отыр. Осындай дұрыс қадамдардың арқасында Қазақстанның шахмат құрамысының болашағы зор болады деген үміттемін.
Оқи отырыңыз: Динара Сәдуақасова Астана шахмат федерациясының құрметті президенті болып сайланды
– Шахматпен қанша жылдан бері айналысып келесіз?
– Биыл шахмат ойнап келе жатқаныма 13 жыл толады. Бұл логикалық ойын түрімен алты жасымнан бері айналысып келемін.
– Жуық арада қандай турнирлерге қатысуды жоспарлап отырсыз?
– Сәуір айында Астана қаласында өтетін Қазақстан кубогының бірінші кезеңіне қатысамын. Танымал мемлекеттерден көптеген гроссмейстер келеді деп жоспарланып отыр. Біздің де құрамамыз мықты болатыны сөзсіз. Қазақстанда жылдам және блиц шахмат бойынша, бұдан өзге, тағы басқа да чемпиондар арасында үлкен матчтар ұйымдастырып жатқанымыз барлық жағынан тиімді. Алда құрлықтық Азия чемпионаты өтейін деп жатыр. Бұл шаралар ел беделіне ғана әсер етіп қоймай, отандық ойыншылардың еркін ойнауына жағдай жасайды. Өйткені, өз жеріңде ойнағанда қабырғаның өзі де көмектесетін сияқты. Open турнирлерде рейтингті көтеру үшін жұмыс істейтін боламын.
– Шахматта табысты болу үшін не істеу керек?
– Бірінші кезекте, әрине, өте көп тәжірибе жинау үшін еңбектену керек. Екіншіден, маған халықаралық деңгейдегі турнирлерде қолданған әдістерді бақылаған өте жақсы көмектеседі. Көбінесе өз партиямда тәжірибелі шахматшылардың жүрісін қолданамын. Бұл үшін жаттықтырушы да қажет емес.
– Онлайн ойындар туралы ойыңыз қандай?
– 2020-2021 жылдары онлайн партияларды көп ойнаған едім. Шынымды айтсам, онлайн ойындарды онша құптай қоймаймын. Өйткені, бұлай көп ойнағаннан кейін офлайнға шықсаңыз, нәтиже міндетті түрде өзгеше болады, төмендейді. Оның үстіне, қарсыласыңды материяда сезіне отырып ойнау – бөлек дүние.