Оның айтуынша, Қазақстан қоғамының сыртқы атрибуттарға көп мән беруінің негізгі үш себебі бар.
Киім – мәдени не діни емес, әлеуметтік өлшемге ие
Біріншіден, киім – әлеуметтік нормалардың жиынтығы, діни, мәдени ұстанымдардың көрсеткіші, бизнес-этикеттің бір белгісі. Киім әлеуметтік өлшемге ие. Сондықтан, қоғам адамдардың киім киісіне қарап, одан бейсаналы түрде әлеуметтік нормаларға сай іс-әрекетті күтеді. Мұны бұрыннан келе жатқан мәдени культ деуге де болады. "Адамды киіміне қарай қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады" деген мәтелдің астарында да бір шындық бар.
"Сонымен қатар, әлеуметтану ғылымында "символикалық интеракционизм" деген бағыт бар. Осы бағытқа сәйкес, қоғамдағы кез келген белгі, атрибут, символ не киім болсын, белгілі бір мәдени, әлеуметтік ярлык тағады. Мысалы, адамның киіміне ярлык тағады. Сондықтан да, діни киінген адамнан діни іс-әрекет, басқаша киінген адамнан сәйкесінше өзгеше әрекет күтетіні қоғамның бір заңдылығы деуге де болады. Ал санада қабылданған осы нормаларға сәйкес келмей жатса, ол кезде адамдарда бейсаналы түрде қарсылық, интолеранттық пайда болады. Ол әр адамның бойынан әртүрлі сипатта көрінеді", – дейді әлеуметтанушы.
View this post on Instagram
Қазақстан өтпелі қоғамның кезеңін бастан кешіріп жатыр
Екінші себебі, толеранттық, интолеранттықтың (төзімділік не төзімсіздік) көріну деңгейі қоғамның даму деңгейіне де байланысты. Мысалы, немістің классик әлеуметтанушылары қоғамды "гемейншафт", "гезельшафт" деп бөлген. Гемейншафт қоғамда қауымдастық сана басым болса, гезельшафт қоғамда барынша индивидуалдық, қоғамдық, қалалық сана басым болады. Сонымен қатар, дәстүрлі қоғамнан кейін орнайтын модернистік, постмодернистік қоғамның даму сатылары бар. Одан бөлек, индустриалдық, постиндустриалдық қоғамның даму сатыларын да білеміз. Осылардың бәріне қарайтын болсақ, олардың айырмашылығы – мысалы, дәстүрлі, гемейншафт не индустриалды қоғамда, біздің қоғамдық санада әлеуметтік нормалар және әлеуметтік институттар болады. Сондай-ақ, қоғам мүшелері тарапынан әлеуметтік бақылау деген функция болады.
Бұл осындай дәстүрлі қоғамдарда басым болады. Бұл жерде діни, әлеуметтік, салт-дәстүр, құндылықтар мен ұстанымдар өзінің басымдығын көрсетеді. Сондықтан, біздің қоғамды толық постиндустриалдық, толық модернистік не постмодернистік қоғам дей алмаймыз. Себебі, сол қоғамның даму сатыларынан біз әлі толық өтпедік. Қазір Қазақстан өтпелі қоғамның кезеңін бастан кешіріп жатыр. Сол себепті, біздің қоғамда осындай әлеуметтік институттар, әлеуметтік нормалар, сосын қоғамдық бақылау күштірек болып отыр. Толерантсыздықтың байқалатыны да содан.
Қазақстан қоғамы әзірше субмәдениеттерді қабылдап отырған жоқ
Әлеуметтанушының сөзінше, үшінші себеп қазіргі Қазақстан қоғамында қалалардағы мультимәдениеттіліктің әлі толық қалыптаспағанында болып отыр.
"Бізде дәстүрлі түрде қабылданған басым діни не мәдени бағыттар ғана бар. Одан бөлек, Қазақстан қоғамы әзірше субмәдениеттерді қабылдап отырған жоқ. Сонымен қатар, бұл елдегі құқықтық жүйеге де байланысты. Қазір Қазақстан толық либерал-демократиялық құндылықтар үстемдік орнаған, толық құқықтық мемлекет деп айта алмаймыз. Заң жүзінде солай болғанымен, либералдық құндылықтар әлі де болса халықтың ұстанымдарынан толық көрініс тауып отырған жоқ", – дейді Айсұлу Молдабек.
View this post on Instagram
Біз өзімізді Еуропаның төріндегі мультимәдениетті Брюссельміз деп те айта алмаймыз. Миллионға жуық халқы болса, ол жерде қаншама ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Әлем-жәлем киінсе де, бір-бірімен ісі жоқ. Сондай-ақ, біз Нью-Йорк сияқты 8 миллионнан астам халқы бар, Стамбул секілді 15 миллионға жуық тұрғыны бар үлкен мегаполис те емеспіз. Ондай қалаларда субмәдениеттер өте қарқынды дамиды. Себебі, ешкімнің ешкіммен ісі жоқ.
"Қазақстанда ірі мегаполис дейтін Алматының өзінде 3 миллиондай халық бар. Ал республика бойынша халық саны небәрі 20 миллионға жетіп отыр. Сол себепті, біздің халық unusual, қалыпқа сай емес жағдайларды бірден байқайды. Ондай дүниелер әлеуметтік желілер арқылы тез тарап, хайпқа айналады. Қоғам тарапынан да түрлі реакциялар туады. Содан соң тобырлық санада қайшылық, табалау және тағы басқа реакциялар күшейіп кетеді", – дейді әлеуметтанушы.
Адамның киіміне қатысты қарсылық қай кезде туындайды?
Әлеуметтанушы бұл жерде ғалымдардың зерттеуіне сүйене отырып, 4 факторды атады.
- Біріншіден, адам қабылданған әдеп, норма, этикетке сай киінбесе;
- Екіншіден, әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты қарсылық туындайды. Мысалы, шенеуніктер ауылға не басқа бір ортаға өте бағалы киімдер киіп, алтын-жақұтын тағып барар болса, ол халықтың әлеуметтік-таптық қарсылығына тап болуы мүмкін. Себебі, дүние-мүлік те қоғамдағы қарама-қайшылық тудыратын бір себеп болып саналады.
- Үшінші фактор, егер адам мәдени, ұлттық, діни нормаларға сәйкес емес киінер болса, онда ол да қоғам тарапынан сынға ұшырайды.
- Төртіншісі, ол – гендерлік фактор. Дәстүрлі қоғамдарда әйел адам ер адамша, ер адам әйел адамша киінсе немесе жас адам үлкендерше, егде адам жастарша киінсе, олар да қоғамның наразылығын туғызуы мүмкін.
Айсұлу Молдабек сөзін "қазақстандықтардың адамның сыртқы көрінісіне, киіміне төзімсіздік танытуы қоғамның қазіргі даму деңгейіне сай келеді" деп қорытындылады.