Оның фотосуреттерінен күнделікті адамдарды көрмейсің. Оның жұмыстарында табиғи болмысы мен байырғы тіршілігін сақтап қалған адамдар таспаланған. Өркениеттен жырақтап қалған адамдар камераны алғаш көрсе де, қасқайып тұрып, асқақ рухымен жұртты тәнті етеді. Әңгіме әлемнің түкпір-түкпіріндегі, қиырда жатқан тайпаларды іздеп, тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін фотоға түсіретін белгілі фотожурналист Джимми Нельсон туралы. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Джимми Нельсон киіз үй ішінен фотостудия құрып, Астанаға тек қазақтарды түсіруге арнайы келген екен.
"Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арнайы фотостудия жасауға шақырылдым. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Ұлы дала дүбіріне әлемнің түкпір-түкпірінен көшпенділер бас қосты. Бірнеше күн бұрын келіп едім, кетуге қимай тұрмын. Керемет ұйымдастырылған іс-шарада ұлттық спорт түрлерін тамашаладым. Этноауылдағы қолөнер бұйымдары, ән-күй мен қазақ тағамдары тамсандырды. Көшпенділер ойындарындағы атмосфераны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Күрестің сан түрі, садақ ату, ат спорты, құсбегілік және өзге де түркі елдерінің ұлттық спорт түрлері көшпенділердің Олимпиадасындай рух берді. Саяси жағдайларға қарамастан тамыры тереңге жайылған тарихқа көз тігіп, ортақ мәдени мұра аясында бірігуіне куә болдым. Бұл маған ерекше шабыт берді. Ұйымдастырушыларға, қонақжайлығы мен жылы лебізі үшін қазақ халқына, фотосессияға қатысқан барша адамға алғыс айтамын. Қазақтардың келбетін әлемге көрсетуге асықпын", – деп жазды Джимми Нельсон Instagram парақшасында.
Ол қырық жылдан бері әлемді шарлап, байырғы халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрі арқылы адамзаттың сұлулығын паш етіп келе жатқан Джимми Нельсонмен аз-кем сұхбаттастық.
"Мұны жұмыс деуге келмейді. Бұл – құштарлық. Өмірімнің мәні осы. Алғаш 16 жасымда бастаған іспен қырық жыл бойы айналысып келемін. Табиғат пен адамдарды таспалаймын. Адамдарды, табиғат сұлулығын, салт-дәстүр ерекшелігін көрсетемін. Адамдар мені, мен оларды тауып жатамын. Әлемнің түкпір-түкпірінде көрмелер өткіземін. Кітаптарымды онлайн сатамын. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қазақтардың сұлу да ерекше келбетін түсіруге келдім. Қазақтар – қайратты, жаужүрек халық. Бет сүйегі шығыңқы, денелі, бойы күш-қуатқа толы, өз ерекшелігі, кімдігі бар халық. Адамдар сондай жып-жылы", – деді фотожурналист.
Джимми Нельсон 2011 жылы Моңғолиядағы қазақтарды фотоға түсірген. Қазақстанға алғаш рет келіп тұр.
"Қазақ халқы қонақжай екен. Астанада биік ғимараттар ғана болғандықтан табиғатты түсіре алмадым. Қазақстан табиғатын таспалау үшін тағы келемін. Қазақстан табиғаты адамдары сияқты әсем, бай деп ойлаймын. Соңғы сапарым деп ойламаймын. Қазақстанға қайта-қайта келгім келеді. Бұл жолы тек қана қазақтарды түсірдім. Енді мұны кітап қылып басып шығарамын", – деді ол.
Джимми Нельсон 1967 жылы Англияда туған. Әкесі геолог болғандықтан жастайынан жанында жүріп, Африка, Америка және Азияны аралаған. Мектепте оқып жүргенде аурудан бір күнде шашы түгел түсіп қалады. Нельсонның басы тақыр екеніне мектеп әкімшілігі де, құрдастары да жақтырмай қарайды. 1985 жылы оқуын тастап, адамдардың бәрі тақырбас болып жүретін жалғыз жер – Тибетке жалғыз кетіп қалады. Сыртқы әлемге ашылмаған Тибет табиғаты мен халқының тіршілігін таспалап, фотокүнделік басып шығарады. Бұл оның осы салада танылуына жол ашады. Одан кейін Нельсон коммерциялық жобалар түсіріп, адам аяғы тие бермейтін жерлерге саяхат жасап келеді.
"Әкем – геолог, ал анам дәрігер болды. Кішкентайымнан ата-анам шетелге шығып, жеті жасыма дейін әлемді бірге араладық. Содан кейін мені мектеп-интернатқа берді. 17 жасымда бір күні кенет шашым түсіп қалды. Өзім аң-таңмын. Тибетке саяхаттаймын деп шештім. Бір жыл жүріп, бүкіл елді аралап шықтым. Тибетті таңдауыма монахтардың басы қасқа болуы себеп болды. Арамызда байланыс барын сезген соң өздерімен кездескім келді. Сол кезде алғашқы фотосуреттерімді сата алдым. 17 және 24 жас аралығында фотограф-репортер болсам, одан кейін халықаралық брендтердің коммерциялық фотографы болдым. 2010 жылы жеке жобаларыммен айналыса бастадым", – дейді Джимми Нельсон.
2010 жылы Нельсон "Олар жойылып кетпейінше" (Before they passed away) деген әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан, байырғы тұрмыс тіршілігі мен мәдениетін сақтап қалған тайпалар мен байырғы халықтар туралы ірі жобаны қолға алады. Төрт жыл бойы Еуропа, Африка, Азия, Оңтүстік Америка және Тынық мұхитының оңтүстік бөлігін мекендейтін 35-тен астам байырғы тайпа өкілдерін фотоға түсіреді. Мақсаты – жаһандану заманында құрып бара жатқан байырғы халықтардың жер бетінен жойылып кетпейінше бірегей салт-дәстүрі мен өмір салтын таспалау, әлемге паш ету.
Бұл жоба жер бетінен құрып бара жатқан мәдениет өкілдерінің болашағы туралы ойлануға итермелейді. Ол кедейлік пен ауруға емес, құрып бара жатқан тайпалардың сұлулығына зер салады. Олардың алуандығы, денелерін бояп, ерекше киінуі кіршіксіз жандарының айнасы секілді. Фотожурналист жұмыстарында адам мен табиғат арасындағы үйлесімнің жойылып бара жатқанын көрсетіп, оқырман назарын адамның бастапқы қалпына аударады. Технология қарыштап дамыған заманда алғашқы тұрмыс-тіршілігіміз бен мәдениетімізді келер ұрпаққа мұра етіп қалдыра аламыз ба деген сұрақ қояды
Тайпа өкілдерін фотоға түсуге көндіру оңай болмаған. Джимми Нельсон қарулы топтарға кезігіп, бұғылардың шабуылына тап болған. Алыс сапарға шығып, адам үсіп қалатындай ауа райында жұмыс істеген. Оның әр кадрының артында көрген қиындығы мен қайтпас қайсарлығы жатыр.
"Сапарлардың бірінде апталап Ресейдің қиыр солтүстігін мекендейтін тайпаны іздедік. Оларды соңғы эскимостар дейді екен. Тайпа "Ненет" деп аталады. Қатты суыққа қарамастан оларды іздеп қаншама жол жүрдік. Алпыс адамнан тұратын шағын топтың нақты қайда өмір сүретінін ешкім білмейді. Байланысу ең қиын топ болды. Қиын да алыс сапар шегіп, бірнеше шатыр тігілген жерге келдік. Олардан бірнеше фотосурет жасасам бола ма деп сұрағанда "жоқ" деген жауап алдым. Алдымен олардың бір мүшесі болуға тура келді. Тайпа көсемі "Сіздер біздің өміріміздің бөлігі болуларыңыз керек, себебі қыста қақаған суықта, жазда аптап ыстықта тірі қалу үшін бір-бірімізге тәуелдіміз. Алдымен сіздер біздің өмір салтымызбен біте қайнасып, үйренулеріңіз қажет. Қалғанын содан кейін көреміз" деді. Солай біз олармен бір жарым ай тұрдық", – деді фотожурналист.
Өзін қарапайым ұстауы, әзілдеп сөйлеуі өркениеттен қол үзген тайпа өкілдерімен тіл табысып, сеніміне кіруге көмектескен. "Жер бетінен құрып кетпейінше таспалап алғым келеді" деген мақсаты кез келген қиындықты еңсеруге күш берген.
"Олардың алдында тура да, ауыспалы мағынада да кішкентай болуға тырыстым. Байырғы халықтар өздерінің үстем екенін сезінуі үшін олардың алдында иілуге тура келді. Бірнеше күн фотоға түсірген кезде менің осал екенімді сезінсін деп олардан аласа болуғы тырыстым. Бұл әрі фотопортреттерден олардың жаужүрек әрі өр мінезін көрсетуге әсер етті", – дейді Джимми Нельсон.
Нәтижесінде тайпа өкілдерінің бейнесін архивте сақтап қалатын, әрі оқырмандарды тамыры туралы ойландыратын "Before They Pass Away" атты құнды кітабы өмірге келді. Бұл еңбегінде Нельсон түсірген портреттер байырғы халықтардың абыройы мен сұлулығын көрсетіп қана қоймай, олардың бірегей өмір салтын сақтап қалу маңызды екенін еске салады.
"Тайпалар оқшауланған сайын, өркениеттен алыс болған сайын олармен тілдесу оңайға түседі. Олар өздерін қалай бар солай көрсетеді. Ал білімді, өркениетті адамдар керісінше жабықтау әрі секемшіл келеді. Ал тайпа сыртқы әлеммен байланысса, заманауи технологияларды пайдалана алса, онда бұл тайпалардың өкілдері мен секілді бөтен адамдарға күмәнмен қарайды, сеніңкіремейді. Мен үшін жалғыз қауіп – батыстағы іскерлік орта. Тайпа өкілдерінің алдына барғанда ақшаның еш маңызы жоқ. Оларға құрметпен қарасаңыз ешқандай қатер төнбейді. Өркениет деп жүріп кейбір тайпалар мәдениетінен, салт-дәстүрінен ақырындап теріс айналып жатыр. Олардың көпшілігі жойылуға шақ тұр. Тайпалардың бірегейлігін құрметтемесек, оларды жоғалтып алсақ онда қарыштап дамып жатқан әлем кедейлене түседі. Олар дамыған заманда өмір сүретін адамдарға қарағанда өздерінің сондай бай, дені сау екенін түсіне ме екен? Біз оларға ескерткіш қойып, сұлулығын мойындауымыз керек. Байырғы халықтар – біздің бастауымыз, тамырымыз. Біз қайтадан бір-бірімізден үйренуіміз керек. Олар кітабымнан өздерінің қаншалық керемет екенін көріп, өздері секілді адамдар әлі де өмір сүретінін біледі", – дейді Джимми Нельсон.
Джимми Нельсон күрделі бөлшектер мен жарқын түстерді алу үшін ірі форматтағы камераны қолданады. Ол бір ғана кадр үшін бірнеше күнін жұмсайды. Тайпалармен айлап бірге өмір сүріп, олардың өмір салты мен салт-дәстүріне терең бойлайды. Камера алдындағы адамдармен тығыз байланысы фотосуреттеріне бір қарағаннан біленеді. Байырғы халықтардың портретіне мұқият зер салғанда "жабайы", "мәдениетсіз" деген стереотиптер шытынап, олардың қайратты, үстем, батыл екене куә боламыз.
Бір сәтті фотосурет үшін алыс жол жүріп қана қоймай, бірнеше күн жарықтың жақсы түсуін күтеді. Мысалы, Моңғолияда күн бұлтты болғандықтан қажет жарықтың түсуін күткен. Құсбегілермен бірге шыңға қаншама рет шығып, сәтті кадрсыз қайтқан. Күн енді шықты дегенде суықтан қолы қатып, фотоаппарат түймесін баса алмаған.
"Құсбегілер жүрген тауда қатты суық болды. Әбден тоңдым. Суық болғаны сондай қолым камераға жабысып қалды. Ол кезде қолына ауыр бүркіт қондырған еркектер суықта дым болмағандай тұра берді. Бұл маған біртүрлі көрінді. Қиналып әрі көңіл күйім түсіп, жылай бастадым. Қолғабымды шешкен кезде қолым тас болып қалғаны сонша, фотоаппараттың түймесін баса алмадым. Бірнеше әйел болды, солардың бірі қолымды тонына салып, жылытпақ болды. Мұсылмандар үшін бұл ұнамсыз әрекет екенін кейіннен білдім. Алайда шарасыз түрімді көріп, қол ұшын созу үшін тыйымды аттап кетті. Әйтеуір фотосурет шықты. Содан бері бұл – ең сүйікті фотосуретім", – дейді фотограф.
Моңғолиядағы қазақтар бүркітті қолға үйретеді. Қашып бара жатқан түлкіні көргенде құс иесі ғана томағасын шеше алады. Фотограф адам мен құстың арасындағы ерекше байланысты байқаған.
2016 жылы ол Джимми Нельсон атындағы қорды құрды. Қор фотосурет, білім беру және баяндау арқылы мәдени алуандықты сақтау және әлемге паш етумен айналысады. Қор байырғы халықтардың тарихын айтуға және мәдени мұрасын сақтауға мүмкіндік беретін бастамалар мен жобаларды қолдайды.
"Толассыз өзгерістер болып жатқан әлемде үйлесімді өмірге оралу үшін байырғы мәдениет өкілдерінің даналығына үңілу қажет. Өзге мәдениетті түсінудің жалғыз жолы – оған еніп, сол мәдениетте өмір сүру, тыныс алу. Объектив арқылы жойылып бара жатқан мәдениеттердің өзіндік әдемілігін көрсетіп, өзгелерді олардың бірегей мұрасын сақтау мен құрметтеуге шабыттандырамын. Фотосуретті менің камерам емес, камера алдынағы адам жасайды. Камераны қалай қолданғаныңыздан гөрі басқалармен не бөліскіңіз келетіні маңызды. Суретте қандай мән жатыр? Қандай хикая айтқыңыз келеді? Мысалы, мен фотосуреттерім арқылы өркениеттен қол үзген байырғы халықтардың қаншалық бай, ал технологиялар қолжетімді біздің қаншалық кедей екенімізді жеткізгім келді. Бұл өмірде тек ақшада ғана мән жатқан жоқ. Материализм дами берсе ғажап мәдениетімізді жоғалтамыз да, әлемдегі тепе-теңдікті бұзамыз", – дейді ол.
2018 жылы Джимми Нельсон "Homage to Humanity" кітабын басып шығарды. Кітапта отыздан астам байырғы халықтың 400-дей фотосуреті бар. Оған қоса тайпа өкілдерінің сұхбаты, олардың мекендейтін орындарының инфографикасы, видеолар, сапары туралы ақпарат енген. Көшпенділер ойындарында түсірген жұмыстарын кейінірек көре аламыз.