Shon қоры белгілі ғалым, түркі-парсы зерттеулерінің маманы Джу Юп Лидің "Qazaqlïq және қазақтардың қалыптасуы. Постмонғолдық Орталық Еуразиядағы мемлекет және бірегейлік" атты кітабын аударып, басып шығарды.
Бұл – ағылшынтілді оқырманға постмонғолдық Орта Азиядағы қазақ феноменінің қалыптасуы және оның қазақтардың пайда болуымен байланысы туралы авторлық пікір ұсынған алғашқы кітап. 2016 жылы әйгілі Brill баспасында басылды. Джу Юп Ли осы еңбегі үшін 2017 жылы Орталық Еуразиялық зерттеулер қоғамының тарих және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ең үздік зерттеу сыйлығын жеңіп алды.
Түпнұсқа зерттеулерге негізделген ғылыми монографияда qazaqlïq аясында қазақтардың қалыптасуы мен қазақ бірегейлігі жан-жақты қарастырылған. Автор "қазақлық" сөзіне өз мемлекетін немесе руын тастап кету, шекаралық аймақтағы еркін халықтың өмірін қамтитын саяси көшпеліліктің бір түрі деп түсініктеме береді.
"Қазақлық" деген сөзде -лық жұрнағы уақыт ұзақтығы және қозғалыс дегенді, яғни қазақтардың өмір сүру тәсілін білдіреді. Монғол кезеңніне кейінгі Орта Азияда және Қыпшақ даласында "қазақлық" қашқын немесе босқын, қарақшы, шекара бойындағы қарақшы және қазақ деген мағыналарға ие болған. Қазақтардың құрылуын неліктен "қазақлы" тарихи контекстінде қарау керек деген сұрақ туындайды. Сол кездері елдің негізін қалаушы және билеушілер ең алдымен қазақтар болған. Оған дәлел – Әмір Темір, Тоқтамыс хан, Әбілқайыр хан, Жәнібек және Керей хан, Мұхаммед Шайбани және Бабыр. Жаңа мемлекеттердің құрылуында қазақлықтың маңызы зор", – деді зерттеу авторы Джу Юп Ли кітаптың тұсаукесерінде.
Оның сөзінше, орта ғасырларда кейбір көшбасшылар қиындықтарға тап болып, шекара маңындағы аймақтарға қашуға тура келдген. Мемлекет күштері әлсіз болғанда күнелту үшін қарақшылықен, тонашулықен айналысуға мәжбүр болған. Өзін көрсете білген басшылар айналасына жауынгерлерді жинап, саяси және әскери қуатын күшейте түскен. Қазақтар билікке келген соң егеменді ел құрып, хандыққа айналған. Тарихшы мұны теория ғана емес, болған шындық дейді.
"Зерттеуімде көшбасшыларды өзім таңдап алмадым. Олар сол заманда шынымен қазақлықпен айналысқан. Дереккөздердің бірінде Әмір Темірді "қазаққа айналып, 24 сағат бір жерде отыра алмады, қарақшылықпен айналысып, қолына түскеннің бәрін тонады" деп жазылған. Тоқтамыс хан да қазақ болып, Жәнібек пен Керей ханның бабасы Ұрыс ханнан бөлек шыққан. "Шайбанинамада" Әбілқайыр ханның да қазақлықпен айналысқаны жазылған", – деді Джу Юп Ли.
Автордың айтуынша, "Тарих-и-Рашиди" кітабында "Керей мен Жәнібек қашып, халқынан бөлініп, біршама уақыт ас-сусыз, өмір сүруге қажет заттарсыз қалды. Даланы мақсатсыз кезіп жүрген оларды "қазақ" деп атай бастады" – делінген. "Бахр әл-асрар" кітабында Керей мен Жәнібекті Моғолстанға келгеннен кейін уақытын қалмақтар мен қырғыздарды тонаумен өткізгенін, шекара маңындағы жерлерде қасқыр секілді ұрлықпен айналысқанын, сол себепті бұл топты "қазақтар" деп атағаны жазылған".
"ХIV-XVI ғасырда Орталық Азияда бірнеше билеуші қазақлықпен айналысқан. Әбілқайыр ханнан бөлек кеткен Керей мен Жәнібек қазақ атанып, шығыс Қыпшақ даласының билеушілеріне айналды. Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбаниға да қазақ болды. Оған Бабыр хан мен Темір әулетінің ханзадаларын қорғауға тура келды. Бабыр да Ауғанстанда қазаққа айналды. Қазақлық монғол кезеңінен кейінгі Орта Азияда жаңа мемлекеттердің құрылуында маңызды рөл атқарды", – деді ғалым.
"Qazaqlïq және қазақтардың қалыптасуы. Постмонғолдық Орталық Еуразиядағы мемлекет және бірегейлік" кітабы мынадай сұрақтарға жауап береді:
- Орта Азиядағы түрік қазақлық феномені мен Қара теңізі маңындағы славяндық казак феномені арасындағы байланыс қандай?
- Қазақлық қалай Керей мен Жәнібек ханның дербес қазақ бірегейлігінің пайда болуына әкелді?
Автор оқырмандар өзінің көзқарасымен келіспеуі мүмкін екенін айтып, өзін осы теорияны жазып қалдырған Шоқан Уәлихановтың шәкірті деп қабылдауды өтінеді.
"Шоқан Уәлиханов қазақтардың даланы кезген көшпенділер тобынан шығып, олар қазақлық өмір салтын ұстанғанын, XIV ғасыр соңында олар аштықтан және биліктің озбырлығынан Сырдариядан солтүстікке қашқанын жазады. Енді бірде оларды Жошы ұлысының ізбасарлары болғанын, Қазақ хандығының негізі әртүрлі түрік және монғол тайпаларынан қаланған дейді.
Джу Юп Лидің сөзінше, ерте кезеңдегі қазақ тарихының зерттеу үшін парсы, шағатай түрік, орыс, қытай, моңғол, араб, француз, неміс секілді бірнеше тілді меңгеру керек. Бұл еңбекті жазу үшін автор бес жылдай тіл үйренген.
Белгілі француз тарихшысы, профессор Винсент Фурнио Орталық Азия тарихын зерттеп жүрген тарихшылар "қазақлық" түсінігімен таныс екенін, алайда олар классикалық авторлардың дәйексөздері мен дереккөздері жиналған осындай кітапты көп күткенін айтты.
"Қазақлық" – күрделі түсінік, сондықтан автор өте көп жаңа дәйексөздер ұсынған. Джу Юп Ли қазақлық институтын қазақ атанудан ажырата білген. Қазақтарға бұл біртұтас дүние болғанымен, тарихшылар үшін екі бөлек нәрсе. Әрбірінің өзіндік жылнамасы бар. Авторға қазақлық пен көшпенділік арасында байланыс жасауды ұсынар едім. Номадизмді өмір салты мен экономика тұрғысынан жеткілікті қаралмаған. Қазақлық номадизм аясында дамыды, осыны зерттеу керек", – деді Винсент Фурнио.
Тарихшы Қанат Өскенбай Джу Юп Лимен дос, әріптес екенін, оның бұрыннан Қазақстанды жақсы көретінін және қазақ тарихына қатты қызығатынын атап өтті.
"Ғылымда ұлт, ұлттық көзқарас болмайды. Ғылым болғаннан кейін бейтарап дерекке сүйеніп жазу керек. Осы тұрғыдан бұл өте құнды еңбек. Кітап өте ғылыми тілде жазылған, жақсы деректерге сүйенген. Қазақлық деген ұғымға, қазақ терминніне, қазақ пен өзбек ұғымының бір-бірінен ажырауы туралы көптеген деректі пайдаланған. Джу Юп Лидің әдісі – деректерге жаңа тұрғыдан, сырттай көзқараспен қараған. Қазақстандағы көп тарихшы бұл деректерді түпнұсқадан оқи алмайды. Олардың көбі орта ғасырлық араб, парсы, қытай, монғол тілінде жазылған. Оқу үшін сол тілдердің маманы болу керек. Ал Джу Юп Ли тарихшы ғана емес, тіл маманы.
Shon қорының президенті Гаухар Нұрова автордың бірнеше елдің архивін ақтарып, өте көп дереккөздерді пайдаланып іргелі еңбек жазып шыққанын айтты. Бұл қоғамдық қордың кітапты аударып, оны басып шығару бойынша алғашқы жобаларының бірі. Ұйымдастыру жағынан және қаржылай қиындықтар болса да Канададан Джу Юп Лиді шақырып, кітаптың тұсауын кесті.
"Кітапта шетелдік ғалымның тарихымызға деген өзгеше көзқарасы қамтылған. Бұл тәуелсіз көзқарас, басқа көзқарастардан ерекшеленеді. Қазақ тарихы, қазақлық туралы осындай үлкен еңбек жазған алғашқы шетелдік автор деуге болады. Кітапты аударуға, басып шығаруға бір жылдай кетті. Қазақ тіліндегі аудармасы тамыз айында шығады", – деді Гаухар Нұрова.
Автор XIV-XVI ғасырлардағы қазақтарға қатысты "тонау", "қарақшы" деген сөздерді пайдаланғанымен, "қазақ" түсінігі жағымсыз мағынаға ие емес екенін айтты. Оның сөзінше, қазақ "еркін", "тәуелсіз" дегенді білдіреді. Ал еркін болу үшін қиындықтарды еңсеру керек. Кейде адамдарды тонап, азық табуға тура келеді. Бұл идея менікі емес, бірнеше дереккөзде жазылған дейді ол.
"Кітап жарық көрген соң кеудем үңірейіп, жүрегімде бос кеңістік қалғанын сездім. Менің басты аудиториям қазақтар еді. Осыдан он бес жылдай бұрын қазақ тарихына ғашық болдым. Жылдар бойы Қазақстан миымнан, жүрегімнен шықпады. Бұл жауапсыз махаббат еді. Бір күні кітабым Қазақстанда оқылса екен деп армандадым. Ғылым академиясына үлес қосқым келді. Иә, бүгін арманым орындалды. Қазақ тарихын зерттеу өмірімдегі бақыт дер едім. Зерттеуді тоқтатпаймын", – деді кітап авторы Джу Юп Ли.
ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбеков ағылшын тіліндегі еңбектің Қазақстанды, қазақ халқының тарихын шетелге танытуға қосылған үлкен үлес деп бағалады. Оның сөзінше, автор қазақ тарихына жан-жақты үңіліп, "қазақ" пен "қазақлық" терминдеріне түсінік беруге тырысқан.
"Тарихшыларға методологиялық жағынан тарихты зерттегенде жаңа бір көзқарасты пайымдауға көмектеседі. Ұлттық кітапханамызда әлемнің 122 тілінде жеті миллионнан астам кітап бар. Бүгін олардың қатарына тағы бір жақсы кітап қосылды", – деп сөзін түйіндеді Болат Жүнісбеков.