Тікелей эфир

"Қауіпсіз қоғам": Отбасындағы зорлықпен күресте заң үстемдігі қайтсе сақталады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Сарапшылар заң қабылданған соң оның сақталуына көбірек күш салу керектігін айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше мән беріп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды заң жүзінде күшейтуді тапсырды. Соған байланысты Мәжіліс депутаттары Үкімет әзірлеген заңнама өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. 

Еске салайық, президент тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 19 мамырынан бастап қылмыстық кодексте енгізілген өзгерістер күшіне енді. Соған сәйкес, тұрмыста денсаулыққа ауыр немесе орташа дәрежедегі зиян келтірген жағдайда құқық бұзушы 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Оның алдында жаза мерзімі – 3 жыл болған. 

"Мемлекет әйелдер мен балалардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесіне ерекше назар аударып отыр. 2023 жылы Қазақстан Орталық Азия елдері әйелдері диалогына төрағалық етті. Бұл диалогтің қорытынды кездесуі бүкіл әлем үшін өзекті әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне арналды. Елімізде 2023 жылдың маусымынан бастап әкімшілік заңнамаға өзгерістер енгізілді. Қамаққа алу мерзімі 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін, әрекет қайталанған жағдайда 20 тәулікке дейін ұзартылды. Бұрын бір тәуліктен үш тәулікке дейін қамауға алынатын болған", – деді мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева.

Ал 2024 жылы депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына қосу, жас балалар мен дәрменсіз адамдарға жасалған қылмысқа қатысты жазаны күшейту, қылмыстық кодекске жаңа баптар енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қамауға алынғандар саны артты


Сондай-ақ, өңірлерде отбасыларды қолдау орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Бұл орталықтар жергілікті атқарушы органдарға жүйелі түрде шешім қабылдап, отбасылардың мәселесін шешуге, оның ішінде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектеседі. 

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әлемнің 155 мемлекетінің заңдарында жаза қатаңдатылған. 

"2017 жылдан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, 15 АЕК немесе 15 тәулікке қамау қарастырылса, қазір бұл баптар қылмыстық кодексте енгізілген. Заңдағы жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылады. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана зиян келтіру 2 жылға бас бостандығынан айыруды көздейді", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мұны қоғамның мәселесі деп атап, оны бір заңмен шешу мүмкін емес екенін айтты. 

"Балалық шақтан есейгенге дейін отбасы институтпен жұмыс істеп, егде жастағы адамдарға қарым-қатынасты да өзгерту қажет. Интернет шыққалы жаңа мәселелер де туындап жатыр. Жалпы, адамдардың құқығы заңмен қорғалған, Ата заңда жасы мен жынысына қарамастан барлық адамның тең екені көрсетілген. Ал зорлық-зомбылыққа тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да, балалар да тап болады. Қазір жастардың көзқарасы өзгеріп келеді, жастар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алады. Егер жастар қазір экологиялық өмір сүру салтын жарнамалайтын болса, болашақта жағдайды өзгертуге деген үміт пайда болады. Бала әдетте көпшілік алдында, қоғамда үйінде көргенін қайталайды. Сол себепті бәрі отбасыдан басталады. Қазір ғаламторда сталкинг, яғни адамның ізінен қалмау мәселесі де ушығып тұр. Зорлық-зомбылық физикалық сипатқа ие, әйел немесе бала ұрып-соғуға тап болады. Бірақ, жұп ажырап кетсе де, ізінен қалмау жалғаса береді. Әлеуметтік желіде жала жабу, әңгіме қылуды жалғастырады. Елімізде бұл заң жүзінде реттелмеген", – дейді сенат депутаты Жанна Асанова.

Ішкі істер министрілігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жәбірленушінің арызы болмаса да, іс қаралатын болды. Былтыр жарты жылдықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 50 мыңнан астам шағым мен қоңырау түскен. Оның 98 пайызына әкімшілік іс қозғалған. Оған дейін іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет болды, ол кезде жәбірленушінің 60 пайызы арыз жазудан бас тартатын болған. Демек, қалған 40 пайызына ғана шара қолданылған. 

"Заңды қатаңдату арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін түбегейлі жою мүмкін емес екенін білеміз. Осыған орай Ішкі істер министрлігі жалпы зорлық-зомбылық профилактикасын жетілдіру бойынша көптеген іс-шара жүргізіп жатыр. Соның бірі – 2023 жылдың наурызынан ел бойынша халықаралық тәжіриебенің жүзеге асырылуы. Зорлық-зомбылық тіркелген отбасыдан зорлық-зомбылық көрген жәбірленушінің келісімі бойынша міндетті түрде сауалнама жүргіземіз. 13 сұрақтан тұратын сауалнаманың жетеуіне "иә" деп жауап беретін болса, онда ол отбасыда қауіптілік жоғары дегенді білдіреді. Сол отбасымен әрі қарай барлық мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйымдар, психологтар жұмыс істейді. Қазір ел бойынша 18 мыңнан астам сауалнама жүргізілді, оның ішінде 884 отбасыда жоғары қауіптілік деңгейі анықталды. Өңірлерде ол отбасылармен әйелдер ісі және отбасы демографиялық саясаты жөніндегі комиссиядан бастап мамандар жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс сол отбасыдағы қауіпті төмендету үшін жасалады", – дейді ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.

Сондай-ақ, зорлық-зомбылық әрекетке барған адамға психологиялық тренингтен өтіп, мінез-құлқын өзгертуге де жағдай жасалған. 

Айта кетейік, 2024 жылдың 28 ақпанында Мәжіліс депутаттары "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады.

Серіктестер жаңалықтары