Тікелей эфир

Психолог: Есірткіге қарсы "антивирусты" баланың миына ертерек орнатқан тиімді

Маман Жайнагүл Жортарқызы зиянды әдеттердің алдын алу әлдеқайда тиімді екенін айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай кезінде әр заманның өзіне тән сын-қатерлері барын айтып, технология дамыған сайын қоғам үшін қауіпті жаңа кеселдердің пайда болғанына тоқталды. Солардың біріншісі әрі аса қауіптісі – есірткі саудасы мен синтетикалық есірткі айналымы. 

"Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын", – деді мемлекет басшысы. 

Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Әбдібаева есірткінің жастар арасында таралуына әлеуметтік желі себеп болып отырғанын, мемлекет деңгейінде осы бағытта жүргізіліп жатқан шараларды толықтай қолдайтынын айтты. Сондай-ақ ол есірткімен күрес саласындағы жетістіктерге тоқталды. 

"Бұл кеселмен бүкіл дүниежүзі күресіп келеді. Сәйкесінше науқастардың еміне байланысты жетістіктер бар. Бізге көмектесіп отырған республикалық орталықтардың арқасында көптеген оң нәтижеге жеттік. Жергілікті өндірушілер пупиллометр деген аппарат жасап шығарған болатын. Соны қолдана отырып біз елдегі бірінші клиникалық зерттеу жүргіздік. Яғни адамның көзінің қарашығын зерделеп, оның қаншалықты шаршағанын, психотропты заттарды қолданып-қолданбай жүргенін анықтаймыз", – деді Гүлмира Әбдібаева.


Оқи отырыңыз: "Адам бойындағы таланттарды анықтайды". Генетикалық паспорт артық салмақ пен дерттен қалай құтқарады?


Сондай-ақ маман әлеуметтік желінің есірткі құралдарының таралуына негіз болып отырғанына алаңдаушылық білдірді. 

"Өкінішке орай, бүгінгі таңда жастар қарияларымыздың ақылын тыңдай бермейді. Дана қарттарымызды интернет пен әлеуметтік желі толығымен алмастырып отыр. Халық ішінде "фейсбукте, инстаграмда осылай айтты" деген түсінік бар. Яғни желідегі ақпаратты сүзгіден өткізбей, шындық деп қабылдайды. Есірткінің осы әлеуметтік желі арқылы таралатыны ешкімге құпия емес. Ішкі істер органдарымен бірлесіп осы мақсатта күрес жүргізіп келеміз", – деді маман. 

Гүлмира Әбдібаева нашақор азаматтың өзі ғана емес, туыстарының да қатты қиналатынын жасырмайды. Осы орайда ол мамандар екі тарапқа да сапалы қызмет көрсету үшін кәсіби күюге жол бермеуге тырысатынын айтты. 


Оқи отырыңыз: "Үш айда 225 келі синтетика тәркіленді": ІІМ есірткі саудасымен қалай күресіп жатыр


Психолог Жайнагүл Жортарқызы нашақор адамның өз өмірін бағалау қабілетінен айырылатынын айтады. Осы орайда ол мемлекет деңгейіндегі алдын алу шараларын толық қолдайтынын бөлісті. 

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де, биыл да есірткі айналымы мәселесіне көп көңіл бөліп отыр. Әрине, мұның себебі зиянды заттардың жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы. Сол себепті енді алдын алу шараларына мықтап кірісу қажет деп ойлаймын. Есірткі заттары бірінші кезекте бауырды қатты зақымдайды. Бауыр қанға түсетін улы заттарды залалсыздандыруға тырысып, бар соққыны өзіне алады. Нәтижесінде төтеп бере алмағандықтан, бауыр жасушалары шетінен өледі. Осылайша нашақор адам көптеген инстинктіні жоғалтады, өмірін аман сақтап қалуға тырыспайды. Сол себепті есірткіге қарсы күрестің мемлекет деңгейінде қайта-қайта көтеріліп жатқаны орынды. Көзге көрінбейтін жұмыстар болса да, қызметкерлер көптеген отбасының өмірін аман сақтап қалып жатыр. Мейлі ол полицей, психолог, нарколог болсын. Осы орайда балалардың санасына ерте жастан әсер етуді ұсынар едім", – деді психолог. 

Жайнагүл Жортарқызының айтуынша, балаға ненің жақсы-жаман екенін 4-5 жастан бастап түсіндіре беруге болады. Бірақ ақпарат міндетті түрде сүзгіден өтуі тиіс. 

"Бала төрт-бес жасқа толар шақта оның өзіне берер бағасының жоғары болуына жағдай жасаған абзал. Сондай-ақ осы кезде дұрыс тамақтануға көңіл бөлу маңызды. Ал 5-8 жас аралығында оларда әлемді зерттеуге деген қызуғушылық шарықтау шегіне жетіп тұратындықтан, ішімдік, шылым және есірткінің қаншалықты зиян екені туралы айтуға болады. 9-11 жас аралығында осы зиянды әдеттерге байланысты нақты фактілермен мысалдар келтірген тиімді. Осы жас аралығында баланың миына "антивирус" орнатып үлгерсек, болашақта еш алаңдамаймыз. Бұдан өзге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев патриотизм мәселесіне көп көңіл бөледі. Балабақшада елі мен ұлтын сүйетін азаматтарды тәрбиелеу – болашаққа салған инвестициямен тең", – деді Жайнагүл Жортарқызы. 

Серіктестер жаңалықтары