Тікелей эфир

Парламентке көз тіккен партиялардың пікірсайысы қалай өтті?

Сурет: Qazaqstan.tv Telegram арнасы
Сурет: Qazaqstan.tv Telegram арнасы
Qazaqstan арнасында тікелей эфирде болған дебатқа 7 партияның өкілдері қатысты.

2023 жылғы 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының біріккен сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға өз үміткерлерін ұсынған жеті саяси партияны тіркеген болатын.

Qazaqstan телеарнасының эфирінде өткен пікірсайысқа осы 7 партия өкілдері қатысты. Олар: 

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов;
  • Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев;
  • "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев;
  • Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау;
  • Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков;
  • "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев.

Журналист Армангүл Тоқтамұрат тізгінін ұстаған теледебат 4 кезеңге созылды. Информбюро партия өкілдері пікірсайыс барысында қандай мәселе көтеріп, не айтқанын ұсынады. 

Материалдың қысқаша мазмұны:

Елнұр Бейсенбаев: Олигополияға жол бермей, жемқорлықты түбімен жоюымыз керек

Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев

Пікірсайыстың бірінші раундында партия өкілдері өз ұсынысын айтты. Алғашқы болып Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев сөз алды. 

"Біз осы күнге дейін ел-елді аралап 1 миллионға жуық азаматпен тікелей кездестік. Елдің ішіндегі қымбатшылық, жұмыссыздық, бір азаматтың бір отбасыны жалғыз өзі асырап отырғанын көрдік. Әрине, мұндай мәселелер елімізде бар. Бірақ, осындай мәселелерді тек Amanat партиясы шеше алады деп ойлаймын. Осы күнге дейін барлық мәселені популистік ұрандармен емес, керісінше, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастырдық. Біріншіден, біз бар күшімізді әділетсіздік жою үшін бағыттаймыз. Олигополияға жол бермей, барлық мәселені ортаға салып талқылауымыз керек. Жемқорлықты түбімен жоюымыз керек", – деді Елнұр Бейсенбаев. 

Жигули Дайрабаев: Қарапайым еңбек адамына жағдай жасаймыз

"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев

Екінші болып сөз кезегін алған Жигули Дайрабаев бірінші кезекте қарапайым еңбек адамына жағдай жасалуы керектігін алға тартты. Айтуынша, мемлекеттің азық-түлік мәселесін осы қарапайым еңбек адамдары шешіп отыр.

"Ауыл шаруашылығында проблема көп. Соның үшеуіне тоқталамын. Біріншісі – мемлекеттегі қарапайым еңбек адамының мәртебесі. Мәжіліске өтсек, қарапайым еңбек адамына жағдай жасаймыз. Мемлекеттің азық-түлік мәселесін инженер, қарапайым механик, қарапайым мал бағушы, құрылысшы шешіп отыр. Осы азаматтардың мәртебесін қайта қарау керек", – деді Жигули Дайрабаев. 


Оқи отырыңыз: 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауының ерекшеліктері қандай? 12 сұраққа жауап


Сырымбек Тау: Байлық біліммен келеді

Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау

Сырымбек Тау өз кезегінде "Бірінші байлық – білімде" деп "Республика" партиясы үшін мектептегі білім сапасын көтеру мәселесі бірінші орында тұратынын айтты. Мұнымен қатар, қарапайым азаматтарға жалақыны көтеру мәселесі маңызды екенін атап өтті. 

"Біздің партия осы күнге дейін 700 мың адаммен кездесіп, 8 облыс 3 қаланы қамтыдық. Қала мен ауыл арасындағы үлкен айырмашылықты байқадық. Халық еңбекқор адамның жалақысы өте төмен екенін айтып жатыр. Ауылдағы балалардың білімі мен қаладағы балалардың білімінде 5 жыл айырмашылық бар. Жемқорлық пен жағымпаздық шегіне жеткен. Сондықтан біз бірінші білімді көтеруіміз керек. Көп жерде "Бірінші байлық – денсаулық" деп айтады. Жоқ, бар байлық біліммен келеді. Біз білімді көтеруіміз керек. Неге ауылда туған бала қала баласымен қатар білім ала алмайды? Бұған не себеп екенін әлі күнге дейін таба алмай келе жатырмыз", – деді "Республика" партиясының тең төрағасы. 

Асхат Асылбеков: Халық биліктен 28 жыл бұрын айырылды

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков өз кезегінде мемлекеттік тіл және қандастарды қолдау мәселесінің алдыңғы қатарда тұратынын атап өтті. 

"Халық биліктен осыдан 28 жыл бұрын айырылды, біз соны қайтармақпыз. Мақсатымыз – елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру. Біздің формуламыз: "Әділ президент – ықпалды парламент – халықтық үкімет". Осы орайда мәжіліс пен маслихаттарға нағыз билікті қайтарғымыз келеді. Аудиторлық палатаны, заңды дайындайтын институтты мәжілістің құрамына енгізу керек. Атқарушы билік атқарушы билік болып қалуы керек. Біз ұлт қауіпсіздігі мен мемлекеттік тіл мәселесін шешу үшін қандастарымызды қолдап отырған жалғыз партиямыз", – деді Асхат Асылбеков. 

Азаматхан Әміртаев: Өндіріс халыққа бақыт әкелмейтін болса, оның не керегі бар?

"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев

"Жасылдар" партиясының басшысы Азаматхан Әміртаев кәсіпорындардың халық денсаулығына аса зиян келтіріп отырғанын алға тартты. 

"Біздің партияның ең басты құндылығы – қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығын жақсарту. Бұл өмірдегі ең маңызды құндылық болып саналады. Халқымызға жақсы өмір сыйлау үшін күресіп жатырмыз. 30 жыл бойы осы партиялар зауыттар мен кәсіпкерліктерге қолдау көрсетіп келді. Соңында азаматтарымыз ауруға шалдықты. Зауыттарды аралаған кезде көптеген адамның ауырып жатқанын көрдік. Рак, аллергия секілді аурулардан өліп жатқандар бар. Олардың жағдайын кім ойлап жатыр? Әр іс пен өндіріс халыққа бақыт әкелмейтін болса, өндірістің не керегі бар?" – деді Азаматхан Әміртаев. 

Берік Дүйсембинов: Біздікі жалған ұран емес, жүйелі жұмыстың жалғасы

"Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов

"Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов партияның жалған ұрыншыл еместігін, керісінше барлығын өз ісімен дәлелдейтінін айтты. 

"Бүгінгі таңда Қазақстанда барлығы Еуропадағыдай қымбаттады. Мұның барлығы саясатты ғана емес, экономиканы жекешелендіріп алған азаматтардың себебінен болып жатыр. Біздікі жалған ұран емес, жүйелі жұмыстың жалғасы. Осы жағдайды осыдан 100 жыл бұрын Алаш арыстары айтып кеткен. Қазақтың жерінің тасы кеудесіне түйме болып қадалуы керек. Қазақтың қойының жүні иығына шекпен болып жабылуы керек", – деді Берік Дүйсембинов. 

Нұрлан Әуесбаев: Біздің керемет бағдарламаларымыз бар 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев

Бірінші айналымды тәмамдаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев шенеуніктердің мәселені шешу жолын көрсетпегенін атап өтті. 

"Біздің шенеуніктер жылдар бойы осы әңгімені айтып келеді. Бірақ бірде-бір шешім жоқ. Осы мәселенің түйіні шешілгенін кім көрді? Жылдар бойы жаттанды сөздерді айтқанмен, оның шешу жолын көрсетпеді және ол бойынша жұмыс жасалмады. Біздің ойымызша, дәл осы бағытта біздің керемет бағдарламаларымыз бар", – деді Нұрлан Әуесбаев. 


Информбюроның пікірсайыстан орыс тілінде әзірлеген шолуы: Предвыборные дебаты: о чём спорили представители партий


Екінші кезеңде партиялардың өкілдері бір-бірінің сұрақтарына жауап берді.  

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаевтың Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевқа сауалы: "Партияларыңыз 20 жылдан бері билік басында отыр. Қаржылық, әкімшілік және басқа да қажеттіліктермен қамтылған. Ұйықтап отырып парламентке қайтып келулеріңіздің себебі неде? Елдің сеніміне қалай ие болмақсыздар?"

Елнұр Бейсенбаев: 2021 жылы біз барған бағдарламамыздың үштен екісін орындадық. Егер сіздің көзіңіз көрмейтін болса, ақпарат беттеріне зер салыңыз. Ол бағдарламаны орындау үшін біз арнайы жол картасын жасаған болатынбыз. Оның 360 пункті бар. Біздің фракцияның жұмысымен әрбір депутатқа Мәжілісте ол пунктер бөлініп берілді. Соның нәтижесінде біз неге қол жеткіздік Біріншіден, мұғалімдер туралы статусты қабылдадық. Мұғалімдер жалақысын 2,5 есеге, медицина саласының қызметкерлерінің жалақысын 1,5 есеге, мәдениет, басқа да бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын тағы 1,5 есеге көбейттік. Стипендияны 50 пайызға, магистранттардың шәкіртақысын 40 пайызға көтердік. Студенттерге тағы да 10 мың грант бердік.

Біздің бағдарламамыз нақты 10 бағыттан тұрады, сонымен таныссаңыз болады. Еліміздегі әр отбасының әл-ауқатын көтеруге, ауылды түлетуге, жастарға қолдау көрсетуге, экономикалық бағыт-бағдар, сонымен қатар ортақ құндылықтарды да біз өзіміздің бағдарламамызда көрсеткен болатынбыз. Біле білсеңіз, біздің партияның бүкіл Қазақстан бойынша 249 филиалы бар. Одан қалса, біз қазіргі таңда осы сайлауға барлық деңгейдегі мәслихаттарға 4 мыңға жуық депутаттарымызды ұсындық. Мәжіліске 100 пайыз – 119 депутатымызды тағы да ұсындық.


"Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаевқа сауалы: Оппозициямыз деп жатырсыздар, ұрандарыңызды да естіп жатырмыз. Өткен мәжіліс сайлауына қатысқан жоқсыздар. Қатты айқайдың орнына сол сайлауға қатысу керек еді, бақылаушы болу керек еді. Статист болып отырып осы жолы неден ояндыңыздар?

Нұрлан Әуесбаев: Расымен де, 2019 жылы президент сайлауына қатыса алмадық. Өйткені президент сайлауына ұсынған белгілі журналисіміз бұл мәселеге араласуды қойды. Бізде ешқашан уақытылы, әділ сайлау болған емес. Әділ сайлау болмайтындықтан, біз бойкот жарияладық. Себебі, Ескі Қазақстанның сол кездегі жағдайы қатысуға мүмкіншілік бермеді. Біздің партияның құрамына сотталған террористік, экстремистік ұйым адамдарын тығып, провакация жасамақ болды. Біз осының барлығын көре тұра өтірік қойылымға қатыспадық. Шын мәнінде, бойкот жарияладық, ал онымыз дұрыс болып шықты.


"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбековке сауалы: Партияңыздың лидері бүгін келген жоқ. Ол кісі қазақ тілін білмегендіктен келе алмады. Осы күнге дейін Ескі Қазақстанның қолдаушысы, жақтаушысы болды. Неге бүгін халықтың жағына шығып отыр?

Асхат Асылбеков: Сізге түсініксіз болса, газет оқыңыз. Ол кісі Қазақстанның нағыз патриоты, мемлекетшіл адам. Егер терең ойласаңыз, қазіргі геосаяси қиын жағдайда Қазақстанның көршілермен тату болуын қалап отыр. Кейбір патриоттар соны түсінбейді. Көрші бізде бесеу ғана. Кеңес заманындағы көп адам қазақ тілін білмеген шығар. Ол әжептәуір қазақша сөйлейді, күнде екі рет қазақ тілі сабағына қатысады.

Сурет: Qazaqstan.tv Telegram арнасы

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбековтің Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевқа сауалы: Қазақстанда 3 млн кедей азамат бар. 8 млн адам несиеден басын көтере алмай отыр. Балалар суициді бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында тұр. Билікте 20 жылдан бері бір партия отыр. Қашанға дейін халықты алдайсыздар? 

Елнұр Бейсенбаев: Біріншіден, ақпаратты дұрыс жерден алыңыз. Қазақстанда 3 млн кедей жоқ, ал кедейшілік шегінде өмір сүретін халық саны 600 мың ғана. Екіншіден, 9 млн адам несиеге белшесінен батып, қарызын жаба алмай отыр дейсіз. Ол ақпарат та жалған. Кедейшілікке белшесінен батып отырған азаматтар саны 1,5 млн ғана. Осы тұста біз Қазақстан Халық партиясының ақпаратты қалай тарататынын, популистік ұрандарға бейім екенін көріп отырмыз. Құдай сақтасын, бала өлімі бойыша Қазақстан бірінші орында емес.

Біз бала құқықтарын қорғау бойынша заңға өзгеріс енгіздік. Ата-аналар қорғау мәселесін енгіздік. Әлеуметтік желіде буллингке тоқтау қойдық. 


Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Таудың "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембиновке сауалы: "Ақ жол" партиясы сайлауға бұрынғы үміткерлерді ұсынып жатырсыздар. Соңғы 13 жылда басшыларыңыз ауыспады. Кәсіпкерлер, жастар қайда?

Берік Дүйсембинов: Біріншіден, өзіңіз секілді кәсіпкер азаматтардың келгеніне қуанып отырмын. Сіздер нақты жұмысты көре білетін азаматсыздар. Халық көзіне көрінбейтін жұмыстар бар. Қытайда қамалған қазақтарға ең бірінші біздің партия араша түсті. Кәсіпкерлік кодекстің авторы біздің партия, істеп жатқан жұмысты екі минут ішіне сыйғызу мүмкін емес. Барлығына біздің әріптестеріміз куә. Әрине, партия – тірі организм. Партияда адам ауыстыру керек екен деп "жол-жөнекей адам термейміз".

Барлығы кәсіпкерлердің қамы үшін жасалды, заңғы 9 жыл уақытымыз кетті. Бес жылдан бері жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды енгізуді ұсынып келдік. Басшы ауысқан да дұрыс шығар, бірақ бізде көпірдің үстінде ат ауыстыру деген жоқ. 


"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтың Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тауға сауалы: Сіздер жаңа партиясыздар. Кейін "Адал" партиясының кейпін киіп кетпейсіздер ме? Ауылдық, қалалық деңгейдегі бастауыш партия ұйымдарыңыз жоқ. Фундамент болмаса, мәжіліске қалай өтемін деп ойлайсыздар?

Сырымбек Тау: Біздің жас партия екеніміз рас. Құрғызбай қоя ма деген де күмән болды. Сайлауға барлығы 277 адам ұсынып жатырмыз. Ең бастысы – партияға келіп түскен әр мәселені бірден шешіп отыру. Өтініштерді әр жерде жүріп жинау, электронды түрде алу бар. Қазақстанды өркендетпей тұрған нәрсе осы қағазбастылық.

Жастар жиналып, бәрін ақылдастық. Біз тек екі нәрсені орындай алмаймыз: өтірік уәде беру және жалған сөйлеу. Әрқайсымыз өз кәсібімізді алға қалай дөңгелете білсек, осы партия құрамында дәл солай Қазақстанның жағдайын жақсартқымыз келеді. Оның үстіне, партиядағы тең төрағалар жүздеген миллиард салық төлеп отыр. Мемлекеттен ешқашан тендер алған емеспіз. 


"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбековке сауалы: Партияңыздың лидері бүгін келген жоқ. Ол кісі қазақ тілін білмегендіктен келе алмаған болар. Осы күнге дейін Ескі Қазақстанның қолдаушысы, жақтаушысы болды. Ал бүгін неге халықтың жағына шығып отыр?

Асхат Асылбеков: Ол кісі Қазақстанның нағыз патриоты, мемлекетшіл адам. Егер терең ойласаңыз, қазіргі геосаяси қиын жағдайда Қазақстанның көршілермен тату болуын қалап отыр. Кейбір патриоттар соны түсінбейді. Кеңес заманындағы көп адам қазақ тілін білмеген шығар. Ол әжептәуір қазақша сөйлейді, күнде екі рет қазақ тілі сабағына қатысады.

Сурет: Qazaqstan.tv Telegram арнасы

Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевтың "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевқа сауалы: Біздің партиямыздың биылғы бағдаралмасында үлкен блок бар. Ол – ауылды түлету. Сіздердің бағдарламаларыңызбен таныстым. Бағдарламада "кәсіпкерлерді салықтан босатамыз" делінген. Меніңше, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі болғаны маңызды. Сонда кәсіпкерлерді салықтан босату дегенді қалай түсінуге болады?

Жигули Дайрабаев: Бізде мынау орта, ал мынау шағын кәсіп деген ұғым жоқ. Біз жалпы ауыл шаруашылығы мәселесін көтереміз. Бүгінде ауылдың жағдайы қиын.

Мен ешкімнің ар-ұятына, ар-ожданына тигім келмейді. Бірақ, Қазақстанда солақай саяттың кесірінен 1450 ауыл картадан жойылды. 6300 ғана ауыл қалды. Енді оның 2 мыңға жуығы болашағы жоқ деген қара тізімге ілінейін деп тұр. Біз "Ауыл" халықтық демократиялық партиясы оған жол бермейміз. 


Пікірсайыстың үшінші кезеңінде қатысушылар өздері мүшесі болып келетін партия жеңіске жеткен жағдайда, қандай негізгі 3 мәселені шешуге жұмыс істейтінін қысқаша баяндады. 

Елнұр Бейсенбаев: Баршаға тең қоғам жасаймыз

Біріншіден, біз баршаға тең қоғам жасаймыз. Заң үстемдігін орнатамыз. Amanat партиясы ең ірі партия ретінде болашаққа жауап беруге дайын. Біз адал еңбек пен маңдай тердің бағалануын қадағалаймыз. Ел арасында ешкімнің ұлтына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне байланысты жіктеу болмайтынына сөз береміз. Бұдан былай қарай бізде ұлтшылдық пен жершілдікке жол берілмейді. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік ететін болады.

Екіншіден, біз ауылды түлетеміз. Расында да жалған ұрандармен емес, біз нақты ауылды қолдауға, ауыл тұрғындарына несие, субсидия беруге дайындалып отырмыз. Екінші мәселе, тауар өнімдерімізді 100 пайыз ауылдан шығарамыз. Біз ауылдағы агроөнеркәсіптерде 100 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Біз ауылға баратын әрбір жас маманға 10 миллион теңгеге дейін үстеме ақы беруді ойлап отырмыз. "Жер аманатының" аясында биыл тағы да 5 миллион гектар жерді халықтың игілігіне қайтарамыз.

Үшіншіден, ортақ құндылықтары біріккен берекелі қоғам құрамыз. Бұл – әділетті Қазақстанда ашықтық, әділдік және тең қоғам үстем ететін басты құндылықтар. Осы дебаттың өзі соның анық көрінісі. Мемлекет басшысының халық үніне құлақ асатын концепциясын жүзеге асырып отырмыз. Жаңару мен ашықтық деген осы деп білемін. Ұлттың рухани бірлігі – қазақ тілі деп есептейміз. Қазақ тілін әрбір қазақстандық білуі міндет деп санаймыз. Әрбір мемлекеттік қызметші қазақ тілінде сөйлей білуі қажет. Біз ұлтты ұйыстыратын салт-дәстүрімізді дәріптейміз. Біз руханиятқа мейлінше болысамыз. Алдағы бес жылда бізді ірі істер күтіп тұр. Біз соларды бірге іске асырамыз. Amanat халықпен бірге.

Жигули Дайрабаев: 30 жылда ауыл шаруашылығын өте қиын жағдайға жеткіздік

Біріншіден, ауылдың инфрақұрылымын жақсартамыз. Ол үшін, ең алдымен, ауылға жақсы жол салу және ауылдан су шығару керек. Ауылды газдандыру, мәдени ошақтар салу, интернет жеткізу керек. Ауылға инфрақұрылым салып, жастардың бәрін ауылға қайтарудың амалын ойлау керек.

Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдау керек. Бұл жөнінде бастама көтердік. Көшеде жол ережесін бұзсаңыз, айыппұл салынады. Әскерден қашсаңыз, заң жүзінде жазаланасыз. Ал мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бірінші кезекте тұратын әңгіме. Мәжіліске өтсек, заң қабылдауға бастамашыл топ құрамыз.

Соңғы отыз жылда ауыл шаруашылығын өте қиын жағдайға алып келдік. Қазір ауыл шаруашылығының халі мүшкіл. Ауыл шаруашылығы саласында тұрақтылық жоқ. 19 министр ауысса, қандай тұрақтылық болады? Осы мәселелерді тоқтатып, тек заңмен жауап беретін уақыт келді. Қандай кемшіліктер жіберілді, қандай дұрыс емес бағдарламалар, жоспарлар қабылданды, олар неге орындалмай қалды? Бұл сұрақтарға ешкім жауап бермеді. Бәрі қызметтен кетіп қалды. Соның кесірінен ауыл осындай жағдайға тап болды.. 

Сырымбек Тау: Біз білімді жастарды қолдаймыз

Ауылдық жердегі бағдарлама мен қаладағы бағдарлама екі бөлек. Айырмашылық бес жылға ажырап кетті. Осы бес жылды теңестіруіміз керек. Неліктен? Ауылдағы мұғалімдердің жағдайын жасауымыз керек. Ол үшін Отбасы банкі ауылға барып үй салуы керек. Ауылдың мұғалімдері басқа нәрсеге алаңдамауы керек.

Екіншіден, Алматы қаласында 216 мың студент бар. Алматы қаласы қазіргі кезде оқу ордасы болмай тұр. Студенттерімізді басқа қалаларда оқыту керек. Біздің ұсынысымыз Семейде, Абай облысында, Петропавлда, Павлодарда университеттерді көптеп ашу. Алматы қаласының үлкен проблемаларын шешуіміз қажет. Сондықтан, білімді жастарды бірінші орынға қоймасақ, еліміздің болашағы бұлыңғыр. Білікті мамандар жетіспейді. Достарым білікті маман бола тұра жалақысын ала алма, шетелде қара жұмыс істеп жүр. Өкінішті. 

Үшіншіден, өз жұмысын істеп, жалақысын ала алмайтын еңбекқор адамдардың жалақысын беруіміз керек. Ортаға делдал салмауымыз керек. Еңбекқор адамдарды бағаламасақ,  орта кәсіп те өркендемейді. Еңбекқор адам алған ақшасын депозитке салып қоймайды. Еңбекқор адам сол орта кәсіпті дөңгелетеді.

Сурет: Qazaqstan.tv Telegram арнасы

Асхат Ахметбеков: Отандастырымызға медицина және білім тегін болуы тиіс 

Біріншіден, әлеуметтік сала бойынша жұмысшылардың құқығын қорғайтын жаңа Еңбек кодексін қабылдау. Халықаралық еңбек ұйымының төмен жалақы туралы 131-конвенциясын бекіту. Соның арқасында Қазақстандағы бүкіл жұмысшылардың жалақысы көбейеді. Қазіргі таңдағы талабымыз – ең төменгі жалақыны 140 мың теңгеге жеткізу. Ауыр, зиянды және қауіпті өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың 50 және 55 жаста зейнетке шығуын талап етіп отырмыз.

Отандастырымызға медицина және білім тегін болуы тиіс. Көпбалалы аналар мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс. Әр балаға берілетін жәрдемақы 70 мың теңге болуы керек. Біз коллекторлы бизнеске тыйым салуды талап етеміз.

Екіншіден, экономика саласында әр азаматқа қаладан 10 сотық, қаладан 25 сотық жер телімін беруді ұсынамыз. Ауылдық жерлерде жер онда жұмыс істейтіндерге ғана берілуі тиіс. Латифундистер жерді тек жалға алуы керек. Ауылды аймақтарды дамыту мақсатында Қазақстан азаматтарына бестен 500 гектарға дейін жерді 7 жылға тегін пайдалануға беру және қандастардың мәселесін шешу. Қандастардың арқасында солтүстік облыстарды қазақыландыру және тіл мәселесін шешу. Біз ұлттық энергетикалық стратегия қабылдауды ұсынамыз. Олигархтар мүлкін тәркілеуді және заңсыз жекешелендірілген кәсіпорындарды мемлекетке қайтаруды талап етеміз.

Үшіншіден, жастар саясатын жетілдіру. Былтыр Қазақстан халық партиясы 17 қалада митинг өткізіп, Артспорт бағадарламасын қорғады. Соның арқасында 675 мың бала спортпен, шығармашылықпен тегін айналысып жүр. Біз жастарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын қабылдаймыз. Студенттерге 70 мың теңге мөлшерінде шәкіртақы төленуге тиіс.

Сурет: Qazaqstan.tv Telegram арнасы

Азаматхан Әміртаев: Кедей, қарапайым халықтың бәрі қайғылы 

Ең бірінші, қоршаған ортаны ластаған кәсіпорынлар мен шенеуніктерді жауапқа тарту қажет. Ол үшін біз Экологиялық кодексті қайта қарауымыз керек. Бүгінгі күні сол олигархтар, шенеуніктердің ықпалымен жасалған Экологиялық кодекс осы депутаттық орын алғалы отырған мына партиялардың қол астынан өтті. Осылар қол қойды. Отыз жылда Қазақстанда экологиялық ғылым жойылды. Сол үшін партиямыз экологиялық ғылымды дамыту үшін орталықтар ашуды бастады. Біз ғылымды қайта түлетеміз.

Екінші мәселе – әлеуметтік теңсіздік. Қоршаған орта мен әлеумет тікелей байланысты. Қоршаған орта бұзылса, адам денсаулығы бұзылады. Сондықтан біз әлеуметтік теңсіздікті қайта қарауымыз керек. Әлсіз халқымызды қолдауымыз керек. Біздегі кедей, қарапайым халықтың бәрі қайғылы. Сол қайғылы халқымызды қолдауға тиіспіз.

Берік Дүйсембинов: Жеңіске жеткен партия үкіметті құрауы керек 

Айтқан игі істер бюджет болмаса, іске аспайды. Сондықтан да біріншіден, парламенттің мемлекеттік бюджетті бекіту мен бақылаудағы өкілеттігін күшейтуіміз керек. Кез келген мәселені шешу бюджетке келіп тіреледі. Бірақ, мемлекет қаржысының қомақты бөлігі парламент қатысуынсыз кетеді. Әр партия айтып отырған игі істер іске асуы үшін бюджет парламентке есепті болуы керек.

Екіншіден, жеңіске жеткен партия үкіметті құрауы керек. Отыз жылда үкіметтің жеңісіне де, жеңілісіне де ешкім жауап беріп отырған жоқ. Халықтың қанша қаржысы шашылды. Жеңіске жеткен партия үкіметті құрайтын болса, ертең сол үкіметтің сәтсіздігіне халық партиядан жауап сұрайтын еді. Бүгінгі үкімет пен жеңіске жеткен партия екеуі су сияқты. Үкімет өз алдына, ал партия өз алдына жүр. Сіздер ертең мәжіліске кіргенде дәрменсіз парламентті көресіздер. Үкіметтің шешімінсіз сіздердің бірде-бір заңдарыңыз өтпейді. Ықпалды парламент болу үшін үкімет парламент алдында есеп беруі керек.

Үшіншіден, еліміздегі үлкен мәселе – сот билігі. Президент айтқан әділдік деген сөз ең біріншіден сот билігінен туындайды. Мәжіліс алдында жүздеген адам қолына плакат ұстап жүр. Қаншама адам қабылдадық. наразы адамдар көп.

Нұрлан Әуесбаев: Қазақстанда байлықтың бәрі бар, бірақ халық кедей 

Парламенттің деңгейін көтеруіміз керек. Біз салмақты, елге керекті ең ауыр мәселелерді алға тартып, шешу жолын ұсынамыз. Бірінші, қазақстандықтардың өмір сарасы стандарттарын енгізу. Бұд Еуропа елдерінде ғылыми түрде дәлелденген біздің елдегі аз қамтылған азаматтардың ең төменгісінің өзі мына стандарттарға сай болуы керек. Дәрі-дәрмекпен, демалыспен қамтамасыз етілуі керек. Үш келі картоп жетеді деп есептеліп қойған. Жоқ, ең кедей азаматтардың өзі стандарттарға сай болуы керек. Ғылыми тұрғыда Еуропа елдерінен алынған. Барлық министрліктен азаматтардың стандарттарға сәйкес барлық нәрсемен қамтамасыз етілуін талап етуіміз қажет.

Екіншіден, олигархиялық жүйеден арылуымыз керек. Қазақстанда байлықтың бәрі бар, бірақ халық кедей. Неге? Өйткені, бақылау жоқ. Байлықтың бәрін әкетіп жатыр. Оның бәрін мемлекетке қайтару керек.


Төртінші кезеңде теледебатқа қатысушы партия өкілдері қорытынды жасап, қазақстандықтар өздері ұсынып отырған үміткерлерге дауыс беруге шақырды. 


"Қоғамдық пікір" зерттеу институтының сауалнама нәтижесі

"Қоғамдық пікір" зерттеу институты сайлау және пікірсайысқа қатысты сауалнама нәтижесін жариялады. 70 минут ішінде сауалнамаға 18 жастан асқан 34 947 респондент қатысты.

"Дауыс беруге барасыз ба?" сауалына респонденттер келесідегідей жауап берді:

  • "Иә" – 77,6%;
  • "Иә деуге болады" – 12,1%;
  • "Әзірге білмеймін" – 9,3 %;
  • "Жоқ" деуге болады – 0,4 %;
  • "Жоқ" – 0,6%.
Сурет: Qazaqstan.tv Telegram арнасы

"Пікірсайыста қай партия өкілінің сөйлеген сөзі Сізге көбірек ұнады?" деген сауалға:

  • Amanat партисы – 72,3%;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 3,7%;  
  • Respublica партиясы – 14,8%;
  • Қазақстан Халық партиясы – 1,3%;
  • Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы – 4,3%;
  • "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы – 1,1%;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 1,9% пайыз қолдауға ие болды. 
  • "Ешқайсы" деп жауап бергендер үлесі – 0,6%.
Серіктестер жаңалықтары