Тікелей эфир

Париж төріндегі қазақ өнері. Отандық дизайнер Францияда сән көрсетілімін өткізді

Шара аясында қатысушыларға қазақ дәстүрлері таныстырылды.

Қазақстандық танымал дизайнер Назым Қарпықова Францияның астанасы Париж қаласында Paris Fashion Air 2024 шарасы аясында сән көрсетілімін өткізді. 

"Атақты француз дизайнері Пако Рабанның қызы Вероника Жанви Шанель, Диор сияқты беделді брендтердің сән көрсетілімдері өтетін сарайға мені де шақырды. Негізінен жаз бойы шақырып жүрген. Бұл жерге әлемдік атақты адамдармен бірге жұмыс істейтін дизайнер, стилистер келеді. Қыркүйектің басында ұсынысқа келістім", – дейді дизайнер. 

Назым – отандық "Аруназ" брендінің негізін салушы. Оның сөзінше, көрсетілім жоғары деңгейде өткен. 

Назым Қарпықова Парижде таныстырған сән үлгілерін осы жерден көруге болады. 

"Сән көрсетіліміндегі топтаманы 2 аптаның ішінде тігіп шықтық. 30-дай көйлек апардым. Парижде тұратын қазақтарды қонақ етіп шақырдым. 80-дей адам мені қолдап келді. Негізінен залда 300 адам болды. Менің көрсетілімімді беделді модельдер ашты. Египеттің атақты актрисасы да қатысты. Париждегі Қазақстан елшілігінен де адамдар келіп, мені қолдады. Сән көрсетілімінен соң өте көп ұсыныс алдым. Болашақта "Аруназ" сән үйі Парижде ашылады деген ойдамын", – дейді дизайнер. 


Оқи отырыңыз: Былғары костюм, кең шалбар: 2023 жылы қандай түсті киімдер сәнді болады?


Ал көрсетілімді көзбен көрген Құралай Ошақбаева Назым қазақтың туымен шыққанда үлкен әсерге бөленгенін жасырмады. 

"Сән көрсетілімі өте керемет өтті. Негізінен бұл – бүкіл дизайнер бір апта бойы өздерінің киімдерін көрсететін шара. Атақты Шанель сияқты брендтердің қатарында отандық Аруназ сән үйінің негізін қалаушы Назым өзінің киімдерін апарып, сән көрсетілімде ойып тұрып орын алды. Қазақтың туымен шыққан кезде үлкен әсерде болдым. Құрбылары қазақтың құртын, ақ дәмін әкеліп, Париждің төрінде шетелдіктерге дәм татқызды. Назым бабалардың аманатын заманауи стильде күнделікті киіп жүруге ыңғайлап тіккен. Топтамасынан қазақылықтың иісі аңқып тұрды. Өзім қазақтың дәстүрімен шашу шаштым. Сол жердегі жиналған шетелдіктер біздің топтаманы жоғары бағалады", – дейді Құралай Ошақбаева. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары