Өрттен зардап шеккен Іле Атырауы қорықшасының 4 гектар аумағын қайта қалпына келтіру мақсатында сенбі күні Қазақстандағы Дүниежүзілік табиғат қоры Procter & Gamble компаниясының Naturella брендімен бірлесіп экологиялық акция өткізді. Шараның мақсаты – тоғайлы ормандарды қалпына келтіру ісіне үлес қосу. Аталған ұйымдардың ерікті қызметкерлерімен қатар, "Тұран" университетінің студенттері мен БАҚ өкілдері – жалпы саны 60-тан астам адам Алматыдан арнайы барып, жиде мен тораңғы көшеттерін отырғызды.
Қазақстандағы Дүниежүзілік табиғат қорының ормандарды қалпына келтіру жобаларының жетекшісі Айбек Байбұловтың айтуынша, Іле атырауы Орта Азиядағы табиғаты жақсы сақталған ірі өзен атырауларының бірі. Алайда, өрт алқаптағы жасыл желекті жайпап кеткен. Бұл өңірде шөлге, желге, суыққа да төзімді бұталы өсімдіктер жақсы өседі. Соған орай, Іле атырауына негізінен жиде мен тораңғы өсімдіктерін отырғызу туралы шешім қабылданған.
"Бұл ағаштар Іле атырауының экожүйесін қалпына келтіріп қоймайды, осы өңірді мекен ететін түрлі жануарларға азық, үй, қорғаныш болады. Бұл аумаққа киіктер, қарақұйрықтар, еліктер, жабайы шошқалар және басқа да жануарлар жиі келеді. Көбі Қазақстанның қызыл кітабына енген жануарлар", – деп атап өтті Айбек Байбұлов.
Экологиялық шараға әрі ұйытқы болып, әрі қаржылай қолдау көрсеткен P&G компаниясы өкілдері де экоакцияның алдында ұзақ та терең зерттеу мен талдау жасалғанын растады. Іле атырауын қайта көгалдандыру үшін жиде мен тораңғы кездейсоқ таңдап алынбаған. Олар жаңбыр кезінде тамырына ылғалды мол жинап, оны ыстық кезеңде қайта шығарады. Бұл арқылы жерді кеуіп кетуден қорғап, өзге өсімдіктердің өсуіне көмегін береді.
Оқи отырыңыз: Видеограф Әділет Рахметолла: "Қазақстан табиғатының жарнамасы аз"
Орталық Азиядағы Procter & Gamble басшысы Руслан Гамзаевтың айтуынша, күзгі ағаш отырғызу шарасы – экологиялық акцияның бастамасы ғана. Дәл осындай тағы бір экологиялық шара көктемге жоспарланған. Одан бөлек, отырғызылған жасыл желектің күтімі тағы бар. Жиде мен тораңғы аса күтімді қажет етпегенімен, аймақ шөлейтті болғандықтан жазғы ыстық кезеңде қосымша суғару олардың тамырын ерте жайып, бойын тіктеуіне мүмкіндік береді.
Бұл орайда компания Қазақстандағы Дүниежүзілік табиғат қорымен бірлесіп, құзырлы мемлекеттік органдарға экоакцияның қорытындысы туралы ақпарат береді. Бұл жақсы бастаманың жалғасын тауып, ал ағаштардың күтімсіз қалмауы үшін маңызды. Айбек Байбұлов дұрыс күтім жасалса, осы тоғайлы ормандарға отырғызылатын бұталы ағаштардың тоқсан пайызына дейін тамырын жайып кететінін айтады. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Ал күтімге мемлекеттік органдардан бөлек қарапайым тұтынушылар да өз үлесін қоса алады.
"Біз еріктілермен бірге өрттен зардап шеккен тоғайлы орманның бір бөлігін қалпына келтіріп жатырмыз. Енді бұл ағаштарға күтім қажет. Осы орайда, Naturella брендінің тауарларын сатудан түскен қаражаттың бір бөлігін осы мақсатқа жұмсауды көздеп отырмыз", – деп атап өтті Руслан Гамзаев.
Ауқымды экологиялық акция аясында жалпы көгалдандырылатын аумақ 4 гектарға тең. Көктемде болатын екінші акцияны қоса алғанда Іле атырауына жалпы саны 3,5 мың көшет отырғызылады. Түрлі жануарлардың табиғи мекені болып саналатын Іле атырауының табиғатын сақтау аса маңызды.