2015 жылдан бері Көкшетау қалалық №1 арнайы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері болып келе жатқан Әліби Сәрсенбай жұмысындағы қиындықтар мен ерекше есте қалған сәттер туралы әңгімеледі. Өрт сөндіруші құтқарған адамның алғысына бөленгеннен артық бақыт жоқ екенін айтады.
– Өрт сөндірушінің жұмысын қалай сипаттар едіңіз?
– Оқуды тәмамдаған соң Астана қаласында сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан лейтенант шенін алып, содан бері №1 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп келемін. Жұмысымызды оңай деп айта алмаймын. Асқан психологиялық және физикалық дайындықты, төзімділікті қажет етеді. Жалғыз емес, жеке құраммен бірге жұмыс істейтіндіктен, топпен бірге өмір сүре білу маңызды. Өртпен жұмыс істегендегі біздің басты құндылығымыз – адам өмірі мен мүлкі. Өртпен бетпе-бет келген кезде әр адамда психологиялық үрейдің болатыны сөзсіз. Бірақ, оған бой беруге болмайды, өйткені ары қарай жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Жеке құрамдағы әр қызметкерімнің ата-анасын, отбасын, бала-шағасын танитындықтан, олардың алдында үлкен жауапкершілік сезінемін. Оның үстіне біз тек өрт сөндірумен ғана емес, өзге де құтқару жұмыстарымен айналысамыз. Неше түрлі апат болады. Дегенмен, осының барлығы жадымызда қалса да, ары қарай жұмысты жалғастыруды үйрендік. Бір сөзбен айтқанда, өрт сөндіруші осының барлығын қамтитын ерекше жұмыс.
– Өрт сөндіруші болу бала күнгі арманыңыз ба? Әлде бұл салаға келуіңізге қандай да бір оқиға әсер етті ме?
– Әулетімдегі алғашқы өрт сөндірушімін десем де болады. Бала күнімде расымен де өрт сөндіру техникасына қызығып, өрт сөндіру бөлімінде ашық есік болғанда қалмай келетінмін. Кейін құтқарушы болудың адамдарға қандай пайдасы бар екенін, қандай қиындықтармен бетпе-бет кездесуге тура келетінін ұғындым. Өмірге үлкен қауіп-қатер төнетініне қарамастан, еш қорқыныш болған жоқ.
– Егер өзіңіздің балаларыңыз, жақындарыңыз өрт сөндіруші боламын десе, келісер ме едіңіз?
– Өзім шыққан отбасымда екі баламыз. Үлкен әпкем тұрмыста, ал мен әке-шешеме қамқорлық танытып, бірге тұрып жатырмыз. Дәл қазір бойдақпын. Себебі өмірімнің басым бөлігінде оқу оқып, тек жұмыс істедім. Бақытымды жолықтыратын күн алда деп ойлаймын. Ал болашақта балаларымның таңдауын құрметтейтін боламын.
– Сіз осы мекемеде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатырсыз. Осы уақыт ішінде қандай да бір ерекше есте қалған оқиғалар бар ма?
– Жадымызда ерекше сақталатын оқиғалардың көп болатыны сөзсіз. Қызу жұмыс барысында ұмытып қалып та жатамыз. Осыдан бір жыл бұрын бөлімшенің сыртында шаруашылық жұмыстар жүргізіп жаттық. Сонда өтіп бара жатқан отбасының отағасы қасыма келіп "Сіз Әлібисіз ғой, иә?" деп сұрады. Осыдан бірер жыл бұрын түнгі екі-үш шамасында Северный, 33 жатақханасында өрт болған еді. Үшінші қабаттағы бір пәтердің тұрғындары көшу барысында жиһаздарының барлығын дәлізге шығарып қойыпты. Темекі тұтанып, сол жиһаздың барлығы жанғанда, осы отбасы пәтерінен шыға алмай қалған. Бөлімше командирі екеуіміз есікті бұзып кіруге мәжбүр болдық. Бөлімше командирі аяғы ауыр әйелді көтеріп шықты, ал біз отағасы екеуіміз кішкене екі ұлын көтеріп алып шықтық. Араға бірнеше жыл салып мені танып, сол кезде әйелінің ішінде болған баланың аман-есен дүниеге келгенін көрсетті. Яғни балалар арбасында жатқан бала сол екен. Осы сәтте отбасына қалай қолғабыс еткенімді түсіндім, бақыт сезіміне бөлендім.
– Жұмыстарыңыздағы әлеуметтік қолдауға қаншалықты көңіліңіз толады? Өздеріңізге ұнай ма?
– Өрт сөндіру кезінде қанша жерден техникалық ережелерді сақтасақ та, бетіміз бен қолымыз күйіп, жарақат алып жатамыз. Оқыс жағдай кезінде әр секунд санаулы болғандықтан, қателеспеу үшін барымызды саламыз, өмірімізді құрбан етуге дайын боламыз. Сол себепті әрбір жеке құрамдағы өрт сөндіруші жоғары жалақыға лайық деп санаймын. Қаражат пен пәтер төлемі жағынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.
– Болашақта өмірін осы саламен байланыстырғысы келетіндерге не айтасыз? Өрт сөндірушілердің бойында қандай қасиет болуы керек?
– Ең алдымен, батыр жүрек керек. Адам физикалық тұрғыдан қанша мықты болса да, іштей батыл болмаса, өрт ортасына кіре алмайды. Сол себепті жүректі адам болғаны жөн. Екіншіден, психологиялық дайындық. Бұл жұмыста әрбір секунд санаулы болғандықтан, сезімге ерік беруге болмайды, оны керісінше басқара білу қажет. Үшіншіден, денесі шымыр болғаны абзал. Себебі үстіміздегі киімнен бөлек, қажет кезде есікті, басқаны сындыру үшін арнайы заттар алып кіреміз. Сондай-ақ, адамдарды көтеріп алып шығамыз. Қарапайым сөзбен айтсақ, дайындық кәсіби спортшыдан кем болмағаны абзал.
– Өрт болып жатқан жерге кіру тәртібі қандай? Сізді әріптестеріңіз "өртке бірінші болып кіретін адам" деп таныстырды.
– Өртті сөндіруге қатысты барлық жұмысқа біз жауаптымыз. Он жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеп келе жатқан бөлімшемдегі әрбір қызметкерге сенімдімін. Тіпті, автокөлік жүргізушісіне дейін. Олардың көпшілігі "Айбын" орденімен марапатталғандар. Учаскелерді бөлген кезде ең қауіпті, ең ауыр дегендерін өзіме аламын. Өзіме толық жауап бере аламын және жеке құрамға барынша қауіп төндіргім келмейді.
– Осы жылдар ішінде қатты қорыққан сәт болды ма?
– Әрбір өртте соғысқа барып келгендей сезімде боламыз. Ол күнделікті бетпе-бет келетін тілсіз жау. Қатты қорыққан сәт есімде жоқ, әрдайым алға жүремін. Адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда қорқуға хақың жоқ деп ойлаймын.
– Өрт сөндірушіге басты серік болған құралды атасаңыз.
– Біз үшін ол – демалатын аппарат. Өртке кіретін кезде оның арнайы топсаларын қолымызға, білегімізге киеміз. Ішінде сығымдалған ауа – 3 мың атмосфера бар. Екеуі көлемі жағынан ұқсас болса да, бұл көлік дөңгелегіндегі ауадан 150 есе көп. Ол бізге түтінге тұншығып қалмас үшін 0,3 пропорциямен ауа береді. Егер дұрыс істемей қалса, бұл үш мың атмосфера ауа өкпемізді жарып жіберуі мүмкін. Бұдан өзге зілбалға, лом және құтқарылатын адамға арналған қосымша бетперде алып кіреміз. Өрттен зардап шеккен адамды тауып алып, осы бетпердені тағамыз. Оның бойында үрей көп болатындықтан, жиі тыныс алады, сәйкесінше баллондағы ауаны көбірек тұтынады. Өрт барысында осының барлығын есепке алып, барынша жылдам қозғалуға тырысамыз.
– Ал өрттің алдын алу, сақтық шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізесіздер ме?
– Иә, әрдайым алдын алу шараларын жасап отырамыз. Көбінесе тұрғын үй секторында өрт болатындықтан, бірінші кезекте сол аумақты толықтай қамтуға тырысамыз. Жергілікті билік өкілдері берген әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тізімі бар, осы кісілерге міндетті түрде сақтық шараларын түсіндіреміз. Бұл мақсатта жеке құрам инспекторлары мен құтқарушылар да жұмыс істейді.
– Ал жаңадан келген өрт сөндірушілерге қалай көмектесесіздер?
– Бізге жаңадан өрт сөндіруші келген кезде міндетті түрде тәжірибесі мол адам оған үйретеді, жұмысын қадағалайды. Бөлім командирлері олармен тікелей жұмыс істейді. Бірақ жұмысқа келгенге дейін Көкшетау қаласында орналасқан Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында оқиды. Ал біз іс тәжірибеден өткізіп, мінсіз жұмыс атқаруына көмектесеміз. Бұдан бөлек психологтарымыз олардың моральдық жағдайын күнделікті бақылап отырады. Біз де өз тарапымыздан барлық көмекті көрсетеміз.