Тікелей эфир

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан: Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа салынған 52 мектеп пайдалануға берілді

Фото: Informburo
Фото: Informburo
Бұл жоба үш ауысымды оқу, апатты мектептер мен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге бағытталған.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мемлекет басшысының бастамасымен жемқорлардан тәркіленген қаражатқа білім ошақтарын салу бастамасы қалай жүзеге асып жатқанын әңгімеледі. 


– Үкімет жемқорлардан қайтарылған қаражатқа мектептер салуды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар қандай нәтиже беріп жатыр? 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты халыққа Жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға жұмсауды тапсырған болатын. Оның аясында Үкімет сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынып, мемлекетке өткен қаржыны мектептердің құрылысына беру тетігін бекітті. Бұл бастама үш ауысымды оқу, апатты мектептер мен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры сыбайлас жемқорлардан кері қайтарылған қаражат есебінен толықтырылып отырады. Оқу-ағарту министрлігі қор қаражаты есебінен білім беру инфрақұрылымдарын дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. 

Мемлекет білім беру ұйымдарында балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құруға басымдық беруде.

Қор құрылған уақыттан бастап 76,7 мың оқушы орнына арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды.

Жаңа мектептер бой көтерген өңірлердің қатарында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен бірқатар өңірлер де бар. Оның ішінде бүгінгі таңда 63,2 мың оқушы орнына арналған 52 мектеп қолданысқа беріліп үлгерді. Бұл мектептердің басым көпшілігі ірі мегаполистер мен оларға жақын орналасқан агломерацияларда салынып жатыр.  


Оқи отырыңыз: Тоқаев Ақордада оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады


– Қор аясында білім беру ұйымдарының бірқатары жаңа сипатта бой көтеріп жатқаны белгілі. Биылғы оқу жылы жемқорлардан тәркіленген қаржыға тағы қанша мектеп салынады? 

– Әрине, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды, сондай-ақ оларды жаңғыртуға, заманауи материалдық-техникалық жабдықтауға аса басымдық берілуде. Оның ішінде әсіресе, облыс, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан ауыл мектептерін де заманауи стандарттарға сай жарақтандыру мен жаңғырту бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Бұл өз кезегінде қала амен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жоюға ықпал етеді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында бала үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілуі тиіс. Бұл бағытта министрлікпен бірқатар бастамалар мен жобалар жүзеге асырылуда. 

Биылғы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен тағы да 20 мектеп салынады деп жоспарланды. Бұл мектептер 2025 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Жалпы қор есебінен 92 мың оқушы орнына арналған 82 мектеп құрылысы қаржыландырылуда. 

– Жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған мектептер қай өңірлерде бой көтерді? 

– Бүгінге дейін жалпы саны 52 білім беру ұйымының толықтай құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Оның ішінде Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Астана қаласы бар. 


Оқи отырыңыз: Жемқорлардан алынған қаражатқа 72 жаңа мектеп салынады


– Қазір ел аумағында білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өттіңіз.  Мемлекет бұл бағытта тағы қандай шараларды жүзеге асыруда? 

– Білім беру инфрақұрылымын дамыту қорының қызметі жаңадан мектептер салу және мектептерді реконструкциялау есебінен үшауысымды, апатты мектептер мен оқу орнының жетіспеушілігін шешуге бағытталған. Бұл қадам әр балаға білім алуда тең мүмкіндіктер бере отырып, білім беру жүйесінің тұрақты дамуын қамамасыз етеді. Осылайша, Қор білім беру жүйесінде инфрақұрылымды модернизациялау арқылы мемлекеттік бағдараламаларды жүзеге асырудағы маңызды құралдардың біріне айналды. 

Айта кетерлігі, білім беру нысандарының құрылысын жүргізу және реконструкциялау бағдарламасы президенттің бастамасымен еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

Жаңа оқушы орындарын қолданысқа беру әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, мемлекет басшысы бастамашылық еткен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биылғы жылы 48 мың оқушыға арналған 16 білім беру ұйымы ашылғанын да айта кету керек.

Сондай-ақ, мектеп құрылыстары республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен де жүзеге асырылуда. 

Серіктестер жаңалықтары