Таяуда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" деп аталатын мемуары жарыққа шықты. 700 беттен тұратын кітапта экс-президент өзінің өмір жолы, саяси қызметі, туыстары, Қаңтар қырғыны туралы баяндайды. Сондай-ақ, осы кітапта ол өзінің Тауман, Байкен атты екі ұлы бар екен алғаш рет ресми мойындаған. Назарбаевтың кітабы қазір желіде қызу талқыланып жатыр.
Осы орайда әлемдегі мемуар жазған белгілі президенттер тізімін назарларыңызға ұсынамыз.
"Жерұйық". Барак Обама
2020 жылы АҚШ-тың 44-президенті Барак Обаманың "Жерұйық" (түпнұсқасы "A promised land" деп аталады) деген мемуары жарық көрді. Бұл кітап оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, The New York Times, The Washington Post, The Guardian басылымдарының пікірінше ең үздік кітаптар қатарына кірді. Мұнда Обама өзінің жас кезін, әлемдік саяси көшбасшылармен кездесуін, америкалық саясат және отбасылық өміріндегі қиындықтарын баяндайды. Кітап әлемнің 24 тіліне аударылған.
Хосни Мубарактың мемуарлары
Ал Египеттің экс-президенті Хосни Мубарак өз мемуарында бала күнінде кедейшіліктен құтылуды қалай армандағаны туралы айтады. Сондай-ақ, ол кітабында өзі президент болғанға дейін әйелі талай рет ажырасуға арыз бергенін де жайып салады. Хоснидің жары Сюзан Сабит "президенттің жұбайы" деген статусқа ие болған соң, ажырасу туралы әңгімені күрт доғарған екен. Бұл кітапта Хосни Мубарактің жеке өмірінен бөлек, Египеттің және көрші елдердің саяси өмірі баяндалады. Әсіресе, мұнда Ливияның бұрынғы президенті Муамар Каддафиге ерекше көңіл бөлінген. Мубарактің мемуарын елдегі танымал журналистердің бірі 250 мың доллар қаламақыға жазып шыққаны белгілі болды. Ал, кітапты жариялау құқығын Эдинбургтағы баспалардың бірі 10 миллион фунт-стерлингке сатып алыпты.
"Президент уақыты, 2008-2013". Ли Мен Бак
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенттерінің бірі Ли Мен Бактың жазған мемуары "Президент уақыты, 2008-2013" деп аталады. Елді 5 жыл көлемінде басқарған экс-президенттің кітабы жарыққа шыға сала ел арасында резонанс, дау тудырған. Оған кітапта Сеул мен Пхеньян арасындағы қарым-қатынас құпияларының көпшілікке жария етілгені себеп болған еді.
Мемуарында Ли Мен Бак басқа мемлекеттерге сапары жайлы егжей-тегжейлі баяндайды. Ол Қазақстанға барған сапарында елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жеке саяжайына шақырып, екеуі бірге саунаға барғанын айтады. Назарбаев жылы қарсы алған кездесуден соң, Қазақстан ТМД елдері ішінде Оңтүстік Корея ең көп инвестиция құйған ел болғаны да баяндалады. Әрі қарай Ли Мен Бак Назарбаевты "Ата Заңды өзгертіп, өз елінде диктатура құрса да" мемлекетті дағдарыс жылдарынан аман алып шықты" деп мақтайды.
"Еркіндікке апарар ұзақ жол". Нельсон Мандела
Оңтүстік Африка республикасының бұрынғы президенті Нельсон Манделаның "Еркіндікке апарар ұзақ жол" деген мемуары 1995 жылы жарыққа шыққан. Кітабында Мандела өзінің жас кезі, білім алған шағы мен түрмеде өткізген 27 жылы туралы айтады. Соңғы бөлімдерде автордың саяси белесі мен апартеидке қарсы күрестің жалғасып жатқаны туралы ойлары баяндалады. Мемуар 1995 жылы Алан Патон атындағы әдеби сыйлықты (Оңтүстік Африка республикасы) жеңіп алды, кейінірек әлемнің біраз тіліне аударылды. 2013 жылы режиссер Джастин Чадвик кітап желісімен фильм түсірді. Сол жылы Торонтода өткен халықаралық кинофестивальде фильмнің тұсауы кесілді.
Джордж Буштың мемуарлары
Биліктен кеткен соң, мемуар жазған АҚШ президенттерінің бірі – Джордж Буш. Мемуар 477 беттен, 14 бөлімнен тұрады. Ол өз кітабында ішімдікке тәуелділігі, елдегі экономикалық дағдарыс, Ирак пен Ауғанстанға қарсы әскери операцияның басталуы туралы баяндап, өзінің қателіктерін де мойындайды. Сонымен қатар, кітапта "Катрина" дауылынан кейінгі құтқару операциясы да сипатталады. Одан бөлек, Буш өзінің Барак Обама, Джон Маккейн сияқты саясаткерлермен қарым-қатынасын баяндайды.
Буштың мемуары шыға салысымен сынның астында қалған екен. Кітапты оқып шыққан қарсыластары кітап дүкендеріне Буштың мемуарын "Қылмыс" деген бөлімге қоюға кеңес берген. Сондай-ақ, кітаптың Далласта өткен тұсаукесерінің шырқын бұзуға ниеттенгендер де көп болыпты.
"Маған уәде бер, әке". Джо Байден
Президенттіктен кеткеннен кейін емес, оған дейін мемуар жазған адам – АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден. Оның 2017 жылы жарық көрген мемуары "Маған уәде бер, әке" деп аталады. Кітап жазылған уақытта Байден елдің вице-президенті болып қызмет атқаратын еді. Бұл мемуардың мазмұны ерекше. Оны Байден 2015 жылы ауыр сырқаттан көз жұмған ұлы Боға арнап жазған. Өзінің ауруы асқынып бара жатқанын сезген Бо әкесі Джо Байденді қандай жағдай болмасын, түбі арты жақсы болатынына сендіріп, оның уәдесін алған екен. Кітаптың атауы әкелі-балалы екеудің әңгімесінен туған. 2020 жылы Джо Байден баласына берген уәдесін орындап, АҚШ президенті атанады. Айтпақшы, президент болу туралы идеяны Байден өмір бойы санасында пісіріп жүргенге ұқсайды. Себебі, мемуарда алғаш танысқан сәтінде енесінің "қалай күн көрмексің?" деген сұрағына Байденнің "АҚШ президенті боламын" деп жауап бергені де баяндалады.