Тікелей эфир

Монархиялық мемлекетте парламент сайлауы қалай өтеді? Фоторепортаж

Кувейттегі Ұлттық ассамблея сайлауы
Кувейттегі Ұлттық ассамблея сайлауы
Кувейт – Парсы шығанағында парламент сайлауын өткізетін жалғыз ел.

Кувейт мемлекетінде 29 қыркүйекте Ұлттық ассамблея сайлауы өтті. Парламентке 27 депутат жаңадан сайланды, оның ішінде 12 адам алғаш рет депутат мандатына ие болды. Сайлаудың өту барысын Кувейттің Ақпарат министрлігінің шақыруымен Қазақстаннан жалғыз журналист – Informburo.kz тілшісі бақылап қайтты. 

Бұл мақалада Кувейт елінің басқару формасы мен заң шығару билігі, сондай-ақ парламент сайлауы жайлы баяндаймыз. Осыған дейін әлемдегі ең қымбат валютаға ие Кувейт халқы қалай өмір сүретінін жазғанбыз

Әмір және Ұлттық ассамблея

Кувейт тәуелсіздігін 1961 жылғы 19 маусымда алды. 1962 жылы 11 қарашада ел Конституциясы қабылданды. 1970-1980 жылы мұнайды экспорттаудың арқасында әлемдегі бай елдердің біріне айналды. Өмір сүру деңгейі де жоғарылады. Дегенмен көршілерімен тату тұру оңайға соқпады. 1991 жылы 26 ақпанда Ирактан босап шықты. Қаншама қақтығысқа қарамастан Кувейт аздаған жылдың ішінде қалпына келіп, гүлдене түсті.

Ұлттық ассамблея ғимараты қабырғасындағы Кувейт әмірлерінің портреті

Кувейттің басқару формасы – конституциялық монархия. Елді әмір басқарады. Мемлекет басшысы – әмір, шейх Наваф әл-Ахмед әл-Джабер әс-Сабах. Әмір премьер-министрді тағайындап, парламентті тарата алады. Сонымен бірге заңдарға қол қойып, парламентке қайтаратын билікке ие.

Одан бөлек, әмір тақ мұрагерін тағайындайды.

Мұрагерді басқарушы әулеттің барлық мүшесі мақұлдауы керек және заң шығарушы оган Ұлттық ассамблея бекітуге тиіс. Ұлттық ассамблея әмір ұсынған үміткерге қарсы дауыс берсе, онда басқарушы әулеттен басқа үш кандидатты ұсынуға міндетті. Ал ассамблея солардың ішінен біреуін таңдайды.


Оқи отырыңыз: Әлемдегі ең қымбат валютаға ие Кувейт халқы қалай өмір сүреді? Жолсапар очеркі 


Парламент отырысы өтетін зал

Кувейт Парсы шығанағындағы сайланбалы заң шығарушы органы бар жалғыз мемлекет. Заң шығарушы орган Ұлттық ссамблея деп аталады. Маңызды іс-шаралар болмаса кез келген адам ассамблея ғимаратына кіріп, депутаттардың жұмыс орнын көре алады. Шетелдік журналистер де депутаттардың жұмыс орнымен танысты. Үлкен аумақты алып жатқан ғимаратта кітапхана мен бақты көзім шалды. Барлық жағдай жасалған депутаттардың кабинетінен Парсы шығанағы көрінеді.

Шетелдік журналистер парламент отырысы өтетін залда

Әмір басқарушы отбасы мүшелерінен премьер-министрді тағайындайды. Ол өз кезегінде министрлер кабинетін жасақтайды. Ал Ұлттық ассамблеяның 50 депутаты жалпыхалықтық сайлау арқылы 4 жылға сайланады.

15 депутатты премьер-министр тағайындайды.

Сол себепті министрлердің барлығы Ұлттық ассамблеяға мүшелік етеді. Кемінде бір министр халық сайлаған депуттаттардың ішінен тағайындалуға тиіс. Осыған дейін халық сайлаған төрт депутат министрлікке ауысқан.  

Кувейттегі сайлау учаскелерінің бірі

Кувейтте әйелдер мен ерлердің саяси құқығы тең. 21 жастан асқан Кувейт азаматы сайлауда дауыс бере алады. Елде саяси партия құруға тыйым салынған. 

Конституцияның 82-бабына сәйкес, туғаннан кувейттік саналатын, 30 жастан асқан, арабша оқу-жазу білетін Кувейт азаматы депутат бола алады. 2005 жылы әйелдердің сайлауда дауыс беруге және сайлауға түсуге құқығы бар деген норма енгізілді.

2009 жылғы Ұлттық ассамблея сайлауында алғаш рет 4 әйел депутат сайланды


Оқи отырыңыз: "Гамарджоба, генацвале". Грузияның бейресми астанасы – Кутаиси қонақтары тамашалауы тиіс 7 көрікті жер


Сайлаушылар

Таңғы сағат 9.00-ден сайлаушылар дауыс беруге мектептерде орналасқан сайлау учаскелеріне келе бастады. Әр сайлау учаскесінде құқық қорғаушылар, медициналық көмек қызметкерлері, өрт сөндіру техникалары болды. 

Сайлаушылардың аты-жөні жазылған тізім

Азаматтар қабырғаға ілінген тізімнен өздерін тауып, паспортын көрсетіп, дауыс беру парағын алып, кандидатты белгілеп жәшікке тастады. Кувейттіктер кешкі сағат 21.00-ге дейін өз таңдауын жасады. Елде 795 мыңдай сайлаушы бар.

Олардың 70 пайыздан астамы сайлауға бей-жай қарамай, азаматтық белсенділік танытты.

Бұл өте жақсы көрсеткіш екенін айта кету керек. 

Кувейт азаматшасы дауыс беріп тұрған сәт

Кувейт парламенті араб елдеріндегі ең тәуелсіз заң шығарушы орган саналады. Израиль ғалымы Эран Сегал Ұлттық ассамблеяны Таяу Шығыстағы ең мықты парламенттердің бірі деп бағалаған. Қазіргі әмірдің ұлы 2022 жылы 24 шілде елдің жаңа премьер-министрі болып тағайындалды. Мұрагер ханзада Мешал әл-Ахмед аль-Джабер ас-Сабах маусым айынла алдыңғы парламентті таратты. Содан кейін сайлау тағайындалды. 

Дауыс беріп шыққан Кувейт азаматшасы

Сайлауға қатысқан 305 кандидаттың арасында халықтың көп дауысын жинаған 50 депутат іріктелді. Оның ішінде екі әйел Дженан Мохсин Рамадан Бушехри мен Алия Фейсал Әл Халед парламент депутаты сайланды. 

Бұрынғы министр Дженан Мохсин Рамадан Бушехри "Алдағы мәжілісте сіздердің сөздеріңізді сөйлеймін, құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді қорғаймын" деді.


Оқи отырыңыз: Шетелге барғанда ұялы байланысқа қосылудың 4 жолы қандай?


Кувейттік сайлау жәшігіне дауыс беру парағын салған сәт

Кувейттің Ұлттық ассамблеясы 1963 жылы 23 қаңтарда құрылды. Депутаттардың өкілеттігі – 4 жыл. Заң шығарушы орган 50 депутаттан тұрады және олар жалпыға ортақ сайлауда тікелей жолмен сайланады. Сайлау әдетте 5 округ бойынша өтеді. Жоғарғы заң шығару органға әр окургтен 10 өкіл сайланады. Соңғы сайлау 2020 жылы 5 желтоқсанда өтті.

Серіктестер жаңалықтары