Алаяқтар адам таңдамайды. Олардың құрбандарының қатарында қарапайым адамдарды былай қойғанда, депутаттар да, журналистер де, сахна өнерпаздары да аз емес.
ғана емес, елге белгілі тұлғалар, сахнада жүрген өнер иелерін де сендіреді. Бірі үйлі боламын деп, бірі атақ аламын деп, енді бірі мол ақшаға кенелемін деп алаяқтардың қақпанына түседі. Instagram парақшасын қайтара алмай, желі қарақшыларына тап болғандар қаншама. Осы орайда Информбюро порталы алаяқтарға сеніп ақшасынан, дүние-мүлкінен айырылған танымал адамдардың оқиғасын баяндайды.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай: Үйлі боламын деп үш рет алдандым
Журналист, парламент мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай төрт рет алданып, 27 миллион теңгесінен айырылып қалған. Оның сөзінше, алаяқтар үш рет баспана алып беремін деп жиған-терген ақшасын алып алған. Ал төртінші рет кәсіп ашамын деп жүріп тағы алаяқтарға тап болған.
Осыдан үш жыл бұрын Мақсат Толықбай Instagram парақшасында былай деп жазды:
"Өмірден түйгенім: арзан дүниеге жүгірмеңіздер! Әкең жасамаған жақсылықты ешкім жасамайды. Осы екі-ақ сөйлемнен тұратын сабақты (8 жылда 4 алаяққа алданып) 27 миллион теңгеге сатып алыппын", – деді ол.
Мақсат Толықбай бастан кешкен оқиғасы өзгелерге сабақ болса екен дейді.
"Адам қателік арқылы шындалады, өседі. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. "Үй алудың арзан жолын ұсынып жүрген кооперативтерге сенуге бола ма?" деп хабарласатындар көп. "Қымбат бағаға баспана сатып алып қайтесің, әкімдікте танысым бар" дейтін де алаяқтарды көрдім. Ешбір дүние оңайлықпен келмейді", – деді журналист.
Ол алаяқ адамның кім екеніне қарамайтынын, "мейлі құқық қорғау саласында қызмет ет, мейлі журналист бол, жаныңа батқан нәрсені тауып, қас қағым сәтте арбауына түсіре салады" дейді.
Абайтанушы Омар Жәлел: Атақ аламын деп алдандым
Абайтанушы Омар Жәлелге "қоғам қайраткері атағына ұсынамыз" деп хабарласқан алаяқтардың арбауына түсіп қалған.
"Сізді қоғам қайраткері деген атаққа ұсынайық деп едік" – деп Алқа Шаяхмет хабарласты. "7 миллион теңге аласыз. Ешкімге айтпаңыз. Ешкім білмесін. Өзім коммисияның мүшесімін. Алла қаласа, Тәуелсіздік күнінің қарсаңында алып қаларсыз" деді "жанашыр" қарындасым. Содан ашкөздігім оянып, белгісіз бір рақат сезімі билеп, "құжат жинауға керек" деген сомасын басқа бір орыс тілді әйелдің атына аударып та жібердім", – деп жазды Омар Жәлел.
Абайтанушы ешқандай атақ та, ақша да алмағанын, алаяқтарға жем болғанын айтып отыр.
"Тәуелсіздік күні де келіп жетті: атақ та жоқ, 7 миллион теңге де жоқ. Дәметкеннен алқымым ісіп отырмын. "Енді не болды, қарындасым?" деп хабарлассам, "жылдың соңына дейін күтіңіз" дейді. Бір мен ғана емес, қасымда "Дарын" сыйлығынан үміткер тағы екі адам бар. Олар 5 миллионнан аламыз деп күткен екен", – деп жазды ол.
Оқи отырыңыз: "Банк картасының деректерін сұрайды". Телефон алаяқтарынан қалай қорғануға болады?
Әнші Мөлдір Әуелбекова: 13 адам далада қалдық
Алаяқтар Мөлдір Әуелбекованы да айналып өтпеген. Ол 2015 жылы алаяқтарға алданып, қомақты қарызға батқан. Баспанасынан айырылып, отбасымен далада қалған.
"Әкем, анам, інім, келінім екі баласымен, әпкем төрт баласымен – барлығы 13 адам далада қалдық. Алданып, бар үйімізден айырылып қалдым. Тез жиналдым, басқа амал болған жоқ. Ауыр болды. Күйзеліс болғанда сол сәтті еске түсіріп, өзімді тез жинақтаймын. Өйткені ең ауыр сәт, кезең сол кезде болды", – деді әнші.
Өнер иесі дереу ес жиып, таныстарынан үлкен сомада қарыз алған. Ата-анасына екі айда үй салып беріп, қарызды 1,5 жыл бойы жапқан. Қарызды бір АҚШ доллары 185 теңге болған кезде алып, кейін оны 365 теңгемен қайтарған. Ал баспаналы болғанша көршілерінің кішкентай үйін жалдап тұрған. Бұл жағдай туралы Мөлдір Әуелбекованың тек жақындары ғана білген.
Әнші Роза Әлқожа: Instagram парақшамды әзер қайтардым
2022 жылы әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желіде алаяқтың құрбаны бола жаздаған. Оған бейтаныс түрік азаматы Instagram парақшасына "көк белгі" алып беремін деп жазған. Әнші оған сеніп, құпиясөзін айтқан. Бірнеше ай Instagram парақшасының атауын өзгерте алмай, мүлдем басқа атпен кіруге мәжбүр болған.
"Парақшамның атын өзгерте алмай жүрдім. Түрік жігіт Instagram атынан "көк белгі" беремін деп алдап, өз атына ауыстырып алды. Менің де аңқаулығым жетеді, бүкіл құпиясөзді айттым. Солай үш ай "Yigit" деген атпен жүрдім. Парақшаны да өзіме сатпақшы еді. Ерлан деген жігіттің арқасында қайтарып алдым", – деді Роза Әлқожа.
Әнші әлеуметтік желіде ағылшынша хабарламалар жіберіп, қамқорлық танытатындарға сенбеуге шақырды.
Оқи отырыңыз: Алаяқтықтар саны 3000% өсті. Deepfake жасаған фото мен видеоны қалай ажыратамыз?
Әнші Әсем Айнақұлова: Екі пәтер, көлік, 100 мың АҚШ долларынан айырылдым
Дәстүрлі әнші Ұлжан Айнақұлованың қызы Әсем Айнақұлова әлеуметтік желіде шетел азаматымен танысамын деп, виртуалды алаяқтардың арбауына түскен. Оқиғаның мән-жайын ол Instagram парақшасында жазды.
"Үш ай бұрын әлеуметтік желі арқылы шетелдік азаматпен таныстым. Онлайн сөйлесіп жүрдік. Анамның алдынан өтіп, отбасын құруды да жоспарладық. Қазақстанды көргісі келетінін де айтып қалды. Бірінші некеден туған ұлыммен де тез тіл табысып кетті. Өзінің айтуынша, кәсібі – бизнес саласы. Ол үнемі шетелдік инвестициялық компанияның платформасы арқылы табысты көбейтуге кеңес беретін. Сол іске мені де қызықтырды", – деді Әсем Айнақұлова.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бастапқыда аз ақша салып жүрген ол кейіннен халықаралық платформа арқылы криптовалютаға қомақты ақша аударған. Несие де алған. Тағы аудару үшін көлігін, өзінің Алматыдағы пәтері мен анасының Талдықорғандағы пәтерін сатқан. Жалпы 100 мың АҚШ долларын аударған.
"Бизнес-аккаунтымның шотына қомақты ақша жиналған кезде алайын десем, "салық төлеңіз" деп операторлар хабарласа берді. Black Rock деп аталатын платформа ақшаны қабылдағанымен, бермейді екен. Шикіліктің барын сезгеннен кейін, жігіттің өзін зерттей бастадым. Сол кезде барлығы белгілі болды. Профилінде тұрған фото қытайлық актер жігіт болып шықты. Ал сөйлесіп жүрген "жігітім" басқа кісі. Бәрі анықталғанымен, тым кеш еді", – деді ол.
Әсем Instagram парақшасында фейк жігіттің парақшасын жариялап, виртуалды алаяқтардан сақтануға кеңес берді. Осы оқиғадан кейін ол оқырмандарын алаяқтық сехмалары туралы хабардар етіп келеді.
Картасы бос қалған әнші Лорен
2019 жылы әнші Лорен Instagram парақшасында банк картасындағы ақшасын сыпырып алған алаяқтар туралы жазды. Ол хабарландыру сайттарының біріне хабарлама жариялаған. Кейіннен тауарды сатып аламыз деген алаяқтар ақша аудару үшін банк картасының нөмірін сұраған. Лорен еш күмәнданбай барлық деректі жіберген. Бірер минуттан соң алаяқтар картасындағы барлық ақшаны шешіп алған. Мұны жасағандар ресейлік алаяқтар болып шыққан. Алаяқтардың арбауына түскенін білген ол төбесінен жай түскендей бірнеше күн қатты күйзелген. Жақындарының қолдауының арқасында бұл жағдайды еңсерген.
Оқи отырыңыз: Туристік жолдамалар мен ұтыс лотереялары. Алаяқтардан қалай сақтану қажет?
Алаяқтар Instagram-ға бұзып кіріп ақша жинаған
2020 жылы актер Тәуекел Мүсілім жары Махаббаттың Instagram парақшасы алаяқтар құрығына түсті. Сол сәтте 177 мың жазылушысы бар парақшаны бұзған алаяқтар Махаббаттың анасының отасына ақша аударуын өтінген. Алайда бұл алаяқтардың ісі екенін Тәуекел Мүсілім бірнеше тәуліктен соң мәлімдеген. Ал оқырмандар алаяқтарға ақша аударып үлгерген. Көп ұзамай Тәуекел мен Махаббат хаккерлерге жүгініп, аккаунтты қайтарып алды.
Қазақстанда парақшасын хаккерлер тартып алған танымал адамдар аз емес. Бірі желі қарақшыларының айтқанына көніп, келісімге келеді. Енді бірі хаккерлердің арқасында бар амалын тауып қайтарып алады. Ал кейбірі еш әуре болмай жаңа парақша ашып алады. Сақтық үшін резерв аккаунт ашып қоятындар да бар.