Заңгер Айыпқан Мұхамедиев Конституциялық сотқа ҚР Тiл туралы заңының 8-бабы Конституцияның 7-бабына қайшы келеді деп арызданған. Алайда Конституциялық сот 1997 жылғы 8 мамырдағы Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысында 7-баптың 2-тармағына түсіндірме берілген деп шағымымды іс жүргізуге қабылдаудан бас тартқан. Заңгер осы шешімнің заңдылығын зерделей келе Конституциялық соттың мемлекеттік тілде іс жүргізбейтінін байқаған.
"Конституциялық сот мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білмегендіктен, арызды мүлдем түсінбеген. Мен тiл туралы заңның 8-бабын Конституцияның 7-бабына сәйкестігін қарауды талап еттім, ал олар бұл мәселені мүлдем қарамаған. Осы заңдағы 8-бап Конституцияға сай емес берілген. "Мемлекеттiк тiл ҚР мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" – делінген. Айтылған норма Конституцияның 7-бабындағы "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" – дегенге мағынасы да, мәні де мүлдем қайшы келіп отыр", – деді Айыпхан Мұхамедиев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет
Заңгер көрсетілген екі бапты салыстыра келе, тіл туралы заңдағы 8-баптың Конституцияның 7-бабына қарсылығын анықтаған. Яғни, 7-баптың 2-тармағында "мемлекеттiк орган" деген сөз жоқ.
"Бұл қате норма менің және әрбір азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтарды тікелей қозғап, елді арандатып отыр. Мен қойған талап ешқашан қаралмаған, Конституциялық соттың берген тұжырымдамасы негізсіз. Неге осындай шешім қабылданғанын Конституциялық сот құрамымен толық танысып шыққанда байқадым. Қаулыдағы көрсетілген 11 сот мүшесінің кейбірі мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Мемлекеттік тілді білмейтін адам қалай шешім шығарады, жоғары қызметке қалай тағайындалған? Конституциялық іс жүргізу тілін білмейтін Конституциялық соттың судьясы 10-бапқа сәйкес менің арызымды қараудан бас тартатынын мәлімдеуге міндетті болатын, алайда бұлай жасалмаған", – деді заңгер.
Айыпқан Мұхамедиев мемлекеттік тілде берген арызына Конституциялық сот үнемі орыс тілінде ақпарат беретінін айтып отыр.
"Конституциялық заңның 36-бабындағы "Конституциялық іс жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп бекіткен нормасына сәйкес Конституциялық сот заңға сәйкес істерді тек қана мемлекеттік тілде қарауы керек. Ал олар Ата заңға қарсы әрекет етіп, көбінесе орыс тілінде іс жүргізіп, шешім шығарып жатыр. Бұл олардың осы уақытқа дейін қабылдаған қаулылары заңсыз дегенді білдіреді", – деді ол.